11 Маусым, 2016

Бала тілінің балқаймағын шайқаған

465 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
DSC_9446Белгілі жазушы Мұхаметжан Етекбаевтың мерейтойы Қарақастекте салтанатпен атап өтілді Ауылдағы зәулім Мәде­ниет үйінің кең де жарық бір бөлмесінде «Жазушы Мұха­метжан Етекбаев атын­дағы музейдің» салтанатпен ашылу лентасын танымал жазушы, жамбылтанушы-ғалым Нағашыбек Қапалбекұлы мен белгілі балалар ақыны Сұлтан Қалиұлы қиды. – Мұхаметжан аға шежірелі жан еді, тағылым алар бір қасиеті – Жамбыл мен оның ұстазы Сүйінбай, Қарасай мен Наурызбай туралы тың деректерді тірнектеп жүріп мол жинақтады. Оны сол кеңестік заманның өзінде тартынбай, тиянақтап, баспасөз бетінде жария­лап тұрды, – дей келе, Нағашыбек Қапалбекұлы ХХ ғасыр Гомерінің 125 жылды­ғын әлем жұртшылығы болып тойлаған дүбірлі мерекеде Жамбыл атындағы музейдің директоры қызметін атқарған Мұхамет­жан Етекбаевтың дүние­жүзі жазу­шыларының жыр алы­бының ауылында бас қосқан симпозиумын шашау шығармай өткізгенін де тілге тиек етті. Қазақстан Жазушылар одағынан Қарақастекке әдейі ат басын бұрған,  қазақтың белгілі жазушысы Зәкір Асабаев бас­тап келген  – Мамадияр Жақып, Ахметжан Ашири, Ғалым Қалибек, Нұрдәулет Ақыш сынды танымал қаламгерлер той үстінде лебізді сөзден ша­шу шашты. «Тұлпар» сый­лығының лауреа­ты Мұ­хаметжан Етекбаевтың әлем халықтарының тілі­не ауда­рылған «Алатау ерте­гі­сінен» бастап бер­тінде жарық көрген «Қызыл ала жолбарыс» кітабына дейінгі он-сан кітаптары туралы толымды пікірлер білдірілді. Жазушы шығармаларының ішінде «Батыр бала Болатбек» кітабының шоқтығы биік екені ерекшелеп айтылды. Бала тілінің балқаймағын шайқаған, бала тіле­гінің шебер білгірі болған, бала жүрегіне жан дүниесімен жол тапқан, ғұмы­рының соңына дейін балалар  қуанышына ортақтасып, құшақтасып-қауышып өткен бала жанды жазушының жан сүйсі­нерлік қасиеттері туралы жылы лебіздер мол ағытылды. Өжет пионер Болатбек Ома­ров туралы деректер мен әң­гімелердің Мәскеу басылымдарында жиі жарық көруіне бірден-бір себепкер болған жазушының жары Қазима Қожаханқызы екенін көпшілік біле бермеуі де мүмкін. – Бар болғаны 62 жыл өмір сүріп, 1998 жылы өмірден озған Мұхаң артында үлкен мұра қалдыр­ды. Мінезі биязы, бала жанды болашақ танымал жазушының болашақ танымал еңбектері үшін біз бірлесіп қызмет атқардық. Соның арқасында күллі Одақ­қа танымал «Батыр бала Болатбек» кітабының негізі ауылда қаланды. Орыс тіліндегі химия пәнінің мұға­лімі қызметін атқарған мен ол кісінің арқасында қалай әдебиетші болып кеткенімді де байқамай қалдым, – деп жымиған Қазима апай сыйға тартылған шоқ-шоқ раушан гүлдерді құшақтап тұрып, жиналған қауымға ақжа­рылқап көңілмен алғыс айтты. Дербес зейнеткер, талай жыл жазушы туған Жам­был ауданын басқарған Бек­болат Тұрысжанов ақсақал көпшілікке беймәлім бір қызық деректің шетін шығарды. – Мұхаметжанмен бір ауылда өскендіктен, оның  сол ойын баласы кезінен-ақ екі кітабы анасы тігіп бер­ген шүберек дорбасында болса, бір кітабы үнемі қо­лынан түспей жүретініне таңданушы едік. Талабына жетті. Міне, бүгін осы залда халық танымал жазу­шының шығармашылығына лайықты бағасын берді. Әдеби шараны ұйымдастырып, отбасының қаражатымен мұражай аш­қан Қазима қарындасыма мың да бір алғыс айтамын. Біздің Қазима атақты Медеу шатқалының бір кездегі иесі – Медеу Пұсырма­новтың ұлы Қожаханның қызы. Тектінің тұяғы бүгін атадан дары­ған қасиет белгісін танытты. Ардагер ақсақал  айтқан шырайлы лебіздің соңы «Құлансаз» ән-би ансамблінің концертіне ұласты. Жазушы ауылын дүріл­дет­кен үлкен той түс ауа тарады... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы, Жамбыл ауданы Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТОВ