11 Маусым, 2016

Пан Ги Мун Кореяға президент бола ма?

343 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Дүбірге толы дүние Осындай сұрақ көптен бері айтылып келеді. Әсіресе, соңғы кезде жиі естіледі. Оның жөні бар: БҰҰ-ға Бас хатшылық мерзімі биыл аяқталады, ал келесі жылы Корея Республикасында, нақтырақ айтсақ, Оңтүстік Кореяда – президент сайлауы. Әлем таныған қайраткер бұл елде билік тізгінін ұстаса, оны халық жөн санар. Әрине, сайлауға түсу бар және онда жеңіске жету бар. Ниет еттім, соған жете қоямын деп ешкім айтпайды. Ең алдымен жұрт жақында Пан Ги Мунның ондай ниеті барлығын естіді. Әлемнің бас дипломаты қазіргі биліктегі оңшылдарды сондай ойы барлығымен қуантты десе де болады. Оңтүстік Корея – президенттік республика. Сондықтан президент сайлауының маңызы да айрықша. Бар билік соның қолында. Саяси күштер өз адамының сол билікті ұстағанын қалайды, сол үшін күреседі. Қазіргі биліктегі оңшыл консерваторлар сол биліктен айырылып қаламыз ба деген қауіпте. Бұл елде президент бір-ақ мерзімге сайланады. Қазіргі президент Пак Кын Хе кеткен соң күресетін бе­делді қайраткер де қалмағандай. Өткен сәуірдегі парламент сайлауында консерваторлық Сенури партиясы жеңіліс тапқан соң, оның өкілі президенттік күресте жеңіске жетуі екіталай. Барлық үміт БҰҰ Бас хатшысына қалған. Ол күреске түсуге келісімін бергенде, оңшылдар қуанды деуіміз содан. Соңғы кезде солшыл күштер екі партияға бөлінсе де, олардың беделі айтарлықтай артып отыр. Оған парламент сайлауындағы жеңістері куә. Демократиялық Тобуро партиясы мен Халықтық партияның көсемдері Мун Чэ-ин мен Ан Чхоль-су консерваторлардың кез келгенімен тең дәрежеде күреске түсер еді. Бірақ күреске Пан Ги Мунның араласпағы жағдайды түбегейлі өзгертіп отыр. Бұл жерде корей халқының менталитеті шешуші рөл атқара­тыны заңды. Олар бұған дейін өз халқының өкілі әлемдік Бас ұйымға басшылық жасағанын мақтаныш етсе, сол көңіл дауыс беру кезінде де көп өзгеріске ұшырамас. Бұл қайраткердің өмір жолы да олардың көз алдында. Күйреген бизнесмен отбасында тапшылықты көп көрсе де, жақсы оқып, сол мектепте-ақ ел көзіне түскен Ги Мун белгілі қайраткерге айналды. Сыртқы істер министрі болып жүріп, әлемдік тұлға деңгейіне көтерілді. Ол көптен бері сыртта жүр. Ел ішіндегі кейбір былықтардан да таза. Тіпті, БҰҰ Бас хатшысы қызметінде де оның күмәнді іске араласы болмаған. Сірә, осынау аса мәртебелі қызметті абыроймен атқарғандардың алдыңғы қатарында Пан Ги Мун тұратын шығар. Осындай қайраткердің ел басында тұруы да сол ел үшін бақыт деуге болар. Сірә, корей халқы оны қапы жібермес. Жамандық бір-бірімен жалғасып жүреді НАТО елдері Сыртқы істер министрлерінің саммитінде Черногория Солтүстік атлантикалық альянсқа байқаушы ел ретінде қабылданды. Бұл шешімді сол елдердің парламенттері мақұлдаған соң, ол әскери одақтың толыққанды мүшесіне айналады. Ислам терроризмі дегенге соңғы кезде көңіліміз де үйренгендей-ау. Оған мысал іздеп те жатпаймыз. Ойымызға «Ислам мемлекеті», «Әл-Каида», уахабистер (Қазақстанда тыйым салынған) бірден оралады. Оларды ғайбаттайтын сөздер де дайын. Сөйтсек, діни терроризмнің басқа да түрлері көп екен. Олардың жауыздықтары да ислам терроризмдерінен кем соқпайтын көрінеді. Бұл ретте Үндістанның сол­түстік таулы аймақтарында хрис­тиандардың, Шри-Ланка мен Мьянмадағы буддистердің өз діни сенімі жолындағы, басқа дінді жою жолындағы тағылық күрестері жаныңды түршіктіреді. Әдетте, буддизм әлемдегі ең бір жұмсақ, басқалармен бет жыртысып жатпайтын ынтымақшыл дін саналады. Бірақ Мьянма мен Шри-Ланкадағы мұсылман қауымдары бұл пікірге қосыла қоймасы анық. Осыдан үш жыл бұрын сол Мьянмада буддистердің, арасында монахтары да бар, шабуылынан елу мұсылман қаза тауып, мыңдаған мұсылман пана іздеп, тіпті, будда монастырьларына да тығылыпты. Қай жерде де жауыздықтың ұйытқылары, ұйымдастырушылары да бар. Буддист-терроршылардың көсемі 57 жастағы Ашин Виратху деген екен. Ол исламға қарсы «969» деген қанқұйлы ұйымға жетекшілік етеді. Жеті жыл түрмеде отырып, кешіріммен бостандыққа шыққанымен, басқа діндерге қарсы әрекеттерін күшейтпесе, бәсеңсітпеген көрінеді. Сол үшін «Бирмалық бен Ладен» деген атқа да ие болған. Оның мұсылманға жаны қарсы. Оларды итке тең­еп, бірге өмір сүруге болмайды дейді. «Егер біз әлсіз болсақ, мұ­сылмандар барлық жерімізді иемденеді» дегенді айтады. Бұрнағы жылы Коломбода буддистік терроршылардың конференциясына қатысып, ол тағы бір «Боду Бала Сена» («Буддистік күш») деген буддистік террорлық ұйыммен ауыз жаласып қайтты. Ал бұл ұйымды Кирама Вималаджоти және Галагада Атте Гнанасара деген монахтар басқарады екен. Олардың ашып айтар мақсаттары – Таяу Шығыстағы гастарбайтер-буддистердің мүддесін қорғау дегенмен, олар ел ішіндегі талай сойқанға басшылық етті. Хрис­тиандыққа тартасың деп хрис­тиан пасторы Динешті сабаса, мұсылмандарды қолдайды деп заң колледжін қиратып, дінді қорлады деп «Будда – бар» деген асхананы талқандаған. Бұларға биліктің де әлі жетпей отыр. 16 мың адам қатысқан жиында терроршы буддистер көсемі Гнанасара былай дейді: «Бұл елді буддист – сингалдар құрған, солардың елі болып қалуға тиіс. Демократия, плюрализм дегендер сингал халқын құртады». Демек, оларға жол жоқ. Оның сөзіне ерген тобыр мұсылмандар дүкенін тонап, машиналарды өртеді. Соны көрген Гнанасара мынадай ескерту жасады: «Егер бір мүсілім, немесе басқа бір бөтен діндар сингалға саусағын тигізер болса, көзі жойылады», – деді. Христиан-терроршылдар бұ­лардан кем соқпайды. Үндістан­ның Трипуры штатында Азаттықтың ұлттық майданы деген террорлық ұйым бар. Оның мақсаты – штат халқын христиандарға айналдыру, көнбегендерді жою немесе қуып шығу, Трипурыны «Христос құдайдың жеріне» айналдыру. Бұлардың айуандығында шек жоқ. Олардың жасақтары бір ауылға келеді де, халықты жиып, жалпы шоқындыру жүргізеді екен. Ерлерді автоматпен, әйелдерді зорлаумен қорқытады. Экстремист-христиандар Нагаленд штатында христиандық мемлекет құрмақ ойда. Христиан, буддизм тер­роризм­деріне басқа да талай мысал келтіруге болады. Тағылықтан жү­регің айниды. Қарап тұрсаң, мұндай тағылық талай дінге тән. Ислам әлемдегі ең қайырымды, бейбіткер дін дегенді естігенде, радикал исламистердің әрекеті ойға оралады. Олардың исламға қатысы жоқ дей аласың ба? Христиандықты көкке көтеретіндер де аз емес. Басқасын айтпағанда, кресшілердің сойқанын басқа діндегілер жасаған жоқ. Буддистер де жауыздықтарын көрсете бастады. Жапониядағы «Аум Синрике» дегеннің әрекеті де естен шықпайды. Әркім өз дінін, өз сенімін жақтайды. Мақтануына да болар. Бірақ солар өз дініндегі кес­апаттыққа ұялса ғой, шіркін. Дінінің тазалығы үшін арам пи­ғылдарынан адам алдында емес, Құдай алдында, ар алдында арылса ғой дейсің. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист