11 Маусым, 2016

«Актриса» қос қалада қатар қойылды

462 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
1_2 (4)Биылғы жылдан бастап Ас­тана қаласына ауысқан Айгүл Иманбаеваның «А.И.музыкалық театр орталығы» астаналық кө­рер­­менге «Актриса» спектаклін ұсынып, аталмыш қойылыммен шымылдығын ашты. Спектакль­дің премьерасына Мемлекеттік хат­шы Гүлшара Әбдіқалықова  қатысты. Жаңа қойылымның тұсауын кесіп қайтқан Дулат Исабековтен спектакль жайындағы ойын сұрағанымызда: «Спектакль маған ұнауын ұнады. Әсіресе, көрерменге қатты ұнады. Залға адам сыймағаннан көп адам сыртта қалып қойды. Сахна көздің жауын алатындай безендірулермен жасалыпты, видеосюжеттерді де тиімді қолданған. Бірақ, қоюшы-режиссер Қуандық Қасымов пьеса мәтінін біраз қысқартып, көп өзгерістер енгізіпті. Сондықтан да, Айгүлдің күлетін жерінде күліп, жылайтын жерінде жылап тұрып ойнайтын қабілеті ашылмай қалған. Бұл, меніңше, режиссердің кемшілігі болу керек. Актрисаның пьеса мәтінімен ойнаған жерлері әсерлі шыққан. Осы спектакль арқылы Айгүл өзін көрсеткісі келгеннен кейін «Актрисаны» таңдаған болу керек. Бұны Айгүлдің өзінің спектаклі, Айгүлдің өз бенефисі деп қана қабылдаймын. Егер де театрдың ашылу салтанаты болмағанда, Айгүлдің өзі ойнамағанда, басқа біреу бол­ғанда мүмкін мен спектакльді қабылдамаған болар едім. Айгүл біздің тележұлдызымыз, іскер қызымыз. Жұрттың бәрі жақсы көреді. Сондықтан оның еңбегін бағалап, спектакльдің әрі қарай өмір сүруін қолдаймын», – деді. «А.И.» – жеке театр орта­лығы болғандықтан, театр бас­­­шысы қай стильде, қалай қоямын десе де еркіндігі бар. Сондықтан «Актриса» спектаклін коммерциялық жоба ретінде де қарастырған жөн шығар. Актриса мен режиссер тарапынан спектакль мазмұнына енгізілген өз­герістер мен трактовкалар Дулат Исабековті көпшіліктің алдында сахнада тұрып, біраз сыни пікір айтуға тура келтірсе керек. Қандай да болмасын пьесаны сахналауда шығарма авторының көзі тірісінде онымен келісіп алмай, ешкімге де мәтінді қысқартуға не өзгерістер енгізуге авторлық тұрғыдан құқық берілмейтіні айқын нәрсе. Алайда, көптеген режиссерлеріміз ол жағын ескере бермейді. Мәтінге жасалған ескертусіз қиянаттың автор тарапынан сынға ұшырап жататыны да сондықтан. Ал енді келесі күні режиссер Елена Ким қойған Мем­ле­кеттік Корей музыкалық комедия театрындағы «Актриса» спектаклі драматургпен ақылдаса отырып сахналанған туынды болды. Спектакльдің премьерасына дейінгі көрсетілімде театр­дың көркемдік кеңесі мен автордың үлкен сүзгісінен өтіп, қойылымдағы өзгерістер мен қысқартуларға байланысты ай­тылған ескертулер ескеріліп, премьерада жаңаша қалыпта ұсынылды. 90-жылдардың соңындағы тоқырау кезеңімен тұспа-тұс жазылған «Актриса» пьесасы Айгүл Асанова атты актрисаның интрига мен тартысқа толы өмірін кеңінен көрсетеді. Актриса – өмірін өнерге құрбан еткен, адами болмысын сахнасыз елестете алмайтын, қасық қаны қалғанша қазақ сахнасына қызмет ететін «тордағы тоты». Оның өмірлік ұстанымы да ешкімге ұқсамайды. Жанына медет еткен жалғыз ұлынан бөлек ұшқыш Ерлен, режиссер Самат атты күйеулері, ол аз десеңіз Ерлен-2 атты өзіне бала кезден бері ғашық балақай мен кәсіпкер махаббаты да бар. Мұның бәрі де актрисаның жанын түсіне алды ма? Жоқ... Өнер адамы, ол оның үстіне әйел адам болса, оған жұрт түгілі жанындағы жары да сенбей, қызғаныштан айырылысуға дейін бармақ. Корей театрының сахналаған спектаклі автордың айтпақ ойы мен пьеса мазмұнын барынша сақтап, музыкалық және сахналық безендірулеріне дейін қазақы рухта беруге тырысқан. Бұл театр ұжымы бұған дейін де Дулат Исабековтің «Мұрагерлер» атты пьесасын қойған болатын. Ол спектакльде де корей актерлері кейбір репликаларды қазақша айтып, қазақша ән салғанын естігенімізде бір марқайып қалып едік. Қазақ драматургтерінің пьесаларын қойғанда қазақы салт-дәстүр мен ән-биді барынша ұқсатып ойнату жағынан Қазақстандағы өзге ұлт театрларының алдына жан салдырмайтын корей әртістері бұл жолы да сол дәстүрлерінен айнымады. Ақан серінің «Балқа­диша» әні мен М.Әуезовтің «Қарагөз» спектаклінен алынған көріністің өзі қойылымды барынша қазақыландырып қоюға тырысқанын көрсетеді. «Актриса» спектаклінде бас­тан-аяқ жүріп отыратын сю­жет болмағанымен, адам­ның тағдыры бар. Актриса Асан­ованың өмір сахнасы мен өнер сахнасы аралығында өтіп жататын тағдырын режиссер би көріністері арқылы байланыстырып, қойылым атмосферасын бірден бірге алмастырып отырады. Көрермен де Айгүлдің ішкі Мені болып жүретін А.Асанова мен өмірдегі актриса А.Асановаға ілесіп, оның ішкі хал-күйімен өмір сүре бастайды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Антонина Пяк та өзі сомдап жүрген А.Аса­нованың әрбір сахна сайын ауы­сып отыратын кейіпкерінің іш­кі-сыртқы хал-күйіне тез ауысып, спектакльдің соңына дейін ерекше темппен ойнап шықты. Жалпы, әртістер қауымы үшін тұтас бір спектакльде әртүрлі пландағы бірнеше рөлді қатар ойнау, секунд сайын ауысып отыратын көңіл-күйді қабат алып жүру бір жағынан үлкен сын, екінші жағынан әртістің таланты мен техникасын жан-жақты қырынан көрсете алатын үлкен мүмкіндік. Сол тұрғыдан қарастырғанда А.Пяктің әртіс ретіндегі қарым-қуаты А.Асанованың бейнесін ашуда нәзіктігінен гөрі өктемдігі басым, қажыр-қайраты жағынан адуынды боп көрінетін бейнеде шығып жатты. Бірінші күйеуі ұшқыш Ерленнің бейнесін ойнаған Роман Цойдың кейіпкері қатал әрі суықтау, қызғаншақ адамның кейпімен көрінсе, екінші күйеуі режиссер Саматтың бейнесін сомдаған Әлішер Махпировтың кейіпкері өнер адамы болғандықтан да жаны нәзіктеу, бірақ, пысықтығы мен қулығы басымдау бейнеде көрініп жатты. Актер А.Махпировтың кейіпкерінің мінезін ашуда тауып алған кейбір қылықтары мен Айгүлді шетелге алып кетуге көндіре алмай, ақырында күйіп кетіп «Әкең, барасың ба, жоқ па? Соңғы рет сұраймын» деп қазақша ұрысып кеп беретін зілсіз ашуы көрерменнің есінде бірден қалып қоятындай тапқырлықпен шыққанын айту керек. Кішкентай Ерленнің рөліндегі Борис Югай мен кәсіпкердің рөліндегі Сергей Кимнің кейіпкерлері де әртіс А.Асановаға ғашық жандар ретінде нанымды бейнеленіп жатты. Екі күнді екі түрлі көңіл-күймен өткізген драматург үшін іштен шыққан туындысының сахналық өмірі алаңдатары бел­гілі. Спектакльдің соңында сөз алған Дулат Исабеков қойылым жайындағы ойын төмендегіше сабақтады: «Үш-төрт күннің ішінде айтқан ескертулерімнің бәрін де өзгертіп, мүлдем басқаша қойыпсыздар. А.Пяк та бүгін басқа амплуамен, басқаша кейіппен ойнап шықты. Оның 180 градусқа өзгеріп ойнаған ойынынан мен оны танымай да қалдым. Міне, өз кейіпкеріңнің жан дүниесіне ену деген, оны сүйіп ойнау деген осы болса керек. Бәрі де басқаша. Кейбір әсерлі шыққан тұстарында көзіме жас келгенін де байқамай қалдым. Екінші пьесамды қойып жатқан Корей музыкалық комедия театрының ұжымына қазақ өнері мен мәдениетіне, қазақ драматургиясына деген құрметі үшін үлкен алғысымды білдіремін. Осында сахналанған екі спектакліме де кө­ңілім толды. Осы спектак­ль­де қолданған «Балқадиша» ат­ты трагедиялы ән менің ең бір сүйікті әндерімнің бірі еді. Бұл әнді де сәтімен пайдаланыпсыздар. Спектакльдің режиссурасы да өте жақсы. Сахнадағы әрбір әртіске, тіпті, билеп жүрген қыз-жігіттерге, арысы көрерменге шейін басқа ой ойлап кетуге мүм­кіндік қалдырмаған. Біз бүгін тек қана осы спектакльмен бірге өмір сүріп отырдық», – деді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар