Осы жылдың 31 мамырында елордада «Дін терроризмге қарсы» деген тақырыпта конференция өткен еді. Онда талқыланған мәселелер өзінің өзектілігімен ерекшеленді. Осыған орай, біз Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам АДЫРБЕКОВКЕ жолығып, жиында талқыланған мәселелерге жаңа қырынан келуді өтінген едік.
– Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылған «Дін терроризмге қарсы» тақырыбындағы жиын онда талқыланған өзекті әрі өткір мәселелерімен бүкіл адамзат баласы үшін өте маңызды, – деп бастады сөзін Парламент Сенатының депутаты Икрам Адырбеков. – Форумның негізгі мақсаты – Қазақстан Президентінің өткен жылғы қыркүйек айының соңында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-сессиясында БҰҰ аясында терроризмге қарсы күресте әлемдік бірыңғай желі құру және сол желіні құру арқылы барлық террористік ұйымдардың тізімін жасау, және де оған бүкіл халықаралық қоғамдастықты жұмылдыру жөніндегі ұсыныстарын талқылау болатын. Осыған байланысты қатысушылар өз ойларын ашық айтты, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Елбасының ірі әрі беделді халықаралық ұйым – БҰҰ мінберінен айтылған сол ұсыныстары әлемдік қоғамдастықта үлкен қолдау тапты, танымал саясаткерлер мен сарапшылар жедел үн қосты. Қазіргі кезде де Президентіміздің сол ұсыныстарына қолдау білдірген пікірлер көптеп айтылып жатыр. Мысалы, жақында ғана Елбасының осы бастамаларын әрі қарай дамыту мақсатында БҰҰ аясында Нью-Йорк қаласында «Діндер бейбітшілік үшін» деп аталатын үнқатысу алаңы болып өтті. Оған 100-ден астам ұлттық делегациялар қатысып, солардың тең жартысына жуығы өздерінің ой-пікірлерін білдірді. «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық деңгейдегі сондай іс-шараның жалғасы болып табылады.
– Жалпыға ортақ күрделі мәселелер талқыланған бұл форумның ерекшелігі қандай?
– Бұл халықаралық конференцияның ең басты ерекшелігі, жиынға көптеген елдердің парламентшілері қатысқандығында. Нақты айтқанда, түрлі діндер өкілдері мен саясаткерлер бір үстелдің басында бас біріктіріп, қатерлі де үрейлі көрінетін терроризмге қарсы күресу, бүгінде жиі байқалып отырған жанжалдар мен қақтығыстардың орын алу себептерін айқындау және оларды шешу жолдарын қарастыру. Жиын барысында осы проблемаларға қатысты ұсыныстар мен пікірлер көп айтылуда. Бұл конференцияның күн тәртібіндегі мәселелер өткір әрі өзекті екенін білдіреді.
– Конференция барысында терроризмнің Ислам дініне ешқандай қатысы жоқтығына байланысты пікір білдірушілер қатары көп болғанын байқап қалдық...
– Ислам – имандылықтың, ынтымақтастықтың, бейбітшіліктің діні. Сондықтан да, жиында қатысушылар терроризмнің Исламға ешқандай да қатысы жоқ екендігін нақты мысалдар келтіру арқылы дәлелдеп берді. Кейбір саясаткерлер, кейбір тұлғалар осы Ислам дінін жеке өзінің немесе жекелеген топтың мүддесі үшін, дәлірек айтқанда, өзінің саясаты үшін, материалдық мақсаты үшін пайдаланып отырғаны рас. Осы мәселелерді де қатысушылар ортаға салды, баса назар аудару қажет екенін атап өтті.
– Жастардың діни сауаттылығын жетілдіру мәселелері де әңгіме болды ғой.
– Жастарға білім беріп, олардың сауаттылығын дамыту жайы да айтылды. Әсіресе, жастардың діни сауаттылығын өрістету, олардың теріс пиғылды ағымдар жолына түсіп кетпеуін бақылау, тағы басқа да мәселелер жөнінде орынды пікір-ұсыныстар ортаға салынды. Жас жеткіншектердің оқып-білім алуына, олардың пайдалы іспен айналысуына жақсы жағдайлар жасалатын болса, жастар ешқашан теріс жолға түспейді.
Әңгімелескен
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»