11 Маусым, 2016

Оңтайлы шешімдер – уақыт пен қаржы үнемдеудің тиімді тетігі

327 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
медиаорталықКеше «Қазмедиа орталығы» ғимаратында Әділет министрі Берік Имашев бейнеконференция байланысы режімінде халық алдында есеп берді. Министрмен болған есептік кездесуге, әділет органдарының ардагерлері, қала тұрғындары мен кәсіпкерлер өкілдері келіп қатысып, ведомствоның бұған дейінгі атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы жан-жақты мағлұматтар ала алды. Бейнеконференция онлайн режі­мінде еліміздің он бес өңірімен қосыл­ғандығын айта кеткен жөн. Тіпті, біраздан бері министрлік сайтын­да арнайы айдар ашылып, тұрғын­дар сұрақтары жинақталған-ды. Ал есептік кездесуді алдымен азамат­тық байқаушы институт атынан Әділет органдары қызметі мәселелері жөнін­дегі қоғамдық кеңес төрағасы О.Жұ­ма­беков қысқаша сөз сөйлеп ашты. Мемлекет басшысының баста­ма­сымен құрылған қоғамдық кеңес институты азаматтық сектор­дың мүдделерін қорғауда маңыз­ды рөл атқарады. Сонымен қатар, мем­ле­кеттік басқаруда және қазақстан­дық­тардың өмір сүру сапасын жақ­сар­туда өзіндік орын алады. Қоғамдық кеңес жанынан комиссиялар құрылды. Олардың отырыстарында министрлік жұмысының негізгі бағыттары бо­йынша мәселелер қаралатын болады, деді Оңалсын Исламұлы. Әділет министрі Берік Имашевке  баяндама жасамас бұрын есептік кездесуге қатысушыларды Ақтөбеде ерлікпен қаза тапқандардың рухына тағзым етуге шақырып, бір минуттық үнсіздік шарасын өткізуді сұрады. Бір минуттық үнсіздіктен кейін сөз өрбіткен министр өз ведомствосының мемлекеттік орталық органдар тарапынан әзірленетін нормативтік-құқықтық актілерге, сондай-ақ, халықаралық келісімдер мен халық­ара­лық ұйымдар актілеріне заңдық сараптама жүргізетіндігін айтты. Бұл ретте, министрлік мемлекеттік орта­лық органдардың, жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың нор­мативтік-құқықтық актілерін мем­ле­кеттік тіркеуге алатыны ерекше аталды. Министр 2015 жылы халықаралық келісімдер мен нормативтік-құқық­тық актілердің 711 жобасы енгізіл­гендігіне назар аудартты. Оның кел­тірген мәліметіне қарағанда, қазақ­стандық шарттық база 3683 халық­аралық келісімдерді қамтыған. Сондай-ақ, жоғары заң шығарушы орган ра­тификациялаған 1190 келісім ерек­ше басымдыққа ие. Бізге заң­герлік сараптамаға жыл сайын 70 заң жобасы, 2 мыңға жуық Президент пен Үкімет актілерінің жобалары, сондай-ақ, 10 мыңнан астам орталық және жергілікті органдардың нор­ма­тивтік-құ­қықтық актілері келіп тү­седі, деді Берік Мәжитұлы. Б.Имашев, сонымен қатар, өзі басшылық жасайтын министрлік құзырына 50-ден астам мемлекеттік қызмет бекітілгендігімен де бөлісті. Әділет министрлігіне мемлекеттік қыз­меттің 53 түрі бекітілген, оның ішін­де министрлік тарапынан тіке­лей 40 қызмет түрі көрсетіледі, 9-ы жергілікті атқару органдары  жә­не 4 қызмет «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорация­сы арқылы атқарылуда, деді әділет министрі. Оның айтуынша, өткен жылғы заңнамалық өзгерістер заңды тұл­ғаларды қағаздан электронды пі­шім­ге ауыстыру арқылы тіркеуді 1 са­ғатқа қысқартуға мүмкіндік берген. Бұл өз кезегінде коммерциялық ұйым­­дардың тіркелуін 18 пайызға ұл­ғай­тыпты. Министрдің сөзінен белгі­лі бол­ғандай, 2014 жылмен салыс­тыр­ғанда электрондық тіркеу 4 есеге дейін өскен. Және де министрлікті құрылымдық жағынан 60 пайызға дейін өзгерту 41 миллион теңгенің үнемделуіне мүмкіндік берген. Атап айтқанда, комитеттердің 3 төрағасы мен 7 орынбасарының қызметі алынып тасталыпты. Бұдан басқа, сот актілерін орындау департаментінің 16 басшысының қызметі, сол сияқты Астана және Алматы қалалары мен облыстардағы Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталықтарының 16 директоры қысқарған. Еуразиялық экономикалық одақ­қа қатысты сөзінде Б.Имашев ха­лықаралық келісімдер мен Еуразия­лық экономикалық комиссия тарапынан шешімдер шығарылмас бұрын министрлік олардың Қазақстан Конс­титуциясы мен ЕАЭО туралы келісімге сәйкестігі туралы заңдық сараптамадан өткізілетіндігіне назар аудартты. Жалпы, ЕАЭО жұмыс істегелі 2176 заңдық жоба сараптамадан өткізіліпті. Қорыта айтқанда, стратегиялық жоспардың 2015 жылы белгіленген барлық мақсат-міндеттерінің 90,8 пайызы орындалғаны белгілі болды. Кездесуге қатысушылар атқарушылық іс жүргізу және құқықтық қызмет көрсету мәселелеріне қызығушылық танытты. Және де залдағы ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен байла­нысқа шыққандар сұрақтарына да жан-жақты жауаптар берілді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»