Кеше «Қазмедиа орталығы» ғимаратында Әділет министрі Берік Имашев бейнеконференция байланысы режімінде халық алдында есеп берді. Министрмен болған есептік кездесуге, әділет органдарының ардагерлері, қала тұрғындары мен кәсіпкерлер өкілдері келіп қатысып, ведомствоның бұған дейінгі атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы жан-жақты мағлұматтар ала алды.
Бейнеконференция онлайн режімінде еліміздің он бес өңірімен қосылғандығын айта кеткен жөн. Тіпті, біраздан бері министрлік сайтында арнайы айдар ашылып, тұрғындар сұрақтары жинақталған-ды. Ал есептік кездесуді алдымен азаматтық байқаушы институт атынан Әділет органдары қызметі мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы О.Жұмабеков қысқаша сөз сөйлеп ашты.
Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған қоғамдық кеңес институты азаматтық сектордың мүдделерін қорғауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, мемлекеттік басқаруда және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуда өзіндік орын алады. Қоғамдық кеңес жанынан комиссиялар құрылды. Олардың отырыстарында министрлік жұмысының негізгі бағыттары бойынша мәселелер қаралатын болады, деді Оңалсын Исламұлы.
Әділет министрі Берік Имашевке баяндама жасамас бұрын есептік кездесуге қатысушыларды Ақтөбеде ерлікпен қаза тапқандардың рухына тағзым етуге шақырып, бір минуттық үнсіздік шарасын өткізуді сұрады. Бір минуттық үнсіздіктен кейін сөз өрбіткен министр өз ведомствосының мемлекеттік орталық органдар тарапынан әзірленетін нормативтік-құқықтық актілерге, сондай-ақ, халықаралық келісімдер мен халықаралық ұйымдар актілеріне заңдық сараптама жүргізетіндігін айтты. Бұл ретте, министрлік мемлекеттік орталық органдардың, жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың нормативтік-құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеуге алатыны ерекше аталды.
Министр 2015 жылы халықаралық келісімдер мен нормативтік-құқықтық актілердің 711 жобасы енгізілгендігіне назар аудартты. Оның келтірген мәліметіне қарағанда, қазақстандық шарттық база 3683 халықаралық келісімдерді қамтыған. Сондай-ақ, жоғары заң шығарушы орган ратификациялаған 1190 келісім ерекше басымдыққа ие. Бізге заңгерлік сараптамаға жыл сайын 70 заң жобасы, 2 мыңға жуық Президент пен Үкімет актілерінің жобалары, сондай-ақ, 10 мыңнан астам орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілері келіп түседі, деді Берік Мәжитұлы.
Б.Имашев, сонымен қатар, өзі басшылық жасайтын министрлік құзырына 50-ден астам мемлекеттік қызмет бекітілгендігімен де бөлісті. Әділет министрлігіне мемлекеттік қызметтің 53 түрі бекітілген, оның ішінде министрлік тарапынан тікелей 40 қызмет түрі көрсетіледі, 9-ы жергілікті атқару органдары және 4 қызмет «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы арқылы атқарылуда, деді әділет министрі. Оның айтуынша, өткен жылғы заңнамалық өзгерістер заңды тұлғаларды қағаздан электронды пішімге ауыстыру арқылы тіркеуді 1 сағатқа қысқартуға мүмкіндік берген. Бұл өз кезегінде коммерциялық ұйымдардың тіркелуін 18 пайызға ұлғайтыпты.
Министрдің сөзінен белгілі болғандай, 2014 жылмен салыстырғанда электрондық тіркеу 4 есеге дейін өскен. Және де министрлікті құрылымдық жағынан 60 пайызға дейін өзгерту 41 миллион теңгенің үнемделуіне мүмкіндік берген. Атап айтқанда, комитеттердің 3 төрағасы мен 7 орынбасарының қызметі алынып тасталыпты. Бұдан басқа, сот актілерін орындау департаментінің 16 басшысының қызметі, сол сияқты Астана және Алматы қалалары мен облыстардағы Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталықтарының 16 директоры қысқарған.
Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты сөзінде Б.Имашев халықаралық келісімдер мен Еуразиялық экономикалық комиссия тарапынан шешімдер шығарылмас бұрын министрлік олардың Қазақстан Конституциясы мен ЕАЭО туралы келісімге сәйкестігі туралы заңдық сараптамадан өткізілетіндігіне назар аудартты. Жалпы, ЕАЭО жұмыс істегелі 2176 заңдық жоба сараптамадан өткізіліпті.
Қорыта айтқанда, стратегиялық жоспардың 2015 жылы белгіленген барлық мақсат-міндеттерінің 90,8 пайызы орындалғаны белгілі болды. Кездесуге қатысушылар атқарушылық іс жүргізу және құқықтық қызмет көрсету мәселелеріне қызығушылық танытты. Және де залдағы ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен байланысқа шыққандар сұрақтарына да жан-жақты жауаптар берілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»