14 Маусым, 2016

Университет тарихы – елорда жылнамасының бір парағы

488 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
13-06-01Назарбаев Университетте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев студенттерге диплом тапсыру рәсіміне қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі Рәсімге студенттер, олардың ата-аналары, Қамқоршылық кеңе­сінің мүшелері, сондай-ақ, уни­верситеттің профессорлық-оқы­тушылар құрамы қатысты. Мемлекет басшысы жинал­ған­дарға арнаған сөзінде түлектерді оқу орнын табысты аяқтауымен құт­тықтап, университет жас маман­дардың екінші легін өмір жолына шығарып салып отырғанын атап өтті. – Былтыр мен универ­си­те­ті­міздің алғақшы түлектеріне дип­лом тапсырған едім, бүгінде олардың нәтижелерін мақтаныш етіп отырмыз. Олар өз ісінің на­ғыз кәсіпқой маманы ретінде қа­лып­тасты, Қазақстанның және шетел­дердің жетекші компания­ларында жұмыс істеп жатыр. Көпшілігі шетелдік ғылыми-зерт­теу орталықтарында білім алуын жал­ғастырды. Ал бүгін университет қабырғасынан «үлкен өмір жолына» тағы 638 маман – 457 бакалавр және 181 магистр аттанғалы тұр. Университет тек Қазақстан үшін емес, көптеген дамыған елдер үшін де сирек кездесетін бағыттар бо­йын­ша мамандар даярлайды. Ол – биохимиялық және ядролық ин­женерия, роботты техника мен мехатроника, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы оқу орны білім берудің ең озық дәстүрлерін ұштастырып, бүкіл әлемдегі мық­ты оқытушылардың басын қосты, студенттерге білім алу үшін ең заманауи материалдық-техникалық құ­ралдар мен зертханаларды ұсын­ды. 13-06-02 13-06-08– Университет әлемдік дең­гей­дегі ғылым және білім беру орта­лығы болып қалыптасқанын бәрі­міз мақтан етеміз. Оның үстіне, студенттер үшін оқу тегін. Назар­баев Университетте білім алу құны бакалавриат бағдарламасы бойынша – 4 жылда орта есеппен 87 мың доллар, магистратура үшін 36 мың доллар болады. Бұл шы­ғыстардың барлығын мемлекет өтейді, өйткені, бізге кадр­лар өте керек, – деді Қазақстан Пре­зиденті. Нұрсұлтан Назарбаев 10 мың­нан астам Қазақстан жастары «Бо­лашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің үздік университеттерінде білім алғанын және оқып жатқанын еске салды. – Мемлекет оқу ақысын, сти­пен­дия және көлік шығындарын төлейді. Бұл – орасан мол қаржы. Мә­селен, «Болашақтық» бір магис­трді оқытып шығудың құны Ұлыбританияда – жылына 55 мың доллар, АҚШ-та екі жылда – 136 мың доллар. PhD бағдарламасы бір докторант үшін Ұлыбританияда төрт жылға 200 мың доллар, АҚШ-та бес жылда – 400 мың доллар тұрады. Мемлекет сіздердің заманауи және бәсекеге төтеп бере алатын білім алуларыңыз үшін қамқорлық жасады. Енді сіздер оны өз елдеріңнің игілігі үшін пайдаланып, қызмет етуге тиіссіздер, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев оқу орны жоғары деңгейдегі кадрларды даяр­лау үшін ашылғанына назар аударып, түлектерді экономиканың нақты секторына баруға шақырды. – Университет басшылығы түлектерді жұмыспен қамту мәсе­лелері бойынша бағдарын өзгер­тіп, Қазақстандағы жұмыс беру­шілермен өзара белсенді ықпал­дастық орнатқаны жөн. Еліміздің ұлттық холдингтері мен компаниялары, мемлекеттік органдар халықаралық деңгейдегі отандық мамандарға өздері мүдделі болып, Назарбаев Университет түлектерін қыз­метке шақыру жөнінде бірле­сіп жұмыс жүргізуге тиіс. Универ­ситеттің Қамқоршылық кеңесі мен басшылығы осы мәселелермен айналысып, Үкіметке нақты ұсыныс­тар беруі керек, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті универ­ситет тарихының Астана жылна­ма­сының бір парағына айналғанын атап өтті. – Астана сан ғасырлық тарихы бар өзге көп қаладан инновациялық рухымен ерекшеленеді. Келе­сі жылы біз ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесін өткіземіз, оның тақырыбы «Болашақтың энер­гиясы» болуының символдық мәні зор. Әлем білім экономикасы жә­не Төртінші технологиялық төң­керіс дәуіріне аяқ басып отыр. XXI ғасыр – жедел өзгерістер уақыты. Бүгінде жұрт өздеріне 50 жылдан соң белгілі болатын нәрсенің тек 5 пайызын ғана біледі. Мысалы, небәрі жарты ғасыр бұрын біз Интернет, ұялы телефон немесе сымсыз желі арқылы мәлімет беру дегенді көзге елестете де алған жоқпыз. Қазір, керісінше, адамдардың бүгінгі өлшеммен алғанда тым көлемді және баяу жұмыс істейтін алғашқы телетайп­тар мен компьютерлерді қалай пайдаланғанына таңғаламыз. Бүгінде ұлттың бәсекеге қабілет­тілігі газ, мұнай немесе алтын сияқ­ты дәстүрлі ресурстармен өл­шенбейді. Сондықтан жаңа эко­номиканың негізгі қағидаттарына баса ден қоюымыз бекер емес. Ондағы маңызды рөлді бірегей білімі мен машығы бар жаңашыл кәсіпқойлар командалары атқа­рады. Университетіміз дәл сон­дай мамандарды даярлау үшін жұмыс жүргізеді. Біздің жетіс­тік­теріміз, жаңалықтарымыз және инновациялық идеяларымыз еліміздің тарихының маңызды бөлігіне айналады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы осы орайда түлектердің табысқа жетуіне тәлімгерлер мен педагогтардың сіңірген еңбегін атап айтып, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамына, сондай-ақ, Қазақстанның барша педагогтарына жаңа буын қазақстандықтарға білім мен тәрбие беру жөніндегі жау­апты жұмыстары үшін риза­шылық білдірді. Қазақстан Президенті бүкіл әлемдік қоғамдастық XXI ғасырда күн сайын дерлік жаһандық, соның ішінде әлеуметтік қауіптермен, сын-қатерлермен және апаттармен бетпе-бет келіп отырғанына тоқталып өтті. – Бүгінде әлемде 800 миллион­дай адам аштықты бастан өт­керуде. Әр жылы аштықтан 6 миллион бала және 30 миллион ересек адам көз жұмады. Жыл сайын әлемде этносаралық, кон­фес­­сияаралық және әлеуметтік негіздегі әскери қақтығыстың 30-дан астам ошағы пайда болады. Дәл сондай елдерде мемлекеттерді тал­қандап, апат әкелетін терроризм мен экстремизмнің туын­дауына қолайлы жағдайлар қалыптасады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы бірнеше күн бұрын ғана Қазақстанда бірінші рет ауқымды террористік шабуыл болғанын еске салды. – Бұл – өз халқына қарсы жа­салған қылмыс. Осы террористік актіні қалайда біздің елімізді қақ­тығыстар құрдымына құлатып, терро­ризмнің белең алуын көксей­тіндер жасады. Өрімдей жас по­лиция қызметкерлері мен әскери­лердің ерлігі – бүкіл жастарымыз үшін үлгі. Олар террористер­ге тойтарыс беріп, елдегі бейбітшілік пен тыныштықты қалпына келтірді. Татулық, тыныштық және қауіпсіздік – тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылықтары. Онсыз ұлтымыздың болашағы болмайды, – деді Қазақстан Президенті. 13-06-0313-06-04Нұрсұлтан Назарбаев осы күндері бүкіл ел бойынша мың­даған қазақстандық студенттер диплом алып жатқанына назар аударды. Олардың оқу бітіруі ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына тұспа-тұс келуімен ерекшеленеді, соған орай Мемлекет басшысы барлық Қазақстан жастарына сөз арнады. – Ширек ғасырда біздің Отаны­мыз барша қазақстандықтар еңбегінің арқасында бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Бірқатар жаһандық рейтингтер көрсеткіштері бойынша, Қазақстан қазірдің өзінде дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Бүгінде біздің алдымызда бұрынғыдан да ауқымды міндеттер тұр. Әлемнің дамыған 30 елі қатарына қосылу жөніндегі өршіл мақсатқа жету үшін «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары жүзеге асырылуда. Бұл тұста сіздердің, жастардың рөлі ерекше. Әр адамның өмірі оның төзімділігін сынайтын тағдырдың тосын өзгерістеріне толы. Нағыз бақыт – адамның өз өмірінің әр сәтінде дұрыс таңдау жасап, сол арқылы сырт әлеммен және өз болмысымен үйлесім табуы. Егер жастар гуманизмді, білімді, жауапкершілікті, әділеттілікті таңдаса, әрдайым табысқа жетеді, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы іс-шара барысында магистратура мен бакалавриат түлектеріне үздік дип­ломдар тапсырды. Сөз сөйлеген студенттер мен оқытушылар Нұрсұлтан Назар­баевқа университетте жасалған жағ­дай үшін алғыс білдіріп, еліміз­дің дамуы жолына күш салатындарын айтты. Университет студенттерінің құрылғаннан бергі жалпы саны жеті мектеп бойынша 3300-ге дейін жетті. Жыл сайын 700-ден астам жас білім грантына ие болады. Сұранысқа ие мамандықтар – электрлік және электрондық инженерия, биология ғылымдары, саясаттану және халықаралық қатынастар, математика. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ