Газетіміздің 2016 жылғы 20 сәуірдегі №74 (28 802) санында «Араша» айдарымен «Субсидиядан қашанғы қағыламын?» деген мақала жарық көрген еді. Онда Елбасы саясатына иек артқан Жамбыл облысының Меркі ауданындағы Қостоған ауылының тұрғыны Несіпкүл Кезеңбаева өзінің ауданда әйелдер арасында бірінші болып «Дәурен» шаруа қожалығын құрып, егіншілікпен айналыса бастағанын, алайда, субсидия мәселесінде кедергілерге тап болып жүргендігін бүкпесіз жеткізген. Содан бері біраз уақыт өтсе де баяғы жартас – бір жартас күйінде қалып келеді.
Қарапайым шаруа адамына ең бастысы мемлекеттік қолдау қажет. Тек сол кезде ғана шаруа егістік дақылына қажетті жағдайлардың барлығын жасап, өнім алуға барын салады. Ал өнім шаруаларға ақша, тұтынушыларға азық емей немене. Барлық мәселе субсидияға тіреліп отырғандығын ескерсек, «Дәурен» шаруа қожалығының иесі Н.Кезеңбаева әлі күнге дейін өзіне тиесілі субсидияға қол жеткізе алмай дал.
Жақында тағы телефон шалдық. Шаруа анамыз өзінің егістік алқабында жүргендігін айтты. Қарлығыңқы дауыспен биыл да қызылша екпегендерге субсидия берілмейтінін, қызылша егу үшін қант зауытымен келісімшарт жасасқандығын, оны тиісті орындарға жеткізгендігін айтты. «Қант зауытына барсақ, былтырғы жарты миллион теңге мойнымда ілулі тұр. Сонда да кішкене тұқым бөліп берді. Қазір алқабымды жыртып, қызылша ектіріп жатырмын. Қатты қиналып кеттік. Мен сияқты қиналып, жылап жүргендер қаншама. Тыпырлап егістік алқабының басында жұмыс істеп жатырмын», деді Несіпкүл апамыз.
Шаруа қожалығының иесі облыс әкімі орынбасарының қабылдауына кірмек те болыпты. Тараз қаласына іздеп барғанымен екі күн жолын тосса да таба алмапты. Бірде анда, бірде мында кетті деген шенеунік ұстатпай-ақ қойған көрінеді. Амал жоқ, айналып келіп, ауыл шаруашылығы басқармасына жүгінген.
Облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Нұржігітов қабылдап, қажетті құжаттардың тапсырылғанын сұрап біліп, соның барлығын қайтадан жинап әкелуді міндеттеген. «Көктем болды ғой, қалай жұмыс істейсіздер дедім. Жанармай, күзет және тракторды жалға алғаннан басқа қант зауыты тұқымына жарты миллион теңге қарызбын. Биылдыққа қарызым 1,5 миллион теңгеге жеткен болар. Департаменттің тракторды бермеген қорлығын айтсаңызшы бәрінен де. Төрт ай жүгіртті ғой. Барлық жиырмаға тарта қағаздарын дайындап апарып бердім», деді ашынғанын жасыра алмаған шаруа анамыз.
Н.Кезеңбаеваның айтуынша, техника береміз дегеннен кейін екі тракторшы мен механигін де ерте барыпты. Алайда, қант зауытымен жасасқан келісімшартыңыз жоқ деген сылтаумен шығарып салыпты. Оны да жеткізіп берген. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Нұржігітовке хабарласқанымда, ол «Дәурен» шаруа қожалығына былтыр субсидия берілмеуінің себебін былайша түсіндірді: «Біздің басқармаға ондай акт түскен жоқ. Сондықтан, субсидия бере алмадық. Аудан әкімі және оның ведомствоаралық комиссиясы бар. Комиссия мүшелері оның қызылшасы шықпады деді, олай болса, субсидияны не үшін береміз. Комиссия мүшелерін де құқықтық органдар тексеріп, жауапкершілікке тартады ғой».
Сонда диқандарға дер кезінде қажетті қаржысын бермей, еңбектерін еш еткен шенеуніктер ешқандай да жауапқа шақырылмай ма? Шаруа иесінің қызылша алқабы жайын тексеру үшін аудан әкімдігінің арнайы комиссиясы келіп көріп, тиісті қорытындыларын да беріпті. Тіпті, Сарымолдаев ауылдық округі әкімінің анықтамасы да бар. Солай бола тұра, неге әлгі комиссия қажетті актіні жасап, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына өткізбегендігі әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.
Меркі ауданы әкімінің ауыл шаруашылығын қадағалайтын орынбасары М.Өмірбековтің алдына бес рет барса да ешбір көмек болмаған. «Сізден басқа ешкім менен көмек сұрамайды, біз жай айтқанбыз», деп менің өзімді жазғырды. Сөйтіп, мемлекет сәуір айында бөлген заңды қаржыны дер кезінде ала алмай, арық тартуға, қызылша алқабын суаруға мүмкіндік болмай, қурап кеткен. Ол ол ма, былтыр желтоқсан айында ауыл шаруашылығы қызметкерлері мерекесін өткізу кезінде де бірқатар жөнсіздіктер орын алыпты. Малшылар мен диқандарға бағалы сыйлықтар берілуі тиіс болса, сол сыйлықтар ауыл шаруашылығына қатысы жоқ әкімдіктің жап-жас мамандарына, тіпті, С.Бұтабаев басқаратын бөлімнің еден жуушысына да берілгені белгілі болып отыр. «Біз де аң-таң болдық. Олардың ауыл шаруашылығына қандай еңбегі сіңді? Кабинетте отырып, шаруаларды әуре-сарсаңға салғаннан басқа не тындырды? Әлде егіс алқабына келіп, көмек берді ме екен? Мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексі, ұяты, қызметтік сыпайылығы мен әдебі қайда қалды?», депті Н.Кезеңбаева өзінің арыз хатында.
Шынында да, 66 жасқа келген шаруа әйелден кабинетте отырған жас шенеуніктердің бағасы артық па. Егістік алқабы қурап жатса, субсидия ала алмаған қарапайым шаруа адамы емес, жергілікті жерде жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмаған шенеуніктер кінәлі емес пе...
Қалай болғанда да қолдау қаржыны үлестіру жергілікті әкімдіктер құзырында. Тіпті, барлық мәселе ауданда құрылған ведомствоаралық комиссия тарапынан шешілетінін айта кеткен орынды. Өкінішке қарай, кейбір өңірлерде субсидия бөлінісі дұрыс жолға қойылмағандығын айта кеткен де артық болмас. Өткен жылы Алматы облысында 2228 заң бұзушылыққа жол берілсе, одан кейінгі орында Жамбыл облысы тұр. Бас прокуратура 2013-2014 жылдары ауыл-аймаққа бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын тексеріп, осындай келеңсіздіктерді анықтап берген.
Соңғы екі жылда жалпы еліміздің ауыл шаруашылығын субсидиялауға қазынадан 82,2 миллиард теңге бөлінсе, ал жергілікті бюджеттерден қаралған қаржы 154,4 миллиард теңгеден астам. Қолдау қаржыны үлестіру заң бойынша жергілікті әкімдіктер құзырында болса, көбіне субсидия беру тәртібі бұзылып, кәсіпкерлер құқығының шектелетіні анықталған. Мысалы, Меркі ауданының прокуратурасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Бұтабаев өзінің зайыбы басқаратын «Ботабай» шаруа қожалығына 30 гектар үшін субсидияны заңсыз төлегенін анықтапты. Сондай-ақ, «Ақ арал» өндірістік кооперативіне атқарылмаған жұмыстар үшін 6,2 миллион теңгені заңсыз бергені де белгілі болды.
Бұл тек анықталғаны ғана. Мұндай заңсыздықтарға жол берген С.Бұтабаев әлі күнге дейін сол қызметінде жүрсе, ал аудан әкімінің орынбасары, субсидия беретін комиссия төрағасы М.Өмірбеков қылмыстық жауапқа тартылмай, тек қатаң сөгіспен құтылғаны мәлім болып отыр. Бұл өрескелдіктер 2015 жылдың 5 қазанында «Новый Регион.kz» сайтында жарық көрді де. Н.Кезеңбаева өзінің субсидиядан заңсыз қағылғаны жөнінде еліміздің Бас прокуратурасына да шағымданыпты. Олар шаруа иесінің арызын Меркі аудандық прокуратурасына жолдаған. Келген жауапқа орай сөзінде Н.Кезеңбаева былай дейді:
«Ал Меркі ауданының прокуроры С.Төлеуов маған берген жауабында менің өзімді кінәлапты, яғни мен субсидия сұраған арызымды қайта алыппын-мыс. Заң бойынша менің арызым ешқашан қайтарылмайды, тек оны қараусыз қалдыру туралы мен қосымша арыз жазуым керек. Бірақ мен ешқандай қосымша арыз жазған емеспін. Мемлекеттің бөлген заңды ақшасынан мен не үшін бас тартамын? Ешбір ақылға сыймайтын жауап қой. Ал мен жазған өзге мәселелерге ешбір жауап жоқ...».
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев қандай да бір заң бұзушылыққа тап болсаңыздар, Ауыл шаруашылығы министрлігі оны қарауға дайын екенін, сол үшін сенім телефондары, министрдің блогы жұмыс істеп тұрғанын жеткізіпті. «Шаруа, мемлекет қаражат бөлмей жатыр, деп ойлайды. Ал бұл уақытта аймақтарда түрлі сылтаулармен құжаттар сұралып, кәсіпкерлердің жұмысын бөгейді. Немесе тиісті ақша мүлдем басқа азаматтарға бөлініп жатады», деп атап өткен министрліктің жауапты хатшысы. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау жүйесі өзгертілерін Ұлттық экономика министрінің орынбасары М.Құсайынов мәлімдеп, болашақта субсидия дайын ауылшаруашылық өніміне ғана берілерін ерекше атап кеткен.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның жарқын дәлелі «Агробизнес-2020» және өзге де бағдарламалардың іс жүзінде жүзеге асырылуы. Осы тұрғыдан келгенде, субсидиялау құралдарын Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының талаптарына сай келтіру де ерекше маңызға ие. Осыны қаперге алсақ, әрбір шаруа адамының құқы аяқасты болмауы тиіс. Олай болса, шаруаларды шаршатқан субсидия мәселесінде тиісті орындар нақты жауабын береді деген сенімдеміз.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»