Қазақстанда 2010 жылдан бастап бәсекеге қабілетті, қазіргі заманғы өңдеу өнеркәсібін қалыптастыруға, ел экономикасының шикізат ресурстарына тәуелділігін азайтуға бағытталған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Әлемдік экономикадағы соңғы жылдарда орын алған келеңсіз үрдістерді талдау көрсеткендей, бұл бағдарлама өзінің тиімді және дер кезіндегі шешім екенін дәлелдеп отыр.
Мәселен, бағдарламаның тек бірінші бесжылдығы ішінде (2010-2014 жылдары) жалпы 3 триллион теңгені құрайтын 770 жоба іске қосылып, 75 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Бұрын елімізде шығарылмаған 500-ден астам мүлдем жаңа өнім түрлерінің өндірісі игерілді.
Атқарылған жұмыстың нәтижесінде өңдеу саласы өнімінің көлемі 5 жыл ішінде 27 пайызға ұлғайды. Өңдеу секторының өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесі 0,6 пайызға артты. Бір жағынан алғанда, бұл шамалы ғана өсу болып көрінеді. Алайда, бізде өндіру салалары дәстүрлі жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын ескеру қажет. Сонда біздің өндіру салаларымен салыстырғанда, өңдеу секторын сақтап қана қоймай, оның ілгері даму қарқынын қамтамасыз еткеніміз анықтала түседі.
Тұтас алғанда, индустрияландыру дағдарыстың ықпалын әлсіретуге және өткен жылдың қорытындысы бойынша ұлттық жалпы өнімнің оң өсу қарқынын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Ал шикізатты экспорттаушы көптеген жетекші елдерде жалпы ішкі өнімнің төмендегені байқалады.
Индустрияландырудың бірінші бесжылдығын жүзеге асыру кезінде «жобалық ұстаным» пайдаланылды. Өйткені, өндірістің қандай салаларын және қай өңірлерде дамыту қажет екендігін анықтау қажет еді. Екіншіден, индустрияландыру үшін заңнамалық база жасау, қоғамның менталитетін өзгерту қажет болды.
2015 жылы негізгі сыртқы жағдайлар елеулі өзгеріп, олар өңірлердің индустриялық-инновациялық дамуына келеңсіз ықпал етті. Бұлардың қатарында мынадай факторлар бар:
Біріншіден, ірі тұтынушы елдердің (Еуроаймақ елдері, Қытай, Ресей) даму қарқыны баяулауына байланысты әлемдік экономиканың көлемі шектелді. Осының салдарынан әлемдік экономиканың сыртқы сауда айналымы қысқарады. Импорттаушылар нарығының қажеттіліктері азайды.
Бұған қоса, қор нарығының төмендеуі тауар биржаларындағы баға конъюнктурасына елеулі әсер етті. Бұл Қазақстанның экспорттайтын өнімдеріне әлемдік бағаның төмендеуіне алып келді. Мұнайға бағаның түбегейлі төмендеуі мұнай өңдеуді, сондай-ақ өндіру өнеркәсібі үшін машиналар мен жабдықтар өндірісін дамытуға кері әсерін тигізді.
Екіншіден, Ресей рублінің күрт девальвациясы отандық кәсіпорындардың бағаға бәсекелік қабілеттілігіне теріс ықпал етті. Ресейлік өнімдердің неғұрлым төмен баға импорты ішкі және сыртқы нарықта қазақстандық өнімге сұраныстың қысқаруына алып келді.
Үшіншіден, отандық тауар өндірушілердің инвестицияларға қолжетімділігінің қысқаруы теңгенің өтімділігін азайтты. Нәтижесінде теңге «еркін айналымға» түсті.
Төртіншіден, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі бәсекені дамыту және отандық тауар өндірушілерін тікелей мемлекеттік қолдауды шектеу бойынша белгілі бір міндеттемелер қабылдауына алып келді.
Осы айтылған жағдайларға байланысты мемлекет бағдарламаның екінші бесжылдығында басым салаларды дамыту жөнінде жаңа әрекеттер жасап, жүйелі шараларға баса назар аударды.
Үкімет бағдарламаны жүзеге асырудың жаңа басымдықтарын айқындады. Оларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады:
Бірінші топтағылар қатарында даму әлеуеті мол, өңдеу өнеркәсібінің алты саласын, атап айтқанда мұнай өңдеу және мұнай химиясы, химия өнеркәсібі, азық-түлік өндірісі, машина жасау, құрылыс материалдары, металлургия салаларын айтуға болады.
Екінші топ – бұл жаңа салалардағы инновациялық жобалар. Атап айтқанда, ұялы және мультимедиалық технологиялар, нано және ғарыш технологиялары, робот техникасы, гендік инженерия, жаңғыртылатын энергетика.
Тұтас алғанда, бағдарламаның екінші бесжылдығы басталғалы бері жалпы 815 млрд. теңге инвестициялар көлемімен 128 жоба іске қосылып, 10 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды.
Іске қосылған жобалардың неғұрлым көптігі жөнінен Оңтүстік Қазақстан (27 жоба), Солтүстік Қазақстан (15 жоба) және Ақмола (11 жоба) облыстарын,
тартылған инвестициялар көлемі жағынан Павлодар (453,5 млрд.теңге), Ақтөбе (82,8 млрд.теңге) облыстарын және Астана қаласын (63,9 млрд. теңге), ал
құрылған жұмыс орындары жағынан Оңтүстік Қазақстан және Павлодар (2 мың адамнан), Ақтөбе (1300 адам) облыстарын айтуға болады.
Сонымен бірге, тарихи қалыптасқан өнеркәсіптік әлеуеттің болуы нәтижесінде индустрияландыру бағдарламасын белсенді жүзеге асыруын ескерсек, бүгінгі таңда Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары елдің өңдеу өнеркәсібінде көшбасшылық рөлін сақтап отыр.
Жоғары даму әлеуеті бар екендігіне қарамастан, өңдеу секторы Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында әзірше жеткіліксіз дамыған.
Екінші бесжылдықта жобаларды іріктеу кезінде олардың бәсекеге қабілеттілігі деңгейіне, технологиялық тұрғыдан және сапалы жұмыс орындарын құру бойынша жоғары талаптар қойылуда. Осындай талаптарға сай келетін жобалар да бар. Бұлар – Павлодар облысында Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты (құны – 430 млрд. теңге, 1,5 мың жұмыс орны), Атырау облысында полимер өнімінің өндірісі (құны – 16,5 млрд. теңге, 371 жұмыс орны), Астана қаласында GEVO дизель қозғалтқыштарының өндірісі (құны – 8,3 млрд. теңге, 87 жұмыс орны), Қарағанды (құны – 7,3 млрд. теңге, 150 жұмыс орны) және Алматы (құны – 3,7 млрд. теңге, 120 жұмыс орны) облыстарындағы фармацевтикалық зауыттар; Алматы облысындағы алюминий профилінің өндірісі (құны – 2,8 млрд. теңге, 250 жұмыс орны).
Тек осы алты жобаға барлық инвестициялардың жартысынан көбі және барлық құрылған жұмыс орындарының төрттен бір бөлігі тиесілі.
Ағымдағы жылы ел өңірлерінде
800 млрд. теңгенің
120 жобасын іске қосып,
14 мың тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, бағдарламаның іске асырылуын талдау көрсеткендей, индустрияландыру саясатын жүзеге асырумен айналысатын тиісті мемлекеттік органдар ескеруі тиіс бірқатар проблемалар бар.
Бірінші. Іске қосылған жобалардың барлығы бірдей қажетті жүктеу деңгейіне шықпаған. Жекелеген жобалар өңірлердің индустриялық әлеуетін арттыруға, салық базасын кеңейтуге және халықты жұмыспен қамтуға толық көлемде үлес қоспай отыр.
Екінші. Облыстардың арасында, сол сияқты өңірлер ішінде – қалалар мен аудандар арасында жобалардың біркелкі іске асырылмайтыны байқалады.
Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында 27 жоба немесе олардың бестен бір бөлігі іске қосылса, Батыс Қазақстан облысында небәрі 2 жоба, Алматы және Қостанай облыстарында 4 жобадан ғана енгізілген.
Алдағы уақытта аталған теңсіздіктер азаматтарды жұмысқа орналастыру саласында, өңірлердің салық базасын дамытуда, өңірлер экономикасының тұрақтылығы мен орнықтылығын арттыруда проблемалардың туындауына алып келуі мүмкін.
Үшінші. Астана қаласында және Ақмола облысында өнеркәсіп неғұрлым жоғары қарқынмен дамыса (орташа есеппен жылына 8-9%), Маңғыстау және Жамбыл облыстарында өнеркәсіп өндірісінің өсу қарқыны төмен болды (жылына 1%-дан кем), ал Қостанай және Қызылорда облыстарында қарқынның төмендегені байқалады.
Сондықтан, индустрияландыруды жүргізуге жауапты мемлекеттік органдарға, оның ішінде аталған өңірлердің жергілікті атқарушы органдарына өнеркәсіпке инвестицияларды белсенді тартуды қамтамасыз ету, тиімді, бәсекеге қабілетті және экспорттауға бағытталған жаңа өндірістерді іске асыру бойынша шаралар кешенін тұжырымдау қажет.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда 10 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құрылды. Бұлар отандық өнеркәсіпке шетелдік инвестициялар мен қазіргі заманғы технологияларды тарту үшін неғұрлым қолайлы алаңдар болуы тиіс.
Бүгінгі таңда сегіз АЭА инфрақұрылымы толық аяқталды немесе аяқталу кезеңінде. Қазірдің өзінде оларда 149 жоба іске асырылды, 524 млрд. теңгенің инвестициялары жұмсалып, 11 мыңға жуық жұмыс орындары құрылды. Бұл жобалар қазіргі уақытта 939 млрд. теңгенің өнімін шығарды.
Алайда, қолданыстағы АЭА әлеуеті қазіргі кезде толық көлемде жүзеге асырылмаған. Мәселен, жоспарланған 438 жобаның үштен бір бөлігі ғана енгізілген. Осылайша, тиісті мемлекеттік органдарға осы бағытта әлі көп жұмыс атқару керек.
Бұл ретте, Мемлекет басшысы айтқандай, АЭА шеңберінде Samsung, Bayer, BASF, Toshiba сияқты әлемдік брендтермен ынтымақтасу мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Өйткені, осындай компаниялар елге ілгері технологияларды алып келуі мүмкін.
Өнеркәсіпке инвестицияларды тартудың тағы бір маңызды жолы индустриялық аймақтар болып табылады. Олардың аясында шағын және орта бизнеске өздерінің жобаларын іске асыру үшін дайын инфрақұрылымы бар өндірістік алаңдарға қол жеткізуге мүмкіндік беріледі. Бұл шағын және орта бизнестің кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, сондай-ақ өндірістік алаңдарды дайындау, коммуникациялық желілер салуға жұмсайтын күрделі қаржы шығынын азайту үшін тиімді құрал болып табылады.
Соңғы жылдары ел өңірлерінде индустриялық аймақтарды құруға едәуір қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда осындай 14 индустриялық аймақ Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс істейді.
Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті дамыту үшін, әсіресе, елдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары төңірегінде инфрақұрылымдар құру туралы тапсырмасын ескеріп, басқа өңірлерде осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет.
Жалпы, өңірлердің индустриялық-инновациялық дамуы бойынша қызметін талдау, олардың кейбірі осы бағыттағы әлеуетін едәуір арттырғандығын көрсетті. Мәселен, Астана қаласы, Қостанай, Атырау және Ақмола облыстарының өз көрсеткіштерін жақсартқаны байқалады.
Сонымен бірге, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында бұл жұмыс жеткіліксіз жүргізілуде.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, білім беру және ғылыми мекемелерді, кәсіпорындарды, зерттеу орталықтарын қамтитын қажетті инфрақұрылым жасалған жағдайда, сол өңірлер неғұрлым серпінді инновациялық дамуға қол жеткізеді.
Бұл бағыттағы жұмыс тиісті орталық мемлекеттік органдардың және өңірлер әкімдерінің қызметінде басымдықтардың бірі болуы тиіс. Өйткені, талдау көрсеткендей, бүгінгі таңда бірқатар өңірлік жоғары оқу орындарында жаңа идеялар мен әзірлемелерді дамыту және тәжірибеден өткізу үшін технопарктер, зерттеу зертханалары және басқа да базалар жоқ.
Қорытындылай келе, индустрияландыруға басқа балама жоқ екендігін атап айтқымыз келеді. Озық отыз елдің қатарына кіру үшін білім мен жаңа технологиялар экономикасына көшуіміз қажет.
Индустриялық-инновациялық саясатты іс жүзінде жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың алдында жоғарыда айқындалған проблемалар мен басымдықтарды ескеріп, өз жұмысының тиімділігін арттыру міндеті тұр.
Бізге тек экономикамыздың құрылымын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар өңіраралық теңсіздіктердің жойылуына барынша мән беру керек. Осы үшін барлық өңірлердің әлеуетін барынша пайдалануды, өңдеу секторында, инновациялар, логистика және басқа да салаларда сапалы жұмыс орындарын құру арқылы халықтың жұмыспен қамтылуын ұлғайтуды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы, тиімді және бәсекеге қабілетті индустриялық жобалар қажет.
Серік Айдарбеков,
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау
және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары