Бұған дейін хабарланғанындай, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова үстіміздегі жылғы 9-11 маусым аралығында Польшада жұмыс сапарымен болды. Мемлекеттік хатшы Варшава қаласында өткен «Цифрлы технологиялар дәуірінде әйелдер инклюзивтік экономиканы құру жолында» атты Жаһандық әйелдер саммитіне қатысты, сондай-ақ, Польшаның бірқатар лауазымды адамдарымен, халықаралық жиынға келген делегация жетекшілерімен екіжақты кездесулер өткізді.
Қазақстан Орталық Азиядағы, ал Польша Орталық Еуропадағы көшбасшы мемлекеттер санатында тұрғандықтан, қос тарап екіжақты қарым-қатынастардың барлық салалары бойынша жан-жақты жандануына өзара мүдделілік танытып келеді. Тарихқа көз жүгіртсек, ХІХ ғасырдан Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі аралықта қазақтың байтақ даласына 150 мыңнан астам поляк күшпен қоныс аударылды. Қоныс тепкен ғасыр ішінде поляктар, атап айтқанда, белгілі зерттеушілер Густав Зелинский, Адольф Янушкевич, Бронислав Залесский, Александр Затаевич қазақтың бай мәдениеті мен тарихына, этнографиясы мен географиясына ерекше ден қойып, зерттеу жүргізді.
Нақтырақ айтсақ, Густав Зелинский 1842 жылы қазақтар өмірінен романтикалық поэма жазып, ол кейіннен орыс, чех, неміс, италия, ағылшын тілдеріне аударылды. Ал белгілі этнограф Адольф Янушкевичтің қазақ даласына жасаған саяхаты бойынша қалдырған этнографиялық жазбалары әлі күнге өзінің құндылығын жоймай келеді. Сондай-ақ, тарихшы әрі суретші Бронислав Залесский 1851 жылы Қаратау экспедициясына қатысып, сол сапарда қайталанбас картиналарын мұра етіп қалдырса, музыкатанушы Александр Затаевич қазақ музыкалық фольклорының антологиясын жасап, соңынан «Қазақтың 1000 әні» атты белгілі зерттеу туындысын қалдырып кетті.
Сонымен бірге, бүгінде ұлы Абайдың поляк тіліне аударылған шығармалары халық арасында кеңінен танымал. Еліміздің көптеген қалаларында Адольф Янушкевич атында көшелер бар, Астанадағы Қазақ ұлттық музыка академиясының бір залы әлемге әйгілі музыкант Фредерик Шопеннің құрметіне қойылған. Атап өтер жайт, Варшавада «Қазақ» көшесі ашылған.
Қазақстан-Польша қарым-қатынастары саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, индустриялық-инновациялық, өңіраралық және басқа да салалар бойынша өрісті дамып келеді. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы сәуірде орнығып, 1994 жылы елімізде Польша елшілігі ашылды. 2000 жылдың қазан айынан бері Польшада Қазақстан елшілігі қызмет етеді. Ресми Варшава Қазақстандағы поляк диаспорасының жайлы өмір сүруіне және олардың қалауымен тарихи отандарына оралуына жағдай жасауға мүдделі.
Дипломатиялық байланыстар орныққалы бері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Польшада екі рет сапармен болды. Поляк ұлтынан шыққан әлемге әйгілі діни тұлға, Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің 2001 жылы Астанаға келген тарихи сапары екі мемлекет арасындағы рухани жақындастық пен өзара түсіністіктің тереңдеуіне елеулі үлес қосты.
Славян елдері ішінде Ресейден кейінгі экономикалық әлеуеті мен халық саны жағынан екінші орында тұрған Польша Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы жетекші сыртқы экономикалық серіктесі болып қалуда. Қазақстанның әлем елдерімен арадағы тауар айналымының көлемі бойынша Польша 17-ші орында тұр. Польша Үкіметінің 2013-2016 жылдарға арналған Перспективалық нарықтарды игеру жөніндегі бағдарламасына сәйкес, Қазақстан іргелі мемлекеттер Бразилия, Канада, Түркия және Алжир елдерімен бірге келешегі зор экономикалық нарықтардың алғашқы бестігі қатарында тізімге енген. Бүгінгі таңда Польшаның Қазақстанмен арадағы тауар айналымы аталған елдің Орталық Азиядағы жалпы тауар айналымы көлемінің 70%-ын құрайды. Статистика комитетінің мәліметінше, 2015 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 1,13 млрд. доллар болды.
Польшаға жасаған жұмыс сапары аясында Мемлекеттік хатшы 9 маусым күні министрлік дөңгелек үстелі отырысына қатысты. Г.Әбдіқалықова аталған жиында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында еліміздің алдына әлемнің ең озық отыз мемлекетінің қатарына кіру жөнінде міндет қойғанын атап өтті. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстанда мемлекеттің есептілігін арттыруға, заңның төрелігін қамтамасыз етуге, экономиканы әртараптандыруға және адами капиталдың жан-жақты дамуына бағытталған ауқымды институттық реформалар жүргізілуде.
Гүлшара Наушақызы Қазақстанда қазіргі заманғы инклюзивтік экономиканың дамуына барлық жағдай жасалып жатқанын айтты. Мемлекеттік хатшы «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары, оның ішінде Еуропа Қайта құру және Даму банкі, Азия даму банкімен бірлескен жобалар арқылы мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатқанына тоқталды.
Мемлекеттік хатшы, сондай-ақ, республикамызда жүргізіліп жатқан шаралар әйелдердің ел экономикасына қатысуын кеңейтуге мүмкіндік туғызғанын атап көрсетті. Мәселен, бүгінде әйелдердің бизнестегі үлесі 50%-ды құрайды, әйелдердің 42%-ы шағын және орта бизнес кәсіпорындарын басқарып отыр. Әйелдердің жұмыссыздық деңгейі 2006 жылғы 9,2%-дан 2015 жылы 5,6%-ға азайды, ал еңбекақының гендерлік алшақтығы 2006 жылғы 62%-дан 2015 жылы 67%-ға дейін азайды. Қазақстан «Жұмыс істеп жатқан әйелдер, ерлермен салыстырмалы үлесі» атты көрсеткіш бойынша Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 2015 жылы 26-шы орынға ие болды.
Саммит шеңберінде Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Польша Республикасының Премьер-министрі Б.Шыдломен кездесті. Тараптар Қазақстан-Польша қарым-қатынастарының өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы Польшаның Қазақстан үшін Еуропалық одақтағы, Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды серіктесі болып табылатынын және ел басшылығына Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне қолдау көрсеткені мен Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысатындары үшін ризашылық танытты. Мемлекеттік хатшы кездесу кезінде, сондай-ақ, Польша тарапы Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өту жөніндегі кандидатурасына қолдау жасайтындықтарына сенім білдірді. Г.Әбдіқалықова біздің еліміздің ШЫҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ және өзге де беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық еткен тәжірибесі бар екенін айтып, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосуға әзір екенімізді жеткізді.
Польша Республикасы Президентінің зайыбы А.Корнхаузер-Дудамен кездесуі барысында Г.Әбдіқалықова Бірінші ханымға Самиттің Құрметті патроны ретінде шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы екі ел арасында білім саласындағы ынтымақтастықтың белсенді дамуын атап өтті. Екіжақты үкіметаралық білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі таңда Варшава, Краков, Лодзь, Познань және Жешув университеттерінде 500-ден астам қазақстандық студент білім алуда.
Саммиттің екі күні шеңберінде Мемлекеттік хатшы Германия, Вьетнам, Малайзия елдерінің делегация басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында аталған елдердің Қазақстанмен арадағы әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастығын тереңдету, гендерлік теңдікті қамтамасыз етуде қалыптасқан іс-тәжірибемен өзара бөлісу мәселелері талқыланды.
Г.Әбдіқалықова Варшавада 11 маусымда өткен Жаhандық әйелдер Саммитінің жабылу салтанатында сөз сөйледі. Гүлшара Наушақызы өзінің сөзінде 2017 жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша мамандандырылған ЭКСПО көрмесі өтетінін айтты. Г.Әбдіқалықова ЭКСПО алаңында Жаhандық әйелдер саммитінің аясында Әйелдер форумын ұйымдастыру жоспарланып отырғанына тоқталып, Саммитке қатысушыларды Астанаға Әйелдер форумына шақырды. Мемлекеттік хатшы бүкіл әлемнің барлық көшбасшы әйелдерін ЭКСПО-2017 алаңында жасыл экономика саласындағы инновациялық ойлар мен үздік технологияларды талқылауға атсалысуға үндеді.
Самиттің бүгінгі тақырыбы аса өзекті. Әлем біздің көз алдымызда жылдам өзгеріске ұшырауда. Күн сайын өмірімізге дендеп еніп жатқан жаңа технологиялар пайда болуда. Цифрлы технологияларды кең түрде қолдану дамуды жеделдетіп, теңсіздікті азайтады, деген пікірлерін ортаға салған Г.Әбдіқалықова бүгінде ауқымды экономикалық реформаларды қолға ала отырып, жаңа технологияларға инвестиция салып жатқан елдер экономикалық өрлеуді жеделдетуде екенін жеткізді.
Қазақстанда қазіргі заманғы инклюзивті экономиканы дамытуға барлық жағдай жасалуда. Өйткені, әйелдер ел тұрғындарының жартысынан астамын құрайды. Сондықтан, әйелдер капиталы – бұл экономикалық дамудың маңызды факторы, деп атап көрсетті Мемлекеттік хатшы. Гүлшара Наушақызы, сондай-ақ, елімізде әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсету, оларды жұмыспен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік жобалар бойынша мемлекет тарапынан жасалып жатқан игілікті шараларды таратып айтып берді.
Саммит шеңберінде Г.Әбдіқалықова Польша Республикасының ресми өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Мәселен, Польша Сенатының вице-спикері М.Коцпен кездесу барысында Қазақстан және Польша парламенттері қос палаталарының өзара ынтымақтастық бойынша топтық әріптестіктері біздің парламентаралық өзара іс-қимылға жаңа серпін беретініне назар аударды.
Мемлекеттік хатшы Польша Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы М.Садурскаямен кездесуде Қазақстанның халықаралық стандарттарға сәйкес олардың құқықтарының толықтай сақталуымен Қазақстанда тұратын барлық ұлттық топтардың мүдделерін ескеретінін атады. Елімізде ұлттық және мәдени жаңғыру мәселесімен айналысатын поляктардың 13 этномәдени бірлестігі жұмыс істейді.
Сонымен бірге, Саммит аясында Г.Әбдіқалықова Польша Республикасының Отбасы, еңбек және әлеуметтік саясат жөніндегі министрі Э.Рафальскаямен кездесті. Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы Жаңа еңбек кодексінде жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек қатынастары саласына мемлекеттің араласу шектері айқындалғанын, жұмысшыларға кепілдіктері мен өтемақыларының минималды еңбек стандарттары бекітілгенін айта келіп, жұмыс беруші тарапынан оның орындалуы бақылаумен қамтамасыз етілгеніне назар аударды.
Саммит барысында Мемлекеттік хатшы Саммитке қатысу үшін келген делегациялар басшыларымен: Вьетнам вице-президенті Д.Тхиньмен, Германияның Отбасы, қарт адамдар, әйелдер және жастар жөніндегі федералдық министрлігінің Парламенттік мемлекеттік хатшысы Э.Фернермен, Малайзияның Әйелдер, отбасы және қоғамдық даму жөніндегі министрі Р.Кариммен бірқатар кездесулер өткізді. Кездесулерде әйелдердің экономикалық ілгерілеуі, елдер арасындағы халықаралық бастамалар мен инвестициялық өзара іс-қимылға бірігіп қолдау көрсетудің өзекті мәселелері талқыланды. Саммит соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова «Әйелдердің жаhандық көшбасшылығының марапаттары» атты Гала-кешкі асқа қатысты.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың Польшаға жасаған үш күндік жұмыс сапары жаһандық әйелдер қауымдастығының өзекті мәселелері бойынша қазақстандық ұстанымды нақтылауға, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік жөніндегі келісім ережелерін ілгерілетуге елеулі үлес қосты.
Гауһар ҚАСЫМЖАНОВА,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы
Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары