Қазір әлемде есірткіге тәуелділік артып тұр. Соның салдарынан есірткі саудасы көлеңкелі бизнестің көшін бастап, контрабандалық топтардың қалтасына миллиондаған қаржыны оп-оңай құйып келеді.
Ал Қазақстандағы қара базардың саудасын сора өсірушілер қыздырып отырғаны байқалады.
Таяуда еліміздегі есірткіге қарсы күрес департаментінің қызметкерлері ел ішінде «Картель» операциясын жүргізіп, сора өсірушілердің жолын кесті. Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күрес департаментінің басшысы Сұлтан Құсетовтің айтуынша, соңғы екі жыл ішінде Қазақстанда есірткі пайдаланушылар топ жетекшілерінің есепшоттарына барлығы 558 миллион теңге аударған.
Қылмыскерлерді құрықтау операциясы 3 айға жуық жан-жақты зерттеліп, пысықталды. Осы аралықта полицейлер есірткі саудасын, сора өсірушілердің көшбасшыларын, қылмыстық топтың жетекшілерін, делдалдарды анықтап қана қоймай, қылмыстық қауымдастықтың ұйымдастырушысы «Бүркіт» есімді лақап атпен танымал болған Қырғызстан азаматының ізін тапты. Кейін анықталғандай, ол «Первая ласточка» романтикалық лақап атымен Орталық Азияда танымал болған қылмыс әлемінің белді мүшесінің туған жездесі екен. Ал «Алғашқы қарлығаш» бұдан 20 жыл бұрын ауған героин есірткісін Орталық Азия мемлекеттеріне тасымалдау жолын ұйымдастырған алғашқы ірі наркобарон болатын.
Қылмыскерлер жедел топ назарына өткен жылдың аяғында ілінеді. Алайда, оларды құрықтау сол кезде оңайға соқпады. Өйткені, қылмыстық қауымдастықта бір-бірін танымайтын оннан астам мүше бар. Олар тауарды жеткізушілер, курьерлер, делдалдар, диллерлер секілді топ-топқа бөлініп, жұмыс жасайды. Мұнда темірдей қатты тәртіп орнатылған. Мәселен, «Бүркіттің» өзімен тең дәрежелес тауар жеткізушілер ғана кездесіп, героинге тапсырыс беру мүмкіндігіне ие бола алады. Тауар жеткізуші мен тауарды шекара арқылы тасымалдаушы арасында көптеген делдалдық етушілер жүреді. Тауарды шекарадан өткізіп шыққан курьерлер героинді Қазақстанда көтерме бағамен саудалайды, ал олар өздерінің делдалдары арқылы кіші партиялармен есірткіні дала сатушыларына өткізеді. Айтпақшы, кей кездері курьердің қызметін такси мен пойыз жолсерігі де атқара береді. Тапқан ақшаларын диллерлер үйсіз қалған азаматтардың немесе клиенттердің атынан Қырғызстанға «Бүркіттің» түрлі есепшоттарына аударады. Олар болса, полицейлердің қолдарына түскен кезде «Ешқандай қылмыстық топқа қатысым жоқ», деп «героинді өз мұқтаждығыма пайландым» деп шығып, небәрі 3-5 жылға ғана бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Кейін жедел қызметкерлер кейбір зат тасымалдаушылардың және кіші диллерлердің телефон нөмірлерін анықтай алды. Алайда, спецификалық келіссөздерді қылмыстық іске тіркей алмайсың. Мәселен, героинді олар «өрік» деп атайды екен. Ол мына диалогтардан да көрінеді. (Есірткі бизнесімен күресушілер осы секілді жүздеген қоңырауларды жазып алған). Серік есімді тасымалдаушы Марат деген көтерме саудагерге хабарлайды: «Өріктерді көтерме бағамен берме, 5-6 жидегін түсіріп, ақшаны өткен жексенбі күні сенің үйіңде қонақта болған адамнан жібер».
Тағы бір мысалда Андрей есімді диллер дала сатушысы Сергейге хабарласып, өзінің уәждерін айтқан: «Қырғыз өріктері өте дәмді, барлығына ұнайды. Бірақ сен ендігі кезде оларды басқа жеміс-жидектермен араластырма, клиенттерден айырылып қаламыз. Маған Петропавлдағы досым хабарласып, ондағы халықтың тауар сапасына жақсы баға беріп жатқанын айтты. Мұндай клиенттерді жоғалтпауымыз керек».
Әрине, мұндай келіссөздерді жедел материалдарға қыстыра алмайсың. Бірде-бір прокурор, бірде-бір судья тұтқынға алуға келіспейді, себебі, әңгімеде расымен Қазақстанға көршілес Қырғыз Республикасынан жүк көліктерімен тасымалданатын жеміс-жидектер туралы айтылғандай болып көрінеді. Тек бір ғана Құсетов әңгіменің ашықтығын білетін.
Алайда, генерал «қамқорлықтағылардың» жолы болмай қалар сәттерін күтті. Сонымен, 3 айдан кейін ізшілерде бір ілгек пайда болды. Тергеушілердің жоспарына сай Ішкі істер министрлігі ақпараттың дәлдігін зерттеген жоқ, тек халықаралық қылмыстық топтың қылмыстық тізбегін анықтау үшін жедел жолмен алынған ақпарат көмектесті. Күштік құрылымдардағы дереккөзінің ақпаратына сәйкес, саудагерлер Қазақстанның түкпір-түкпірінде бір күнге пәтер жалдап, сонда тауарларын сақтайтын. Бір сатушы қылмыс үстінде құрықталды және ол тергеушілермен жұмыс жасасуға келісім берді. Ал Қазақстан заңына сәйкес, ірі және аса ірі көлемде есірткіні саудалаумен айналысқаны үшін 20 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Генерал С.Құсетовтің айтуынша, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов оның алдына бірнеше ірі мақсат қойған. «Нақтырақ айтқанда, есірткі саудасының тізбегін, белсенді қатысушыларды, Қазақстанда және көршілес елдерде героинді тасымалдау жолдары және тарату әдістерін аңықтау керек болатын. Сонымен қатар, есірткіні саудалаудан түскен қаражатты заңдастыру сызбасын табу маңызды еді. Жүздеген миллиондардың қырғыз банктерінің шоттарына жіберілгені анықталғанда, алғашқы проблемаларға тап болдық. Біздің полицейлер өзге елдің территориясында жұмыс істей алмайды және ақпараттың таралуын алдын алу мақсатында мұндай аса құнды ақпаратты әріптестеріне айта алмайтын еді», – дейді ол.
Сонымен қатар, Құсетов соңғы екі жылда қазақстандықтар «Бүркіттің» есепшотына 500 млн. теңгеден астам қаражат аударғанын айтты. Осы жылдың сәуір айында есірткіге қарсы күрес департаментінің мамандары Қазақстанның бірнеше облысына барып, сора өсірушілердің ізін кесуді бастаған. Нәтижесінде, трансұлттық ҰҚТ (ұйымдасқан қылмыстық топ) мүшелері тұтқындалды. Олардан бағасы 100 млн. теңгеден жоғары бағаланатын таза ауғандық героин тауары тәркіленді. Бірақ, мұнымен «Картель» операциясы біткен жоқ...
Тексеру жұмыстары әлі де жалғасуда. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері Қырғызстан мен Қазақстан тұрғындары арасынан синдикаттың 11 мүшесін анықтады. Қазір із кесушілер осы ҰҚТ мүшелерінің героинді өндіретін көздерін анықтау үшін барлық дәйектерді жинақтауда. Сонымен қатар, Қазақстан мен Қырғызстанда қылмыстық қаржылар арқылы алынған жылжымайтын мүліктерді анықтап, ақшалай қаржыларды заңдастыру үшін құрылған бір күндік фирмаларды табу керек.
Генерал-майор Сұлтан Құсетов: «ҰҚТ-ның ішінде Қырғызстанның тұрғындары болғандықтан, толық ауқымда операция жүргізу үшін осы мемлекеттің есірткі бақылау ұйым басшылығымен байланысқа шықтық. Бірлескен жұмыстың арқасында героинді тарату мен тасымалдаудың көп сатылы басқышты сызбасын жойдық. Қылмыстық иерархияның төменгі сатысында тұрған диллерлермен ұсақ өндірушілерді құрықтағанымыз жасырын емес. Өкінішке қарай, бұл шаралар қылмыстық тізбектің барлық басшылары, яғни Ауғанстаннан Қазақстанға дейінгі, одан арғы есірткі тасымалдау көздерін ұйымдастырушыларды жою мүмкін болмады. Бұл нақты оқиға кезінде қылмыстық топ өкілдері мен өндірушілердің жолына тосқауыл қойды. Сөйтіп, 10 мен 100 грамм аралығына дейін ұсақ есірткі тасымалдайтындардан бастап, орта қолды диллерлерге (100 грамнан 1 килоға) дейін героин партияларын тасымалдаушы, яғни ондаған миллион теңгені айналдырып отырған ірі қылмыскерлер ұсталды. Ең бастысы, ҰҚТ-ның трансұлттық көшбасшысы және ұйымдастырушысы қолға түсті» – дейді.
Басты күресушінің айтуынша, Қазақстан – есірткі синдикаты ретінде Ресей мен Еуропа арасындағы басты транзитті ел. Бірақ есірткінің бір бөлігі бізде қалады. Таяуда Шу алқабында 140 мың гектар жерге жабайы сора өсірушілер анықталып, оларды құрықтау мақсатында «Дельта-долина» арнайы жасағы құрылды.
«Өз кезегінде ішкі істер департаменті өткен жылы есірткі мафиясының тағы бір бөлігін тапты. Атышулы үнді есірткісі Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында арнайы өсіріле бастаған. Жалпы, нашақорлар арасында «индюханы» табиғи емес жолмен жылыжайларда арнайы ерекше әдіспен өсіру қолға алынған. Себебі, Шуда өсірілетін жабайы шөптің құрамындағы цетро-гидро коннобиноль (белсенді есірткі заты) небәрі 0,8 пайыз болса, «индюхада» 35-40 пайыз екен. Біз осындай есірткі шөбінің 37 алқабын жойдық», – дейді полицейлер.
Сұлтан Құсетов 2015 жылы 96 тоннадан астам есірткі өсімдігі тәркіленгенін жеткізді. Оның айтуынша, осы жылы кіші ауылшаруашылық ұйымы және жергілікті әкімдік біріге отырып, есірткі өсіруге жарамды жерлерді анықтау үшін топографиялық сызбалар жасапты.
Енді тағы бір мәселе – синтетикалық есірткілер. Олар әдетте жастар көңіл көтеретін түрлі клубтарды жаулап алған. Бұл қоспалар Қытайдың жасырын цехтарында әртүрлі шылым ретінде қорықпай өндіріледі. «Қорықпай» дейтініміз, мұндай синтетикалық есірткі өндіру заңмен қудаланбайды.
«Біз мұндай синтетикалық есірткінің 27 түріне заң жүзінде тыйым салдық, бірақ Қытай «химиктерінің» әккілігі сонша, құрамындағы формуланы өзгертіп жібереді. Біз оларды тәркілейміз, бірақ сарапшылар Қазақстанда тыйым салынған есірткі ме, соны анықтай алмайды. Сондықтан, біз ұсталған қылмыскерлерді әзір жазаға тарта алмаудамыз. Жақын арада дамыған мемлекеттердегі әріптестерімізбен кездестім. Олар біз үшін заңға енгізетін бірнеше ұсыныс айтты. Әзірге барлық жайттарды айта алмаймын. Себебі, есірткі барондары да газет оқиды. Тек айтарым, синтетикалық жолмен өндірілетін есірткілер формуласына тосқауыл қою үшін заңға өзгерістер енгізіледі. Мысалы, қылмыскердің есірткі өндіруде қолданатын сутегінің негізгі қоспаларына байланысты заң жолымен тыйым салынса, онда жаңа формуламен қулық жасау мүмкін болмас еді», – дейді Сұлтан Құсетов.
Осыған орай «синтетиктердің» құрамын анықтау үшін тек қана сарапшы-химиктер емес, наркологтар да қатысулары қажет, олар қоспаның адам ағзасына әсерін анықтауы тиіс.
Мамандардың айтуынша, 2015 жылы 3269 есірткі қылмысы анықталып, 2123 есірткі өндіру көзі жойылған. Заңсыз айналымнан 90 тонна есірткі тәркіленсе, 140 кило героин алынып, 6 есірткі тобы ұсталған. 126 контрабанда фактісі анықталып, ТМД әріптестерімен біріге отырып, 24 операция жүргізілген. Қазақстанда 30 504 есірткіге тәуелді адам есепте тұр. Олардың 203-і кәмелет жасына толмағандар. Бұлар – ресми ақпараттар. Ресми емесі, әрине, әлденеше есе артық болуы ықтимал.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»