Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті онлайн режімдегі бейне-селекторлық отырысы өтіп, сыбайлас жемқорлық мәселесі қаралды.
Оның жұмысына Астана және Алматы қалалары мен облыс әкімдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссияның мүшелері, білім департаментінің басшылары мен жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Отырыста Ұлттық қор қаржысын тиімді пайдалану мен ашықтығын қамтамасыз ету, білім жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жөніндегі мәселелер, сондай-ақ, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық деңгейінің рейтингін өткізудің мақсатқа сәйкестігі жайы талқыланды.
Мемлекеттік хатшы өзінің сөзінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның қабылдануына байланысты Президент Жарлығымен комиссияның атауы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия деп өзгертілгендігін қаперге сала кетті. Комиссия құрамынан басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қайырбек Сүлейменов шығарылғандығын айта кеткен жөн.
Г.Әбдіқалықова келесі кезекте бес институттық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында білім саласына ерекше назар аударылғанын тілге тиек етті. Белгілі болғандай, бес жыл ішінде білім саласына бөлінген қаржы 2011 жылғы 1 триллион теңгеден 2015 жылы 1 триллион 368 миллиард теңгеге дейін өскен. Әйтсе де бұл саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған іс-шаралар жеткіліксіз әрі білім жүйесіндегі жемқорлықты төмендете алмайтындығын көрсетіп отыр екен. Тарқатып айтқанда, 2014-2015 жылдардың және 2016 жылдың бірінші тоқсанының қаржысын тексеру нәтижесінде 116 миллиард теңгені құраған заң бұзушылық фактілері анықталған. Бюджеттік және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларды бұзғаны үшін 1040 лауазымдық тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылыпты. 386 білім жүйесінің қызметкері жемқорлық қылмыстары үшін сотталған көрінеді.
Аталған проблемаға қатысты атап көрсететін бір жайт – қоғамда сыбайлас жемқорлық қылмыстарына деген төзбеушілік көзқарас артып келеді екен. Дегенмен, әлеуметтік зерттеулер жоғары білім беретін мекемелерде білім беру қызметін көрсеткені үшін сыбайлас жемқорлық фактілерінің көптеп орын алатындығын көрсетіпті. Балаларды мектепке дейінгі мекемелерге орналастыру мәселесі де өткір күйінде қалып келеді. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу әзірге тек 50,8 пайызды құрап отыр екен.
Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаржылай қолдау көрсету бойынша теңдесі жоқ шаралар қабылданғанын жеткізді. Мұндай қаржылық қолдау, әсіресе, әлемдік экономикалық күрделі жағдайда банктік, индустриялық, құрылыс және басқа да экономикалық секторларға дағдарысқа қарсы іс-шараларды қолға алумен ұштасып жатыр. Мысалы, Ұлттық қордан экономикалық және әлеуметтік негізгі бағдарламаларды іске асыруға мемлекет айтарлықтай қаражат бөлгендігі мәлім. Енді осы қаржыларды пайдалануда тиімділік пен ашықтықты қамтамасыз ету мәселесі талап етілетін болады.
Өкінішке қарай, Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жекелеген жобалардың іске асырылуы барысында елеулі бұзушылықтар табылып жатқанына назар аударылды. Бұл өз кезегінде еліміз экономикасының дамуына және адал бәсекелестікке түсуге айтарлықтай кедергілер келтіретіні анық.
Тағы бір ерекше атай кететіні, 2015 жылдан бастап құқық қорғау органдары Ұлттық қордың қаржысын мақсатсыз пайдалану және ұрлау фактілері бойынша мемлекетке 21,8 миллиард теңге сомасында залал келтірген 53 қылмыстық істі тіркеген. Осы орайда, Мемлекет басшысы уәкілетті мемлекеттік органдарға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қоғамдық бақылауды күшейтуді көздейтін шешімдер қабылдауда ашықтықты қамтамасыз ету тапсырылғандығын қаперге сала кеткен жөн.
Сондай-ақ, отырыс барысында Бас прокурор Ж.Асанов, Ұлттық банк Төрағасы Д.Ақышев, Қаржы министрі Б.Сұлтанов, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Мемлекеттік қызмет істері министрі Т.Донақов баяндама жасап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Комиссия шешімімен уәкілетті органдарға барлық орын алған заң бұзушылық фактілерін анықтауды және алдағы уақытта осындай жөнсіздіктер қайталанбауы үшін алдын алу шараларын әзірлеу тапсырылды. Қорытындысында комиссия мемлекеттік органдарға нақты ұсынымдар мен тапсырмалар берді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»