16 Маусым, 2016

Автоэкспедиция Алтайға аттанды

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
алтайЛ.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен Алтайдың мәдени-тарихи мұраларымен кеңінен танысып, ЭКСПО-2017 және елімізде автомобиль туризмін дамытуға үлес қосуды мақсат еткен «Алтай мұрасы» атты халықаралық автоэкспедиция жолға шықты. Бұл шара Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы және Еуразия ұлттық уни­верситетінің 20 жылдығы аясында ұйымдас­тырылып отыр. Осыған орай ЕҰУ-дің бас ғимараты алдында автошеру­шілерді шығарып салу құрметіне арналған салтанатты жиын болып өтті. Университет ректоры Ерлан Сыдықов авто­экспедицияның мақсат-мұратын жеткізді. Сондай-ақ, академиктер Рахметқажы Берсімбай мен Болат Көмеков Алтай жерінің тарихи ерекшеліктеріне тоқталып, автоэкспедицияға ақ жол тілеп, шараға қолдау көр­сет­кен «Цеснабанк» АҚ пен «Қазмұнайгаз» ҰК және ақпа­рат­тық демеушілер National Geographic Казахстан, «Қазақстан» ТРК, «Каз­контент» АҚ-қа алғыс білдірді. Астанадан Алтайға аттанған автоэкспедиция 25 адамнан тұра­ды. Олардың ішінде ректор Ерлан Сыдықов бастаған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғалым­дары, этнографтар, тарихшылар, жазушылар, өнер және қоғам қайраткерлері, дәрігерлер, студенттер, шығармашыл жандар мен БАҚ өкілдері және экспедиция демеушілері бар. Экспедицияға қатысушылар 12 күнде 4500 шақырым жол жүріп, еліміздің Ақмола, Қара­ғанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы бір­неше тарихи-мәдени орындарынан бөлек, әлемді таңдандырған Алтайдағы Қосағаш, Артыбаш, Бийскідегі мәдени-тарихи орындарда болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспедиция барысында автошерушілер туына қала өкілдері мен Алтай елі тұрғындарының қолтаңбасы жиналады. Тағы бір игі шара – «Алтай мұрасы» автоэкспедициясы шеңберінде 2011 жылы университет ғалымдары археологиялық қазба жұмыстары кезінде тапқан «Көктүріктер» жәдігерінің көшір­месі де сыйға тартылмақ. Ең бас­тысы, ЕҰУ ғалымдары арнайы лекциялар оқып, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков рәміз көшірмесін Алтай қазақтарына өз қолтаңбасымен қалдырады.  «Егемен-ақпарат»