Мемлекет те жеке адам тәрізді алдына мақсат қойып, соған ұмтылып, жетер межесін айқындап, сол бағытта халқын жұмылдыра алмаса алар биігі пәс болып қалуы әбден мүмкін. Бұл орайда, біздің еліміз алға қойған міндеттерінің айқындығымен ерекшеленді десек, қате айтпаймыз. 100 нақты қадам. Ол – тәуелсіз Қазақстанның тынысын кеңейтіп, халқының өмір сүру деңгейін жақсартып, елімізді алдыңғы қатардағы жоталы мемлекеттердің қатарына қосар кеуделі мақсат болуда. Өмірдің сан-саласын қамтыған осы құжатта медицина саласына да аз мән берілмеген. Біздің Астана қаласы әкімдігінің «№ 4 қалалық емхана» мекемесінің ұжымы үшін де 100 қадамдағы көрсетілген міндеттер бетке ұстайтын меже.
Біздің емхана базасында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға орталықтандырылған дәрігерлік-әлеуметтік қызмет көрсетіледі. 2016 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны – 171. Емханамызда ардагерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларға қызмет көрсететін бөлімше ашылып, онда үш білікті терапевт дәрігерлер, алты мейірбике аталған тұлғаларға алғашқы медико-санитарлық көмекпен бірге пациент үйіне барып та қызмет көрсетеді. Оған қоса, консультативтік-диагностикалық көмекті 20-дан артық арнайы мамандар қамтиды. Атап айтсақ, кардиолог, невропатолог, офтальмолог, отоларинголог, сурдолог, хирург, онколог, маммолог, травматолог, эндокринолог, гематолог, ревматолог, уролог, гинеколог және тағы басқалар. Білікті маман дәрігерлерге бұл ретте медициналық құрал-жабдықтар: алып жүруге ыңғайлы ЭКГ, УДЗ аппараттары, небулайзер, оттегі концентраторы, арбалар, анализаторлар, экспресс-диагностикалар және санитарлық автокөліктің болуы көп пайдасын тигізуде. Күндізгі стационарда 2 төсек-орындық палата бөлінді. Онда жоғары білікті мамандар: кардиолог, терапевт, медицина ғылымдарының кандидаты да жұмыс істейді. Ардагерлерімізге арналған ЕДШ және ФТЛ медициналық оңалту кабинеттері де бар. ЕДШ кабинетіндегі тренажер, механоаппараттар, гимнастикаға арналған жабдықтарда бір игілік бар. Жеке және топпен жұмыс жасауға арналған эрготерапия кабинеті, гимнастикалық зал да қарастырылған.
Біздің емхана базасында қала бойынша қызмет көрсететін Гепатология орталығы да орналасқан. Емханада әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімшесі жұмыс істейді. Әлеуметтік қызметкер ардагерлерге медико-әлеуметтік, құқықтық мәселелер бойынша кеңестер береді. Психолог болса, өмірде қиын жағдайға кезіккен ардагерлерге психологиялық көмек (тренинг, әңгімелесу арқылы) көрсетеді. Емханамызда зейнеткерлерге арналған жеке тіркеу орны да бар. Ардагерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар арасындағы жалғызілікті және қатты науқастанғандарға белсенді түрде үйлеріне патронаж жасалады. «Денсаулық мектептерінде» жеке және топтық жұмыстар жасалады. Зейнеткерлерден құралған «Алтын жылдар» клубы жұмыс істейді. Еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы тізім бекітіп, пациенттерге ыңғайлы болуы үшін ТМККК аясында дәрі-дәрмектерді алу бойынша емханада дәріханалар ашылған. Бекітілген кестеге сәйкес 2016 жылдың ақпанынан бастап, ардагерлерді кешенді қарап-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 125 ардагер кешенді тексеруден өткен. Терапевтің және профильді мамандардың тағайындауы бойынша дәрі-дәрмектер жазылып беріледі.
Емханамыздың профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімшесі қаладағы бірінші құрылған бөлімшелердің бірі. Негізгі қызметі – Қазақстан Республикасының «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру болып табылады. Саламатты өмір салтын насихаттау, жағымсыз әдеттердің алдын алу, тұрғындардың денсаулығына деген көзқарасын өзгерту, аурулардың алдын алудың мүмкіндіктері туралы айтылу – аталған бағдарламаның негізі. Және ол 100 қадамда көрсетілген ұлттың денсаулығын сақтауда бастапқы көмек пен аурудың алдын алу және ерте бастан күресу сынды міндеттермен үндесіп жатыр.
Жұқпалы емес (артериялдық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома, онкологиялық аурулар) ауруларды ерте анықтау, алдын алу және сақтандыру іс-шараларын ұйымдастыру және өз уақытында өткізу, қауіп-қатер факторы бар тұлғаларды жиі қадағалап отыру, денсаулық мектептерінің жұмыстарын ұйымдастыру, ұйымымызға тіркелген тұрғындарға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру және өткізу, АИТВ/ВИЧ жұқтырғандарды ерте анықтау және оларды психологиялық-әлеуметтік тұрғыдан қолдау, халықты ақпараттандыру: әңгімелесу мен лекциялар өткізу, ақпараттық көрнекіліктер жасау, буклет, жадынамалар тарату – басты міндеттер болып табылады.
100 қадамдағы аурудың алдын алу, ұлт саулығын жөндеуде емханамыздағы Профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімшесі тұрғындарға АМСК аясында алдын алу қызметтерін және әлеуметтік-психологиялық көмекті амбулаторлық түрде үйде де көрсетіп, алдын алу мен сақтандыруды және скрининг бағдарламаларын жүзеге асырумен келеді. Емханада 11 денсаулық мектебі жұмыс істейді. Сонымен қатар, тұрғындарға психологиялық көмек пен арнайы әлеуметтік қызметтер де көрсетіліп, созылмалы аурумен науқастанған сырқаттарға үнемі патронаж жасалады.
Дәрігерге дейінгі кабинет қызметі: скрининг жасындағы қауіп-қатер факторы (қан айналымы жүйесінің аурулары, қант диабеті, онкологиялық аурулар, глаукома, дененің артық салмағы, гиподинамия, гиперлипидемия, гипергликемия) бар тұлғалар мен науқастарды ерте анықтау мақсатында медициналық және алдын алу шараларын ұйымдастыру мен өткізуге бағытталған. 2015 жылы БСК бойынша 4800 адамның денсаулығы тексерілді.
Саламатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттау барысында тұрғындарға денсаулық мектептерінде Кетле индексі бойынша анықтау жұмыстары мен физикалық белсенділікті арттыру және темекі шегу мен алкогольдің алдын алу, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялы ауруы, бронхиалды демікпе бойынша да сабақтар өткізіліп тұрады.
Орталықтандырылған зертхана, Астана қаласының № 4 қалалық емхана базасында 2011 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Жыл сайын тұрғындар үшін 500-ден 600 мыңға дейін биохимиялық талдаулар және 250 мың имуннохимиялық талдаулар жасалады. Зертханалық қызметтер клиника-диагностикалық көмек көрсететін мердігерлік келісімшарт негізінде жүзеге асырылады.
Серік ШАЙМЕРДЕНОВ,
«№ 4 қалалық емхана» ШЖҚ МКК бас дәрігері
Астана