Биылғы жыл Қазақмыс үшін қалай болады, Қазақстандағы ең ірі компаниялардың қатарына кіретін алып кәсіпорынның дамуы мен өркендеуіне экономикалық дағдарыс әсер ете ме, бұған және басқа да көкейкесті мәселелерге байланысты қандай шаралар қабылданып жатқандығының жай-жапсарын білу мақсатында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Бақтияр ҚЫРЫҚПЫШЕВПЕН жолығып, әңгімелесудің реті түсті.
– Бақтияр Әбдірахманұлы, осы жақында ғана сіз «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бас директорының қызметін атқарып жүрген едіңіз, енді міне, басқарма төрағасы болып тағайындалдыңыз, бірақ бұрынғыдай, сіз, әрине корпорация құрамындағы кәсіпорындардың өндірістік үрдістерінің толық сақталып, қалыпты жұмыс істеуін жіті қадағалап отыратыныңыз да анық. Компания өткен 2015 жылды және биылғы жылдың бірінші тоқсанын қандай нәтижелермен аяқтады, осы туралы кеңірек баяндап берсеңіз?
– Былтыр компания өз меншігіндегі кеніштерден катодты эквиваленттегі 220 мың тоннадан астам мыс шығарды. Қазақмыс – әлемдегі ең ірі күміс өндіруші кәсіпорындардың бірі екендігі жалпақ жұртқа әбден мәлім. Мұнда өткен жылы 275 тонна тазартылған күміс өндірілді.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында біз катодты эквиваленттегі 55,5 мың тонна мыс балқытып, дайын өнімді тұтынушыларға жөнелттік. Бұл көрсеткіш өткен жылғы ұқсас кезеңнен 4,1 мың тоннаға артық. Алтын құймасы өндірісі бойынша өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда, көрсеткіш – 95%-ға артса, күміс өндіру 12% артығымен орындалды.
Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында біздің байыту фабрикалары 7,4 миллион тонна кен өңдеді. Биыл «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС катодты эквиваленттегі 224,4 мың тонна мыс өндіруді жоспарлап отыр.
Ең бастысы, бірінші тоқсанда біз кәсіпорындардағы еңбек және қауіпсіздік жағдайларын айтарлықтай жақсартуға қол жеткіздік. Бұл мәселелер бұрынғыдай, корпорацияда басымды сала болып қала береді. Осы арада мынаны атап өткім келеді, еңбек ұжымдары қиындықтарға мойымай өндірістік міндеттерін ойдағыдай орындап шықты. Компанияның барлық кәсіпорындары күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, бүгінгі таңда тұрақты әрі ырғақты жұмыс істеуде.
– Бүкіләлемдік экономикалық дағдарыс Қазақстанды да сырт айналып өткен жоқ. Жетекші әлемдік экономиканың өсу қарқынының бәсеңдеуі шикізатқа және металға деген сұранысқа әсерін тигізгені рас. Жекелей алғанда, мыс бағасы ұзақ уақыттан бері өте төмен деңгейде қалып отыр, мұндай жағдай көптеген әлемдік компанияларға өнім өндірудің барынша тиімді жолдарын іздестіруді талап етіп отыр. Сондай-ақ, еңбек ұжымдарын едәуір қысқартуға да әкеліп соғуда. Міне, осындай жағдай барысында Қазақмыс өзіндік құн мәселесін қалай шешпек?
– 2015 жылы мыс бағасы мейлінше құлдырап ең төменгі деңгейге дейін жетті және де биыл жағдайды түбегейлі өзгертудің реті келмейтін түрі бар. Сондықтан да біз кірісі мол кәсіпорын болып қала беруге бірқатар шаралар қабылдадық. Өндіріс үрдістерін оңтайландыру бойынша бірнеше бағдарламаларды белсенді түрде жүргіземіз, шығыстардың барлық баптарын қайтадан қарастырып, жабдықтарды ең озық әрі тиімділеріне айырбастауды ұйғардық.
Біз таяудағы уақытта кен орындарында мыстың ең төменгі құнына байланысты, өңдеу жүйесін де соған сәйкестендіріп өзгертуді жоспарға енгіздік. Қазіргі кезде кен орындарын игерудің камералық-бағаналық жүйесін пайдаланудамыз. Ол кеніштердегі кен қорының түгелдей дерлігін алуға толық мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бұл жүйенің арқасында жоғары өзіндік құн мәселесін де шешуге болады. Осылайша барынша тиімді модель – камерааралық тұтас кесектерді өңдеу үрдісіне ауысатын боламыз. Өйткені, осы тәсіл арқылы құрамында металдың бай қоспасы бар кенді айыруға қол жеткіземіз. Нәтижесінде біз тиімді тәсілмен жоғары сапалы катодты мыс алуға жол ашамыз. Бұдан басқа Елбасының және Үкіметтің қолдауымен, қабылданған кестеге сәйкес кен қоры таусылмаған кеніштер аумағынан жұмысшы кенттерінің тұрғындарын басқа мекендерге көшіріп жатырмыз. Өйткені, мұндай қадам Жезқазған өңіріндегі кен қорын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Себебі, халық тұратын жерлерде жоғарыда айтып өткенімдей, кен қорының әлі де пайдаланылмай тұрған бөліктері баршылық.
Осы орайда, мынаны айрықша атап айтқым келеді, бұдан бұрынғы дағдарысты кезеңдерде де біз еңбек ұжымдарының мүшелерін жаппай қысқартқан жоқпыз, қазіргі жағдайда да қысқартпаймыз. Қысқарту мәселесі күн тәртібінде мүлдем тұрған жоқ. Иә, жасырып-жабудың қажеті шамалы, біз операциялық шығыстарды қысқарту бойынша белгілі бір шараларды қабылдаймыз. Ол негізінен әкімшілік персоналға қатысты болмақ. Дағдарыс жағдайында мұндай қадам жасаудың сыры мынада – далиған басқарушылық штат ешбір пайда әкелмейтіндігі айдан анық. Ал кеншілердің, байытушылардың және металлургтердің мәселесіне келетін болсақ, олардың бірде-біреуінің, яғни еңбек ұжымдарының қысқартылмайтындығына кепілдік береміз. Өйткені, корпорацияда ұзақ жылдар бойы ұрпақтар сабақтастығы мен дәстүрі берік қалыптасқан. Бұл жоғары өндірістік көрсеткіштерге жету үшін маңызды әрі мықты іргетас болып саналады. Аталған бағыт бойынша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де арттырып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңдіріс саласы еңбеккерлерінің алдына қойған тапсырмаларына сәйкес, алдағы кездерде жұмыс ырғағын бәсеңдетпей, өндірістің өркендеуіне бар күш-жігерімізді саламыз.
– Таяудағы жылдар ішінде компанияның инвестициялық саясаты қандай деңгейге көтерілмек?
– Төрткүл дүниеге белгілі экономикалық қиындықтарға қарамастан, оны еңсеру үшін біздің қарқынды даму жөнінде түзілген жоспарымыз бар. Алдағы кезде кеніштер мен өндірістік қуаттылықтарды жаңғырту бойынша белсенді жұмыс істеуді жалғастыра береміз.
Біздің жоспарымызға Жезқазған алаңындағы Жыланды деп аталатын жаңа кеніштің жұмысын іске қосу міндеті де кіреді. Ол биыл өндірісін бастап, 2021 жылы толық қуатына жетеді. Жезқазғанға таяу жерде Жаман-Айбат 2 кен орны орналасқан. Аталған кен орны үстіміздегі жылы іске қосылады. Қарағанды алаңындағы Нұрқазған кен байыту комбинатында өндіріс көлемін жылына 3,3 миллион тоннаға жеткізіп, ал 2017 жылы 4 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.
Бұдан басқа корпорацияда геологиялық барлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Геологиялық-барлау жұмыстары жобаларының үстіңгі қабатын анықтау кезінде «Atlas Copco CS -3001» жоғары өнімді бұрғылау қондырғылары пайдаланылады. Олар 1200 метрге дейінгі тереңдікте ұңғымаларды бұрғылауға мүмкіндік береді. Жерасты кеніштерінде «Diamec 262» және «Sandvik DE 130» бұрғылау қондырғылары қолданылады. Бұл станоктарды пайдалану барлауына бағытталған, олардың әрқайсысының өнімділігі айына 700 қума метрге дейін жетеді. Компания заманауи жабдықтармен, озық құралдармен жан-жақты жарақтандырылған. Қарамағымыздағы қондырғылармен жыл сайын он миллион тоннаға жуық кен өндіруге қауқарлымыз. Бұған қоса геологиялық-барлау жұмыстарын стандартты жүргізуде инновациялық зерттеулерге сүйенеміз. Кенді томографиялық іздестіруді 800 метр тереңдікте зондтау жолымен атқарамыз. Аталған жұмысты осындай бейіндегі жетекші компаниялардың бірі жүргізді. Қазіргі кезде кен аймақтарын анықтау үшін микросейсмикалық зондтау жобасы қарастырылу үстінде.
– Корпорацияда ұзақ уақыттан бері техника қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды күшейту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Әсіресе, өндірістегі қауіпті әрі ауыр жұмыс үрдісін барынша жеңілдету мәселесі де күнделікті назарда тұрғаны қуантады. Дегенмен, аталған шаралардың түпкі нәтижесі тиімділігін бере ме?
– Сонау 2012 жылы біз кәсіпорындарда жарақат алуды төмендету бойынша 5 жылдық бағдарламаны бекіткен едік. Жыл сайын бұл мақсаттар үшін корпорация басшылығы қомақты инвестиция бөледі. Қаржы өндірісті жаңғыртуға, қауіпсіз жұмыс істеу жағдайын құруға, дербес қорғанышқа қажетті ең замануи құралдар сатып алуға, еңбекті қорғауға байланысты түрлі тәуекелдерді мейлінше төмендетуге жұмсалады.
Біздің негізгі мақсатымыз өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша көрсеткіштерді жақсарту болып отыр. Өндірісте өлім-жітім көрсеткішін мүлдем болдырмауға және жалпы жарақат алуды 40%-ға төмендетуге ұмтылып отырғанымыз тектен-тек емес. Сондай-ақ, «Баршаға арналған еңбек медицинасы» стратегиясы жасалып бекітілді. Ол кәсіптік аурулардың алдын алуға және емдеуге бағытталған. Қауіпсіз өндіріс – бұл, алдымен, қауіпті өндірістік нысандарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету.
Корпорацияда «Өмір» бағдарламасын жүзеге асыру жүргізілуде. Оған компанияның кәсіпорындарында өнеркәсіптік қауіпсіздікті және еңбек қорғауды басқару құрылымын жетілдіру, жұмыс орындарын стандарттау, артықшылықты корпоративтік стандарттарды енгізу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үрдісінде желілік және жұмысшы персоналды тарту, «қауіптіден» «қауіпсізге» өту сәтінде персоналдың мінез-құлқының өзгеруі тәрізді мәселелер де кіреді.
– Әлбетте, Қазақмыстың қазақстандық үлестің дамуында өзіндік орны бар екендігі талассыз. Қазір бұл аспектіде жұмыс барысының жағдайы қалай болып тұр?
– Қазақмыс импорт алмастыру бойынша кең ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыруда және қазақстандық үлесті дамыту жөнінде отандық өндірісте көшбасшылық орнын сақтап тұр. Отандық тауар өндірушілерден алынған тауарлардың, сатып алу мен қызметтердің үлесі 70 пайыздан астам құрайды. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Бізбен жұмыс істегісі келетін барша әріптестерімізге қойылатын басты өлшем – бұл өндірілетін тауарлар мен қызметтердің сапалы әрі бәсекелестікке қабілетті болуы жете ескеріледі. Қазіргі таңда біз 100 өңірлік отандық компаниямен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Онда 5 мыңға жуық адам еңбек етеді. Негізінен олар Жезқазған және Балқаш қалаларының тұрғындары. Сондықтан да олар Кәсіпкерлер және өндірісшілердің өңірлік қауымдастығының мүшелері. Қауымдастықтың негізгі қызметі отандық кәсіпорындардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға және халықтың жұмыспен қамтылуын ұлғайтуға бағытталған.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Даму» қорымен бірлесіп импорт алмастырудың ұзақ мерзімді және перспективалы жобасының шеңберінде бағдарламаны іске асырады. Қарағанды құю-машина жасау зауытының өндірісін техникалық қайта жарақтандыру жұмысымен де айналысып, оны мерзімінде аяқтап шығуға мүдделі.
2019 жылға қарай Қарағанды құю-машина жасау зауыты босалқы бөлшектерді, кен-металлургия өнеркәсібіне арналған жабдықты жасап шығарудың толық циклын ұйымдастыруды жолға қояды. Бұл зауытты 15 мың атаулы технологиялық материалдар өндірісін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
– Сіз басқарып отырған компания құрамындағы кәсіпорындар қала құрушы ретінде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға қаншалықты үлес қосып отыр.
– Жезқазған мен Балқаш қалаларының тыныс-тіршілігіне Қазақмыстың қосып отырған үлесі аса зор. Атап айтқанда корпорацияның кәсіпорындары қала құрушы болып табылады. Міне, сондықтан да осы өңірдегі адамдардың өмір сүруі көбінесе кәсіпорынның қалыпты жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Өйткені, тұрақты жұмыс істеудің нәтижесінде өмір сүру көрсеткіші де арта түсетіні белгілі. Осыған орай біздің әлеуметтік жобалар бірінші кезекте аталған өңірлерде жүзеге асырылады. Мәселен – ата-анасыз қалған балаларға, тұрмысы төмен және асыраушысынан айырылған отбасыларына көмектесу біздің азаматтық парызымыз екендігін әрдайым естен шығармаймыз. Сонымен бірге, елді мекендерді абаттандыру бойынша жергілікті органдарға да жәрдемімізді аямаймыз. Компания өңір тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануын тұрақты назарда ұстайды. Тұрмыс көңілді болса, еңбек өнімді болатындығын қағидаға айналдырдық.
Қазақмыс Жезқазған шаһарында ағаш отырғызу жөніндегі ауқымды жобаны 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай іске қосқан еді. Тұңғыш құрылысшылар алаңындағы саябаққа қоса Кеңгір су қоймасының жағалауындағы Даңқ монументі аумағында тоғай пайда болды. «Жасыл желек» жобасы бірнеше кезеңнен тұрады. Ол 5 жылға есептелінген және Кеңгір су қоймасының бүкіл жағалауындағы 100 гектар аумақты көгалдандыруға бағытталып отыр.
Бірінші кезеңде аумақтағы үш гектарға жуық жерге екі жарым мыңдай көшет отырғызылды. Былтырғы қазан айында ағаш отырғызудың екінші кезеңі өтіп, тағы да 2 мың 600 көшет бой көтерді. Олар негізінен қарағаш, үйеңкі және терек тұқымдастар. Жасыл желектерді күтіп баптаумен түрлі себептермен жеңіл жұмысқа ауыстырылған Солтүстік-Жезқазған, Шығыс-Жезқазған және Оңтүстік-Жезқазған кеніштерінің жұмыскерлері белсене атсалысты. Алдағы уақытта олар бұл игі істерін одан әрі жалғастыра беруді ұйғарып отыр.
Биылғы көктем айында су қоймасының жағалауы қайта жарақтандырылып, жасыл желекке бөленді. Жезқазғанның нағыз көркіне айналды. Абаттандыру мен көріктендіру жұмыстары алдағы кезде де жүргізіле бермек. Өнеркәсіп орындары көп шоғырланған әрі табиғаты қатал өңірде мұндай жұмыстарды атқару әрине сауапты іс. Ағаш отырғызу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, өңірдің келбетін жақсарту бәрімізге бірдей ортақ міндет. Нәтижесінде бұл үдеден шығатынымызға мен сенімдімін.
– Табиғат қорғау тақырыбын біраз қозғадық, енді бұдан туындайтын келесі сұрақ мынадай: Кен-металлургия кешенінің кәсіпорындары үшін экология проблемалары қашанда өткір күйінде тұратыны белгілі. Мұндай мәселелер бірден шешілмейтіндігі де түсінікті. Бұған белгілі бір уақыт қажет. Қазір экологиялық проблемаларды шешу мәселесі қандай кезеңде тұр және Қазақмыстың қатысуындағы өңірлерде экологиялық жағдайдың жақсаруы үшін сіздің компания қандай жолды таңдады?
– Аталған мәселе компаниядағы өзекті бағыттардың бірі. Қазақмыстың қатысуындағы өңірлерде экологияны жақсартуға әркез ерекше назар аударылатын және де аударылып келген. Кәсіпорындар сыртқа шығарылатын газды тазартудың заманауи жабдықтарымен үнемі жарақтандырылады. Сүзгілер орнатылып, ауаны ластайтын шикізатты тазарту тәсілі кеңінен қолданылуда. «Жасыл экономикаға» кезең-кезеңмен өту жалғастырылуда. «Жасыл экономикаға» өтудің тұжырымдамасына алдымен мыналар кіреді – экологиялық заңнама талаптарын сақтау, қоршаған ортаға әсер етуді төмендету мен мейлінше азайту, қоршаған ортаға кәсіпорындар қызметінің әсер ету мониторингін жүргізу, жер қойнауын ұтымды пайдалану, табиғатты қорғау шараларын талдау және орындау. Міне, осылардың бәрі қоршаған ортаға келеңсіз әсер етуді төмендетуге бағытталған. Аталған іс-шараларды Қазақмыстың тиісті қызметтері белсенді түрде жүргізуде. Алдағы кезде де бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқару міндеті тұр. Біз оны толықтай орындап шығуды мақсат еттік. Туған жердің бірегей табиғатын сақтап, экологиялық жағдайды айтарлықтай жақсартуға бар күшімізді жұмсаймыз.
– Қазіргі кезде еліміздің көптеген кәсіпорындары білікті жұмысшы кадрларының жетіспеушілігі түйткіліне тап келіп отырғандығы жасырын емес. Жастар өкінішке қарай, жұмысшы мамандықтарын игеруге ынта танытпайды. Осындай жағдайда кеніштерде, зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істеу үшін мамандарды қайдан іздестіресіздер?
– Қазақстанда жұмыс істейтін барлық тау-кен компаниялары сияқты бізде кадрлар іздестіру түйткіліне тап келіп отырамыз. Біз кадрлық резервке ие болу үшін өз тарапымыздан білікті кадрларға деген сұранысты төмендетпеуге үнемі тырысамыз және де олардың біліктілігін арттыруға барлық мүмкіндікті жасаймыз. Бұл үшін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің арқауында екі оқу орны құрылған. Оның біреуі Балқаш өңірінде, онда біз металлургия бағыты бойынша мамандар дайындаймыз. Ал екіншісінде – Жезқазған алаңында кен өндіру және байыту саласына мамандар оқытып шығарамыз. Оқу үрдісі үш жыл мерзімге созылады. Осы уақыт ішінде студенттер шәкіртақы алып білімдерін тереңдетеді. Оқуды аяқтағаннан кейін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-да тұрақты жұмысқа орналасады. Атап айтарлығы, оқу корпорацияның есебінен толық төленеді.
Біз сонымен бірге, Қазақстанның және таяу шетелдердің оқу орындарымен жоғары білікті басқару кадрларын іздестіру және дайындау үшін берік ынтымақтастық байланысын орнаттық. Мәселен, Санкт-Петербургтегі Тау-кен және Мәскеудегі «МИСиС» ұлттық технологиялық зерттеу университетімен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Қызметкерлерімізді осы оқу орындарына білімдерін тереңдетуге жібереміз, сондай-ақ, түрлі компанияларға тәжірибе жинақтау үшін тағылымдама алуға аттандырамыз.
– Бақтияр Әбдірахманұлы, сізге компания басқармасы төрағасының жаңа лауазымы, әрине, қосымша жауапты міндеттер жүктейді. Жалпы, енді сізге Қазақмыс атынан еліміздің Үкіметімен және тұтастай алғанда, Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарымен белсенді ынтымақтастықта қызмет істеуге тура келеді. Мұндай өзара әрекет ету корпорацияға қарасты кәсіпорындардың ойдағыдай жұмыс атқаруына әсер ететін болар?
– Біріншіден, Елбасына және республика Үкіметіне Қазақстанда кен-металлургия өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударып отырғандары үшін корпорация атынан алғыс айтқым келеді. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы лауазымындағы қызметімді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қабылданған негізгі бағдарламалық құжаттарға сәйкес атқарамын. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» деп аталатын Жолдауын және «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспары күнделікті жұмысымызда бағдар болып қала береді. Бұл құжаттардың бәрі – Қазақстанның саяси және экономикалық дамуының айқын жоспары екендігі мәлім. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің еңбек ұжымдары оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін барлық күш-қайратын жұмсайтын болады.
Әңгімелескен
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»