Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Ондайда, әрине, қол қусырып қарап отырмайсыз. Ең алдымен, үйде үйреншікті ем-домыңызды жасайсыз. Құрт тістеп, құрым шай ішкен соң құрыс-тырысыңыз жазылып, құр аттай шауып кететін кездеріңіз де аз емес. Ал анау-мынау антибиотиктерге бой бермейтін бүгінгінің тұмау-сымауы немесе одан гөрі ауырлау аурулар алып ұрғалы тұрса қайтесіз? Амал жоқ, ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінуіңізге тура келеді. Аяғыңыз жетсе, ел қатарлы емханаға барасыз. Денеңізді дерт дендеп, сіркеңіз су көтермей сілеңіз қатса, телефонмен «103» нөмірін тересіз. Өкінішке қарай, бәрі сіз ойлағандай оңды бола бермейді. Әсіресе, қыста қызу көтерер жұқпалы вирустар қозған шақта шұғыл шақыртулар шамадан тыс көбейетіндіктен «Жедел жәрдем» діттеген уақытында жете алмай қалып жатады. Содан барып сала қызметіне байланысты саналуан сын-пікірлер айтылады. Бірақ, бұл келеңсіздіктің астарында қандай гәп барын былайғы жұрт білмейді.
Жуырда біз Астана қаласы жедел медициналық жәрдем стансасының тыныс-тіршілігімен танысу барысында мәселенің мәнісіне біраз қаныққандай болдық. Аталған мекеменің басшысы
Сапарбек Дүйсеновтің айтуынша, мұнда күрмеуі қиын күрделі проблемалар көп көрінеді. Солардың ішіндегі ең ірісі – кадр тапшылығы. Қазақстанның басқа аймақтарына үлгі көрсетуге тиіс елордамыздағы жедел жәрдем қызметі дәрігерлермен небәрі 52 пайызға ғана қамтылған. Қалған бөлігін фельдшерлік құрам толықтырып тұр. Бұл биыл қалыптасқан жағдай емес. Талай жылдардан бергі таусылмайтын жыр. Іргелі істің ілгері басуына кедергі келтіретін кемшіліктен қашан арыларымыз белгісіз.
Әңгіменің осы тұсына келгенде көкейіміздегі сауалды көмекейде ірке алмадық. «Оу, сонда республикамыздағы бәленбай медициналық жоғары оқу орындарының түлектері қайда жүр?». Сұхбаттасымыз қайтарған жауапқа қарағанда қазіргі таңда жедел жәрдем қызметі үшін арнайы мамандар даярланбайды екен. Университет дипломымен осында жұмысқа келген қыз-жігіттер қайта әзірліктен өтіп, қолдарына сертификат тигеннен кейін ғана қатарға қосылады. Оқуға байланысты барлық шығындарды мекеме өз мойнына алады.
– Біздің жұмыстың сипаты бөлектеу болғандықтан, содан туындайтын түйткілдер де жетерлік. Бірде күндіз, бірде түнде екі ауысыммен ертелі-кеш шапқылайтындықтан жастарымыз мазасыз шаруаның маңын басқылары келмейді. Сондықтан, таңертең сағат тоғызда келіп, кешкі алтыда үйлеріне қайтатын емханаларды көбірек төңіректейді. Оларды да түсінуге болады. Әрқайсысының отбасы бар. Демалыс, мереке күндері үйлерінде, ағайын-туғандары мен дос-жарандарының ортасында болғылары келеді. Рас, өзге әріптестерімізбен салыстырғанда жалақыны артықтау табамыз. Психологиялық, эмоциялық жүктемелердің молдығы, кесте бойынша кезекке шығудың өтемі ретінде қызметкерлерімізге қосымша ақы төленетіні белгілі. Бәрібір мамандар жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан, жоғары білімді дәрігерлер жетіспейтін олқыны тәжірибелі фельдшерлермен «жабуға» мәжбүрміз», – деп Сапарбек Серікұлы ойын одан әрі өрбітті.
Бас дәрігер халықты әбден әбігерге түсіріп, мезі қылатын «Жедел жәрдемнің» денсаулығы нашарлаған науқастарға дер кезінде жетіп үлгермеу себептерін де жасырмай жайып салды: «Биыл 15 қаңтарда қызметке кіріскеннен бастап «Межелі нүктеге неге мезгілінде келе алмаймыз?» деген сауал санамды сан саққа жүгіртті. Сыныққа сылтау іздеп ақталудан аулақпын. Көкейкесті мәселені зерттеп көрсек, автопарктегі көліктердің 53 пайызы тозған. 2010 жылы алынған автокөліктер тәулік бойы тынымсыз жүйткитіндіктен ескіріп біткен. Соның салдарынан олардың бұзылуы жиілейді. Арғы жағы түсінікті».
Тығырықтан шығудың жолын іздеудің арқасында қалалық әкімдіктің тікелей қолдауымен бірқатар игі істер атқарылыпты. Шаһар тұрғындары санының өсуіне байланысты кейінгі кездері «Жедел жәрдемнің» тағы бес бөлімшесі ашылыпты. Бұл ретте «Ильинка», «Лесозавод», «Көктал» секілді шеткері аймақтардағы тұрғындардың талап-тілегі ескеріліпті. Қызмет көрсетілетін аудандардың аумағына қарай дәрігерлік бригадалар жасақталыпты. Тиімді өзгерістердің нәтижесі бірден көрініпті. Сөйтіп, 1-3 дәрежелі шақыртуларға ұзағанда 10 минутта жету жөніндегі Астана әкімінің тапсырмасын ойдағыдай орындауға қол жеткізілген. Сондай-ақ, қалалық ішкі істер департаментімен келісімге қол қойылған. Ол бойынша жол полициясы қызметкерлері «жедел жәрдем» бригадаларының көшелердегі кептелістерге түспей, тоқтаусыз қозғалуын қамтамасыз етуге міндетті. Бірлескен әрекет үдерісін диспетчерлер үйлестіріп отырады.
Қала басшылығының қамқорлығымен Жедел медициналық жәрдем стансасына жақында 8 реаниамобиль беріліпті. Алдағы тамыз айында тағы 25 автокөлік бөлінбек. Мұндай қолдау осы уақытқа дейінгі олқылықтардың орнын толтыруға септігін тигізері анық.
Ұзын-ырғасы 1500-дей адам еңбек ететін ұжымда әлеуметтік мәселелер де дұрыс жолға қойылғанын білдік. Наурызда кілті тапсырылған 30 қызметтік пәтер иелері қоныс тойларын өткізген. Балабақшалардан бұларға 100 орын тиіпті. Жақсы дәстүр жалғасын таппақ.
Еңбекақы төлеудің өзіндік ерекшеліктері бар екен. Қалалық бюджеттен түсетін қаржыны орнымен пайдалана отырып, үнем есебінен үздік шыққан қызметкерлерге сыйақы берудің шарттары бекітілген. Соған сәйкес жүргізушілер 130-150 мың теңге аралығында, жоғары санатты дәрігерлер 280 мың теңге мөлшерінде жалақы алады.
Бас дәрігердің емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Раушан Молдабекованың бастауымен диспетчерлер бөліміне барғанымызда қазандай қайнаған қызу тірліктің үстінен түстік. Араның ұясындай гулеген аядай бөлмедегі қызметкер әйелдердің аузында да, қолдарында да тыным жоқ. Сырқатына дауа сұрап хабарласушылардың алдымен адресін жазып, сосын қалыптасқан қағидат бойынша оларға тиісті көмек көрсетіледі, жеңіл-желпі дімкәстарға дәрігерлік кеңес беріледі немесе өздерінің учаскелік емханаларына көріну жөнінде ұсыныс жасалады. Ауруы асқынғандарға дәрігерлік топ аттандырылады. Олар барған бойда науқастың диагнозына қарай дәрі-дәрмек тағайындап, екпе жасайды. Қажет деп тапса пациентті ауруханаға апарып жатқызады.
Айналаға аңтарыла қараған түрімізді көрген аға диспетчерлер Наталья Козырева мен Жанат Ілиясова қалжыңмен қағытып қояды. «Сіз, қайта «тыныш» кезімізге тап келдіңіз. Біраздан соң біреуді біреу біліп болмайтын қарбалас басталады. Оны көрсеңіз екі құлағыңызды басып безіп кететін сыңайыңыз бар ма, қалай?..».
– Кейде болар-болмасқа шақыратындар да кездеседі. Сол сәтте екінші бір жерде қиналып көмекке зәру басқа біреулер жатуы мүмкін екенін ескермейді. Ақырындап базына білдірсек, ашу шақырып, арыз-шағымдарын бората жөнеледі. Гуманистік мамандық өкілдері болғандықтан әлгілердің әдепсіздеу әрекетіне көнеміз. Кейбіреулері түсіністік танытып, айтқандарымызға құлақ асады, – дейді қос құрбы әңгімелерін әрі жалғап.
Мазасыз мамандықтың қыр-сырына қанығу мақсатымен №24 бригаданың автокөлігіне міндік. Бағытымыз Кенесары көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй кешені. Дәрігер Анар Дәуітбаева мен фельдшер Азамат Ешмұратовтың қолдарындағы мәлімет бойынша бір жігіт биіктен құлаған. Қайдан? Қашан? Қандай жағдайда жатыр? Әзірге белгісіз. Бәрін бара көреміз.
Сөздің шыны керек, іштей ептеп жүрексініп келемін. Көз алдымда үрейлі көріністер көлбеңдейді. «Қайдан желпілдей қалып едім. Әншейінде қанды көрсем зәрем ұшатын қайран басым, енді қайтер екенмін...». Осы ойымды оқығандай қасымдағы фототілші Орынбай Балмұрат «Сескенсең осында отыра бер, керек деректерді мен-ақ әкелем» дейді әзіл-шыны аралас.
Абырой болғанда, жарақаттанған азаматтың он екі мүшесі аман екен. Қолма-қол іске кіріскен Анар алғашқы пайымдарын алға тартты. Жұмыс бабымен шапқылап жүрген сантехник Шалқар Данияров баспалдақтан аяғы тайып, шалқалай құлаған. Соның салдарынан аздап миы шайқалған, құйымшағы шытынаған секілді. Азамат автокөлік ішінде ЭКГ жасағанда жүрегінің қалыпты соғатынын анықтады. Ішкі ағзаларына зақым келген-келмегендігі апарған ауруханада тексерілмек.
Орталық базаға оралып келе жатқан жолда Анар мен Азаматты әңгімеге тарттық. «Өздерің өрімдей жас екенсіңдер, үнемі ат үстіндесіңдер. Шапқылаудан шаршамайсыңдар ма? Қырғын төбелес, атыс-шабыстан ажал құшқандарды көресіздер, ауыр науқастан азаптанған адамдардың мүшкіл халіне куә боласыздар. Солардың бәрі жүйкелеріңе артық салмақ түсірмей ме?» дейміз ғой баяғы. Екеуі ақылдасып алғандай «Бұл біздің жұмысымыз. Бойымызды қорқыныш билеген сәттер де болмай қалған жоқ. Көре-көре көндігіп кеттік қой» деді бірауыздан.
Жедел жәрдем стансасына жақындай бергенімізде бригада мүшелеріне рация арқылы жаңа тапсырма берілді. Республика даңғылындағы №57 үйдің 43 жасар тұрғынының қан қысымы күрт көтеріліп кетіпті. Тездетіп жетпесе болмайды.
...Анадайда асығып «жедел жәрдем» автокөлігі зулап барады. Төбесіндегі қызыл шамы жарқ-жұрқ етеді. Дабылдың ащы үні айналаны азан-қазанға бөлеп, құлақ тұндырады. Демек, денсаулығы дем беруді қажетсінген бір жанға жәрдемге асыққандары ғой. Үміт дүниесін үзбей үлгерсе екен...
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА