16 Маусым, 2016

Индустрияландыру – мемлекеттің экономикалық саясатының өзегі

517 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
ИсекешевМемлекет басшысы әлемдік қаржы дағ­дарысының орын алуына байланысты елімізді индустрияландырудың (ҮИИДБ) екінші бесжылдығының бағдарламасына түзетулер енгізуді тапсырған болатын. Бұл жаңартылған құжат Үкіметте осы маусым айында қаралмақ. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, дағдарыс кезеңінде нақ осы индустрияландыру бағдарламасы экономиканы одан әрі дамытудың сенімді  тетігінің біріне айналып отыр. Нәтижесінде кәсіпкерлер мен инвесторлар жаңа жобаларды жүзеге асыру үстінде. Аталған мәселелерге байланысты Инвести­циялар және даму министрі Әсет ИСЕКЕШЕВПЕН әңгімелесіп, әлемдік дағдарыстың елімізді индустрияландыру ісіне тигізіп жатқан әсері, Президенттің инвесторлар тарту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы, технология­лық тұрғыдан даму бағытында қолға алынып жатқан шаралар туралы айтып беруін сұрадық. Әсет Өрентайұлы, әлем­дік дағдарыстың елімізді индуст­рия­ландыру бағдарламасын жүзеге асыруға әсерін тигізіп, оның өсімін баяулатқандығы рас па? Индус­трияландыру ісі өңірлер жағдайына қалай әсер етуде? – Әрине, дағдарыс кәсіпорындар жұмысына қиындықтарын келтіруде. Кәсіпкерлер банктердің несиелерді бұрынғыдай ықыласпен беру жағдайы азайғандығын айтып отыр. Өнімдерге деген сұраныс елдің ішінде де, сондай-ақ шетелдерде де, соның ішінде біздің негіз­гі сауда әріптестеріміз Ресей мен Қытай нарықтарында да төмендеп кетті. Дегенмен, соған қарамастан, елі­міз­дің жаңадан құрылған немесе жаң­ғыр­тылған көптеген кәсіпорындары бұрын­ғысынша тұрақты қалпында жұмыс істеп келеді. Оның үстіне, біз де бос­қа қарап отырғанымыз жоқ. Жаңа өн­ді­рістерді құру үстіндеміз. Осы ретт­е аталған бағыттағы жобалардың сапа­с­ы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақ­сара түскендігін айтқым келеді. Иә, қазіргі күні индустрияландыру бағдарламасының 2014-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдығының іс-шараларын жүзеге асыру үстіндеміз. Бұл кезеңде біз 500 жаңа өндірісті іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мұның 128-і өткен жылы пайдалануға берілді. Биылғы жылы 120 жоба іске қосылып, бұл бізге 14 мың жаңа және тұрақты жұмыс орындарын құру мүмкіндігін береді. Мұның сыртында жаңадан салынатын 100-ге тарта өндірістердің құрылыстары жүргізілуде. Олардың ішінде түпкілікті өнімдер шығаруға бағытталған ірі және орта деңгейлі жобалар аз емес. Биылғы бірінші жартыжылдықта теміржол доңғалақтарын және олар­дың біліктерін шығаратын өндіріс орны іске қосылмақ. Осы арқылы темір­жол машина жасау кластері құры­лып болмақ. Өйткені, осының ал­дын­да вагондар, локомотивтер, рельстер шығару ісі жолға қойылған еді. Мұның сыртында, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауыл шаруашылығы машиналары үшін әртүрлі босалқы бөлшектер мен тетіктер шығарыла бастайды. Түрлі пестицидтер мен глифосаттан бастап әртүрлі агрохимиялық өнімдер шығару Павлодар облысында қолға алынды. Кореялық инвесторлардың қаты­суы­мен «Инновациялық тех­но­логиялар паркі» арнаулы эконо­ми­­калық аймағында жоғарғы техноло­гиялық құралдар мен аспаптар өн­дірісі құрылса, сол парк орналасқан Алматыда ет және мал майы өндірісі іске қосылмақ. Бұлардың барлығының жүзеге асуы үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша біз жобаларды таңдап алу мәселесін жақсарту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру үстіндеміз. Бүгінгі күні еліміздің 12 облысында индус­трияландыру бағдарламасы аясын­да құрылған жаңа өндіріс орын­дары осы өңірлердегі өнеркәсіптік өнім­дер­дің төрттен бір бөлігін, яғни 25 пайыз­дан астамын өндіруде. Демек, индус­трияландыру бағдарламасы қазір­дің өзінде экономикамыздың сапалы тұр­ғыдан өсіміне оң әсер етіп отыр деп айта аламыз. Демек, индустрияландыру ісі өңір­лердің дамуына оң әсерін тигі­зіп отыр екен. Ендеше, осындай жоба­­лар­­ды нақты мысалмен айта кетсеңіз. – Барлық жаңа өндірістер өңірлерге оң әсер етіп отырғандығы анық. Өйт­кені, жаңа өндіріс дегеніміз – жаңа жұмыс орындары, мемлекет қазына­сына түсетін са­лықтар, жұмыс­шыларға төле­не­тін ең­бекақылар, оның үстіне жаңа отан­дық тауарлар мен қызметтер болып табылады ғой. Егер нақты мысалға келсек, Жам­был облысының Мыңарал ауылында «Мыңарал Тас компаниясы» ЖШС француздың Vicat Group ком­пания­сымен бірлесе отырып, жылына қазір­гі заманғы «құрғақ тәсілмен» 1,2 миллион тоннаның өнімін шығаратын цемент зауытын іске қосты. Осы кәсіп­орынның ашылуына байланысты ауыл­дағы 500 адам тұрақты жұмыс тапты. Ком­пания осы ауылдағы мектепті жөн­деп берді, оған 10 мил­лион теңге қар­жысын жұмсады. Сон­дай-ақ, ауыл­дағы аз қамтылған, көп балалы немесе жетім балалар отбасыларына көмегін көрсетіп отыр. Ақтөбеде Қазақстанда бірінші рет рельс зауыты іске қосылып, осының нәтижесінде 800-ден астам жұмыс орны құрылды. Зауытта рельстер мен фасондық прокат сапасын тексеретін зертхана жұмыс істейді. Оның қыз­мет­керлері Ресей мен Италияның зерт­теу орталықтарында оқытылуда. Зауыт өнімдері ішкі қажеттіліктер үшін, сондай-ақ, ТМД елдеріне экс­порт­тау үшін шығарылады. Тағы бір мысал. «Kaz Minerals» ком­паниялар тобы Павлодар облы­сында аса ірі жоба – Бозшакөл кен байыту комбинатын іске қосты. Ол 100 мың тонна тазартылған мыс шы­­ға­рады. Өнімдерді өткізу­де проб­лема жоқ. Барлық өнім шетел­дерге экс­порт­талады. Ең бастысы, Бозша­көл­дегі еңбек өнімділігі Қазақ­станда осы уа­қыт­қа дейін жұмыс істеп келген мыс өңдеу кәсіпорындарына қара­ған­да, 15 есе жоғары болмақ. Мұнда 1,5 мың жұмыс орны құрылды. Онда қазір Екібастұз қаласының маңайын­да орналасқан ауыл адамдары да жұмыс тауып отыр. Біз бұл кен-байыту ком­бинаты мен Шығыс Қазақ­стан облы­сындағы жаңа жоба нәтижесінде пайда болған Ақтоғай кен-байыту ком­­би­­натының еліміздің мыс индус­т­­рия­сының ту ұстаушылары бола­тын­дығына толық сенім артамыз. «Karazhal Operating» ЖШС амери­калық Halliburton трансұлттық ком­паниясының қатысуымен Қараған­ды облысында барит кендерін өңдейтін өндірістік кешен ашты. Бұл Қаражал секілді шағын қалада 100 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Маңғыстау облысында Қазазот зауыты жаңғыртылды. Аммиак қыш­қылын гранулдеудің жаңа техноло­гиясы енгізілді. Нәтижесінде, зауыт қуаттылығы 50 пайызға артты. Оның шығарған өнімдерінің төрттен бір бөлігі экспортқа жөнелтілуде. Мұнда 900 адам жұмысқа орналастырылды. Атыраудағы мұнай-химия клас­терінде өткен жылы елімізде бірінші рет дайын полимерлік өнімдер өндірісі іске қосылды. Оның барлық өнімдері ішкі рынокта пайдаланылады. Өндіріс орнының іске қосылуына байланысты Мақат ауданында 600 қосымша жұмыс орны құрылды. Егер айта берсек, осындай мысалдар өте көп. Әсет Өрентайұлы, өнеркәсіп үшін қажет болып табылатын көлік­тік, энергетикалық және басқа да инфрақұрылымдар мәселесін шешудің сәті түсті ме? – Әрине! Қуат тапшылығы, жыл­жы­ма­лы құрам тапшылығы мәселе­лері шешімін тапты. Автожолдар мен теміржолдары еліміздің әр өңірлерін бір-бірімен байланыстыруға кірісті. Тіпті, бұған таңданып қажеті жоқ. Өйт­кені, индустрияландыру жөніндегі мем­лекеттік бағдарлама бюджетіндегі қар­жы­ның 60 пайыздан астамы нақ осы іс­тер­ді жолға қоюға бағытталған болатын. Бизнесті (ШОБ, экспорттаушылар, инвес­торларды) қолдау үшін арнау­лы бағдарламалар әзірленіп, оны қаржы­ландыру Қазақстанның даму банкі, ҚазАгро, «Даму» қоры, кәсіпкерлер үшін жақсы таныс «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы жүргізілді. Көліктік, энергетикалық және өнер­­кәсіптік жобаларды есепке алсақ, алты жыл ішінде еліміздің нақты сек­торын­да 8700-ден астам шағын, орта және ірі компаниялар қолдауға ие болды. Мұның өзі 193 мың жаңа жұ­мыс орнын құруға мүмкіндік берді. Экономикамызда құрылған жаңа жұ­мыс орындарының төрттен бірі немесе 23,1 пайызы осы істің үлесіне тиді. Қорыта айтқанда, Қазақстанда жұмыспен қамтудың сапасын күшейт­кен және еліміздің көптеген өңірлерінің экономикасының орнықтылығын қам­тамасыз еткен жаңа индустриялық база пайда болды. Өңдеу саласының 26 жаңа елеулі маңызды секторы құрылды. Экспортқа шығарылатын өнімдер номенклатурасы 777-ден 824 тауарға дейін өсті. Сонымен, индустрияландыру тиімділігі қазірдің өзінде сезіліп отыр деп айтуға болатын шығар? – Индустрияландыру – сауда, құры­лыс, ауыл шаруашылығы, энерге­тика, қаржы секілді секторлар­мен қатар, экономикалық саясаттың жеке бір шек­теулі бөлігі ғана болып та­бы­­ла­­ды және өңдеу өнеркәсібінің дамуы үшін ғана жауап береді. Бірақ, со­ған қара­мастан, біздің елімізде ол эконо­ми­ка­лық дамуда барған сайын үлкен рөл­ге ие бола түсуде. Ол қазақ­стан­дық­тар­ға жаңа жұмыс орын­дарын, тұ­рақ­ты жалақыны ұсыну­да. Осы­ның нәтижесінде біздің өміріміз үшін аса қажетті сапалы тағам өнім­дері­нің, дәрі-дәрмектердің, киімдер мен аяқ киім­­дер­дің, үй жиһаздары мен құры­лыс ма­териалдарының және басқа да көп­теген заттардың жаңа түрлері өндіріле бастады. Индустрияландыру картасына ен­гізілген кәсіпорындардың үлкен бө­лігі (олар 700-ге жуық) тұрақты жұмыс істеп қана қоймай, 1 триллион тең­генің өнімдерін сыртқы рыноктарға экспорттады. Біздің кәсіпорындарымыз қазір Иран, Қытай, Ресей және басқа да алыс шетелдердің рыноктарына кіруде. Мұның сыртында өнеркәсіпшілердің, инженерлердің жаңа ұрпақтары өсіп-жетіліп, олар неғұрлым маңызды жоба­ларды жүзеге асыра бастады. Бағдарламаны жүзеге асыру ісі қолға алынған уақыттан (2010 жылдан) бастап 6,2 триллион теңгенің өнімдері өндірілді. Мұның 446 миллиард теңгесі 2016 жылдың 1 тоқсанының үлесіне тиеді. Осының нәтижесінде өңдеу саласының өсім қарқыны бойынша біз посткеңестік кеңістіктегі бірқатар елдердің (мысал үшін айтқанда, Беларусь пен Ресейдің) алдына түстік. Бір кездері индустрияландыру бағдарламасын сынаушылар көп болатын. Жобалар жұмыс істемей жатыр, бұл істе боямашылық пен дабыра тудырушылық көп деп айтылатын... – Өкінішке орай, ондай адамдар әлі де бар. Ондай адамдар көбінесе өзінің өндірістік қуатына әлі де толық жете қоймаған кәсіпорындар жайлы айтады. Шын мәніне келгенде, ол кәсіпорындар маусымдық жағдайға байланысты жұмыс көлемін азайтуы мүмкін. Міне, осы жағдайды есепке алу негізінде дұрыс емес. 2015 жылдың қорытындысы бойынша, 898 жаңа өндіріс орнының тек 21­-і ғана тоқтап тұрды. Бұл – жалпы­ның 2 пайызын ғана құрайтын көрсеткіш. Тоқтап тұрған кәсіпорындардың негізгі себебіне келсек, олар бизнес-модельдің дұрыс болмауы, айналым қар­жысының болмауы немесе жет­кілік­сіздігі, несиелендірудегі пробле­малар, өнімдерді сатып алудағы тұтыну­шылық қабілеттің төмендеуі секіл­ді мәселелерден туындайды. Бар­лық тоқтап тұрған жобалар өңірлік болып табылады және олар әкімдердің бақылауында тұр. Оларды сауықтыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, осындай іс-шаралардың нәти­же­сінде Оңтүстік Қазақстан облысын­дағы керамогранит пен тоқыма өндіріс­терінің, Алматы облысындағы «Элеас» дәрі-дәрмек зауытының  жұмысы қайта жалғасты. «Қазақстан даму  банкі» АҚ қаржыландырған «Азия Керамика» ЖШС жұмысы 2011 жылы тоқтаған еді. Бұл жоба «ИФК» АҚ-қа берілді. Жаңа инвестор табылды. Ол – «Зерде» ҮЕҰ» ЖШС. Аталған зауыт 2015 жылдың мамыр айынан бастап жұмысын қайта жалғастырды. Бұл жерде барлық өндірістердің 96-97 пайызы бизнесмендердің өз есебінен салынғандығын түсінуіміз және бұл жайтты атап өтуіміз қажет. Демек, бұл – олардың өз инвестициялары және өз тәуекелдері. Ал бұл жердегі мемлекеттің рөлі несие­лерді арзандату, салықты жеңіл­дету, электр қуаты, су, жылу және жо­лдар­мен қамтамасыз ету арқылы іскер адамдар мен компанияларды, инвес­тор­ларды қаржыларын өңдеу өнеркәсібіне жұм­сауына ынталан­дыру болып табы­лады. Әрине, аталған іс-шаралар үшін де тиісті қаражат бөлі­­неді. Өйткені, бізге инфра­құры­лым­дарды дамы­туға бәрібір тура келеді. Ал биз­нес­мендердің алып жат­­қан несие­лері, олар – қайтатын қаржы­­лар. Ол несие­лерді кәсіпкерлер банк­тер­ден алады. Демек, мұндай жағдайда қар­жы­­лар­­дың қайтпай қалуы мүмкін емес. Өйт­кені, банктердің бөлінген несие қара­­ж­ат­­тарын қайтарып алуды қалай ба­қы­л­ай­тындықтарын жұрттың бәрі біледі. Өткен жылы көптеген елдерде инвестициялар құйылысының күрт төмендегендігі байқалды. Бұл жағдай Қазақстанға да қатысты ма? – Тікелей шетелдік инвестициялар негізінен алғанда тау-кен өнеркәсібінде 58 пайызға, шикі мұнай өндіруде – 62 пайызға, сауда саласында – 47 пайызға төмендеді. Бірақ, осындай жағдайға қарамастан, индустрияландыру бағдарламасының басымдық беріліп отырған бағыттары бойынша инвестициялар көлемі керісінше өсе түсті. Мәселен, машина жасау саласына келген инвестициялар көлемі 7 есе, тағам өнеркәсібіне – 30 пайызға, мұнай өнімдерін өңдеу өндірісіне – 81 пайызға өсті. Сонымен, таза шикізаттық жоба­лар­ға инвестициялардың төмен­деуі шикізат бағасының құлдырауынан орын алып отырғандығын көрсетсе, өндіру мен өңдеуге қатысты индус­трия­лық жобаларға келген инвестициялар көлемі арта түсуде. Мұның өзі индус­­трия­ландыру аясында жүзеге асы­ры­лып жатқан жұмыстардың оң нәти­же­лер көрсеткендігін білдіреді. Инвесторлармен жұмыс – сіздің министрлігіңіздің маңызды бағыты. Соңғы уақыттары инвесторлар қар­жы­ларын өңірлерге көбірек салып жатқандығы айқындалып отыр. – Бүгінгі күні біздің барлық жұмы­сы­мыз жаңа күрделі жағдайға ауы­су­да. Бұл жұмыстың ерекше маңыз­ды­лығы ескеріле отырып, Президенттің тапсырмасы бойынша Премьер-Министр басқаратын үкіметтік кеңес жұмыс істей бастады. Өңірлерде мұндай кеңестерді облыс әкімдері бас­қаруда. Кәсіпкерлердің ұлттық палата­сымен, Сыртқы істер министр­лігімен және елшілермен іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Біз үшін маңыз­ды болып табылатын 10 елдегі біздің дипломатиялық өкілдіктерде инвес­тиция тарту жөніндегі арнаулы кеңес­шілер іске кірісті. Инвестициялар және даму министр­лігі инвесторлар үшін барлық мәсе­ле­­лерін бір жерден шешетін «бір тере­зеге» айналып отыр. Бұл терезе ар­қылы бизнесменге 300-ден астам қыз­мет көрсетіледі. Қысқасын айт­қанда, инвесторлардың барлық мәсе­ле­лері бізде шешіледі. Оларға бұрын­ғы­дай әр­түрлі мемлекеттік органдар мен қыз­мет­тік деңгейлерге жүгіріп қажеті жоқ. Қазір біз шетелдік инвесторлардың қатысуымен 200-ден астам инвести­ция­лық жобалар бойынша белсенді жұмыс жүргізу үстіндеміз. Олардың арасында трансұлттық корпорациялармен бір­лес­кен жобалар бар. Биылғы жылы шетел­дік инвесторлардың қатысуымен 30 өндірісті іске қосу жоспарланып отырса, 60 инвестор жаңа жобалар жөнінде жаңа құрылыстар бастамақ. Мәселен, «Tenaris» трансұлттық гиганты Ақтаудағы арнаулы экономи­калық аймақта мұнай құбырлары зауы­тын іске қоспақ. Бұл зауыт жы­лына 45 мың тоннаның өнімін шыға­ра­ды. Инвестициялық жобаның құны – 14,6 миллиард теңге. Жамбыл облысында «Еурохим» компаниясы биылғы жылы минерал­дық тыңайтқыштар өндірісі бойынша кешен құрылысын бастамақ. Мұндағы инвестиция көлемі 300 миллиард теңгеден асады. Hikma британиялық компаниясы дәрі-дәрмек зауытының құрылысын қолға алды. Мұнда күрделі дәрі-дәр­мек­тер шығарылатын болады. Инвес­тиция көлемі – 6,5 миллиард теңгеден астам қаржыны құрайды. Бұлардан гөрі шағынырақ жоба­лар да бар. «Ipek Kagit Central Asia» түрік компаниясы Астанада тұр­мыс­тық және санитарлық-гигиена­лық мақсаттағы қағаз өнімдерінің құры­лысын іске қоспақ. Ал Италияның «Cremanini» компаниясы қазіргі замандық ет өңдеу зауытын салмақ. Еліміздегі өңірлердің тең жарымы индустрияландыру жобаларының есебінен 2012-2015 жылдар арасында 1,5 триллион теңгенің қаржысын тартты. Мәселен, Ақтөбе облысы 889,3 миллиард теңгенің, Шығыс Қазақстан облысы – 884,3 миллиард теңгенің, Павлодар облысы – 855,7 миллиард теңгенің, Алматы облысы – 757,6 миллиард теңгенің қаржысын тартты. Әсет Өрентайұлы, еліміздің индустриялық дамуында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына қандай рөл белгіленіп отыр? Бұдан жақсы нәтиже күтуге бола ма? – Индустрияландыру бағдар­лама­сын жүзеге асырған кезде туындайтын технологиялық шақыруларға осы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жауап беруге тиіс. Бұл екі бағдарлама өзара нақты үйлестірілген. «Цифрлы Қазақ­станның» негізі – қазіргі заман­дық цифрлық инфрақұрылымдар қалып­тастыру, соның ішінде ел халқын Интернетке кең жолақты қосылумен кеңінен қамту, орталықтар мен зер­т­ха­налар құру, халықтың цифрлық сауат­тылығын арттыру. Екіншіден, индустрияландырудың басым бағыттары бойынша білікті кадрлар дайындау үшін 11 жоғары оқу орны, 10 колледж белгіленді. Мұнда мамандар халықаралық білім бағ­дар­ламаларымен, ең бастысы, Кембридж, Калифорния университеттері секілді әріптес әлемдік ЖОО-лар қатысуымен халықаралық стандарттар бойынша оқытылады. Біз болашақта дұрыс өмір сүру үшін креативтік адам капиталымен жұмыс істейтін креативтік экономиканы дамыту қажеттігін жақсы түсінеміз. Бұл бірден бір жол. Сондықтан біздің стратегиямыз екі деңгейден тұрады. Бірінші деңгей – стратегиялық. Мұның екі бағыты бар. Олар  – жаңа экономика үшін  адам ресурстарының жаңа ұрпағын қалыптастыру және экономиканы цифрландыру. Әрине, бұл екі бағыт ұзақ мерзімдік болашақта тиімділікке ие болады. Екінші деңгей – инновацияларды қысқа мерзімдік және орта мерзімдік кезеңде дамыту. Ол да екі бағыттан тұрады. Бірінші бағыт бойынша, бізге база­лық индустриядағы (ауыл шаруа­шы­лығы, тау-кен өнеркәсібі, т.б.) техно­логиялық алшақтықты еңсеру. Осы­ның нәтижесінде біз өнімділікті және энер­гиялық тиімділікті арттыра аламыз. Екінші бағыт бойынша, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар секілді жаңа секторларды дамыту. Мұнда технологиялық көшбасшы­лар­мен және трансұлттық корпорация­лармен бірлесе жұмыс істей отырып, біліктілік мүмкіндіктерімізді арттыра­тын өңірлік орталықтар ашу қажет. Мәселен, біз тау-кен металлургия кешенінде біліктілік орталығын құру жөнінде McKinsey-мен келісімге қол қойдық. Бұл – үздік әлемдік тәжірибелер мен жаңа технологияларды тез енгізу мүмкіндігін беретін инвестициялық жоба. Көптеген жоғары технологиялық компаниялар, оның ішінде Google де бар, бұл ерекше орталықтың қызметін өздерінің жаңа өнімдерін енгізу үшін пайдалана алады. Келесі жылы біз McKinsey-мен бірлесіп, Алматыдағы инновациялық тех­но­ло­гиялар паркінде Жаңа мате­риал­дар және аддитивті техноло­гия­лар жөніндегі орталықты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қазақстанның маңызды міндет­терінің бірі – посткеңестік кеңістіктегі өңірлік стартап-хабқа айналу. Осы үшін біз Астанадағы Назарбаев Уни­вер­ситтің және Алматыдағы Инно­вациялық технологиялар паркінің базасында екі жоғары технологиялық кластерді құрдық. Мақсатқа қол жеткізу үшін бізге өңірдегі интеллектуалдық меншік құқығын үздік қорғауды қамтамасыз ету, стартап-кәсіпкерлікке жақсы қолдау және таланттарды тарту қажет. Біз жоғары технологиялық саланы дамыту негізгі біліктілік құзыретін арттыру ісімен өзара тығыз байланыста өрбитіндігін түсінеміз. Демек, біз бұған адам капиталын инвестициялаған жағдайда қол жеткіземіз. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз. Бұған қоса айтарым, индустрия­ландырудың түзетілген бағдарламасы мен «Цифрлы Қазақстан» платфор­ма­сында қызмет өнімділігін дамыту  бағдарламасын жүзеге асыру эко­но­миканы әртараптандырудың бас­ты мақсаты – мұнай секторына эконо­ми­ка­ның тәуелділігін төмендету мәселе­сін шешуге мүмкіндік береді. Бұл жер­де күтілетін нәтиженің шы­найы екен­­­дігін атап өту керек. Эконо­ми­ка­­­ны әртараптандыру үдерісі мен ин­дус­­трия­ландыру – бұл күрделі және уа­қыт­­­т­ы қажет ететін міндеттер. – Әңгімеңізге рахмет. Үлкен іске толағай табыс тілейміз.  Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»