03 Ақпан, 2011

Заң жобасы бірауыздан мақұлданды

466 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, оны Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібі бойынша бірлескен оты­рыс­тың қарауына бір-ақ мәселе енгізілді. Ол «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясына толықтыру енгізу ту­ра­лы» заң жобасын бірінші оқылымда қарау еді. Аталған мәселені күн тәр­ті­біне енгізу дауысқа қойылғанда, ол бірауыздан қабылданды. Осы­дан кейін жаңа заң жобасы жө­нінде баяндама жасау үшін сөз Президент Әкімшілігі Басшы­сы­ның орынбасары Талғат Дона­қов­қа берілді. Ол ұсынылып отыр­ған заң жобасы Ата Заңның 53-бабының 1-тармақшасына және 91-бабының 1-тармағына сәйкес Елбасы шешімімен енгізіліп отырғанын жеткізді. Заң жобасының басты мақсаты – кезектен тыс президенттік сайлау өткізуге конституциялық негіздерді белгілеу болып табылады. Ол Мемлекет басшысына кезектен тыс президенттік сайлау өт­кізу жөніндегі конституциялық құ­қық беруді қарастырған. Біздің­ше, деді ол, ұсынылған заң жо­басы осы мақсатты орындаған. Міне, заң жобасының қысқаша мазмұны осы, қолдауларыңызды өтінемін, деп ол өзінің қысқа баяндамасын аяқтады. Баяндамашыға ешқандай сұ­рақ болмаған соң заң жобасын тал­қылау басталды. Алғашқы бо­лып сөзді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа ко­митетінің мүшесі ????? ???????? Берік Бекжанов алды. Бүгін тәуелсіз Қазақстан­ның демократиялы, құқықтық мем­лекет ретінде қалыптасу ке­зеңіндегі тарихи маңызы бар күн. Өйткені, біз бүгін елімізді одан әрі демократияландыра түсу ба­ғытын көздейтін дамудың ал­ғы­шарттарын қалыптастыратын та­рихтың жаңа бетін ашпақпыз, деп бастады ол өзінің сөзін те­рең­нен толғап. Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті, – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысына кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі конституциялық құқық беру жө­ніндегі заң жобасын ұсыну ар­қы­лы елдің еркін қолдайтын демо­кратиялық құндылықтарға жол ашқан тағы бір маңызды қадам жасады, дей келіп, ол Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды қолдайтын референдум өткізу туралы бас­та­маны ауызға алды. Мұның өзі бү­кілхалықтық қозғалысқа айналған шара болған еді. Бірақ Мемлекет басшысы демократиялық құнды­лық­тарды ескере келе, референдум өткізбеу туралы шешім қа­былдай отырып, халық қалауын білдірудің демократиялық түрі – мерзімінен бұрын сайлау өткізуді ұсынды. Сөйтіп, ол өзінің ойы мен пікірі, мақсаты мен мүддесі халықпен бірге екенін көрсетті. Біздің мақсатымыз – халықтың мүддесі үшін қабылданған шешімді конституциялық тұрғыдан бекіту. Қолданыстағы Ата Заңы­мыз президенттік лауазымның кезекті сайлауын өткізуді ғана қа­растырады, ал оны өткізудің тәр­ті­бі мен мерзімі арнайы консти­туциялық заңмен бекітілген. Біз халық билігінің үстемдігін қам­тамасыз ету мақсатында еліміздің өркендеуі мен қоғамдық тұрақ­ты­лықты нығайтуды көздеген демо­кратиялық қағидаттарды жақтай отырып, Елбасының ұсынысын қолдауымыз керек, деп сөзін аяқтады. Екінші болып сөз алған сенатор ????? ??????Берік Имашев бұл бастама Конституциялық Кеңестің «Қа­зақ­стан Республикасының Конс­ти­туциясына өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу жөніндегі» Пар­ламент 14 қаңтарда қабыл­да­ған заңының Ата Заңға сәйкес­сіздігі туралы шешіміне орай бо­лып отырғаны белгілі, деп бас­та­ды өзінің сөзін. Солай дей отыра, Конституциялық Кеңес респуб­ли­калық референдумда мемлекетіміз үшін аса маңызды барлық мә­се­лелер, соның ішінде Тұңғыш Президент – Елбасының президенттік өкілеттігін ұзарту мәсе­лесі де шешілуі мүмкін деп атап өтті. Сонымен қатар, аталмыш заңды конституциялық деп тани отыра, Конституциялық Кеңес бұл заң бойынша президенттік өкі­лет­тікті ұзарту бір реттік немесе көп реттік сипат ала ма, сондай-ақ Мемлекет басшысын сайлаудан бас тартуды білдіре ме деген дүдамалдықты алға тартты. Біз­дің пікірімізше, Конституциялық Кеңестің бұл ұстанымы талас тудырады. Құқықтанушы ретінде мен Конституциялық Кеңестің ше­шіміне қарсылық білдіріп, ша­ғымдану процесін бастау логи­калық жағынан сенімді дер едім. Өйткені, Конституциялық Кеңес көрсеткен мәселелер Ата Заң арқылы емес, қажеттігіне қарай тиісті конституциялық заңдарға сәйкес шешімін табар еді, дей келіп, депутат осы қатардағы пікірін: «Дегенмен мен Консти­ту­ция­лық Кеңестің шешімінің маңы­зын төмендетуден аулақпын», деп қорытты. Бірақ, деді ол сөзін әрі қарай жалғастырып, Президент мәселе­нің қоғамдық маңыздылығын ескеріп, талас мәселені заңдылық про­цедуралар арқылы жалғас­ты­ру жолын жауып тастады. Өзінің Қазақстан халқына жасаған Үн­деуінде Мемлекет басшысы: «Мен Конституцияның сақта­луы­на кепілдік беруші Президент ретінде саясатшылардың келесі буынына дүдәмал бағдар беретін прецеденттің жасалуына жол бермеймін», деген еді. Осы сөз­дер­ден Президенттің аса маңызды мәселенің Конституцияға сәйкес еместігі туралы күмән көлеңкесін де қалдырғысы келмейтіндігі кө­рі­ніп тұр. Америка философы Фриман Кларк: «Саясаткер келесі сайлау туралы, ал мемлекеттік қайраткер келесі ұрпақ туралы ой­лайды», деген қанатты сөз айт­қан. Еліміздің Президенті ұсын­ған формуласы арқылы құқықтық және демократиялық мемлекет құ­рудың жасампаздық жолын ой­лайтын жоғары лауазымды тұлға екенін көрсетіп, өзінің Ұлт Көш­басшысы екендігін тағы да бір рет айғақтады. Елбасының бәрі­міз­ді біріктіретін бұл бастамасы конституциялық-құқықтық негізге ие. Ата Заңның 53-бабының 1-тар­мақшасында ел Президенті­нің ұсынысымен Парламент па­ла­таларының бірлескен отырысы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыра алады деп жазылған. Сонымен бірге, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Президент Парламент­тің қарауына ұсынады деген тәр­тіп Конституцияның 91-бабының 1-тармағында қарастырылған, дей келіп, сенатор Президенттің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөніндегі заң жобасын ұсынуы Ата Заңға қайшы келмейтіндігін атап өтті. Мұның өзі заңдылық тұрғыдан ғана емес, со­нымен бірге, логикалық тұр­ғы­дан да негізді, деді ол. Өйткені, президенттік лауазымды атқарып отырған адам ретінде Елбасы кезектен тыс сайлау өткізуді ұсын­са, бұл оның жеке мүддесі емес, халықтың, мемлекеттің, қоғам­ның мүддесін көздегенін көрсет­пей ме? Тіпті бұл жағдайда оның президенттік өкілеттігі екі жылға қыс­қарайын деп отырғаны да белгілі. Бірақ Елбасы осының бә­ріне қарамай, халықтың қалауы­мен кезектен тыс президенттік сай­лау өткізуді ұсынып отыр. Осы мәселелерді ескере келіп, Ел­басына кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы құқық беру қажет деп есептеймін, деп ол өзінің сөзін аяқтады. Сөз кезегі Мәжіліс депутаты Николай Турецкийге берілді. Бү­гінгі Конституцияға енгізілгелі отырған толықтыру соңғы екі айда Елбасының президенттік өкілеттігін ұзарту туралы елімізде басталған дискуссияның жемісі деп есептеймін, деп бастады ол өзінің сөзін. Референдум өткізуді сайлаушылардың жартысынан көбі, сонымен қатар қоғамдық ұйым­дар мен көптеген саяси пар­тия­лардың қолдағаны белгілі. Бірақ бұл дискуссияның соңғы нүк­тесін Нұрсұлтан Назарбаев өзінің референдумнан бас тарту туралы Қазақстан халқына жасаған Үн­деуінде қойып берді. Ел­басы өзіне деген сенім көрсеткені үшін сайлаушыларға алғысын білдіре келіп, саясаткерлердің келесі буынына дүдәмалдық ой қал­дыратын прецеденттің бол­ға­нын қаламайтынын атап өтті. Елбасының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ұсы­нысы азаматтық қоғам мен халықаралық ұйымдар тарапы­нан қолдау тауып отыр. Мен де де­путат ретінде Конституцияға енгізілетін осы толықтыруды қол­дап, оны бірінші оқылымда мақ­ұлдауды ұсынамын, деді Н.Турецкий. Бұдан кейін сөз Сенат де­путаты, Экономикалық және өңір­лік саясат комитетінің хат­шы­сы Талғатбек Абайділдинге берілді. Депутат дауысына діріл бітіп, сәл-пәл толқи сөйледі. Үс­тіміздегі жылдың 31 қаңтарында Қазақстан Республикасының Пре­зиденті – Ұлт Көшбасшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың халық­қа Үндеуін тыңдағаннан кейін қатысушылар біздің Президент кезекті дұрыс та салиқалы шешім қабылдады деген ойда болды, деді Талғатбек Жәмшитұлы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевты өз лидері етіп көргісі келетін қазақстандықтардың қата­ры күн санап өсуде. Мил­лион­даған азаматтардың жүрегі өз тағдырларын тәуелсіздікті алған­нан бастап халқын бақуат­ты­лық­қа үнемі талмай және тура жетелеп келе жатқан адамға сенуге бұрады. Назарбаев стратегиясы – болашақты ойлау, алға кетуге әрекет ету. Халықтың, елдің және қоғамның мүддесінен туын­дай­тын саяси мәселелерді прагма­ти­калық және тиімді шешу Нұр­сұл­тан Әбішұлының айрықша қа­сиеттері саналады. Қазақстанды аяғынан нық тұрғызу және да­мы­тудағы Елбасының ерен еңбегі халық тарапынан қолдау тауып, объективті бағаға ие. Шынтуай­тында бұл жылдар Президент пен қоғам үшін де оңай болған жоқ. Мемлекет басшысының президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізуге тағы да баруы туралы шешімі Ұлт Көшбас­шы­сының өз принципіне адалдығын, оның дұрыс жолды таңдағанын көрсетеді. Кез келген жағдайда Елбасы демократ болып қала береді. Өз халқына берген уәдесін Президент орындады. Еліміз Конституция принциптерін сақ­тай отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы заңнамалық негізде салмақты да абсолютті демократиялық шешім қабылдады. Сондықтан да әріп­тес­терімді «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясына толықтыру енгізу туралы» Заң­ның жобасы жөніндегі мәселені бірінші оқылымда мақұлдауға шақырамын, деп аяқтады сөзін Т.Абайділдин. Ата Заңға толықтыру енгізу жөніндегі мәселеге қатысты пікірін білдіре кеткен Мәжіліс де­путаты Серік Темірболатов Пре­зи­денттің Конституцияның 41-ба­бына толықтыру енгізу туралы ұсынысын қолдайтынын білдіре келіп, әріптестерін осы құжатқа бірінші және екінші оқылым­дарда дауыс беруге шақырды. Осы ретте депутат заңдық құжат өзінің мағынасы жағынан ма­ңыз­дылығын, алайда көлемі жағынан шағын болғандықтан, оны екінші оқылымға пысықтау үшін бірлескен комиссия құрудың қажеті жоқтығын алға тартты. Енгізілетін толықтыру Мемлекет басшы­сын мерзімінен бұрын сайлау жөніндегі Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Н.­Ә.На­зар­баевтың шешімін жүзеге асыру үшін құқықтық алаң құрумен байланысты. Негізінен Конституцияда кезектен тыс сайлау өткізу мәселесі қарастырылмаған. Сон­дық­тан Конституцияның 41-ба­бы­на толықтыру енгізу мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу тетігін қарастыратын «Қа­зақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Рес­публикасының Президенті ту­ралы» Конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтыруларды енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ депутат білікті заң­гер ретінде Парламент тарапынан Конституцияға түзетулерге Конс­титуциялық Кеңестің шығарған шешіміне де өз ойын білдіре кетті. Ол мұндай қадамды 5 миллионнан астам адамның еркіне бай­ланысты жасалғандығымен тү­сін­дірді. Яғни, депутаттар Конс­титуцияның 3-бабының 3-тар­ма­ғын негізге ала отырып, өздерінің конституциялық өкілеттігіне сәй­кес әрекет жасаған. Депутат осы ретте басқаша әрекет ету де мүмкін болмағандығын алға тарт­ты. Алайда аталған заңдық құжат бойынша Конституциялық Кеңес шешім шығарса, Президент оған өзінің қарсылығын білдірмеген. Бұл шешім қайта қарауға жатпайды. Сондықтан да Конституциялық Кеңес шешімі құрметтеледі және басшылыққа алынады, деді Серік Ғаб­доллаұлы сөзінің соңында. Құрметті әріптестер, деп сөзін бастаған Сенат депутаты Александр Савченко бы­лай деді: Конституциялық Кеңес еліміздің тұңғыш Президентінің өкілет­тігін 2020 жылға дейін ұзартуға арналған республикалық референдум өткізу жөніндегі біздің Заңымыз Конституцияға сәй­кес емес деп тапқаннан кейін Мемлекет басшысы халыққа үн­деу жариялап, Президент сай­лауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс енгізді. Де­пу­таттың пайы­мынша, Президент осылай­ша тараптар мүддесінің ымыраға келуіне қол жеткізіп отыр. Біздер, депутаттар корпусы және 5 миллионнан астам сай­лау­шылар армиясы, еліміздің Тұң­ғыш Президенті – Ұлт Көш­бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев бізбен болады, бар және әрқашан бірге деген өз пікірімізді білдірдік, деді сенатор. Сондықтан да бастаған ісімізді бірге аяқтау, елімізді әлемнің бәсекеге қабілетті елдері санатына қосу бағы­тындағы қадамдарымызды әрі қарай жалғастырамыз. Парламент палаталарының кешегі бірлескен отырысының күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша сөйлеймін деген депутаттар әлі де көп еді. Алайда олардың барлығының пікірі бір жерден шығып жатқандықтан, рә­сім бойынша сөз алған Сенат депутаты Иран Әміров талқы­лауды осымен тоқтатуға шақыр­ды. Сенатордың бұл ұсынысы әріптестері тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ қос палата де­путаттары «Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясына то­лық­тыру енгізу туралы» Қазақ­стан Республикасы заңының жо­ба­сын бірінші оқылымда бір­ауыздан мақұлдады. Аталған заң­дық құжатқа Сенаттың – 42, ал Мәжілістің 105 депутаты қолдап дауыс берді. Бірінші оқылымда қолдау тапқан заңдық құжат тәртіп бойынша сол күні күн тәртібіне екінші оқылымда қарау үшін енгізілді. Заң жобасының мәні баршаға таныс болған­дық­тан, ешқандай пікір бола қойған жоқ. Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов заң жобасын екінші оқылымда дауысқа қой­ған­да, ол депутаттар тарапынан бір­ауыз­дан қабылданды.