Халық даналығы денсаулықты бірінші байлық деп оған үлкен мән береді. Шынында ол еш күмәні жоқ шындық. Осы басты байлығың – денсаулығыңның сақшысындай медицина қызметкерлерінің жылына бір рет аталып өтетін кәсіби мерекесі қарсаңында еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеновамен әңгімелескен едік, сұхбат отандық медицинада қандай өзгерістер болатыны, жақын кезеңде халыққа бұл саладағы қызмет көрсетудің сапасы қалай артатыны жайында өрбіді.
– Тамара Қасымқызы, Астанада өткен экономикалық форумда Мемлекет басшысы: «Ешқандай мемлекет сауатты, білімді, дені сау және іскер адамдарсыз дами алмайды», деді. Ал ұлт денсаулығын жақсарту үшін қандай істер атқарылуы тиіс?
– Адам денсаулығының мықты болуы көптеген факторларға – өмір сүру салтына, қоршаған ортаның әсеріне, денсаулық сақтау жүйесіне байланысты, тіпті, тәуелді деуге болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) зерттеулеріне сүйенсек, соңғы жылдары ауру түрлерінің динамикасының өзгеруі практикаға жаңа технологиялардың енуіне, медициналық қызметтің сапалы көрсетілуіне тәуелді екендігін байқатты.
Мемлекет басшысы біздің алдымызға қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру жасын 2015 жылғы 71,8-ден, 2020 жылы 73 жасқа дейін ұзарту қажеттігі туралы міндет қойып отыр. Оны жүзеге асыру үшін біз қазіргі демографиялық ахуал мен халықтың денсаулығын терең сараптаудан өткізген отандық және халықаралық сарапшылардың жұмысына жүгіндік. Сараптаулар көрсеткендей, халықтың өсімі 2050 жылға дейін 65-тен асқан және 25-ке жетпеген (жұмыс істеуге қабілетсіз) тұрғындар есебінен көбейгелі тұр. Сонда аталған топтың қарасының ұлғаюы, жұмыс атқаруға қабілетті халықтың санынан екі есеге артады екен. Ал мұндай жағдайда медициналық қызметке жүгінудің көбейетіні анық, ол өз кезегінде, денсаулық сақтау саласында және еңбек ресурстарын сақтауда жаңа көзқарас пен тәсілдің қажеттігі туатынын айқындайды.
–
Адамның жасын ұзарту міндеті бұрыннан қойылып келеді. Нәтижелеріне тоқталсаңыз?
– Жалпы, «адамның өмір сүру ұзақтығын арттыру» өте кең ауқымды мәселе. Оған жету үшін барлық деңгейде, өмірдің сан-саласында: экологияда, білімде, әлеуметтік салада дейсіз бе, өте кең көлемдегі өзгерістер қажет. Ал денсаулық сақтауға келсек, бізде бүгінгі таңда қол жеткізген айтарлықтай жақсы нәтижелер бар.
2005-2010 жылдары денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мұндағы инфрақұрылымдарды дамытып, кадрлардың біліктілігін арттыруға жағдай жасады. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы негізінде денсаулық сақтау саласының қызметіне нарықтық экономиканың механизмдері қаланып, осы жылдар ішінде мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру жеті есеге дейін артып, ал әр жеке адамға шаққанда ол алты есеге өсті.
Осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, орташа өмір сүру жасы 70-ке жетіп, өлім-жітім 15,3 пайызға, ал ана мен баланың өмірден озуы 1,8-ге азайды. Дегенмен, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдеріндегі азаматтарға қарағанда он жылға аз. Сонымен қатар, жалпы әлемге ортақ мәселе инфекциялық емес аурулардың санының артуы біздің елімізге де тән болып, адамдардың дүние салуын саралағанда оның жартысына жуығы қан айналымы жүйесінің (26%) еншісіне, жаңадан пайда болған қатерлі ісіктерге (13%), жарақат алуға (11%), әйел босандыру және балалар өліміне (3,6 %) тиесілі болып отыр. Бұл әлеуметтік тұрғыда адамның өмір сүру ұзақтығына кері әсерін тигізіп, әрі мүгедектердің қатарының өсуіне ықпал етеді. Экономикалық тұрғыдан келгенде де мұндай жағдай жұмысқа қабілетті, белсенді адамдардың санын кемітіп, жұмыс істеп жүрген адамдарға түсетін салмақты ауырлатады, әрі қаржылық жағынан жоғарыда аталған бес топ үшін кепілді медициналық көмекке деген қаражаттың жартысынан астамы бөлінеді деген сөз. Сондықтан саралай келгенде Мемлекеттік жаңа «Денсаулық» бағдарламасында осы бес топтағы ауруларды емдеуге басымдық берілген.
–
Саладағы проблемалардың шешілуі жайына кеңірек тоқталсаңыз.
– Біріншіден, біз қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құруды жоспарлап отырмыз. Бұл (ЭЫДҰ) елдерінің озық тәжірибелерінің негізінде және Дүниежүзілік банк пен ДДСҰ сарапшыларының ұсынымы бойынша қолға алынбақ. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінде санитарлық-эпидемиологиялық, саламатты өмір салты және дұрыс тамақтану қызметі интеграцияланады да оның аясына: инфекциялық және негізгі инфекциялық емес ауруларды эпидемиологиялық қадағалау мен мониторингті қамтамасыз ету; сектораралық өзара әрекеттестікте сауықтыру іс-шараларын кеңейту және үйлестіру мен қамтамасыз ету; қоршаған ортаның зияны туралы сауықтыру, дұрыс тамақтану мен саламатты өмір сүруге қатысты іс-шараларға қатысты тұрғындарға ақпарат беру және азаматтардың оларға араласу белсенділігін арттыру. Екіншіден, ауруға алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде басымдық беру және басқаруды қамтамасыз ету.
Қазіргі күні денсаулықтарында түрлі дерттері бар, нозологияда 22 кластан тұратын 4 миллионнан астам адам диспансерлік есепте тұр, бұл дегеніміз – халықтың төрттен бірі. Олардың 40 пайызын артериалдық гипертензия, сусамыр немесе қант диабеті және созылмалы жүрек ауруы құрайды. Осы ретте көңілге үлкен алаңдаушылық тудыратын мәселе, диспансерлік есепте тұрған жандардың инсульт, инфаркт, жүректің ишемия тәрізді аурулардан көз жұмуы.
Осы жайтты есепке алып алғашқы медициналық-санитарлық көмек көлемінде Ауруды басқару бағдарламасы енгізіліп, оның аясында дербестендіріліп уақтылы есепке қою, сауықтыру және білікті медициналық жәрдем беру қамтамасыз етіледі. Бағдарлама қанатқақты жоба ретінде Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында қолға алынып, ол қамтыған диспансерлік есептегі 1200 адамның 75 пайызының қан қысымы тұрақтанып, созылмалы жүрек ауруымен ауыратын пациенттердің стационарға жатып емделуі екі есеге азайған.
– Сонда жақсы нәтижелері бар бұл жоба әрі қарай жалғасын таба ма?
– Әрине жалғасады. Ағымдағы жылы біз оның кеңістігін ұлғайтып, жеті өңірге жеткізсек, келешекте ол елімізге тұтас енгізіледі. Бұл бағдарламаның бұрынғыдан қағидатты түрде айырмашылығы – пациенттің ауруын анықтап оны науқас жандардың диспансерлік регистріне енгізуінде ғана емес, ол – пациентті дербестендірілген есепке алып және онымен әлеуметтік келісімшартқа отыруында. Екі бөліктен тұратын келісімшарт бойынша пациент қажетті тексеруден белгіленген мерзімде өтіп тұруға, емдеу орнына өзі жүргізген қан құрамындағы қант мөлшері, қан қысымының көрсеткіші т.с.с. сынды деректерді жеткізіп тұруға міндетті. Ал алғашқы медициналық-санитарлық көмек беруші (АМСК) мекеме науқасқа динамикалық бақылау жүргізіп, дер уақытында амбулаторлық дәрілермен қамтамасыз етуді міндетіне алады.
–
Динамикалық бақылау дегеніміз қалай жүзеге асырылады? Емханаларда таусылмайтын ұзын-сонар кезектің бар екені аян. Кейбір мамандарға жазылудың өзін 2-3 ай күтетін кездер де болады.
– Мұнда пациенттерді қабылдау науқастың емханаға келуін күтпей әлеуметтік келісімшартта көрсетілген кесте бойынша жүргізіледі. Оған қоса, пациент қазіргідей бір ғана дәрігердің емес, мультитәртіптік команданың қарап-тексеруінен өтеді. Бұл оның арнайы маман дәрігерлерге кіремін деп кезекке тұруын, айлап күтетін алдын ала жазылуды қажет етпейтін болады деген сөз. Және ол аурудың алдын алудың шараларын дер кезінде жүргізуге жол ашады.
Сонымен қатар, диспансерлік есепте тұрған жобаға қатысушы үшін амбулаториядан берілетін мемлекеттік кепілдік аясындағы дәрілерге рецепт алу да жеңілдейді. Науқасқа тиесілі дәрілер әлеуметтік келісімшартта көрсетіледі де, медбике үш ай үшін (50 мың теңгеден аспайтын мөлшерде) бір ғана рецепт толтырады.
Рецепт бойынша келісу автоматты түрде жүзеге асып, ал дәріханамен арадағы байланыс «ИСЛО» ақпараттық жүйесі арқылы жүреді. Осы жылдың 1 шілдесінен жүйені сынаудан өткізу Астанадан басталады.
Бұл жерде пациентпен арадағы ұйымдастыру жұмысын учаскелік дәрігер мен медбике жүзеге асыратындықтан Дүниежүзілік банктің сарапшыларының қатысуымен төрт оқыту-үйрету сессиялары жоспарланып, соның алғашқысы мамыр айында өткізілді.
Жобаға қатысушы алғашқы буынның жұмысын және мультитәртіпті команданың мүшелерін ынталандыру мақсатында тоқсан сайын қосымша ақы төлеу көзделген. Егер пациенттің жағдайы қалыпты болса қосымша ақы 20 пайызға дейін өсетін болады.
– Ал жобаға әзірге қатыспайтын адамдар үшін не істеліп жатыр?
– АСМК көлемінде сауықтыру шараларын күшейтуден тыс біздің тарапымыздан интеграцияланған моделді енгізу есебінен стационарлық жәрдемнің сапасын арттыруға шаралар жүргізілуде. Стационарда көмек көрсету өңірлік қағидат бойынша жасалып, күрделі технологиялық құрал-жабдықтарды қажет етпейтін медициналық қызмет науқастың тұрғылықты жеріне жақын орталықтарда жүзеге асатын болады. Ал күрделі технологияның, жоғары білікті мамандардың араласуын қажетсінетін қызмет түрлері ауданаралық, өңірлік және республикалық деңгейдегі денсаулық сақтау орындарында жүргізіледі. Және бұл қызмет денсаулық сақтау мекемелері арасында аккредитация негізінде атқарылады. Ем шараның сапалы, әрі уақыт кетіріп көп күттірмей, диагнозды адаспай қойып, дұрыс емделуінде пациенттің жол бағдарының нақты алгоритмі анық көрсетілетін болады.
Бүгінгі күні жоғарыда аталып өткен бес топ үшін бес Үйлестіру кеңесі құрылып, олардың Жол картасы жасалды, әрқайсысына жауапты республикалық денсаулық сақтау мекемесі бекітілді.
–
Жақсы екен. Ал осы Үйлестіру кеңестерінің жұмысында қандай да бір оң нәтижелер бар ма?
– Әрине бар. Бір мысал келтірейін. Мәселен, инфаркт пен инсультке қатысты интеграцияланған медициналық жәрдем көрсетудегі үйлестіру кеңесі диспансерлік есепте тұрған ауруларға алғашқы медициналық-санитарлық көмек берудің уақытылы жүргізілмейтінін анықтады. Сараптау көрсеткендей бір сағаттың шамасынан бері төс сүйегінің тұсы ауырғанын айтып дәрігерлік көмекке жүгінгендердің саны 48 пайыз, яғни жартысынан төмен болған. Ал екінші деңгейдегі денсаулық сақтау мекемелерінен ауырғандарына екі сағаттың шамасы болғанда көмек сұрағандар 63 пайызды құраған. Үш сағаттың ішінде қаралғандар болса 54 пайыз көлемінде. Осыдан барып, инсульт, инфаркт сынды дерттерден көз жұматындар саны жоғары.
Келесі бір проблема – денсаулық сақтау орындарының медициналық ресурстарының төменгі стандарттардың өзіне жауап бере алмайтындығы. Ал өте өткір мәселенің бірі– инсульт орталықтарының жетіспеушілігі.
Міне, осындай проблемаларды шешу үшін қазіргі күннің өзінде барлық деңгейдегі медицина қызметкерлерінің біліктілігін көтеретін оқыту курстары ұйымдастырылды. Басымдық берілген бағыттар бойынша 143 маман курсқа тартылып, оның ішінде көпшілігі «жедел миокард инфаркт» ауруына қатысты оқытылуда. Сонымен бірге, ауруды емдеу стандарттары да қайта қаралып, клиникалық хаттамалар және пациент бағдары жетілдіріле түсіп, қызмет жұмысына мониторинг жасау мен баға беру бағдарламасы жасалуда. Ағымдағы жылы өңірлерде жедел миокард инфаркт аурулары үшін жабдықталған интенсивті терапия палаталарын, жансақтау бөлімдерін ашу көзделуде. Бұған қоса, республикалық инсульт орталығын ашу үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілер дайындалды.
–
Жақында ғана төрт жылдық Онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасы түйінделді. Оның нәтижелері қандай болды? Онкоауруларға қатысты қосымша нендей жұмыстар жүргізуді межелеп отырсыздар?
– Иә, бағдарлама аяқталды, оның аясында бүкіл ел аумағында Ұлттық скрининг бағдарламасы кеңінен жүргізіліп, заманауи қажетті құрал-жабдықтар сатылып алынды, 4 өңірлік онкоорталықтар құрылып, олар жұмыстарын атқарып, пациенттер таргентті препараттармен түгелдей қамтамасыз етілді.
Онкоауруларды басқарудың инеграцияланған моделін үйлестіру кеңесі Гюстав Русси (Франция) атындағы онкологиялық институттың жетекшісі Александр Эггермонт және Шарите (Германия) клиникасынан профессор Хенцтің қатысуымен осы қызметтің бүгінгі жағдайына сараптау жасады. Алайда, жоғары маманданған жәрдем көрсетудегі оң өзгерістер мен сапалы көмектің жақсара түсуіне қарамастан, белгілі бір проблемалар әлі сақталып тұр.
Оның бірі – аурудың диагнозын ертерек анықтау. Көпшілігінде өкінішке қарай, адамдар дертті өткізіп алып қаралады. Сол себептен де Ұлттық скрининг бағдарламасының тиімділігі турасында сарапшылар бағасы беріліп, скрининг жүргізу тәртібін қайта қарау жөнінде ұсыныс әзірленді. Ол талқыланып барып, заңнамалық тұрғыда бекітілмек.
Тағы бір проблема – диагностика мен емдеу әдісін таңдау мәселесі. ЭЫДҰ елдері стандарттары бойынша диагностика үш кезеңде жүргізіледі. Алғашқы кезеңде ісіктің сапасы, екіншіде – емдеу әдісінің генетикасы, үшіншіде – әр жеке науқасқа қатысты таргетті терапияны белгілеуде ісіктің биологиясы анықталады. Ал біздегі зертханалық құрал-жабдықтар тек бірінші мен екінші кезеңдерді ғана жүргізуге мүмкіндік береді. Үшінші кезеңді атқаруға қол жеткізу үшін емдеу әдістерін таңдау жолдары қайта қаралып ол өңірлік ерекшеліктерді, онкоаурулар құрылымын сонымен бірге, диагностикаға қажетті зертханаларды толық жаңғыртумен жүзеге аспақ. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан басталады.
Туындап отырған ендігі бір проблема ол – терминалды жағдайдағы пациенттер үшін ЭЫДҰ елдері қолданатын әдістерді енгізу мәселесі. Жыл аяғына дейін қажетті дәрілердің тізімі жасалып, АМСК әзірлігіне орай оны кезең-кезеңмен енгізетін боламыз.
Осы проблемаларды есепке ала отырып, онкоауруларды басқарудың инеграцияланған моделіне үш деңгей – базалық АМСК ұйымдары, облыстық онкодиспансерлер мен өңіраралық онкоорталықтар және республикалық ҒЗИ енгізілді. Сонымен қатар, онкоауруларға көмек көрсетудегі стандарттардың өзектілігі бойынша да жұмыстар аяқталып қалды.
–
Жедел жәрдем жұмысындағы олқылықтар көп айтылады. Бұл орайда не дер едіңіз?
– Біз жедел жәрдем көрсетудің интеграцияланған екі кезеңдік моделін құруды жоспарлап отырмыз. Ол қалай дейсіз ғой, түсіндірейін. Бірінші – жергілікті жерде жедел жәрдем мен санитарлық авиацияның біріккен қызметі құрылады. Оған облыстық санитарлық авиация, аудандық жедел жәрдем стансасы, қалалық және селолық округ кіреді. Екінші– республикалық қызметке санитарлық авиация, автоматтандырылған GPS жүйесі және телемедициналық қызмет жасай алатын бірыңғай диспечерлік қызмет кіреді. Бұлайша интеграцияланған қызмет түрін ретке келтіру медициналық көмек көрсетудің бірыңғай стандартын енгізіп, тұтас ел аумағында бірыңғай ақпарат жүйесін құруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта барлық өңірлерге Алматы, Павлодар қалаларындағы интеграциялық жүйені құрудағы озық тәжірибені таратудамыз. Бұл жұмыстар толығымен жүзеге асқанда ел аумағында жедел жәрдем жүйесінің жұмысы үйлестіріліп, санавиацияның қажет тұста жедел жетуі мен телемедицина көмегімен оқиға орнында жедел жәрдем дәрігерлеріне керекті кеңестер беріледі. Әрине, бұл ретте парамедиктер мен осы жүйеде жұмыс істейтін мамандарды қайта әзірлеу жұмысы да атқарылатыны айқын.
Тағы да айта кететін жайт – барлық үлкен жолдар бойындағы құтқару қызметтерінің жұмысын үйлестіру. Оқиға орын алғанда жедел көмек көрсетуде өзара іс-қимылды үйлестіруді оқиға орнында немесе ауданаралық травматология бөлімдері мен аудандық орталық емханаларға беру ұсынылды. Сонымен қатар, оларды жабдықтау мен орналастыру нормативтерін қайта қарау қажет. Қазір бұл жұмыс ІІМ-мен бірлесе жүруде.
Және біз пациенттердің бағдарын өзгертеміз, ол жедел жәрдем бригадасы ауруды жақын жердегі ауруханаға емес, пациентке маманданған білікті жәрдем көрсететін медицина мекемесіне жеткізеді. Бұл орайда біз Канада мен Түркияның тәжірибесін назарға алдық.
–
Жұмыстарыңызға табыс тілейміз. Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»