17 Маусым, 2016

Экономиканы әртараптандыру – басты назарда

535 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Парламент (2)-жанаКеше  Парламент Мәжілісінде Қаржы және бюджет комитеті мен «Нұр Отан» партиясының фрак­циясы жанындағы Эконо­микалық саясат жөніндегі кеңе­сінің «Экономиканы дамыту жә­не әртараптандыру, инвести­ция­лар­ды тарту және клас­­терлерді дамыту мәселе­лерін­дегі «Бәйтерек» холдин­гінің рөлі мен орны» тақыры­бын­дағы бірлескен отырыс өтті. Отырыс жұмысына Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира  Исімбаева мен «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Экономикалық саясат кеңесінің жетекшісі Бейбіт Мамраев қаты­сып, басқосуды Мәжілістің Қар­жы және бюджет комитетінің төрайы­мы Гүлжан Қарақұсова жүргізді. Кеңейтілген отырыс барысында сөз алған Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров 2010 жылдан бері елімізде индустрияландыру бағдарламасы іске асырылып жатқанын айта келе, нақты секторда көліктік, энергетикалық және өнеркәсіптік жобаларды есеп­ке ала отырып, 6 жыл ішінде бар­лығы 8700-ден астам шағын, орта және ірі компанияларға қолдау көрсе­тілгендігін мәлімдеді. Сонымен қатар, осы арқылы 193 мың жұмыс орны ашылғандығын, бұл дегеніміз  әрбір төртінші жаңа жұмыс орны экономика бағытында құрылғанын болжауға болатындығын атап көрсетті. Сондай-ақ, өнеркәсіп құрылы­мында бірінші өзгерістер басталды. 2010 жылдан бастап 2015 жылға дейін ЖІӨ-де тау-кен өндірісінің үлесі 19,5 пайыздан 12 пайызға дейін төмендеді, деді ол. Оның айтуына қарағанда, әлемдік дағдарыс жағ­дайларында банк секторының белгілі бір проблемалары туындап отыр. Бұл экономиканы және халыққа несие беруді қысқартуға әсер етпей қоймасы анық. Отандық эконо­ми­кадағы күрделі ахуалды ескере отырып, Мемлекет басшысы 2013 жылы «Бәй­терек» холдингін құру туралы шешім қабылдады. Ол бизнесті қол­дау құралдарының тиімділігін арттыру мақсатында  қаржы институттарын біріктірді, – деді вице-министр. Бұл ретте Е.Хаиров жалпы индус­триялық бағдарламаны іске асыру экономиканы әртараптандыру үшін негіз болғанын тұспалдай келе, өткен жылы индустрияландырудың екінші бес жылдығын жүзеге асыру бас­талғанын еске салды. Ал ол дүние­жүзілік эко­номикада проб­лема­лардың өсу кезеңімен тура келді. Сыртқы база­лық жағдайлардың өзгеруі индус­триялық-инновациялық дамуға теріс әсер етті. Жалпы шикізат нары­ғында қолайсыз конъюнктура, Қа­зақстан экспорттайтын өнімге әлемдік бағаның төмендеуі, БЭК бойынша Қазақстан әріптестерінің валю­таларының бірден құнсыздануы, қар­жылық нарықтың құлдырауы, шетелдік инвестициялар ағынының қыс­қаруы, сондай-ақ бюджеттік қар­­­жы­ландыру мүмкіндіктерінің шек­­теу­лілігі сыртқы және ішкі сұ­раныс­тың құлдырауымен сүйе­мелденді, деді әрі қарай вице-министр. Осы себепті экономикаға қатты сырт­қы қысымдардың  сақталуы және жаңа сындардың пайда болуы жағдай­ларында Мемлекеттік бағ­дарламаға түзетулерді енгізу талап етілді.  Сон­дық­тан, Мемлекет бас­шы­сының тапсыр­масына сәйкес, қазіргі уақытта мем­лекеттік бағдарламаны өзек­тен­діруге қатысты жұмыстар атқа­ры­луда. Отырыс бірнеше баяндамалардың оқылуы мен талқылауына ұласып, Мәжіліс депутаттары компания бас­шы­лығына сұрақтар қойды. Осы ретте «Бәйтерек» холдингінің қазіргі рөлі­не байланысты  бірқатар  пайымдарын айтқан Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев бұл басқосуда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің экономикалық дағдарыс жағдайындағы рөліне толығымен қанық болуды мақсат тұтқанын жеткізді. Осы ретте Үкіметтен және холдингтен «Бәйтеректің» республика экономикасының аумағында орнының қайда және қалай екендігін білуді қалайтынын жеткізді. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан»