17 Маусым, 2016

Үкімет тарапына сын пікірлер

349 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
02.jpg-02-09айтылғанымен, Сенат республикалық бюджеттің  атқарылуы туралы есепті қолдады Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен өткен Сенат отырысында Жоғарғы палатаның депутаттары 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің және Есеп комитетінің есептерін талқылады. Отырыста Қаржы министрлігінің, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің және Ұлттық банктің басшылары баяндама жасады.  Қаржы министрі Бақыт Сұл­танов 2015 жылы республикалық бюд­жет­тің кірістері 6 137 мил­лиард тең­геге, немесе жоспар­да­ғыдан 105,7 па­йызға жеткенін, шығыстар 7 трил­лион 163 миллиард теңге бо­лып, жоспардың 99,8 пайызын құ­р­а­ғанын баяндады. Үкімет үшін әлеу­меттік сала басымдыққа ие бол­ып табылады. Б.Сұлтанов атап өткендей, бюд­жетті контрцикл­дік ұлғайту бірін­ші кезекте әлеу­меттік шығыс­тар­ды ұлғайтуға бағыт­­талған, оның бюджет құры­лы­мындағы үлесі 39,4 пайызға ұл­ғайып, 2,8 триллион теңгені құрады. Зейнет­ақы төлемдерінің көлемі 9 пайы­зға көтерілді. Қаржы министрлігінің мә­лі­мет­тері бойынша өткен жылы рес­пуб­ли­калық бюджет тап­шы­лығының төмен­деуі байқалды, ол 912 миллиард теңге немесе ішкі жалпы өнімнің 2,2 пайызын құра­ды. Тапшылық ішкі және сырт­қы қарыз алу есебінен қаржы­лан­ды­рылды. Сондай-ақ, баяндамашы Қазақстанның мемлекеттік қары­зының көлеміне қатысты мәлі­меттер келтірді. 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 9 022 миллиард теңге (26,6 миллиард АҚШ дол­лары) болды, немесе іш­кі жалпы өнімнің 21,6 пайызын құрады. Б.Сұл­тановтың ай­туын­ша, қарыз ауыртпалығы бұ­рын­ғыша қауіпсіз шекте қалып отыр. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин өзінің сөзінде жалпы Үкіметте бюджеттің жоспардағы көрсеткіштері атқарылғанын атап өтті. Сонымен бірге, республикалық бюджеттің игерілмеген қаржысы 7,8 миллиард теңгені құрайды. Артық қарыз алудан 2015 жылдың соңында 264,4 миллиард теңге бюджет қаржысының қалдықтары қа­лыптасты, ол 2014 жылғы көлем­нен (3 миллиард теңге) елеулі түрде (90 есе) артып кетті. Одан басқа, Үкіметтің қарыздың 8,2 триллион теңгеге белгіленген лимиті 465,7 миллиард теңгеге көтерілді. Есеп комитетінің бағалауы бойынша, бюджеттің тиімсіз пайда­ланыл­ған қаржысы 459,2 миллиард теңгені құрады. Өткен жылы бірқатар мемлекеттік бағдар­ла­мал­арға аудит жүргізілді. Атап айт­қанда, «Саламатты Қазақ­стан» және «Ақпаратты Қазақстан-2020» бағдарламаларын іске асыру барысында қаржы тәртіп бұзушылықтары анықталды. Мемлекеттік органдарда және олардың мекемелерінде 474,6 миллиард теңге қаржы тәртіп бұзушылықтары анықталды, оның ішінде 2015 жылғы республикалық бюджет қаржысы 142,3 миллиард теңгесі дамуға арналған мақсат­ты трансферт қаржысы болып отыр. Республикалық инвестициялық жо­ба­ларды іске асыруда орталық мем­лекеттік органдарда жалпы сомасы 149,6 миллиард теңге тәртіп бұзушылықтары орын алса, оның ішінде 2015 жылғы республикалық бюджеттің қаржысын пайдалануда 10,6 миллиард теңгені құрады. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов сенаторларды қаржы-несие саясатының аса маңызды мәселелері туралы хабардар етті. Оның айтуынша, қаржы нарығындағы жағдай тұрақты. Сыртқы қолайлы әсерлердің аясында теңге бағамы биылғы 4 айда 3,6 пайызға нығайды. 2016 жылғы сәуір соңында инфляция жылға шаққанда 16,3 пайызды құрады. Ұлттық банктің болжамы бойынша, жылдың соңында инфляция деңгейі нысаналы деңгейдің 6-8 пайызының жоғары шегіне таяу болады. Ұлттық банктің жалпы халық­ара­лық резервтері жыл басынан бері 1,7 миллиард АҚШ долларына немесе 59 пайызға ұлғайды және сәуірдің аяғында 29,5 миллиард долларды құрады. Ұлттық қордың активтері сәуірдің аяғында 1,9 миллиард долларға немесе 3,1 пайызға, яғни 65,4 миллиард долларға дейін өсті. Нәтижесінде еліміздің халық­аралық резервтері жыл басынан бері 3,6 миллиард долларға немесе 3,9 пайызға ұлғайып, жалпы алғанда 95,0 миллиардқа жетті. Баяндамашылар өз сөздерінде бюджетті қатаң атқару қажеттігі мен атқару тәртібін арттыруды атап өткен сенаторлардың сауал­дарына жауап берді. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ольга Перепечина өзекті мәселелерге, атап айтқанда, мемлекеттік бағ­дар­ламаларды сапалы әзірлеу қажет­тігіне; мұнай бағасына және Ұлттық қордан берілетін трансферттерге байланысты бюджет тапшылығына, бюджет тапшылығын сыртқы қарыз алу есебінен емес, ішкі көздер­ден қар­жыландыруға көңіл бөлу; ква­зимемлекеттік сектордың бақы­лаусыз сыртқы қарыз алуынан мем­ле­кет­тің қарыз ауыртпалығының ұлғаюы; холдингтер арқылы суб­си­­диялар мен несиелердің тиі­м­ді­лігі; аймақтардағы жауапты қыз­меткерлердің қаржылық білік­ті­лігін арттыру қажеттігіне Үкімет мүшелерінің назарын аударды. Депутаттар Владимир Бобров, Әли Бектаев, Қуаныш Айтаханов­тың сөздерінде ауыл шаруа­шы­лығын дамыту бағдарламаларын қаржы­ландыруға қатысты Үкімет­ке өткір сын айтылды, бүгін­гі талап­тарға сай кешенді шаралар қа­был­дау ұсынылды. Сена­тор Ләззат Қиынов Қаржы министр­лігі Парламенттің Жоғарғы палата­сының комитетіне еліміздің мем­ле­кеттік қарызының жағдайы туралы берілетін мәліметтерді ұдайы шатастыратынын, сөйтіп, сыбыстар мен Үкіметке сенімсіздік туындататынын атап өтті. Палата Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы Табыс­қа салынатын салықтарға қатыс­ты қосарланған салық салуды бол­дырмау және салық салу­дан жал­тару­ға жол бермеу туралы Үкі­мет­тер арасындағы конвенция­ны және оған Хаттаманы ратифика­циялады. Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жария етті. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар