Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігіндегі техникалар жұмыс қарқынын арттырады
Еуразиялық Топтың құрамына кіретін «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі» акционерлік қоғамы соңғы жылдары бірнеше рет шетелдік алып техникалар алды. Осыдан 5 жыл бұрын жапондық HITAСHI экскаваторлары мен кен таситын ауыр жүкті көліктердің алғашқы легі Качар кенішіне алынған болатын. Бұл алып техникалар карьерлердегі жұмыс өнімділігін бірнеше есе арттырды. Әсіресе, HITAСHI алып экскаваторының дүние жүзінде 6-7 данасы ғана бар екен. Соның бесіншісі осы Качар кенішінде кен қазып жатыр. Алып экскаватор шөмішін жерге бір салғанда 27 текше метр жынысты топырақты бір-ақ алады. Ал ауыр жүкті машиналар бір сапарында 180 тонна кен жынысын тасиды, тіпті, жүргізушілердің айтуынша оларға 240 тоннаға дейін кенді топырақ артыла береді. Одан кейін де жапондық және басқа да шетелдік озық техникалар инвестициялық бағдарлама бойынша алынып отырды.
Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі техника паркі жыл сайын жаңартылады. Қазір кәсіпорынға барлығы 25 жапондық HITAСHI ауыр жүкті машиналары алынды. Оның ішінде он бес машина Качар кенішіне жіберіледі. Ал он машинаны №1 автокөлік цехы қабылдап алып жатыр, олар Соколов және Сарыбай кеніштеріне жіберілетін болады.
– Бұл 63 тонналық ауыр жүкті HITAСHI машиналары Жапонияда емес, Канадада шығарылған. Олардың екеуін кен алыбындағы арнайы алаңда құрастырып, сынақ полигонына жібердік. Құрастыру сапасына кепіл береміз. Заманауи техника кеншілер көңілінен шығады деп ойлаймыз, – дейді техниканы құрастыру міндетін алған «TURKUAZ MACHINERY» компаниясының өкілі Петр Колмаков.
Он сегіз мыңнан аса жұмысшы істейтін алып кәсіпорынға әр келген жаңа техника бүкіл ұжымның қуанышына айналады. Өйткені техникасыз және электр энергиясынсыз алып өндіріс те қайырлаған кемедей жұмысын тоқтатады. Жұмыстың тоқтаусыз жүргені адамдарға алып жүректің соғып тұрғанындай әсер береді. Өндірістің әр учаскесінде нәпақасын осы жерден тауып отырған қаншама адам оны жанымен сезінгендей. Кеншілер қаласының тынысы да осы өндірістен қуат алады. Мысалы, Андрей Владимирович басқаратын автокөлік цехында 139 машина бар, оның сыртында қаншама адам жөндеу жұмыстарымен айналысады.
– Біздің цех осыдан 4 жыл бұрын осындай заманауи техникалар алған болатын. Төрт жылдық үзілістен кейін алып отырған машиналарға бәріміз де қуанып отырмыз. Осы жолы он машина аламыз, – дейді №1 автокөлік цехының бастығы Андрей Анкудинов. «TURKUAZ MACHINERY» компаниясының өкілдері құрастырған екі ауыр жүкті HITAСHI машиналары техника қауіпсіздігі полигонына жеткізіліп, осында сынақтан өткізіледі. Онда осы бір машинада жұмыс істейтін Александр Васючковты, Захар Гайтурин, Дінмұхаммед Байқұловты ертіп цех бастығы Андрей Владимировичтің өзі келді. Бұлар жүргізушілер командасы болып есептеледі екен. Жай жүргізушіліктен бастап, кен орнына келген соң БелАЗ, Comatsu, Catarpillar ауыр жүкті машиналарымен жұмыс істеген олардың әрқайсысы мына келген HITAСHI машинасының әр тетігін жатқа біліп тұр. Үш жүргізушінің арасында Дінмұхаммедтің ғана еңбек өтілі он жылдан асыпты. Ал Александр мен Захардың жүргізушілік өтілдері 40 жылға таяған.
– Шетелдік озық техникалар жыл сайын жетілдіріліп отырады. Мына машинаның қуаттылығы аса зор емес, орташа 63 тонна. Мен мұнан бұрын 75 тонналық CAT көлігінде жұмыс істегенмін. Біздің кеніштерде бір апарғанда 195 тонна топырақ таситын машиналар бар. Олардың барлығы да өте қолайлы, ішінде қыста пеші, жазда желдеткіші бар. Шаң кірмейді. Бірақ мына техниканың артықшылығы – ақауы бірден экранға шығады, – дейді жүргізуші Александр Васючков.
Машина техникалық қауіпсіздік полигонында сынақтан асықпай өткізіледі. Жүргізушілер мен цех бастығы машинаны кезек-кезек айдап көрді. Машина кабинасындағы экраннан алдындағы, артындағы, жанындағы жолдың барлығы көрінеді.
– Жолды онсыз да әйнектен көріп отырған жоқсыз ба, мына экран жүргізушінің назарын бұрмай ма? – дейміз біз техника сынағына қатысқанда.
– Олай емес, машинаның ені өте жалпақ. Мен оң жағымдағы, машинаның артындағы жолды түгел көрмеймін. Ал экраннан оның барлығын көріп отырмын. Ал карьердегі жолдар полигондағыдай жазық емес, тереңдеген сайын қусырылып, жіңішкере береді. Онда ауыр жүкпен келе жатқан машинаға мүлт кетуге болмайды, – деп түсіндірді Андрей Владимирович.
Жүргізушілердің полигонда сыналған жаңа техникаға қуанышын біз де түсінгендейміз. Шетелден әкелінген бұл озық техникалар карьерлерде үш жыл бойы тәулігіне тоқтамай жұмыс істейді. Тек жүргізушілер түскі асын ішіп және ауысымын қабылдап алғанда ғана бір сағаттан тыныстайды екен. Осылай тынымсыз жұмыс істеген кейбір техникаларға үш жылда қол тимейді, яғни ақаусыз жұмыс істейді. Өткен жылы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің карьерлерінен барлығы 115 миллион тонна кен жынысы сыртқа шығарылған. Ал биыл жыл басынан бері кеніштер 38 миллион тонна топырақтан босатылды. Кен жынысы сыртқа шығарылған сайын таза кенді алуға мүмкіндік мол туады. Оның барлығын кеніштің сыртынан қарағанда құмырсқадай тынымсыз қыбырлап жүрген осы машиналар тасиды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
РУДНЫЙ