18 Маусым, 2016

Тентіреткен тергеу ісі

726 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
ТергеуПолиция офицерінің өліміне және жеке мүлкінің тоналуына кім кінәлі? Елбасы талап етіп отырғандай, мемлекеттік органдардың сындарлы саясатты халық көңілінен шығатындай талаппен жүзеге асыруы мерейлі міндет. Алайда, амал не, мемлекеттік орган өкілдерінің кейбіреуі керісінше әрекет етіп жатуы өкінішті-ақ. Әсіресе, бұл құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты болса тіпті де өрескелдік екені даусыз.  Мәселен, өмірінің жиырма алты жылын кезінде тергеушілік қызметке арнаған Аягөз қаласының тұрғыны Амангелді Сәтмұханбетов бүгінде сол құқық қорғау органдары қызметкерлері тарапынан орын алған заңсыздықтардан енді өзі жәбір көргендігіне шағымданып, редакциямызға арнайы келіпті. Сонау Семей өңірінен ат арытып келгендегі басты себеп, бауыр еті баласының ажал аузында жатқан сәттерінде алғашқы медицина­лық көмектің көрсетілмеуі және жеке заттарының тоналуына жол берілуі. Егер балама дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетілгенде, оның өмірін сақтап қалуға болады екен, дейді зейнеткер Амангелді Қасымұлы дәрі­гер­лермен болған әңгімесінің ұшын шығарып. Оның айтуынша, 2014 жылдың 3 шілдесінде Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласы арқылы өтетін «Алматы – Өскемен» тас жолының 761-ші шақырымында баласы жол-көлік апатына ұшырайды. Таңғы сағат бестер шамасында ұр­­ла­н­ған жылқыларды іздеу үшін өзі рөлге отырып, қызмет бабы­мен жолға шыққан баласы – ШҚО Үржар аудандық ішкі істер бөлі­мі­нің учаскелік инспекторы, поли­ция лейтенанты Амантай Мар­ғұлан­ның көзі ілініп кеткен болуы мүм­кін. Қалай болғанда, оның жеке автокөлігінің бөліктері әр жер­де шашылып жатуы және бір доң­ғалағының жұлынып кетуі соқ­қының оңай келмегендігін көр­сетеді. Алған жарақатынан ауа­ның кеуде қуысына молынан жет­пегендіктен қырылдап, өмір үшін күресіп жатқан полиция фор­масындағы жас жігітке ешкім дер кезінде қол ұшын бермеген. Жол-көлік оқиғасының алғашқы куәгері, жолаушы, Приозерск қала­сының тұрғыны Шахмұрат Айтахунов 112, 102 және 103 телефондарына хабарласыпты. Алайда, алғашқы куәгер жеке автокөлігінде әйелі мен жаңадан туылған сәбиі болғандықтан, өлім аузында жатқан полиция қыз­мет­керін жақын маңдағы ауру­ханаға жеткізіп салуды да ойламаған, тек күткен де отыра берген. Ал бір жарым сағаттан кейін өзінің жеке көлігімен жеткен жол-патрульдік полиция қызметкері кіші сержант Рауан Әнуарбеков келген бойда Ш.Айтахуновтан қысқаша түсінік алып, хал үстінде жатқан офицерге алғашқы көмек көрсетпестен, тиіп тұрған өткізу бекетіндегі жұмыс орнына қайтып кеткен. Өкініштісі сол, аудандық аурухана аталған бекет тұрған жолдың бойында орналасқан. Бірақ та жаралы жанды жеткізетін адам табылмапты. Р.Әнуарбеков бекетті тастап кетуге болмайды деген сылтаумен кері қайтып кеткен. Бұл арада, бекетте оның әріптесі старшина Асқар Күнсүйеров отырғандығын және оның жайсыз хабарды жаралы офи­­цердің Астана қаласында жүрген әкесі мен ағасына хабар­лағандығын қаперге сала кету керек. Денесінде ешқандай жарақа­ты немесе сүйек сынығы жоқ баласының қиналып жатқанын көре тұра жақын маңдағы ауру­ханаға апармаған жандарға налы­ған әке: «Өскеменнен арнайы кел­­ген дәрігер-нейрохирург қым­бат уақыттың зая кеткенін және баланың ауруханаға кеш жет­кізіл­генін айтты. Егер жапа шегуші неғұрлым ертерек жеткізіліп, ал­ғашқы медициналық көмек көр­сетілгенде, ол жанға батар ауырлық шекпей, комаға түспес еді», дейді. Бір өкініштісі сол, 21 жасында жарық өмірмен қоштасқан жас жігіт күзде үйленуді жоспарлап жүріпті. Ұрпақсыз кеткен ұланның өкініші де әке-шешесінің белін қайыстырып отыр. Сондықтан да, қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкері­нің әкесі погон­ды­лардың әрекет­тері мен әре­кет­сіздіктері, одан қалса өз істеріне немқұрайды қара­ғандығы және жалған құжат жасағандары үшін қылмыстық жауапқа тарту керек деп санайды. Иә А.Сәтмұханбетовтің бұл ішкі жанай­­қайын түсінуге болады. Бала­сын ауруханаға жеткізбек түгілі, жол-көлік оқиғасы орын ал­ған жердегі айғақтарды тіркеуге алуы тиіс жедел тексеру тобы әріп­те­сі­­нің жеке заттарының қол­ды бо­лып кетуіне жол бергені анықталды. Жайсыз хабар жеткеннен кейін жол-көлік оқиғасы орын алған жерді қарау үшін құра­мын­да аға анықтаушы, полиция капи­таны Ғалым Аманғалиев жеке жүргізушісі Нұрлан Жұмақанов­пен жолға шыққан. Олар жеткен кезде оқиға орнында мем­лекеттік автоинспекция қыз­мет­кері Алтынбек Қопабаев пен аға криминалист, полиция аға лей­тенанты Дәурен Қамаров болыпты. Аталған жедел тергеу тобы оқиға орнына жетісімен тікелей қызметтік міндеттеріне жауапты қарамай, ұқыпсыздық пен сал­ғырттық танытқан. Мұн­дай өрескелдіктердің орын алған­дығы Аягөз аудандық сотында анық­т­алып отыр. Тарқатып айт­­қанда, Ғ.Аманғалиев оқиға ор­ны­­нан хаттама толтырған кезде автокөлікті Аягөз АІІБ жет­кіз­дік деп көрсеткен. Сол күні ол бүлін­ген автокөлікті заңды иесіне қайтарудан бас тартқаны анықталып отыр. Ал шынтуайтында, құны 10 мың доллар тұратын «Тойота Карина Е» автокөлігінің бір тәуліктен кейін қанқасы мен қозғалтқышы ғана қалыпты. Онда да автокөлікті баланың әкесі полиция бекетінен өз күшімен алып кетіпті. Көптеген жеке заттарын айтпағанда, қайтыс болған полиция офицерінің қызметтік жезлі, ауруханаға жеткізілгенде қолында болған 80 мың теңгелік сақинасы, бір айлық жалақысы және 167479 теңге тұратын «Iphone-5 S» телефоны жоғалып кеткен. Қаза тапқан жігіттің әкесі бір тәулік ішінде жеке адамдар оқиға орнына жолай алмайтындықтан, полиция қызметкерлерінен күдік­тенетінін жасырмайды. Онысы бекер де емес екен. Аягөз АІІБ кри­миналисі Дәурен Қамаров поли­ция қызметкерінің ауыр халде жатқанын біле тұра әлгі «Iphone-5 S» телефоның жасырын ұрлап алғаны әшкереленген. Қолдан қолға өткен баласының телефонын да А.Сәтмұханбетов тергеушілік тәжірибесін пайдаланып, өзі анықтап, тауып берген. Не керек, сыбайлас жемқорлыққа тіке­лей қатысты қылмыс жаса­ғаны үшін криминалист екі жыл сынақ мерзімімен шартты жазаға тартылған. Ал марқұмның әмиянын анықтаушы Ғ.Аманғалиев әріп­тесі А.Қопабаевтың қолынан алған­ды­ғын айтып көрсеткен. Алайда, әмиян­да ешқандай ақша болмай шық­қан. Басқа ауданға ұзақ жолға шық­қан полиция қызметкерінің ақ­ша­сы болмағандығына сену қиын. «Тойота Карина Е» автокөлігі­нің тоналуы мен жеке мүліктерінің қолды болуы себепті қылмыскер­лерді анықтап, жауапқа тартуды өтініп, өлген баланың әкесі Аягөз ҚІІБ-не арыз жазған. Оның айтуын­ша, сол күні кешкісін полиция қыз­меткері Ринат Сәлімгереев теле­фон арқылы күйеу баласы Қуат Тұрсыновпен сөйлесіп, тіпті, үйіне де барып: «Арызды қай­тарып алыңдар» деп қоқан-лоқы жасаған. Осылайша, арыздан бас тартқызу әрекетінің орын алған­ды­ғын ашына жеткізді. Олай болса, талапкер баласының жеке мүлік­тері мен автокөлігін полиция қызметкерлерінің өздері тонауы мүмкін деген күдігінің нығая түскендігін алға тартты. «Қазақта «Бүлінгеннен бүлдіргі алма», деп жатушы еді, алайда, ішкі істер қызметкерлерінің мынадай әрекеттері жаныма қатты батқаны сондай, өз өмірімнің біраз бөлігін осы салаға бергеніме өкінгендей күй кешіп жүрмін. Әріптестерінің жаны қиналып жат­қан сәтте оны аман алып қалу­дың және заттарының қолды болып кетпеуінің жолдарын қарас­тыру­дың орнына, керісінше істеуі адамгершілікке жататын әрекеттер деп ойламаймын», деді ширек ғасырдай уақыт милиция қыз­меткері болған Амангелді Сәтмұханбетов ашынғанын жасыра ал­май. Бұл орайда ШҚО Аягөз аудан­дық және облыстық соттар поли­ция қызметкерлеріне қатысты жеке қаулыда атап кеткендей, қыл­мыстық іске тіркелген айғақты зат­тар­ды сақтау туралы ешқандай да шешім қабылданбаған. Оның үсті­не анықтаушы Ғ.Аманғалиев про­цессуалдық құжаттарды тол­тыр­ғанда жалған мәліметтер енгізіп, салақтық танытқаны осы сот­тардың жеке қаулыларында көрі­ніс тапқан. Тіпті, аудандық сот келешекте осындай келеңсіздіктер қайталанбас үшін және кінәлі полиция қызметкерлеріне тиісті шара қолдану мақсатында Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер депар­­таментінің атына қаулы көшір­­месін де жолдайды. Бірақ арада екі жылдай уақыт өтсе де ішкі істер органы қызметкерлерін қыл­­мыс­тық жауапқа тарту мәсе­лесі әлі шешімін таба алмай отыр. Талап­кердің айтуынша, облыс­тық ішкі істер департаменті басты­ғына екі телеграмма және арыз түсірген. Сонымен қатар, осы депар­­таменттің кадр басқар­масы­ның бастығы, полковник Ерлан Жұмаділовке екі рет Аягөз аудан­дық және облыстық соттарының қаулыларын өз қолы­мен жеткізіп те берген. А.Сәтмұханбетовтің арызы­мен айналысқан полковник Е.Жұмаділов тек «мен оларды жұмыс­тан шығардым» деген­­ді айтатын көрінеді. Ал А.Сәт­мұхан­бетов әлгілердің әлі күнге өз лауазымдарында жұмыс іс­теп жүргендіктерін жақ­сы біле­мін дейді. Тек 2015 жыл­дың 13 та­мы­зын­да «Менің өлкем» және «Мой город» басылым­­дарын­да «Разбойный отдел» және «Ашынған әке әділ­дік іздей­ді» атты мақалалар жарық көр­ген­нен кейін ғана келеңсіз­дік­тер­ге жол берген ШҚО ІІД бас­ты­ғы­ның бұйрықтарымен Ғ.Аман­ғалиевке, А.Қопабаевқа және М.Әділбековке қылмыстық жауап­­­кер­шілікке тартылмағаны се­бепті қызметтеріне толық сәй­кес еместіктері туралы ескерту жасал­ған. Онда да ол өлім аузында жатқан офицерді ауруханаға жет­кізбегені немесе жеке мүлік­терінің тоналғаны үшін емес, сыни материалдардың бұқаралық ақпарат құралдары бетінде кетіп қалғаны тұрғысында ескертумен шектеледі. Өкінішке қарай, ауыр халде жатқан әріптесіне көмек қолын созбай кетіп қалған Рауан Әнуарбеков пен қайтыс болған полиция қызметкерінің отбасына қоқан-лоқы көрсеткен Ринат Сәлімгереев ешқандай жауап­­кер­шілікке тартылмай отыр. ШҚО ІІД бастығының 12.09.2015 жыл­ғы №779ж/қ-у жазалау туралы бұйрығында «...БАҚ-та қоғам­дық резонанс тудырған сыни материалдардың жарық көргені үшін Аягөз АІІБ ӘПБ ЖПП взвод командирі, лейтенант Қопабаев Алтынбек Нақысбекұлы қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілсін» деген жолдар жүр. Сол сияқты, АІІБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, полиция майоры Әділбеков Сұңғат Маратұлына да осындай қоғамдық резонанс тудырған материалдар үшін ескерту берілген. «Сонда қалай, қызметкерлерінің өз ісіне адал болмағаны, әріптестеріне дер кезінде қолұшын бермегені үшін емес, қоғамдық резонанс тудырған материалдар жарық көргеніне ғана ма?», деп таңданысын жасыра алмады марқұм Амантайдың әкесі. Оның айтуынша, бұл істі 2015 жылдың 5 тамызынан Ішкі істер министрі Қ.Қасымов өз бақылауына алатындығына уәде беріпті. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының облыстық қоғамдық қабылдауында онлайн режімінде сол кездегі Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес агент­тігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев та ШҚО сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күрес депар­таментінің бастығы Ғ.Досанов­қа қылмысты толық ашу тура­лы нақты тапсырма берген болатын. Алайда, осыншама лауазым иелерінің бақылауында болса да қылмыстық іс әлі күнге қоз­ғалмай отыр. Сондай-ақ, А.Сәтмұханбетовтің жазған хат­тары мен телеграммаларына еш­қандай да жауап берілмеуде. Тіпті қабылдамайды, не өз орындарында болмайтын көрінеді. ШҚО ІІД-нің баспасөз қызметі бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан қойылған сауалға «Құжаттарға жалған ақпарат қосу фактісі тіркелмеген» деген жауап берген. Сот қаулыларын ШҚО ІІД әлі күнге қаперге алмай келе жатқандығының өзі дәлел емес пе? ШҚО прокуратурасының 2-басқарма прокуроры Е.Сейітов пен 2-басқарма бастығы Қ.Алтын­бек­ұлы «жол-көлік апаты сал­дарынан бұзылған автокөлікті полиция бөліміне жеткізу анық­таушы, криминалист, жол-поли­ция қызметкерлерінің тікелей мін­деттеріне жатпайды» деп атап көр­сеткен. Заңдардың орын­­далуын қадағалауы тиіс прокуратура қыз­­мет­керлері осындай тұжырым жасап отырғанда басқасына не жорық деп айтпауға лаж қалмайды. Қалай болған күнде прокуратура қызметкерлері Қылмыстық іс жүргізу кодексі 222-бабының 4-пунктіне сәйкес лауазымды адамға қатысты оқиға болған жерді күзету және 7-пунктіне сәй­кес бөтеннің иесіз қалған мүл­кін сақтау, айғақ заттардың тағ­ды­рын шешу туралы нормалар­ды қаперге алмаған сияқты. Соның салдарынан Қылмыстық кодекс­тің «салақтық» бабы бойын­ша қозғалған іс қайта-қайта қыс­қарып қала беруде. Не керек, сот тарапынан анықталған Ғ.Аманғалиев­тің жалған құжат жасағандығы жөнінде қылмыстық іс әлі күнге дейін қозғалмай отыр. Оның үстіне Бас прокуратурада тергеу тобы құрылып, ШҚО Аягөз ҚІІБ-нің аға анықтамашысы Ғ.Аман­ғалиев­тің өз қызметіне дұрыс қарамай, жал­ған құжат жасағандығы толық­ дәлелін тапқан. Прокуратура ор­ган­дарында бірқатар ауыс-түйіс­тен кейін іс қазір қайтадан қыс­қарып кеткені мәлім болыпты. Сондықтан да, талапкер Бас про­куратурадан өзінің конститу­циялық құқығын қорғауға, сонымен де, аталған тергеушінің Қылмыстық кодекстің жалған құжат жасау, салақтық, қызмет­тегі әрекетсіздік баптарымен қыл­мыс­тық іс қозғап, алдын ала тер­геу жұмыстарын жаңадан құрыл­ған Мемлекет­тік қызмет істері министрлігінің Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл ұлттық бюросының орта­лық тер­геу қызметіне жүктеуді сұрап отыр. «Себебі, мен ШҚО құқық қор­ғау органдарының заң­сыз шешім­деріне қанағаттанбай­мын жә­не олардың әділ шешім шығара­тын­дарына да сенбеймін», дейді А.Сәтмұханбетов. Сонымен қатар, осы кезге дейін келтірілген залалды өндіріп алуға ниеті бар екендігін де жасырмады. Қорыта айтқанда, қызметтік міндетін былай қойғанда адамгер­шілік тұрғысынан өз әріптестерінің мүлкін тонауға жол бермеу полиция қызметкерлерінің тікелей парызы емес пе еді? Былайғы жұрт не ойлауы мүмкін? Осы салада өз ісіне адал қаншама азаматтар жүр. Редакциямызға жұбайы А.Сәтмұханбетовпен бірге келген мүгедек, өмір бойы мұғалім болған марқұм полиция қызметкерінің анасы да жан ашуын жеткізді. Олай болса, құзырлы органдар әділ шешім қабылдайды деп сенеміз. Бұл іс бойынша біз жауапты тараптың да уәжін тыңдауға әзір екенімізді білдіреміз. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»