Ағымдағы 2016 жылды Елбасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығының жылы деп жариялады. Бұл – біздің мемлекетіміз үшін ерекше атаулы мереке. Ол қазақ халқының жүріп өткен ширек ғасырдағы барлық жетістіктерінің бастау көзін білдіреді. Келесі жылы да мерейтойлар болады. Солардың бірі – тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылуының 25 жылдығы.
Былтыр Қазақстан маңызды тарихи мереке – Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Кез келген мемлекет секілді Қазақ хандығы тұрақты негізде болмаса да, жасақтау қағидаттарына сәйкес өзінің әскерін ұстады. Әскер дұшпандардың шапқыншылығы кезеңінде құрылып, халық батырлары – Қабанбай батыр, Наурызбай батыр, Бөгенбай батыр, т.б. басқарды. Олардың ешқандай әскери атақтары мен шендері болған жоқ, тек саны кейде 30-40 мың адамға дейін жететін әскерге басшылық жасаушы, басшы «қолбасшы» анықтамасы болды. Бұл заманауи дивизиядан да әлдеқайда үлкен еді.
Соғыс тарихында қазақ әскери құрылымдарының 1804-1812 жылдардағы орыс-иран соғысына қатысқаны жөнінде деректер бар. Наполеон жорығына қарсы 1812-1813 жылдары орыс армиясының құрамында 4 кавалерия полкі соғысты. Оларға кім басшылық жасады, қандай әскербасы басқарды?
Әрине, алғашқы қазақ генералдар туралы мәліметтер ХІХ ғасырға жатады. Қазақ арасынан шыққан алғашқы генерал Бөкей ордасының ханы – Жәңгір Бөкеев болды. Оған осындай әскери атақты 1840 жылғы 1 желтоқсанда император І Николай берді. Ол ерекше қабілетті жан болатын, әскери қызметтен басқа ол ағартушылықпен айналысты, мектептер мен медреселер салды, қайырымдылықпен, ғылыммен айналысты. Оның ғылымға қосқан жеке үлесі үшін 1844 жылы Қазан университетінің ғылыми кеңесі Ж.Бөкеевке профессор атағын берді.
ХІХ ғасырдың 50-60-жылдары орыс армиясында қызмет ететін тағы екі қазақ офицерге генерал-майор атағы берілді. Олар – Баймұхамед Айшуақов және Мұхамеджан Баймұхамедов. Бірақ орыс армиясындағы ең атақты генерал қазақ, тіпті, заманауи шама бойынша да, инфантерия генералына дейін жеткен немесе сол кезде аталғандай «толық генерал» болған Ғұбайдолла Жәңгіров еді, бұл атақ заманауи жіктемеде армия генералына теңестіріледі. Ол Санкт-Петербургтегі Паж корпусын алтын медальмен бітірді, оның есімі Мәскеу Кремлінің Георгиев залындағы Құрмет тақтасында алтын әріппен қашалған. Ол қызметін табысты өтеді және 28 жасында полковник атағын алады. 1874 жылы Санкт-Петербург телеграфының департамент бастығы болып тағайындалды. Жәңгіров, әсіресе, 1877-1878-жылдардағы Балқан соғысы кезінде ерекше көзге түсті. Оған ерекше ерлігі үшін 1878 жылы генерал-майор атағы беріледі, 1888 жылы генерал-лейтенант атағын алады, ал 1894 жылы инфантерия генералы атағы берілді. Ол 1905 жылы император ІІ Николайдың қабылдауы кезінде қазақ депутациясын басқарып барды және көптеген өмірлік маңызы бар мәселелерді шешуге ықпал етті.
Кеңес тарихындағы ең алғашқы қазақ генерал Шәкір Жексенбаев болды. Ол қызметін Ордадағы қазақ атты әскер полкінде курсант болып бастап, кейін РККА-ның кавалерия курсын бітірді, қызыл командир атағын алып, взвод басқарды, эскадрон командирінің көмекшісі болды. Жас командирдің қабілеттері бағаланып, оған Мәскеу қаласындағы РККА академиясына оқуға жолдама берілді. 1925 жылы Ш.Жексенбаев академияны үздік аяқтап, М.В.Фрунзенің өзінің қолынан диплом алады. 1930 жылы оған әскери-химиялық әскер қызметіне ауысуды ұсынады, сөйтіп, ол 1931 жылы РККА Жоғарғы химиялық курсты аяқтайды және соғысқа дейін химиялық қызмет бойынша түрлі лауазымдарда қызмет атқарады. Соғысты ол Ленинград әскери округінің химиялық қызметінің бастығы болып қарсы алды. Ленинград шебінің құрамындағы аласапыран соғыстан кейінгі екі жылдан соң Ш.Жексенбаевқа 1943 жылғы қазанда генерал-майор әскери атағы берілді.
Соғыс жылдарындағы екінші генерал атқыштар дивизиясының командирі Сабыр Рахимов болды. Ол бұл атақты 1943 жылдың соңында алады. Ұзақ уақыт бойы генерал С.Рахимовты Өзбекстанның өкілі деп есептеп келді. Кейін оның ұлтының қазақ екені анықталды.
Соғыстан кейінгі жылдары тағы 9 қазақ генерал атағын алды. Бұл жерде тек әскери генерал атағы ғана есептеліп отырғанын атап өту қажет. Үшінші генерал 1960-1980-жылдары Қазақ КСР-інің әскери комиссары болып қызмет еткен Нұрлы Байкенов болды. Оған генерал-майор атағы 1962 жылы берілді.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Қорғаныс министрі болған С.Нұрмағанбетовтің рөлін ерекше атап өту қажет. Ол кеңес тарихындағы төртінші генерал қазақ болды. С.Нұрмағанбетов генерал-майор атағын 1964 жылы республиканың Азаматтық қорғаныс штабының бастығы кезінде, генерал-лейтенант атағын 1969-1989 жылдар аралығында атқарған САВО әскерлері басшылығының орынбасары лауазымында 1972 жылы алды.
Генерал атағын алған бесінші қазақ К.Ботаев болды. Ол республиканың ДОСААФ ОК-нің төрағасы болды. Оған генерал-майор атағы 1965 жылы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 20 жылдығы қарсаңында берілді.
Алтыншы генерал САВО автобасқармасы бастығының орынбасары С.Д.Сыртанов болды. Оған генерал-майор әскери атағы 1968 жылы берілді.
Жетінші генерал 1948 жылы Ленинград шекаралық әскери училищесін бітірген Баһадүрбек Байтасов болды. Кейін ол шекара әскерлерінде шекара отряды бастығының орынбасары, Зайсан шекара отрядының бастығы қызметтерін атқарды. 1968-1971 жылдары Шығыс шекара округінің штабы бастығының орынбасары, 1971-1987 жылдар аралығында республиканың ДОСААФ ОК төрағасы болды. Генерал-майор әскери атағы Б.Байтасовқа 1972 жылы берілді.
Әскери иерархияда жоғары биіктерге жеткен генералдардың бірі – генерал-лейтенант Жансен Кереев. Ол 1930 жылы дүниеге келді. Сол уақыттағы есеп бойынша біршама кеш, яғни әскерге 20 жасында шақырылды және Курил аралдарына қызметке түсті. Жақсы жады мен каллиграфиялық жазуға ие ол командирлер арасында беделге ие болды. Жедел қызметті аяқтамастан Благовещенск әскери училищесіне түсіп, оны 1955 жылы үздік бітіріп шықты. Училищені бітіргеннен кейін Моңғолия мен Қытай шекарасында 7 жыл бойы взвод командирі болып қызмет етті. Кейін Германияға ауысу бойынша танк дивизиясының рота командирі лауазымына ауыстырылды. 1962 жылы ол М.Фрунзе атындағы Әскери академияға оқуға түсіп, оны 1965 жылы алтын медальмен бітіріп шығады. Одан әрі ол Ленинград әскери округінде батальон командирі, полк командирі және дивизия командирінің орынбасары болып қызмет атқарады. 1973 жылы КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясын бітіріп, осы оқу орнын бітірген алғашқы қазақ болды. 1974 жылы Ж.Кереевке генерал-майор әскери атағы берілді. Одан әрі ол мотоатқыштар дивизиясын басқарып, әскер басшылығының орынбасары болды. 1979 жылы Кереевті Приволжье әскери округі басшылығының бірінші орынбасары – штаб бастығы етіп тағайындайды. Сол жылы оған генерал-лейтенант атағы беріледі. 1982 жылы оны Вьетнамға әскери кеңесші етіп тағайындайды. Генерал Ж. Кереев үлкен үміт күттірген еді, бірақ оған тағдыр жазбады. Ол 1983 жылғы сәуірде 53-ке қараған жасында Мәскеу қаласындағы госпитальде қайтыс болды. Оның кенеттен ауыруы мен тез қайтыс болуы жұмбақ күйінде қалды және осы күнге дейін түсініксіз.
Осы жоғарғы әскери атақты алған тоғызыншы қазақ Есет Қалиұлы Әлібеков болды. Ол 1925 жылы туған. 1944 жылы Фрунзе қаласындағы жаяу әскер училищесін бітірді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1954 жылы КСРО ІІМ Әскери институтын бітірді. 1956 жылдан бастап республиканың Азаматтық қорғаныс саласында жұмыс істеді, Азаматтық қорғаныс штабының бастығы болды, 1978 жылы генерал-лейтенант атағын алды.
Генерал атағын алған оныншы қазақ та жарқын тұлға – Б.Есмамбетов болды. Ол әскери училищені, М.Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірген кәсіби әскери қызметкер еді. Взвод командирінен дивизия командиріне дейінгі барлық офицерлік лауазымдарда қызмет еткен. Дивизия командирі лауазымынан Б.Есмамбетов Бас штаб академиясына түсіп, осы әйгілі оқу орнын аяқтаған екінші қазақ болды. Бас штаб академиясын бітірген соң оны Қазақ КСР Әскери комиссары лауазымына жібереді. 1980 жылы оған генерал-майор әскери атағы беріледі.
Кеңес кезеңінде осы жоғарғы атаққа ие болған он бірінші қазақ республиканың Әскери комиссары А.Жармұхамедов болды. Оған генерал атағы 1984 жылы берілді. Осылайша, 1917-1992 жылдар аралығындағы 75 жылда жоғары әскери атаққа тек 11 адам ие болған. С. Рахимов ол кезде Өзбекстан өкілі болып саналатын, сонда 10 адам қалады. Әрине, көп емес. Қазақстан тәуелсіздік алып, 1992 жылғы мамырда өзінің Қарулы Күштерін құрғаннан бастап 2000 жылға дейінгі 7,5 жыл ішінде әскери генералдардың саны 90 адамнан асты.
Манас МАҒҰЛОВ,
запастағы полковник
АСТАНА
Суретте: генерал-майор Ш.Жексенбаев (оң жақтан екінші)