*Дода
Футболдан Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде ойнайтын әлі бір ойыны бар екеніне қарамастан, Украина құрамасының будан арғы жарыс жолын жалғастыра алмайтыны белгілі болды. Бұған бұрнағы күні Украинаның Солтүстік Ирландиядан 0:2 есебімен ұтылуынан бөлек, Германия мен Польшаның ұпай бөліскендері де әсер етті. Осы күні Англия мен Уэльс арасында өткен үшінші ойында ағылшындар соңғы минуттарда жеңіс добын салып, өз отандастарын әупірімдеп әрең ұтты.
Англия құрамасының бас жаттықтырушысы Рой Ходжсон Уэльс командасымен ойынға турнирді ашқан ресейліктермен кездесудегі құрамын ешбір өзгертпей шығарды. Мұндағы болған жалғыз өзгеріс: матчтың басынан бұрыштаманы өткен жолғыдай Харри Кейн емес, Уэйн Руни бере бастады. Бірақ Альбион «арыстандары» есепті стандартты жағдайдан емес, алаңдағы ойынның ауаны барысынан ашуға тиісті болды. Осындай тактика ұстанған команда бастапқы кездерден. Адам Лаллананың сол қанаттағы Рахим Стерилингке зымыратып доп жіберуі арқылы алға қарай жаппай лап қойды. Сол пәрмендерімен олар қарсы қақпа алдына тез-ақ жетіп барды. Бірақ Рахимнің бірнеше метр жерден ұрған добы қақпаның маңдайшасынан жоғары кетті.
Бір байқалғаны, валлийліктер ағылшындардың бұлайша өздерін бірден қыспаққа алғандарына оншалықты қаймыға қойған жоқ. Олар 26-минутта өз қақпаларына доп кіріп кете жаздағанда да қатты абыржымады. Бір кезде соған дейін көлеңкеде қалғандай болып жүрген Гарет Бэйл дүр сілкінді. Сол-ақ екен көп ұзамай ағылшындардың көбесі сөгіліп жүре берді. 42-минутта қақпа алаңы сыртынан белгіленген айып добын Гарет кенет Роналдудың стиліндегідей жүгіріспен келіп, қатты соғып жіберді. Шыңылдай ұшқан доп күні бойы мүлгіп тұрған Джо Харттың сол жақ қолын жанай өтіп, торға барып топ ете қалды. Осыдан кейін жанұшырған «арыстандар» тек 56-минутта ғана есепті теңестіре алды. Ойын бұдан әрі де осы ырғақпен өтіп жатты. Негізінен ағылшындар шабуыл жасап, валлийліктер қарсы жорық ұйымдастырып, жанкүйерлерді еліктірді де отырды. Қорғаныста өте мығым болған Уэльс матчты осылай тең аяқтайтындай болып көрініп тұрған. Тек соңғы минуттарда Даниэл Старридждің жеке белсенділігінің арқасында ғана ағылшындар күтпеген жерден алға шығып кетті – 2:1!
Мамандар Германия мен Польша кездесуі аяқталған бойда бұл екі жасақ тең ойнау арқылы Украинаны турнирден ығыстырып шығарып жіберді деген тұжырым айтты. Шынында да аталған құрамалардың 0:0 есебімен тең түсулері соңғы ойында украиндарды Польшаны қандай есеппен жеңсе де, алға шыға алмайтындай етіп кетті. Себебі, бұл екі командада қазірдің өзінде төрт-төрттен ұпай бар. Ал осы күні Украинаны 2:0 етіп жеңген Солтүстік Ирландияның қоржынында 3 ұпай тұр. Демек, келесі ойында бұлар немістерден жеңіліп, украиндар 3 ұпай алып, онымен теңескен күнде де екеуінің өзара кездесулерінің нәтижесі бойынша оның алдына түсе алмайды.
Ал Германия мен Польша арасындағы ойында қарсыластардың гол соғатын мүмкіндіктері оншалықты көп болған жоқ. Бірінші турда 3 ұпайдан алып қойған екі команда бұл матчта өте сақтық көрсетті. Оларды бұл жолы тең ойын әбден қанағаттандырар еді. Сол арқылы да келесі кезеңге шығуға болатынын олар жақсы білді, Украина – Солтүстік Ирландия бәсекесіне келсек, бұлардың алдыңғысы Германиямен өткен бірінші ойынға қарағанда, біраз енжар көрінді. Бірақ ирландықтардың да олардан асып бара жатқаны шамалы еді. Олар тек болған мүмкіндіктерді өте жақсы пайдалана білді.
Бет қатталып жатқанда: Кеше түнде Италия – Швеция, Чехия – Хорватия, Испания – Түркия құрамалары арасында кездесулер өтті. Швециядан 1:0 есебімен басым түскен Италия командасы екі турдан кейін 6 ұпай жинап, жарыстың 1/8 финалына жолдама алса, Хорватия мен Чехия футболшылары өзара жеңімпазды анықтай алмады, есеп – 2:2. Ал испандықтар түрік әріптестеріне еш мүмкіндік бермей, 3:0 есебімен ойсырата жеңіске жетті. Осылайша, Пиреней түбегінің аяқдоп шеберлері де турнирдің келесі кезеңіне қадам басты.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»