18 Маусым, 2016

Теріскейден түлеп ұшқан

340 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Омир ЕскалиҚаламы қарымды журналист, ұлтжандылығымен «ұлтшыл» атанған абзал азамат Өмір Есқалимен алғаш 1990 жылы сырттай танысқан едім. Өзге ұлттар басым тұратын теріскейде Супрунюк, Ачкасов сияқты даукес мүшелері бар кердең топтар қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына өршелене қарсы шығып баққан. Сол тұста алғашқы тәуел­сіз басылымдардың бірі – «Қызылжар» газеті екі тілде жарқ ете қалды. Қара­жаттың қиын­дығына қарамастан 3000-5000 данамен, ерекше жасыл түспен шығып, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне өз өрнегін салған басылымды жұртшылық іздеп жүріп оқитын. Мәскеуде тұрса да жүрегі елім деп соққан жерлес жазушы Сергей Баймұхамедовтің, сол кездегі облыстық «Қазақ ті­лі» қоғамының төрағасы Қосыл Омаровтың, жалынды журналист Мәлік Мұқановтың,  Асхат Сағындықовтың, ғалымдар Қ.Қа­лиев­тің, Н.Чер­никовтің орыс тілінде тоқтау айтқан салиқалы да сындарлы мақалалары айыз қандыратын. Өзі облыстық «Ленин туы» /«Солтүстік Қа­зақстан»/ газетінде қызмет атқарып жүрсе де, елдің мұңын мұңдайтын, заманның шындығын жырлайтын тәуелсіз басылымды тіркеуден өткізуші де, редакторы да Өмекең болатын. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде бірге оқыған студенттік жолдасы, қазіргі Парламент Мә­жілісінің депутаты Кәрібай Мұсырманның: «1980 жылы жоғары оқу орнын үздік аяқтаған курс­тасымыз еңбек жолын Алматы облысына қарасты Бал­қаш аудандық «Балқаш еңбек­кері» газетінде тілшіліктен бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1987 жылы Алматы жоғары партия мектебінің күндізгі бөліміне түсіп, 1989 жылы бітірді. Осында оқып жүргенде қос тілділік үдерісіне қарсы шығып, «онбестің» хатын «Тыңдаушы» газетіне жариялап жіберуі, оның соңы үлкен дүмпу туғызуы – ерлікке пара-пар», – деген сөздері қаламгерлік қарекетімен ғана шектелмей, ұлт, тіл тағдыры талқыға түс­кен қиын-қыстау күндерде намысқа қамшы басқан азаматқа берілген әділ баға дер едік. Осы оқу орнын тәмамдағаннан кейін Өмір туған жерге оралып, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына ұйытқы болып, төрағаның бірінші орынбасары қызметін қоғамдық негізде қоса атқарғанын, «Азат» қозғалысы, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының бөлімшелерін құрып, төрағалары ретінде жарғақ құлағы жастыққа тимегенін жақсы білеміз. Қызылжар өңірінде ыстық оттай күйіп тұрған тіл мүддесі үшін күрестің қақ ортасында Ө.Есқали жасындай жарқылдай жүріп, өткір мақалаларымен де, қайраткерлік қабілетімен де таныла білді. Мына бір ерекше оқиға есімізде жатталып қалыпты. 1994 жылы Ресейдің шекаралас облыстарында әскери сословие ретінде құрылған казачество ұйымдары Петропавлда өз «кругын» өт­кізбек болды. Аталмыш шара жайлы хабарланған Өмекең секілді «жалаңаш батырлар» жергілікті студент жастарды ұйымдастырып, олардың ойларына қарсы шық­ты. Об­лыс орталығындағы мей­рам­ханалардың бірінде шетелдік казак өкілдерін қарсы алып жатқан жергілікті атаман-сымақ Виктор Ачкасовтың әскери гим­настеркасындағы погонының жұлынып, аяққа тапталатыны да: «Қонақтарымнан ұят болады, қайтарып беріңіздерші»,  – деп тізерлеп тұрып жалынатыны да, отансүйгіш азамат­тардың «Атамекен» әнін тік тұрып шырқайтыны да – осы кез. Республикалық «Азат» қоз­ғалысының көшбасшысы Сәбетқазы Ақатайға хабар беріп, «Аттан, Қызыл­жарға!» шеруін ұйымдастыруға, Жамбыл облысынан 70-ке тарта азаттықтардың келуіне түрткі болған Өмір екенін біреу білер, біреу білмес. Осындай қалың елді қаһарына мінгізген қуатты наразылықтың арқасында атамандар айылын жиып, райларынан қайтарылған. Жергілікті ақын, қазақ тілінің жанашыры Виктор Вихляевтың жұртшылық арасына кеңінен тарап кеткен: «Азат – ни шагу назад!» деген нақылы әлі күнге дейін айтылады. Облыс орталығында ұлттық білім беру ошақтарының, тұңғыш қазақ балабақшасының ашылуына, жаңа мектеп ғимараттарының салынуына Өмір Есқали ерен еңбек сіңірді. Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ мектебі, қазіргі С.Шаймерденов атындағы қазақ классикалық ғимназиясы Тәуелсіздіктің үлкен сыйы ретінде тарту етіліп, ана тіліне шөліркеп отырған балалар сыныптарға сыймай кетті. Шеткі шағын аудандарда шашырай орналасқан қандастарымызға балаларын қазақша оқытуға, тәрбиелеуге үгіттеу, орыс мек­тептері жанынан 18 қазақ сыныбын ашу оңай шаруа болған жоқ. Өмір Шалабайұлы журналистикамен қоса қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып келеді. Оның, әсіресе, желтоқсантанушы ретіндегі еңбегі зор. Тәуелсіз Қазақстан үшін тоталитарлық режімнің қысым-тепкісін аяусыз көрген, түрлі қуғын-зобалаңдарға ұшы­раған қызылжарлық ұл-қыздар жайлы сериялы мақалалар жариялады. Тынбай іздестірудің арқасында оқудан қуылған, ауыр дене жарақаттарын алған 30-ға жуық желтоқсаншы жерлестеріміздің есімдері бел­гілі болды. Түрлі мерзімдер­ге сотталған А.Мұзафаров, Б.Иман­­­ғожаев, Е.Мәлібеков, Қ.Күзембаевтың Петропавл түрмесінде отырғанын естіп, мұрағаттық құжаттарға қол жеткізу үшін талай есікті тоздыруына тура келді. 9 жыл бойы теперіш көрген әскери қызметкер Боташ Қажымовқа баспана әперуге, ауыр дене жарақатын алып, оқудан шығарылған Қай­рат Оспановты жұмысқа орналастыруға көмектесті. Желтоқсан көтерілісінің құр­баны, жерлесіміз Нұржан Қали­­асқаровты алғаш қалың жұртшылыққа таныстырып, арнайы қор құрды. Боздақтың есімін қастерлеу, жас ұрпақ бо­йына елді, жерді сүю рухын ояту мақсатымен оның атында волейболдан жарыс өткізу дәстүрге айналды. Есіл ауданының орталығы – Явленка кентіндегі қазақ мектебіне, Петропавлдағы бір көшеге талантты режиссер Аяған Шәжімбаевтың есімін алып беруге, №6 қазақ орта мектебі ғимаратының қабырғасына ме­мориалдық тақта орнатуға ті­келей бастамашы болды. Міне, теріскейден түлеп ұшқан Өмір Шалабайұлының азаматтық болмысы осындай. «Егеменнің» Қызылжардағы «елшісі» отызында орда бұзып, қырқында қамал алып, елуінде ел, жер үшін қызмет етуді жал­ғастырып келсе, алпыс атты ас­қаралы асуға да алқынбай жетіп, азаматтық парасат-пайымымен де, адамгершілік қадір-қасиетімен де ел-жұртқа сыйлы, беделді. Лауазым иелеріне батырып айтатын, шындықтың көзіне тура қарайтын азаматтық қалпыңнан айныма дегіміз келеді қаламы жүйрік әріптес інімізге! Нұрсайын ШӘРІП, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Солтүстік Қазақстан облысы