18 Маусым, 2016

Он жетіде от кешкен

393 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
танкМенің атам Хамит Көшербаев 1943 жылы 17 жасында өз еркімен Отанды қорғауға аттан­ған. Осы жылдардың қайғы-қасіреті мен жеңіс­тің тәтті дәмін қазіргі ұрпақ тек кинодан, әдеби кітап­тардан оқып қана біледі. Мен, сонымен қатар, өз атамның аузынан да естіген едім. Атам 1926 жылы 1 желтоқсанда Орал об­­л­ысы­ның Тайпақ ауданындағы Сарытоғай ауы­лын­­да дүниеге келген. Әкесі Таудай, ағалары Көбдік, Тәкен, Шабай, Салахадин 1941 жылы соғыс бас­талысымен әскерге шақыртылады. 1943 жылы 17 жастағы атам Хамит те өз еркімен Отанды қор­ғауға аттанады. 1943 жылы күзде атасы Көшербай сүйікті немересін соғысқа аттандырып тұрып: «Айна­лайын, Хамитжан, сені сәби күніңнен бауырыма басып өсіріп едім. Садағаң кетейін, аман орал», деп Ескіесім ауылының сыртында ат үстіндегі немересін үш рет айналып шығып, ақ батасын беріп, шығарып салады. Соңғы рет атасын көруі сол екен, атам соғыстан оралғанда ол кісі қайтыс болыпты. «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деген осы екен ғой деп отыратын. Атам соғысқа 1943 жылы күзде Тайпақ аудандық әскери комиссариатынан аттанып, №52311 Тоцк әскери училищесінде командирлік курста оқиды. Сол кезде Чкалов атындағы әскери училищеде ұшқыштар дайындауға арнал­ған іріктеу сынағы өткізіледі. Соңғы сынақта креслоға шыркөбелек айналдырыпты. Креслодан түсісімен атам құламай, есіктен тура дәлізге шығыпты. Барлық сынақтан мүдірмей өтеді, әйтсе де, неге екені белгісіз, келесі күні оны ұшқыштар тобына жібермей, командирлік топқа ауыстырады. Командирлік оқуын бітірісімен Калинин майданында, соңынан 130-атқыштар дивизиясының 528-полкінде, яғни ІІІ Беларусь майданының қолбасшысы, армия генералы И.Д.Черняховскийдің қарамағында болады. ІІІ Беларусь майданында неміс-фашист бас­қын­шыларына қарсы жан аямай соғысып, Бал­тық бойындағы Вильнюс, Каунас, Гумбинин, Инс­­тенбург, т.б. қалаларды азат етуге қатысады. Шы­ғыс Пруссиядағы стратегиялық маңызы зор ежелгі Кенигсберг қамал-қаласында күшті қарулан­ған неміс әскерлеріне қарсы жойқын соққы беруге атсалысады. Кенигсберг қамал-қаласына шабуыл жасаған­да жаудың борап тұрған оғының астында жауынгерлер көп шығынға ұшырайды. Атамның алдындағы Т-34 танкі өртеніп, ондағы бір қазақ, бір орыс танкисін өрттен құтқарып алады. Қарсы шабуыл кезінде жаудың траншеясына граната лақтырып, бірнеше фашисті жер жастандырады. Сөйтіп, кеңес жауынгерлері сапында Кенигсберг қаласына басып кіреді. Әйтсе де, осы кескілескен шайқаста аяғына оқ тиіп, госпитальға түседі. Қазан қаласындағы №5868 госпитальда сол жақ аяғына операция сәтті жасалып, аман қалады. Емделіп жатып, бухгалтерлік курсты бітіреді. Отан үшін болған шайқаста атамның қарулас жолдастары көпұлтты болғанымен, бәрінің мақсаты біреу – жауды талқандап жеңіспен елге қайту еді. Ал соғыста көрсеткен ерлігі үшін атам І дәрежелі «Отан соғысы», ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Кенигсберг қаласын азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», т.б. 17 медальмен марапатталады. Жалпы, Көшербай әулетінен 6 адам соғысқа қатысқан. Таудай атам Ростов жерінде қаза тапқан. Көбдік ағамыздан қара қағаз келген. Тәкен көкеміз соғыста алған жарақатының салдарынан елге оралған соң қайтқан. Шабай мен Салахадин жараланса да елге аман-есен келген. Ал атам мүгедек болып 1946 жылы елге орал­ғаннан кейін Базартөбе совхозында 35 жылдан астам бухгалтер болып істеп, ІІ-топтағы ҰОС мүге­д­ектігімен құрметті еңбек демалысына шығады. Өмір жолында өз жерлестерінің лайықты сый-құрметіне бөленген Хамит Көшербаевтың атына Базартөбе ауылындағы көрікті көшелердің бірі берілген. Зайыбы Кәлима Құсанқызы екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірген. Артында қалған ұрпақтары оның ерлігі мен есімін ешқашан ұмытпаймыз. Ринат КӨШЕРБАЕВ, немересі ОРАЛ
Соңғы жаңалықтар

Жетісудың Қызылтас аумағында экоакция өтті

«Таза Қазақстан» • 03 Қазан, 2024

Ринат Заитов: Төл өнерге төр керек

Мәдениет • 03 Қазан, 2024

Жоғарғы Сот судьясы сайланды

Сенат • 03 Қазан, 2024

Бітімгер әйелдердің саны артады

Әйел әлемі • 03 Қазан, 2024