18 Маусым, 2016

Дауа

367 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Нурлан-1Қарағандылық хирург Н.Құлмағанбетов бірегей операциялар жасайды Адамның сезім мүшелерінің ауырғанынан сақтасын. Қос жанарды айтпағанда, құлақ естімей, мұрын иіс сезбей қалса дүниенің жарты қызығы сырт айналғаны да. Әйтеуір, дәрігер ағайын араша түсіп, аманшылығымызды ұзартып жатамыз. Адамның есту қабілетін қалпына келтіру бойынша операциялар біздің елімізде бұрын Алматы мен Астанада ғана жасалатын еді. Бұл игі іс екі жылдан бері Қарағандыдағы облыстық медицина орталығында да қолға алынған. Жоғары санатты дәрігер, аталмыш медицина орталығындағы оториноларингология (ЛОР) бө­лім­­шесінің меңгерушісі Нұрлан Құлмағанбетов осындай операцияны тимпанопластика деп аталатын жаңаша әдіспен жасайды. Есту қабілетін жақсарту опера­циялары, оның ішінде тимпанопластика Қарағандыда бұрын да жасалып келген. Алайда, кен­­шілер қаласында осы әдісті ал­ғаш қолданған санаулы мамандар кейін басқа жақтарға қоныс аударып, ақыры бұл ділгір әдіс ұмытылуға шақ қалғандай еді. Сұраныстың көптігін аңдаған Нұрлан Құлмағанбетұлы микроскоп арқылы жүзеге асырылатын осы бір нәзік тәсілді соңғы екі жылда шындап қолға алды. Дыбыс қабылдау жарғағын қалпына келтіру дегеніңіз зергердің жұмысынан да көп артық ептілікті қажет етеді. Зергер бүлдірсе, әше­йін әшекейді бүлдірер, ал адам құлағының миға жақын бөлігімен жұмыс істейтін хирургтің қате­лесуге хақы жоқ. Алайда, отаның бұл түрі кез келген науқасқа жасалмайды. Дыбыс қабылдау жарғағы зақымдалған сырқаттың басқа дерті болмауы тиіс, иммунитеті берік болуы керек. Жеңіл анестезиямен жасалатын операция бір сағатқа жуық созылады. Науқас әлі операция үстелінде жатқан кезінен бастап ести бас­тайды. Бір ғажабы, осындай ота жасалған адамдардың 90 пайызында есту қабілеті толығымен қалпына келеді екен. Бұрын Арқа жұрты осындай операция жасату үшін Алматы мен Астанаға барып, тіпті шетел асып та жататын. Енді бұл мәселе Қарағандыда да оң ше­шімін тапты, оның үстіне операция толығымен тегін. Өйткені, емдеудің бұл түрі мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек түріне жатқызылған. Екі жыл ішінде 40-тан астам пациентке тимпанопластика жасалған. Айта кету керек, Қа­раған­ды облыс­тық медицина орталығының оториноларингология бөлімшесінде аса тәжірибелі, құлақпен қоса тамақ пен мұрынның түрлі сырқаттарын анықтау мен емдеудің заманауи әдістерін әбден меңгерген білікті мамандар еңбек етеді. Облыстық медицина орта­лы­ғының базасында Қарағанды мем­лекеттік медицина универ­ситетінің оториноларингология кафе­драсы орналасқан.  Осы жерде Қарағанды мен облыс тұрғындарына емдік және консультациялық көмек көр­сетіледі. Осыдан төрт жылдай бұрын бөлімшенің Нұрлан Құлмағанбетұлы бастаған хирург мамандары лор-мүшелерді эндоскопиялық әдіспен емдеуді көздейтін жаңа технологияларды пайдалана бастады. Аз ин­вазивті тәсілдер өсінді, ісік тәрізді кеселдерді сылып алу ке­зінде қолданылады. Былтырғы жылдың өзінде 100-ден астам эндоскопиялық операциялар жасалды. Мұрынға жасалатын осындай отаның бір артықшылығы науқастың терісіне зақым келмейді. Бұрынғыдай тілу-кесу қажет емес, тек бір-екі жерден кейін ізі білінбей кететін тесікше жасалады. Мұрын қуысының ауруларын емдеу барысында дәрігер нақты залалды тұсты эндоскоп арқылы анық көріп, басқа тұстарды зақымдамай, сол жерді дәл табады. Бұл, әрине, дәрігерді де, сырқатты да артық әуреден арылтып, пациенттің тез жазылуына кепілдік беретін әдіс. Эндоскопиялық отадан кейін сырқат өзін аздап жайсыз сезінетіні болмаса, еш жері ауырмайды да. Қазіргі медицина науқастың проблемаларын кешенді түрде шешуді көздейді. Өйткені, шынында да, бір ауру екінші дертке түрткі болуы немесе жазылуына кедергі болуы мүмкін. Сондықтан, бөлімше медицина орталығындағы басқа қызметтермен тығыз қа­рым-қатынаста жұмыс істейді. Мамандандырылған жабдықтар, жоғары білікті дәрігерлер, әлемдік деңгейдегі технологиялар сырқат түрлерін тез анықтап, тиісінше емдеп жазуға жол ашып отыр. Қызметі ауыр, қолы жеңіл Нұрлан Құлмағанбетұлы бастаған абзал жандар ұжымы осындай қа­йырлы іспен айналысуда. Азамат дәрігердің шипалы қолы адамзатқа қуаныш сыйлай берсін! Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ