21 Маусым, 2016

Жаңа жүйе: ізденіс және мүмкіндік

308 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Мед сактандыруӨткен аптада Ақтөбе облысында ел Премьер-Ми­нистрі Кәрім Мәсімов бас­таған Үкімет делегация­сының құра­мында келген Денсаулық және әлеуметтік даму ми­нистрі Тамара Дүйсенова аймақ­тың денсаулық сақтау саласы қыз­меткерлеріне міндетті әлеу­меттік медицина­лық сақ­тан­­дыру (МӘМС) жүйесі­нің негіз­гі қағидаларын түсіндіруге арнал­ған жиын өткізген еді. Қазақстан халқы Ассамблеясының ғима­ра­тын­да өткен жиынға об­лыс­тық мәслихаттың хатшы­сы Сәния Қалдығұлова, респуб­ли­ка­­лық санитарлық авиация ор­­та­лығының директоры Нұржа­н Отарбаев, аймақтағы 40 ме­ди­циналық ұйымның бас дәрі­гер­лері, ДСӘДМ Меди­ци­на­лық қызметке ақы төлеу коми­теті ай­мақ­тық депар­та­менті­­нің, ден­сау­лық сақтау бас­қар­ма­лары­ның басшылары қатысты. Жиында министр медицина қыз­мет­керлерін төл мерекелерімен құт­тық­тады. Содан соң ден­сау­лық сақтау саласына енгізілетін жаңа жүйенің негізгі тетіктері мен ұтымды жақ­тарына тереңірек тоқталды. Тамара Қасымқызының айт­уынша, сақтандыру жүйесі «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» жоба­­­сы­­ның негізінде жасалып отыр. «Міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру туралы» ел Заңына сәйкес, міндетті әлеу­меттік меди­циналық сақтандыру жүйесі елімізде 2017 жылдан бас­тап кезең-кезеңімен енгізі­ле­ді. Енді еліміздегі әрбір азамат­тың денсаулығы үш жақты жауап­кершілікке алынады, яғни мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың өзі бұған атсалысады. – Қазір әлемде медициналық сақтан­дыру жүйесі кеңінен қол­данылады. Қазақстан үздік халық­аралық тәжі­рибені ескере отырып, үш жақты ынты­мақты жауапкершілік негізінде жүзеге асатын жүйені таңдады. Бұл жүйені жүзеге асыру медицинаның мүм­кіндігін кеңейтеді. Мысалы, бұрындары инфек­циялық ауру­лар көп болса, қазіргі таңда жұқ­палы емес, яғни қан қысымы, жүрек ауруы, қант диабеті секілді ауру түрлері көбейіп отыр. Дис­пан­серлік тіркеуде тұрған азамат­тардың 50 пайызынан астамы осы сырқатқа шалдыққан. Ал мұндай аурулардың алдын алып, емдеуге жыл сайын мемлекеттен қыруар қаржы бөлінеді. Жүргізілген зерттеу­лер бойынша, 2004 жылы меди­цина саласына 131 миллиард теңге ақша бөлін­се, өткен жылы 867 миллиард теңге қаржы жұм­салыпты, Яғни, осы жыл­­дары қаржыландыру көлемі 6,3 есе­дей артқан. Мұның барлығы бюджетке үл­кен салмақ түсіретіні белгілі, дей келіп Тамара Қасымқызы сақ­тан­дыру жүйесі ен­гі­зілсе, меди­цинаның мүм­кін­дігін одан әрі арттыруға болатынын атап өтті. Министр сондай-ақ, МӘМС жүйесін енгізу – дамыған елдер тәжірибесі бойын­ша еліміздегі денсаулық сақтау сала­сының қар­жы­лық тұрақтылығы жүйе­сін, медициналық көмектің қол­жетім­ділігін арттырып, амбу­ла­торлық-дәрілік қамсыз­да­ндыруды ұлғайтуға ба­ғыт­та­ла­тынынан, сонымен бірге, мемлекет пен аза­маттардың денсаулық сақтау сала­сындағы тең дәрежедегі жауап­­кер­шілігін қамтамасыз ететінінен хабардар етті. – Жуырда медициналық ұйым­дар­дың басшылары МӘМС жүйе­сінің қағидалары туралы өз қыз­мет­керлерін ақпараттандырып, түсі­нік береді. Жалпы алғанда, 13290 медициналық қызметкер, оның ішінде 3 мың дәрігер, 10,3 мыңға жуық орта медициналық қызметкер оқумен қамтылатын болады. Сонымен бірге, ДСӘДМ ұйымдастырған МӘМС-ті енгізу ақ­параттық-түсіндірме жұ­мыс­­тарының аясында арнайы мобиль­дік топтар Оңтүстік Қазақ­стан, Шы­ғыс Қа­зақ­стан облыс­тарын­дағы және Астана қаласын­дағы 179 ме­­ди­­циналық ұйым (ОҚО – 105, Семей – 40, Астана қ.– 34) басшы­­лары үшін семинар­лар өткізді. Шара ба­ры­сында ауру­ханалар мен ем­ха­на­­лардың бас дәрігерлері МӘМС-ті енгізу бойынша барлық сұрақ­тар­ға жауап алды, – деді ол сөз арасында. Оның айтуынша, әрі қарай олар өз еңбек ұжымдарында ақпа­раттық-түсін­дірме жұмыс­тарын жүргізетін болады. Жалпы алғанда, Оңтүстік Қазақ­стан облысында – 7,2 мың дәрігер мен 22,2 мың орта медициналық қызметкер, Семейде тиісінше1,9 және 2,8 мың, Ас­танада – 5,8 және 9 мың адам оқу­мен қамтылады. Медициналық қыз­­­меткерлермен кездесу – ДСӘДМ-нің биыл өткізетін кең көлем­­ді ақпараттық-түсінік жұ­мыс­­тары­ның алғашқы кезеңі бо­­лып та­былады. Бұдан былай МӘМС жүйесінің қағидалары, меди­­ц­и­налық сақтандыруды ен­гізу ке­зең­дері мен оның ұтымды жақ­­тары туралы тұрғындар мен жұмыс берушілерге түсіндірілетін болады. – Естеріңізге сала кетейін, Қазақ­­стан­да үздік халықаралық тәжі­ри­бені есеп­ке ала отырып, мем­ле­кет, жұмыс беруші және әр­бір адам­ның ынтымақты жауап­кер­­ші­лігінің негізінде әзірленген ме­ди­ци­налық сақтандыру жүйесін ен­гізу жұмыстары басталады. Соны­­мен қатар, мемлекет эконо­ми­­калық белсен­ділігі төмен халық үшін жарна төлей­тін болады. Жұмыс берушілер – жал­дама­лы жұ­мыс­шылар үшін, қызмет­керлер мен салық органдарында тір­келген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейді. Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің ке­піл­дік беріл­ген көлемімен (ТМККК) әрі қарай қамтамасыз етуін жалғастырады. Олардың қатары­на әлеуметтік мәні бар ауру­­лар, шұғыл жағдайлар, жедел ме­ди­­ци­налық көмек, санитарлық авиа­­ция мен вакциналау кіреді, – дейді Тамара Дүйсенова. Азаматтардың денсаулығын қор­ғаудың жалпыға бірдей құқы­­ғын қамтама­сыз ету мақ­са­тында сақ­тандырыл­маған аза­мат­­тарға 2020 жылға дейін ТМККК аясында амбулаторлық дәрілер­мен қамсыздандырылған амбула­тор­лық-емханалық көмек, МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға жоғарғы технологиялық медици­на­лық қызметтер, стационарды алмастыратын технология­лар, ұзақ мерзімді мейіргер­лік күтім, амбу­латорлық дәрілер­мен қам­сыз­дан­ды­рылған амбулатор­лық-ем­хана­лық көмек көрсетілетіні де айтыл­ды. Сонымен қатар, егер аза­мат­тар ерікті сақтандыруға қаты­сатын болса, МӘМС жүйе­сінде қарас­тырыл­маған медицина­лық көмек ала алады. Ол жеке сақ­тандыру компания­лары­мен бекі­т­ілген келісімшарт негі­з­інде жүзеге асырылады. Жаңа жүйе бойынша келер жылдың 1 қаңтарынан мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр­ған азаматтар әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қорына жарна төлейді. Бұл ретте ерекше са­нат­тағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшері орташа айлық еңбекақының 7 па­йызын құрайды. Бұл 2024 жылға дейін кезең-кезеңмен өседі. Ал жұмыс берушілер төлейтін жарна мөлшері жалпы кірістің 5 пайызын құрайды. Бұл да кезең-кезеңімен жүзеге асады, яғни 2017 жылы 2 пайыз, 2018 жылы – 3, 2019 жылы – 4, 2020 жылы 5 па­йыз­ға өседі. Ал өзін-өзі жұмыспен қам­­тып отырған азаматтар, сондай-ақ, жеке кәсіп­керлер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, аза­мат­­тық-құқықтық негіздегі келісім бо­йынша кіріс табатын жеке тұлғалар кіріс­терінің 7 пайызын қорға аударады. Жал­дамалы жұмысшылар жарнаны 2019 жыл­дан бастап 1 пайыз­дық, 2020 жыл­­дан 2 пайыз­дық мөлшерде төлейтін болады. Әлеуметтік медициналық сақ­тан­­дыру қоры жарнасын төлеу­ден азамат­­та­рдың 15 санаты босатылады. Оның ішінде 12-сі – ха­лық­тың әлеу­мет­тік тұр­ғыдан осал тобы, соны­мен бірге, әскери қыз­­мет­­­кер­лер, арнайы мемлекеттік және құқық қор­ғау орган­дарының жұмыс­­­шы­­лары бол­мақ. Ха­лықтың әлеу­­мет­тік тұр­ғы­дан осал тобына жата­тын бала­лар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегер­лері, «Батыр ана» ата­ғын алған­дар, І-ІІ дәрежелі «Ана­лық даңқ» ор­дені­мен мара­­пат­­тал­ған көпбалалы аналар, Ұлы Отан со­ғы­­сы­ның ардагерлері, мү­ге­дек­тер, жұмыс­сыз ретінде тір­­­кел­­ген­­­дер, интернат меке­ме­лерін­де оқы­ты­лып, тәрбие­леніп жат­­қан аза­мат­­тар жар­на төле­мейді. Сон­­дай-ақ, тех­ни­ка­лық-кәсіптік, орта білім­­нен кейін жо­ға­ры білім беру ұйым­­дарында күн­діз­гі бөлім­де, рези­ден­­турада оқып жат­қан аза­мат­тар және үш жасқа дейінгі бала күті­мімен үйде отырған аналар, жүк­­ті әйелдер, зейнеткерлер, уақыт­­ша ұстау, тергеу изо­ля­тор­ларын­­­дағы аза­­мат­тар да жарнадан боса­­­ты­лады. Бұлар­дың барлығы мем­­лекет есебі­нен тегін көмек ала­­ды. Сондай-ақ, көр­сеті­летін ме­ди­­­­ци­­на­­лық көмек сақ­тан­дыру қо­рын­­­­­дағы қаржы арқылы жүзеге асы­ры­ла­ды. Алайда, мемлекет бюд­­же­ті­­нен кепіл­­ден­дірілген тегін ме­ди­­ци­­налық көмекке бөлін­ген қар­жы тоқтап қалмай­ды. Қазіргі күні азаматтар қандай меди­ци­на­лық көмек алып жүрсе, соның бар­­лығы алдағы уақытта да жүзеге асы­­рыла береді. Мәселен, жедел меди­­цина­лық жәр­­дем, санитарлық авиа­­ция, әлеу­мет­тік ауру­лар, төтен­­ше жағдайларда көрсе­тілетін ме­ди­­­­­ци­н­а­лық көмектер, вакцина егу се­кіл­­­ді бірқатар қызметтер тегін жүр­гізіледі. Сақтандыру қорындағы қаржы­ның негізгі бөлігі профилактикалық жұ­мыс­тарға жұмсалады. Сонымен бірге, меди­циналық көмек деңгейі жоғарылап, сапалы дәрі-дәрмек алуға үлкен мүм­кін­дік туады. Сақ­тандыру қорына жарна төлеу ар­қы­лы тұрғындарға аурухана мен емхананы, дәрігерді таңдау еркін­дігі беріледі. Бұл кезде емдеу ме­ке­мелері арасында бәсекелестік қалып­тасады, олар халыққа сапалы қызмет көр­­сетуге ұмтылады. Себебі, емдеу ақы­сы дәрігерге сол қордан төленеді. Бұл рет­те жеке­меншік емханалар да жаңа жүйеге кіруге ынталы болады. – Сарапшылардың болжамы бойынша, МӘМС-ті енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлық­тай жақсарады, сондай-ақ, дәрі­гер­лердің жалақысын арттыру мүм­кіндігі пайда болады. Ауру­ханаларды жоғарғы санатты жаб­дық­тармен және қым­бат дәрі-дәр­мектермен қамтама­сыз ету­ге ал­ғы­­шарт жасайды. МӘМС адам­ға тек­­серуден өтуіне, қажет болған жағ­дай­да өз қаржысын жұмсамай ем алуына мүм­­кін­дік береді, – деп түйіндеді ойын министр. Осы және өзге де мәселелерге жан-жақты тоқталған Тамара Дүйсенова жиынға қатысушыларға жаңа меди­ци­на­лық сақтандыру жүйесін кең көлемде түсіндіріп, ме­ди­цина қызметкерлерінің бірқа­тар сұрақтарына жауап берді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы