04 Ақпан, 2011

Оқиға

440 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ЖАПОНДЫҚТАР ЖАРҚЫЛДАП, БІЗ СӘЛ ЖАБЫРҚАП ҚАЛДЫҚ

Солдатсайындағы кеше та­ңер­теңнен бастап, қабағы ашыл­маған бұлыңғыр күн мұнда са­йыс­қа түскен біздің спортшы­ларымыздың көңіл-күйімен үй­лесіп тұрғандай болды. Еркін мәнермен 10 шақырымға жүгір­ген әйелдер біріншілігінде де, 15 шақырымда бақ сынасқан ерлер жарысында да Қазақстан шаң­ғышыларының жолы болмай, сәтсіздікке ұрынғанына жан­күйерлер қатты қынжылды. Жүлделі орынға таласады деп саналған біздің Елена Коломина мен Светлана Малахова-Шишкина тиісінше бесінші және алтыншы орындарға жай­ғас­ты. Светлана бұл сәтсіздікті шаңғы табанын майлайтын май құрамының дұрыс таңдалмауы­мен байланыстырды. «Барымыз­ды салдық, амал не, шаңғымыз дұрыс сырғанамай қойды» деп қапаланды ол. Дәл осындай сәт­сіздік біздің шаңғышылары­мыз­дың басында 1996 жылы Харбинде болған екен. Қыздарымыз жіберіп алған есені жігіттер қайтарады деген үміт те ақталмады. 15 шақырым­дық ерлер арасындағы еркін мә­нер­дегі жарыс жолында жапон­дық­тар ойқастай жарқылдап ерек­ше көзге түсті. Қашықтықты 49 минөт 31 секөнтте бір­қа­лыпты жүріп өткен Йосида Кейсин ал­тын алқаны иеленді. Мәреге 27,5 секөнт кейін келген оның отан­дасы Нарусэ Нобу жеңіс тұ­ғыры­ның екінші саты­сына көтеріліп, күміс медальді олжалады. Осыдан екі күн бұрын спринтерлік жарыста күміс медальға қол жеткізген, келесі күні Алексей Полторанинмен бірге ко­мандалық спринтте дес бермеген біздің Николай Чеботько жарыс жолын аса ауыр жүріп өтіп, зордың күшімен үшінші орынға ілікті. Әлбетте, қалың жанкүйердің күткені қола медаль емес еді. Оны Николай­дың өзінің де олқысынғаны көрініп тұрды. Бірақ, бұл арада «Бақ шаппайды, бап шабады» деген сөз расқа шықты. Май құрамы дұрыс таңдалмаған қа­зақстандық спортшылардың шаң­­ғылары тұтқыр тартып, өз мүмкіндіктерінен әлдеқайда тө­мен деңгейде өнер көр­се­туіне себепші болғандай. Дей- тұрсақ та, жарыстардың ал­дағы үш күні әлі де талай тамаша табыс­тар, алтын-күміс ме­дальдарды көптеп сыйлайды деп сенеміз. * * *

СОЛДАТСАЙДАҒЫ ҚАР ФАБРИКАСЫ

Азиада кезінде Алатау бөктеріндегі ауа райы төртінші күні сыр берді. Сілбірей себелеген жанбыр басылып еді, қалың тұман түсті. Қолайсыздықтар осыдан шықты. Шымбұлақ пен Солдатсайдағы суперкомбинация, биатлон мен шаңғымен бағдарлаудан жарыстар тоқта­ты­лып кейінге қалдырылды. Алматы төңірегінің аспаны биыл қыста қарға да сараңдық танытқан. Бірақ шаңғы спорты­ның барлық түрлерінен жарыс­тар өтетін Шымбұлақ пен Та­бағанда, Солдатсай ста­дион­дары мен трассаларында қардан таршылық болған жоқ. Себебі, бұл спорт нысандарының бәрінде де жасанды қар жасайтын қон­дырғылар, жалпақ тілмен айт­қанда, қар зеңбіректері алдын ала орнатылып, іске қосылып қо­йылған болатын. Бір ғана Солдатсайды алайық­шы. Қардың судан жасалатыны белгілі. Олай болса, осы мақсат үшін мұндағы шаңғы және биатлон стадиондарының қасынан 7000 шаршы метр алаңда арнайы тоған жасалды. Бұл жасанды көл таудың сарқырап аққан бұлақ­тарымен толығып, әркез 15 мың текше метр су кемеріне келе шү­пілдеп тұрады. Көл суы құ­быр­лар желісі арқылы стадиондарға, шаң­ғы трассаларына жеткізіледі. Әр тұсқа қар жасайтын генераторлар, яғни қар атқылайтын зеңбіректер орнатылып қойыл­ған. Азиада басталардан көп бұрын Солдатсай стадион­дары­на жарты метрлік қар қабат­тары айқара төселіп тасталды. Финляндиядан әкелінген осы­за­мандық «Ретракт» маркалы тракторлар сол қарды нығыздап тегістеумен айналысады. Жа­сан­ды қар жасалуы осылайша жолға қойылған бұл үлгіні Сол­датсайдағы қар фабрикасы дерсіз. Күн жылымық тартқан дәл қазіргідей шақтарда жұқалтаң тартқан шаңғы жолдары дереу жаңа қармен еселей толық­ты­рылуда. Басқа-басқа, ал енді Азиада жарыстары Алатау бөк-­ терінде қардан кемдік көрмейді деп біліңіз. * * *

АСЫҚПАЙТЫН АУҒАН

Азия ойындарында нелер қы­зықтар болып жатыр. 15 шақы­рым­дық еркін мәнердегі шаңғы жарысында жапон жігіті Йосида Кейсин мәреге жақындаған шақта қайтадан келесі айналымға түсіп кетіп, алтын медальдан қағылып қала жаздады. Әйтеуір, қателік дер кезінде түзетіліп, оны қақ­пай­лап әкеліп мәре жолына сал­ды-ау. Әйтпесе, алтынды Кейсин­нің адымын ашырмай ізіне түс­кен екінші жапондық Нарусэ Нобу алып кеткендей екен. Ал енді нақ осы жарыс жолын­да жұрт озып шығуға жанұшырып жанталасса, ауған жігіті Омар Рона мәреге жетуге онша асыға қоймады. Бірақ ол тамам жұртты тағы жарты сағат күт­ті­ріп, ақырғы келсе де, оған көр­сетіл­ген көрермендердің құр­мет-қошеметі алтын алқа ол­жалан­ғандікінен асып-түспесе, кем бол­­мады. Омардың олим­пия­лық жай­барақаттығы Солдатсай шаң­ғы стадионындағы қым-қуыт тірлікті кәдімгідей тоқта­тып, кідіртіп тастады. Жарыстың соңғы қатысушысы мәреден өтпейінше, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі де кейінге ысы­рыла тұрды. Әрі, бұған қоса, марапаттаушылар мен жеңім­паздар жүріп өтетін қызыл кілемше төселетін жерден шаң­ғы жолы өтеді екен. Сөйтіп, Азиаданың тамам хал­қы жалғыз Омарды күтуіне тура келді. Ол болса, қайнына келген­дей-ақ, не болмаса Алатау қой­нау­ларының көркін тамашалап се­йілдеп жүргендей-ақ, асығар емес. Бірақ, Омар­дың сонысына қа­бақ шытқан жан болсайшы. Қалай десек те, «Ең бастысы – қатысу» деген спорт­тық қағи­датты қалтқысыз ұс­тан­ған ауған­дық жігіт 15 шақы­рымдық жарыс жолын жүріп өтті. Өз Отанының бай­рағын жамыла желбіретіп мә­рені ақыр­ғы қиған Омар Ронаны қол­паштаған Солдатсайдағы мың­даған көрерменнің айқайы тау жаңғырықтырды. Қорғанбек АМАНЖОЛ.