22 Маусым, 2016

Шаршы алаңдағы шарболат

556 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
рашид-1Жаратқан адамға талант берсе, кейде оны үйіп-төгіп бере салады ғой. Кезінде Кеңес Одағы чемпионы атағын екі рет жеңіп алған, КСРО Кубогының иегері болған атақты боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қырғызстанның халық әртісі Әбдірашит Әбдірахманов мұны спортшылық мансабының соңғы жағын актерлік өнердің өзгеше өрнекті әлемімен әдемі ұштастыра біліп, керемет дәлелдеп көрсетті. Рингте 224 рет жекпе-жекке шығып, соның 210-ында жеңген саңлақ кейін 24 фильмде әртүрлі рөлдерде ойнады. Қазір Әбдірашиттің осы екі саланың екеуінің қайс­ы­сына сіңірген еңбегінің басым екенін дөп басып, тура айтып беру қиын. Шын мәнін­де, шаршы алаңның шарболат шандозы болған оның жұдырықтасу шеберлігі, өзін ұстауы ғажап еді. Сол кезде қандай қарсыласымен де қай­мықпай шайқасатын шымыр жігітке сүйсіне қарамайтын жан­күйер кемде-кем болатын. Ал кино әлемінде бір жолы жас актердің аты аңызға айналған Микеле Плачи­­до­ның өзін сынақта жолда қал­дырып кетуі оның мұнда да айбыны асқанын аңғартады. Бұл өзбек режиссері Әли Хамраевтың «Бо-Ба-Бу» картинасында бас қаһарманды сомдайтын актер іздестіріліп жат­қанда орын ал­ды. Рас, итальян жұлдызы бай­қау-сы­наққа өз елін­де қатысса, Рашит қабі­летін Ташкентте безбен­ге салды. Сон­дық­­тан олар бір-бірі­мен қатар келіп, бақ жарыс­ты­рып көрген жоқ. Нә­ти­же­сін­де көркемдік кеңес мүше­лері бұл рөлге бірауыздан қазақ­стан­­дық жігітті бекітуге ұйғарым жасады. – Мұның мынадай да бір ілкі бас­тауы бар, – дейді Әбдірахманов қазір осы фильм туралы сөз болғанда. – Оны тіпті қызықты да тағдыршешті жағдай деп айтар едім. Мен картина түсірілерден аз ғана бұрын қазақ­стан­дық режиссер Мұрат Нұғманов жасаған бір жарнама ролигінде ойнағанмын. Оның түсірілімі Іле өзенінің жағасында өтті. Мен роликте алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі беліне лыпа байлап алып, қолына найза ұстап, шауып жүрген жабайы аңшы адамның кейпін бей­неледім. Сценарий бойынша күн­нің енді қызарып шығып келе жат­қан кезін ұрандатып қарсы алуым керек-тін. Сол кезде, неге екенін өзім де білмеймін, аузымнан «Бо-ба-бу!» деген айғай шығып кеткен. Артынша тап осындай атаулы фильм­ге түсу сынағына шақы­рыл­дым. Ал Әли Хамраев үшін лента шынында да өмірлік мәні бар на­ғыз елеулі емтихан болды. Себебі, соның алдында ол он жыл бойы түсі­ріп келген «Темірлан» деген фильмін кейін келген студия басшылары бұдан алып қойып, басқа киноре­жиссерге беріп жіберген екен. Осылайша бәрінен шеттеп қал­ған ол, міне, жаңа картинасы арқы­лы өзін қайта танытып, үлкен өнерге оралып еді. Ал біздің кейіпкеріміздің кино әлемінің қайнаған қазанына топ етіп түсіп кетуінің мынадай алғы­шарты бар болатын. 1969 жылғы қазан айында алматылық екі бокс­шы – Жандос Көкімов пен Әбдірашит Әбдірахманов тарихта бірін­ші рет өткелі тұрған КСРО – АҚШ матчтық кездесуіне еліміздің құрамасы сапында қатысу үшін мұ­хит­тың ар­ғы бетіне ұшып бара жат­ты. Екеуі де кездесулердің бірін­ші­сін­де ұты­лып, келесісінде айқын ба­сым­­дық­пен жеңетін сапарға бас­та­ған әуе лайнерінің бортында бұ­лар атақты кинорежиссер Шәкен Аймановпен қатарласа отырады. Ұшу барысында Әбдірашитпен бі­раз әңгімелескен Шәкен аға сөз арасында оны өзінің көптен бері сырттай бақылап жүр­генін, бойында біраз қабілет бар екенін сезетінін білдіре келіп, енді өзін кино саласында да бір сынап көруді ұсынады. Бұл ұсыныс сол мезетінде лып етіп көтеріліп, қиялын біраз шарықтатып өткенімен, шаршы алаңдағы шайқас­қа кіріскен соң ұмытылғандай болған. Бірақ Шәкен аға ұмытпапты. Бұлар Алма­ты­ға оралған соң, ұзамай соңы­нан шақыртушы жетті. Түсірілгелі жат­қан «Ақ шаршы алаң» деп аталатын фильмнің сынақ-байқауына қатыстыру үшін іздеп келіпті. Сол кезде барып, Шәкен ағасының борт­тағы әңгімені бекер айтпағанын білді. Сосын шегінуге жер қалма­ға­нын сезіп, келген жігітке ілесіп, кино­студияға барды. Сөйтсе, лентаны түсіргелі жатқан басқа режиссер – Шәріп Бейсенбаев екен. Абырой болғанда, неше күнгі сы­нақ­тан сүрін­бей өтті. Орталық теле­­ви­де­ниенің тапсырысымен тү­сі­рілген сол фильм жарыққа шық­қан­­нан кейін мамандар мен көрер­мен­дер тара­пынан зор ықы­ласқа бөленді. – Кәсіби актер болмаған соң маған түсірілім кезінде көпте­ген кедер­гілер кезікті, – дейді Әбдірах­манов осы күні. – Соның ішіндегі ең қиыны ал­­дына кәсіп­қой боксшы болуды мақсат етіп қойған талапкердің бас­тап­­қыдағы қола­пайсыз, икемсіз қимыл-қозға­лыс­тарын келтіру болды. Бұл фильм­нің кейін өзіме зияны тиіп те кете жаздаған. 1971 жылдың маусым айында Одақ құрамасы құрамында Еуропа чемпионатына қатысу үшін Мадридке ұшып кел­генімде, спорт комиссиясы менің әуес­қойлар сайысына қатысуыма нара­зылық білдірді. Бақсам, «Ақ шар­шы алаңды» көріп алған олар мені кәсіпқой боксшы санап отыр екен. Осының салдарынан әртүрлі ойға беріліп, түнімен ұйықтай ал­ма­­­дым. Соңында бәрінің анық-қа­ны­­­ғы­на көз­дері толық жеткен ұйым­­дас­ты­р­у­шы­лар мені жарысқа жіберді. Әбдірашит өзінің өмірінде алғаш және соңғы рет қатысқан құрлық бірін­шілігінде шаршы алаңға екі мәр­те шықты. Екі жекпе-жегінің екеуін де өте жоғары қарқынмен өт­кізді. Нәтижесінде... елге ешбір жүл­де­сіз оралды. «Әбдірашит Әбдірахманов ең соңғы болып бокстасты, – деп жазды «Советский спорт» өзінің сол жылғы 15 маусымдағы нөмірінде. – Ринг түбінде ұрысқа даярла­нып тұрып, кенет билеп кеткенін­де, аға жаттықтырушы Анатолий Степанов оған: «Асықпа, екі раунд жұ­­мыс жаса, рингті сезін...», деген кеңес берді. Алайда, оның бірінші соқ­қы­сының өзі-ақ швейцариялық Карл Гшвиндті сұлатып түсіре жаздады. Әбдірашит сол жақ ұстанымында ұрыс сала жүріп, қарсыласына екі бірдей «зеңбірекпен» тарпа бас салды. Біріншісі ұдайы атқылап тұрады, ал екіншісі сирек соғады, бірақ баудай түсіреді. Швейцариялық алғашқы «бомбалаудан» кейін-ақ қорқып қалды. Оған шайқастың аяғына дейін жету азап болды да, екінші раундта жекпе-жек тоқ­та­тылды». Осылайша бірінші жек­пе-жегін мерзімінен бұрын бітір­ген Әбдірашит ширек финалда итальян Дамиано Лассандроға қар­сы шықты. Бұл ұрыс та біздің бокс­­шы­мыз үшін сәтті басталды. Өзі­нен қара­дай үркіп, қашып жүр­ген қар­сы­ла­сына сол қолымен алыс­тан қат­ты соқ­қылар беріп қойып жүр­ген ол керекті ұпайды жақ­сы жи­нап жатты. Жерлесіміздің жой­­қын жұды­ры­ғының сырылын естіп отыр­ған испан көрермендері оған дем бере түсті. Ал итальян боксшысы нок­даун алып қалу­дан сақтанып, қайта-қайта мұның иығына асылып қала берді. Біздің саңлақ екінші раундта оны қарша жауған соққының астына алып, қар­қынды үдетіп жіберді. Енді бол­маса, қарсыласы сыр беріп, ұшып түсетіндей көрінген. Кенет раунд соңына қарай алаңдағы рефери ұрысты тоқтата қойды. Сол кезде Рашиттің қабағынан қан сау­лап тұр екен. Сонымен, ақырына бармай аяқталғалы тұрған тағы бір шайқастың тағдыры мүлдем басқаша шешіліп кетті. «Неге сонша жақын қашықтыққа бара қойдым екен?» – деп күйінді Әбдірашит дәрігер Станислав Куров жарасын қарап жатқанда. Бірақ енді бәрі кеш еді. Сөйте тұра, қазақ­стан­дық бағлан турнирдің «басты жаң­а­лығы» саналды. «Біздің боксшылар көп жеңіліске ұшырап жатқанымен, олар туралы жаман жазылып жатқан жоқ, – деп атап көрсетті «Советский спорт» 18 маусымдағы есебінде. – Мәселен, Әбдірашит Әбдірахманов «чемпионат жаңалығы» аталды, онымен ұрысқан итальянның «жолы қатты болып кетті» десіп жатыр. Иә, Әбдірашитке Еуропа чемпионы атанудың әбден-ақ реті келіп тұрды. Тіпті, жарасы жазылмаған жарылған қабақпен де ол бұған жете алатын еді». Бұдан артық қандай баға керек! 20-06-16-abdrahmanov-1...Кез келген жолдың өз бас­тауы, сол бастаудың да өз себебі бол­ады. Сол сияқты біз сөз етіп отыр­ған Әбдірахмановты киноға әкелген бокс болса, оның боксқа келуіне себеп­шілік еткен бозбала кезінде көрші тұрған бір сүйкімді қыз еді. Болашақ белгілі боксшы-актер 1946 жылдың 20 маусымы күні Алматы қаласында көп балалы ұйғыр отағасы Хакимнің шаңырағында дүниеге келді. Ол үйемелі-сүйемелі балалар ортасынан шыққанымен, кішкентай күнінен көше тентегі болып өсіп келе жатты. Күндердің күнінде жасы 15-ке келіп қалған Әбдірашит үйінің жанына Алматы облысының Ұйғыр ауданынан бір орыс отбасы көшіп келді. Сол үйдегі кейін өзіне өмірлік серік болатын Люда есімді 14 жасар қыз келгеннен біздің кейіпкерге ұнайды. Сондықтан ол әр нәрсені сылтау етіп, көршінің қызы жанынан табыла береді. Бірде Люда «Юность» журналынан атақты литван бокс­шы­сы Ричардас Тамулис туралы мақала оқып отырғанда, Әбдірахманов тағы келе қалады. Қарап тұрмай, қыз­дан не оқып отыр­ғанын сұрайды. «Бір тамаша жігіт туралы», дейді қыз әдейі. «Менен де тамаша ма?», деп қыр­сыға қалады сосын бозбала. «Иә, сенен де артық, – дейді қыз мұ­ны ызаландырғысы келіп. – Оның ар­тық­шылығы – ішпейді, темекі шек­пей­ді, сосын бокспен айналы­са­ды». Заматында өңі қуарып кеткен боз­бала сәлден соң өңін сәл жұм­сар­тып, қыздан журналды сұрап алып кетеді. Сол күннен бастап Людмила көше­ден Әбдірашитті сирек көреді. Бір күні кездейсоқ кездесіп қалға­нын­да қыз одан: «Күнде кешке дор­баңды асынып, қайда барып жүр­сің?» деп сұрайды. Бұған ол: «Бала­лайка үйренуге барып жүрмін», деп қырсыға жауап береді. Бірақ арада бірнеше ай өткенде, жігіт бокстан қала біріншілігінде жеңіп алған алтын медалін бойжеткенге көрсетіп, құпиясының сырын өзі ашады. Ал арада 5 жыл өткенде, баяғы Таму­листің өзімен шаршы алаңның төрін­де ұшырасады. Бұл тарланның қай­раты қайтып қалған кезі еді, жас бағ­лан­ның тегеурініне шыдай алмай, екін­ші раундта құлап түсті. Сол-ақ екен, Әбдірашит оны қолынан сүйе­мел­деп тұрғызды. Соңынан неге бұлай еткенін сұраған журналистер­ге біздің боксшы өзінің кезінде Ри­чар­дастың арқасында спорт­­тың осы түріне келгенін, сон­­дық­тан өз отбасы үшін оның ма­­ңыз­­ды тұл­ға болып табылаты­нын айтып, ағы­­нан жарылған. Сол Таму­листі құр­мет­теге­нінен шы­ғар, кейінірек Одақ құра­масы сапы­на алынып, талай халық­аралық жа­рыс­тарға барып жүр­генінде, ол Литва елінің өзі секіл­ді КСРО-ның екі дүркін чем­пио­ны атанатын был­ғары қолғап ше­бері Юозас Юоца­ви­ч­ус­пен керемет дос болып кетті. Екеуі­нің отельдерде бір нөмірге орна­ла­са­­тындарынан бөлек, көшеде де ыл­ғи жұптары жазылмай жүруші еді. Біз шамамен осы жылдары Әбді­рашит­тің рингтегі қайталанбас өнеріне тәнті бола бастағанбыз. Соның ішінде 1969 жылдың науры­зын­­да Саратов қаласында өткен Одақ біріншілігі арқылы рингтегі ұрыс­­­тарына алғаш рет көгілдір эк­ран ар­қылы куә болдық. Сол чем­пионат­та Әбдірашит Әбдірахманов жерлесі Жандос Көкімов екеуі финал­да жеңі­ліп, тұң­ғыш рет күміс ме­даль­ді мо­йын­­­дарына ілді. Ақтық сынақта 48 кило­­ға дейінгі сал­мақ­тағы Жандос сара­товтық тәжірибелі бокс­шы Анатолий Семеновке есе жіберсе, 67 кило салмақтағы Әбдірашит киевтік Владимир Мусалимовтен ұтылды. Бұл ретте айта кететін бір жайт, Қарағанды қаласында туып-өскен Мусалимов содан біраз жыл бұрын өз жаттықтырушысы Николай Лимен бірге Украина ас­та­насына қоныс аударып, 1967 және 1968 жыл­­дары Одақ чемпионы болып үл­гер­­ген еді. Міне, осы жекпе-жек Әбдірашит­тің намысын қатты қай­рап кетті. Олай болатыны, доңыз еті бар тамақты аузына алмайтын мұсыл­ман баласы Еділ бойында неше күн бойы ашқұрсақ болып, ұрысқа әлсіреп шыққан еді. Сон­дық­тан Алматыға келісімен, келе­сі ке­з­дес­кенде Мусалимовтен қалай­­да есе қайтарудың жолдарын із­дес­тір­ді. Сыртқа шыққанда, өзіне керек­ті ауқатты өзі дайындап алатын болып шешті. Бұған Саратов­тағы ұры­сын теледидардан көріп, сын айт­қан анасы ақыл қос­ты. Бірақ қыр­сық шалғанда, сол жылы боз­ба­ла кезінен жеке жаттық­ты­ру­­­шы­­­сы болып келе жатқан ұс­тазы Мин­­герей Хайрутдинов жер­­гілік­­ті басшы­лықпен келісе ал­май, Ленин­град­қа кетіп қалды. Бұ­ған қапа бол­ған ол енді ешкім­нің сая­сына бар­май, өзін өзі жат­тық­тыр­­ғанды дұ­рыс сана­ды. Ара­сын­да құр­а­ма­ның жат­тық­­тыру­шы­лары Искан­дер Хасанов пен Әбді­салан Нұр­маханов мұны көбіне сал­мақ­тары ауыр өзге боксшылармен спарринг­тік ұрыстарға қо­сып, біраз ай­лар жон арқасы жо­са­­дай болғанша «шық­пыртып» алатын. Сол уақытта «Ақ шаршы алаңға» түсу барысында тау-тасты кезген кез­­­дері де аз болған жоқ. Түп­теп кел­­­генде, мұның бәрі бокс­шы­ның қуатын арттырып, табан­­ды­­­л­ы­­­­ғын шыңдай түсіпті. Бұған Әбдірашит 1970 жылдың қара­ша айын­­да Каунаста өткен чем­пио­нат­қа бар­­ғанында анық көз жет­кізді. Тур­­нир­ді өте күшті бастады. Ал­ғаш­­қы 1/8 финалдық іріктеу сынын­да Телищевті бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберсе, 1/4 финалда Валуев­­ті айқын басымдылықпен ұт­ты. Ал жартылай финалда қарсы ал­­­ды­­нан Одақтың үш дүркін чем­пио­­ны, Олимпиада мен Еуропа чем­­­­­пио­­наты­ның қола жүл­де­гері Вла­димир Мусалимов шы­ға кел­ді. Бірақ айызы қанғанша шай­қа­са­тын болғанына қуанып шық­қан Әб­дір­ашиттің дегені болмады. Мұ­ның ұрыс басынан толассыз жау­дырған соққыларынан қаймықса керек, Владимир екінші раундтың басын­да жекпе-жектен бас тартты. Осы­дан кейін ол бокстағы мансабын да біржола аяқтады. Ал біздің бағлан финал­да харьковтік Владимир Новиков­ті емін-еркін жеңіп, алғаш рет Одақ чемпионатының алтын медалі­не қол жеткізді. 1971 жылғы наурыз айының орта­сынан Қазан қаласында келесі чемпионаттың жалауы желбіреді. Әбдірахманов бұған Одақта енді өзіне тең келетін қарсылас жоқ еке­нін анық сезініп, үлкен сеніммен кел­ді. Ойлағаны жөн екен, мұндағы 4 жекпе-жегінің бәрін де ол айқын басымдықпен аяқтады. Алдымен 1/8 финалда өткен жылғы Валуевті бірінші раундта-ақ іске алғысыз етті. Ширек финалда Ягудаевты үшінші раундта нокаутқа түсірді. Жартылай финалда Каунастың ақтық айқасын­да кездескен Новиковті 5:0 есебімен ұтты. Бұдан соң финалда мәскеулік Анатолий Хохловты бірінші раундта талдырып түсірді. Өкінішке қарай, Әбдірашит осы жігітпен арада небәрі 4 ай уақыт­тан кейін тағы кездесіп, екінші раунд­та иектен тиген соққыдан нокаут алып қалды. Бұл шілде айында Мәс­­кеуде керуен керген КСРО ха­лық­­тары Спартакиадасының жар­­­ты­­лай финалында орын алды. Бірақ бұған сол күні таңертең бұ­лар – жат­тықтырушылар Искандер Хасанов пен Станислав Болдырев үшеуі мінген автобусқа трол­лей­бус­тың арт жағынан келіп соғуынан Әбдірашиттің ұшып кетіп, шытырлап сынған әйнек сынықтары арасына ес-түссіз құлап қалуының әсері болғанын ешкім білген жоқ еді. Осыдан кейін біздің боксшының қайта қатарға қосылуы қиынға түс­ті. Соның салдарынан сол жы­лы Крас­ноярскіде болған КСРО Кубогы үшін жарыста жергілікті Павлов деген бокс­шыдан екінші раунд­­та но­каутпен ұтылды. Күзге қарай Мәскеудегі ЦСКА спорт залын­да 1972 жылғы Мюнхен Олим­пиа­­да­­сы­на баратындарды іріктеу спар­рин­гі­лік ұрыстары ұйым­дас­тырыл­ды. Сонда кандидаттар қа­тарында бол­ған Әбдірашит өзінің екінші ұры­сын­да минскілік жас боксшы Ана­то­лий Березюкпен күш сынасты. Оның уылжып тұрған түрін көріп, өзі­нің айтулы соққысын жұмсауды жөн көр­меген ол артынша мұнысы үшін өкініштің өрмегіне шырмалып қал­ды Себебі, оның бұл әрекетінің өзін тәртіп бұзушылық деп есепте­ген төрешілер ақырында тала­са-тар­­т­ы­са келіп, жеңісті 3:2 есе­бі­­мен Әбдір­ашит­­тің жас бәсе­ке­­ле­сіне бе­ріп жі­бер­ді. Сөйтіп, оның олим­пия­лық жолы кесілді. Ал Ойын­дарға ке­йін Мюн­хендегі бірін­ші шай­қасын­да-ақ ұшып кететін Анатолий Хохлов баратын болып шешіл­ді. Осыдан кейін тағы екі жыл ринг­тегі жолын жалғастырған, жаңа 71 кило­ға дейінгі салмаққа ауысып, екі халық­­а­ралық турнирде жеңіске жет­­кен тарлан талант 1974 жылы 28 жасын­­да бокс өнерін доғаруға шешім қабылдады. Әбдірашит боксшы қолғабын шегеге ілгеннен кейін Орта Азия әс­ке­ри округінің құрама командасын жаттықтыруды қолға алды. Ол өзі қабылдаған кезде әскерилер құра­ма­лары арасында 16-орында тұрған ұжым­нан келесі жылы 6 боксшы­ның Одақ құрамасына алынуына қол жеткізді. Солардың арасындағы Орзубек Назаров пен Андрей Курняв­ка кейін КСРО мен әлемнің ала­­­ма­­нында топ жарса, бұлардан бөлек, тағы 4 шәкірті Одақ чемпионы атанды. Бірақ ол кез­де елде жат­тық­тырушылық пен ак­терл­ікті қатар алып жүруге рұқ­­сат етілмейтін еді­. Сондықтан Әбдірах­мановқа бап­кер­­лік­ті біржола қоюға тура келді. Деген­мен, оның ал­­ғашқы кино­лен­тасы мен келесі кар­­ти­насы ара­сын 8 жылдық уақыт бө­ліп тұр­ды. Ал 1979 жылы екі бір­дей фильм­­ге түсті. Оның біріншісі «Өзбекфильм» киностудиясында түсі­ріл­ген Эдуард Хачатуровтың «Ринг­ке шақырылады» фильмі болса, екін­шісі «Чемпион» деп аталатын кар­­тина еді. Мұның екеуінде де ол эпи­зод­­тық рөлдерде көрінді. Со­ның ішінде бірінші лентада прототип етіп бокс­шы Руфат Рискиев алынған. Негізі, Рашитке кинодағы ата­ғын шындап шығарған Ләйла Аранышеваның «Қабыланның» үш секі­рісі» фильмін түсуді тағы 7 жыл күту­ге тура келді. Онда актер ке­ңес жеріне ұшақпен келетін неміс диверсанттарын тауып, жойып жі­беру тапсырмасын алған капитан Қадыров­ты сомдады. Ал келесі, 1987 жылы Әбдірахманов КСРО Мемлекет­тік радиокомитет тапсырысымен «Қазақ­фильм» түсірген әке мен бала ара­сындағы драмаға арналған «Қар жолбарысы» картинасында бұрынғы белгілі боксшы Аханның тұлғасын шығарды. Бұдан әрі «Балкон» (1988 жыл), «Бірге» (1988), «Бейбарыс» (1989), «Бейбарыс сұлтан» (1989), «Кене» (1990), «Азия­лық» (1991), «Отырардың күйреуі» (1991), «Боранды бекет» (1995), «Ермак» (1996), «Бо-Ба-Бу» (1998), «Голгофқа әркім кіреді» (2003) секілді фильм­дер бірінен соң бірі жалғасып кете барды. Актердің «Боран­ды бекеттегі» рөлі 1996 жылы әлем кино өнеріне қосқан «Алтын камера» жүл­десімен марапатталды. Қазақ боксы мен киносының дамуына өлшеусіз үлес қосқан талантты тарланның өмір жолдарындағы белесті кезеңдер осындай.   Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»