Брест қамалын қорғауға қатысқан қазақ
Осыдан тура 75 жыл бұрын адамзат тарихындағы ең бір қанды қырғын – Ұлы Отан соғысы басталды. 1941 жылдың 22 маусымы күні дәл шекарада орналасқан Брест қамалының аумағына таңсәрідегі сағат 4-тен 15 минут кеткенде кенет дүниенің астаң-кестеңі шығып, мыңдаған снаряд жаңбырша жауып қоя берді. 1418 күнге созылып, 27 миллион адамның өмірін жалмаған Ұлы Отан соғысының қаралы қоңырауы осылай соғылды.
Міне, менің қолымда 125-атқыштар полкінің құрамында соғысқан қазақстандықтардың тізімі тұр. Онда барлығы 117 адам бар. Жауынгер Мәмиев Әбдіразақ Мәмиұлының тұсына: «Командирін құтқарып қалған. Ерлігімен ерекше көзге түскен», деген қысқаша ғана анықтама жазылған.
Соғыстың алғашқы күні Брест қамалында болған қанды қырғын туралы біраз жазылды. Ол, әсіресе, «Брест қамалы» деген кітап жазып, сол үшін 1964 жылы Лениндік сыйлық алған Сергей Смирновтың деректі дүниесінде айрықша шыншылдықпен суреттелген. Ол туралы бертінде фильм де түсірілді. Ал біз бұл жолы көптің аузына алғаш іліккен қамал қорғаушыларының бірі де бірегейі Ғаббас Жұматов ағамыздың естелігін келтіргенді жөн көріп отырмыз.
«Өлген адамда есеп жоқ. Жаумен жағаласқан жауынгер де, бала да, әйел де, қарт та оққа ұшып жатты. Шөлден өлгендер де, аштан өлгендер де аз болған жоқ. Қару-жарақ жарамсыз болып, оқ-дәрі де таусылды. Тау-тау болып үйілген мәйіт екі күнге жетпей иістенді. Адам шыдап тұра алмайтындай халге жетті. Қамал ішін індет жайлады», – депті қарт жауынгер бір сұхбатында.
Кейбір деректерге жүгінсек, 4,5 шаршы шақырым жерді алып жатқан қамалдың әр метріне бір снаряд, яки бомба түсіпті. Жоғарыда айтылған қамал ішіндегі 7-9 мың адамның тең жартысы опат болған.
Енді сол күнгі қырғын соғыстың жалпы картинасы оқырманға түсініктірек болу үшін Брест қамалының өзі жайлы айта кетуді жөн көрдік.
Мухавец өзенінің Буг өзеніне құяр жеріне орналасқан қамал негізінен орталық цитадельден және оны қоршай орналасқан Волын, Тересполь және Кобрин деп аталатын үш бекіністен тұрған. Оның құрамында, сонымен қатар, форт деп аталатын біраз кішкене қорғандар да болған. Мәселен, біз жоғарыда атап кеткен Ғаббас Жұматов ағамыз қамалдан 6-8 шақырымдай жерде орналасқан Ковалево фортында майдандасқан.
Біздің тарихшылар немістер ешбір ескертпестен шабуыл жасады деп ақталуға әуес. Оу, қай жау: «Біз сендерге сағат 4-те шабуыл жасаймыз, дайын тұрыңдар», деп ескертеді. Шабуылды тұтқиылдан ұйымдастыру – әскери тактиканың бірі. Біз бұдан бұрын біраз майданды бастан кешіріп әдістеніп алған фашистердің мұны жақсы қолданғанын көреміз.
Соғыстың тарихын тарқатқан сайын небір қызғылықты фактілер де кездесіп жатады. Мәселен, тұтқиыл соққыдан тез есін жиып, немістерге қарсы алғаш ұрысты ұйымдастырған да неміс ұлтының өкілі екенін екінің бірі біле бермес. Ол кеңестік неміс Александр Дулькейт деген майор еді.
«Немістердің алғашқы соққысын 125-атқыштар полкі өзіне қабылдап алды», деп жазылған Брест қамалы туралы құжаттардың бірінде. Александр Дулькейт, міне, осы полктің командирі болатын. Сәл алға озып айтар болсақ, қолына тапаншасын кезене ұстаған ол 60-тай жауынгерді нұсқаулық бойынша жинақталу пункті көрсетілген аэродромға қарай бастап шығады. Алайда, көп ұзамай фашистердің автоматшылардан құралған тосқауылына тап болып, аяғынан жараланып, тұтқынға түседі. Онда немістер өз қандасын айрықша өшпенділікпен қорлап, қинап өлтірсе керек.
Біздің бұл әңгімеміздің басты кейіпкері Әбдіразақ Мәмиев осы 125-атқыштар полкіне қарасты 2-ші батальонның 4-ші ротасында мерген ретінде соғысқа кірген. Брест қамалының даусыз қаһарманы, тура қанды қасаптың қайнаған ортасында болған Әбдіразақ Мәмиевтің есімі ағайын-туыстарына ғана болмаса, көпке дейін жалпақ жұртқа белгісіз болып келді. Мұның сырын сәл кейінірек айтамыз.
Ол кісінің ардақты атын 2005 жылы осы «Егемен Қазақстан» газетіне «Брест» деген көлемді мақала жазып, жарқ еткізіп жалпақ жұртқа алғаш рет жария еткен Мадрид Рысбеков пен Серік Әбдірайымұлы ағаларымыз еді. Қаламдары қарымды, айтқандары алымды бұл екі ағамыз төрт жылы кем тоқсандағы Ғаббас Жұматов қарияны Брестке дейін мәпелеп апарып, талай жайттың бетін ашып қайтты. Ғабекең қандыкөйлек досы Әбдіразақтың тірі екенін, тіпті, оның өзінен қарға адым жерде – Жамбыл ауылында тұрып келгенін сонда бір-ақ білген ғой.
Әңгімеміздің желісіне қайта оралсақ, Әбдіразақ сол күні екі жыл әскерде бірге болған Рахымбай Оспанбаев, Қожахан Қадыров, Ереке Жақыпов, Әбдіғали Баяндин сияқты жора-жолдастарының арасында ертең ауылға қайтамыз деп қуанысып, түнімен елегізіп шала ұйқылы болып шыққан. Алайда, қанқұйлы жау олардың ойларының да, өмірлерінің де таңсәріде-ақ быт-шытын шығарды. Бір қызығы, бұлардың көпшілігі жерлестер еді. 1939 жылы шақырылып, осында әкелінгендердің көпшілігі Алматы, Талдықорған облыстарынан жеткізілген. Жалпы, қамалды қорғаушылардың ішінде біраз қазақстандық болған.125- полктің өзінде ғана 100-ден астам қазақстандық қызмет еткен. Амал не, есіл ерлердің көпшілігі қыршынынан қиылып, елдің шеті, жаудың өтінде орналасқан Брест жерінде мәңгілікке қалды.
«Бір-бірімізге шабуыл жасамаймыз», деп бітімге келіп алып, соғысқа мұқият дайындалған жаудың шабуылы жойқын болғаны – бұл күнде мойындалған шындық. Олар Брест қаласын, тіпті, жол-жөнекей жаншып өтіп, алды аз күннің ішінде-ақ алысқа ұзап кеткен болатын. Ал Брест қамалында өліспей беріспей қорғаныста отырғандар өздерінің жау тылында қалып қойғандарын мүлдем білмеген. Соңғы патроны қалғанша соғысып, соңғы демі біткенше «бізді құтқарып алады» деген соқыр үмітпен көз жұмған.
Дайындығы күшті әрі саны жағынан он есе басым фашистер Брест қамалының жоғарыда аталған Тересполь мен Волын бекіністерін екі-ақ күнде басып алып, тірі қалған жан атаулының бәрін Кобрин бекінісіне және орталық цитадельге қуып тыққан. Ал осы тұста қамалдағылардың жағдайын ауыр болды деген аздау, оны нағыз тозақтың өзі десе дұрыс болар. Қамал ішіндегі казематтарда балалар мен әйелдердің де бар екеніне қарамастан, фашистер оларға қарсы огнемет – отборандарды да жиі қолданған ғой.
Дегенмен, қорғаныстағылар үшін ең қиыны шөл болған. Мұны білген немістер су көздерінің бәрін жіті күзетіп, снайперлері мен пулеметшілерін көптеп орналастырып қойған. Суға барғандардың аман қайтқаны сирек. Ал аман келгендердің суларын ең алдымен атыстан қызып кеткен пулеметтердің сауыттарына құйған, содан кейін барып жаралылар мен балалардың аузына тамызған. Брест қамал-музейінде бүгінгі күні «Шөл» деп аталатын каскасын сүйретіп суға қарай еңбектеп бара жатқан солдат бейнесі бекер орнатылмаған.
Осы арада Әбдіразақтың командирінен қоймай сұранып, бораған оқтың астында екі рет Буг өзенінен су алып келгенін айтсақ, батыр жерлесіміздің бейнесі ашыла түсетіні анық.
Брест қамалы мұражайының мұрағатында бұлар құрамында болған батальонның командирі Г.Ландышевтің естелігі сақтаулы. Енді тағы бір шындықтың шырайын келтіру үшін содан үзінді келтірелік: «Біз соғыс басталған күннен бір қасық суға зар болдық. Өзенге кеткен солдаттың тірі қайтқаны некен-саяқ. Қасықтап жиғанымызды барынша үнемдеп пайдаланып отырдық. Түріміз қазанның түп күйесіндей. Бір-бірімізді әрең танитын халге жеттік. Мені, жараланған жерімде қалдырмай, иығына салып көтеріп жүрген кіші сержант Мәмиевтің өзі де өлім халінде-тұғын. Үсті-басы қан-жоса болатын. Жау ойда жоқта бас салды. Бірақ жігерімізді жасыта алмады. Намысымызды қолдан бермедік. Қолға оңайлықпен түскеніміз жоқ».
Ол кісі өзінің құтқарушысын өмір бойы қадірлеп өткенге ұқсайды. 1984 жылы қайтыс болған Г.Ландышевтің: «Егер Мәмиевтей ақылды әрі қажыр-қайраты мол жауынгерлер болмаса, мен тірі қалар ма едім, қалмас па едім. Біз қанқұйлы немістерді өз ордасында тұншықтыра алар ма едік, алмас па едік?» деген сөздерін өз құлағымен естігенін Брест қамалындағы Қорғаныс мұражайының директоры генерал В.Губаренко да куәландырып, жоғарыда аты аталған екі журналист ағамызға айтып беріпті.
Бір күні Әбекең Г.Ландышевтен хат алып: «Менің командирім тірі екен!» – деп қатты қуанғанын ол кісінің қосағы Тұрар шешеміз айтып отырады екен. Тіпті, оны отағасы оқып та беріпті. «Сен «Қызыл Жұлдыз» орденінен де биік құрметке лайықсың. Құттықтаймын. Полковник Ландышев», деп жазылыпты онда.
Жау тылында қалған Брест қорғаушыларының қатты қырғын тапқаны белгілі. Оған мысал ретінде полктің минометшілер батареясындағы 30 адамның түгел опат болғанын айтсақ та жеткілікті болар. Олардың тең жартысы Алматы облысынан екен. Бұлардың ішінен тек сержант Владимир Фурсов қана тірі қалған. Фототілші Михаил Ананьиннің «Соғысқа лағнет!» деген суреті естеріңізде болар. Бір аяғы жоқ егде солдат бір кезде өзі болған окоптың қабырғасына басын қойып, өткен өмірінің елесіне шым батып егіліп тұр. Сөйтсек, онда бейнеленген В.Фурсов жылдар бойы өз арамызда жүріпті. Оны 1983 жылы курстас досымыз Жанболат Аупбаев өзіміз бітірген ҚазМУ-де оқытушы болып жүрген жерінен тауып алып, «Әлемді шарлаған сурет» деген көлемді мақала жазды. В.Фурсов 1995 жылы Алматы қаласында қайтыс болды.
«Әбдіразақ ағамыздан 1943 жылдың күзінде: «Аман-есенмін, Отан қорғау жолында соғысып жатырмыз», деген хат алып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай ағайын-туған болып қатты қуанысып қалдық», деп жазыпты оның немере інісі Еркеш Мәмиев. Тарихшы ғалым Еркеш Мәмиев – Әбекеңнің, жалпы Мәмиевтер әулетінің өмір жолын зерттеп, зерделеуге көп еңбек сіңірген жан. Ол кісінің айтуынша, бір жетідей қамалда қамалып отырғаннан кейін бір топ жауынгер сол жерді жақсы білетін сапердің бастауымен жер асты жолымен сыртқа шығады. Алайда, қамалдың бүкіл есік-тесігін аңдып отырған немістер оларды сол жерде қоршауға алып, Польшадағы Бяла-Подляска әскери тұтқындар лагеріне апарып қамайды. Иә, сол, кезінде генерал Карбышевті біраз азаптап, кейін басқа жерге ауыстырған лагерьдің нақ өзі.
Ол кез – бұл аймақта «Людов гвардиясы» деген қарсыласу қозғалысына кіретін партизан жасақтарының белсенді әрекет етіп жатқан уақыты. Орманға ағаш кесуге апарған жерінен Әбекеңдерді солар құтқарып, өз қатарларына қосып алады. Одан соң 1942 жылдың шілде айында бұлар Қызыл Армияның тұрақты бөлімшесіне келіп қосылады. Сөйтіп, Әбдіразақ Мәмиев 3-ші Украина майданының 1006-атқыштар полкінің сапында Украинаны азат ету ұрыстарына қатысады.
Жалпы, Буг өзенінің Әбекеңнің өміріне көп қатысы бар. Ол осы өзеннің жағасында соғысты бастап, осында аяқтады. 1944 жылдың наурыз айында Оңтүстік Буг өзенінен өтіп бара жатқанда қатты жараланып, әскери госпитальға түседі. Оң аяғынан айырылған ол елге қайтарылады.
Осы жерде қиссалардан ғана оқып, ертегіден ғана еститін бір ғажайып жайтты айтпай кетуге болмас. Әбдіразақтың анасы Әйткеннің ол келер күні: «Әбдіразағым келе жатыр-ау деймін, омырауымнан сүт саулап кетті ғой», деген сәуегейлігін жамбылдықтар күні бүгінге дейін аңыз қылып айтады. Ол кезде жасы 80-нен асқан кейуана сүт сарыққан кенжесінің ел шетіне іліккенін бірден білген. Алладан кейінгі құдірет ана деген осы емес пе!
Мәми ата мен Әйткен анадан тараған әулеттің татулығына таңғаласыз. Ол бір заман тарылып, жұрт тарыққан қиын кез еді ғой. Сол қиын-қыстау кездері Мәмиден тараған 4 ұл бірінің табанына бірі иығын төсеп тірек болып, қиындыққа қарсы тұра білген. Ең алдымен колхоз төрағасы болып жүрген олардың үлкені Жұмәлі Шыңғыс Айтматовтың әкесі Төреқұлмен бірге атылады. Сондағы бар кінәсы ашқұрсақ ауыл адамдарына егіннен қалған масақты теруге рұқсат бергені ғана.Ол кісі кейіннен ақталған.
Енді қарт әке-шешесі мен жас інілеріне екінші ұл Әбдіжапар ие болып қалады. Ұзынағаштағы Қарақыстақ ауылындағы мектеп-интернатқа меңгеруші болып тағайындалған ол інісі Әбдіразақ пен Жұмәлінің артында қалған ұлы Шәріпті қолына алып, одан кейін Түргендегі мұғалімдер училищесін бітірткізеді. Әбдіразақтың да соғыстан қайтысымен бірден Әбдіжапар ағасының үйіне келуі тегін болмаса керек. Оны бірден Жамбыл мектебіне мұғалім етіп алады. «Сол кезден бастап біздің жағдайымыз оңала бастады, – деп жазады Еркеш Әбдіжапарұлы. – Ол кезде шиеттей үш баланы асырап отырған шешеміз Күнипа ғана болатын. Біз, әсіресе, ағамыз үйленгенде қатты қуандық. Жеңгеміз Тұрар парасатты, көшелі жан еді, тату-тәтті тұрдық. Әбдіразақ ағамыз бізге әке орнына әке болып, қолынан келген қамқорлығының бәрін жасады. Сол кісінің арқасында мен жоғары білім алып, ғылым кандидаты атандым».
Еркеш ағамыздың атақты тарихшы Ермұхан Бекмахановпен тізе қоса жұмыс істеп, ұлт тарихына ғана емес, өскен әулет тарихына да елеулі еңбек сіңіргенін жоғарыда ауызға алдық. Алайда, соғыстың тақсыретін тартып келген майдангер елге жеткеннен кейін рахат өмірге күмп ете қалған жоқ. Оны алда тағы да талай қатерлі сын күтіп тұр екен. «Брест қырғынынан аман келгендердің 90 пайызы репрессияға ұшырады, – деп жазады Ләйла Ахметова. – Бұдан Әбекең де сау қалған жоқ. Соғыс біткен соң оны да атышулы НКВД қырына алып бақты. Сондағы айтатындары: «Жараланған командиріңді неге атып тастамадың, неміс лагерінен қалай аман шықтың?» – деген сияқты сұрқия сұрақтар».
Бірде Алматыға дейін апарып тергегенде мініп барып, шарбаққа байлай салған аты ұрланып, ауылға жалғыз аяғымен жаяу келген ғой. Тұрар шешеміздің: «Соғыста намысын бермеген жанды соғысты білмейтіндердің осы бір оспадар қылығы қатты жаралады», – деген сөздері қатталып қалған. Ол содан кейін соғыстағы шын мәніндегі ерлікке толы өмірін тіс жарып ешкімге айтпай, томаға-тұйық күй кешкен. Жаны да, тәні де жаралы жауынгердің, Брест батыры есімінің көпке дейін белгісіз болып келгенінің бір сыры осында болса керек. Оны соғыс кезінде алған «Қызыл Жұлдыз» ордені ақыры тауып келгеннен кейін ғана мұның басына үйірілген қара бұлт сейіліп, ауыртпалық аунап түскендей болады. Жоғарыда біз келтірген командирі Г.Ландышевтен хат алатыны да сол тұс. Ол командирін бір көруді көп армандапты. Алайда, оған жете алмай ауылдас ағайындары мен бала-шағасының ортасында 1977 жылы қайтыс болады.
Қазір өзі көп жыл басшы болған Қызыләскер ауылының мектебі сол кісінің атында. 2004 жылы ауылдастары оның алдына батыр жерлестерінің мүсінін орнатып, ішінен тәп-тәуір мұражай ашып қойған. Айтпақшы, бұл мектептің іргесін де қаһарман ағамыз өзі қалаған. 1951 жылы оны осы ауылға бастауыш мектептің меңгерушісі етіп жібереді. Келсе, мектеп деген аты ғана. Оған сыймаған ауыл балалары қозыкөш жердегі Жамбыл ауылына қатынап оқиды екен. Қыстың көзі қырауда тіпті қатерлі. Бұған шыдамаған майдангер сол томаға-тұйық қалпы бір күні жалғыз аяғымен балдаққа сүйеніп жүріп шым кесек құя бастайды ғой. Мұны көрген ауылдастары дүрк көтеріліп, сол жазда-ақ екі бөлмелі мектеп тұрғызады.
Міне, біз тау баурайындағы көкке малынған Қызыләскер ауылындағы Әбдіразақ Мәмиев атындағы мектептің алдында тұрмыз. Астанадан адамдар келді дегенді естіп, майдангердің жерлестері жинала кетті. Әрқайсысы майдангер туралы бір жақсы сөз айтып қалғысы келеді. «Бастауыш сыныпты осы кісіден оқыдым. Бұл кісінің жазуы сондай әдемі еді. Содан болар, біздің мектеп таза жазудан әрқашан озық болды», – дейді Сейілбек Нұрділдаев. «Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында аға атына көше берілді. Ал жыл сайын ол кісінің атындағы футбол жарысын өткізіп тұру дәстүрге айналған», – дейді ауыл әкімі Ақниет Туматаев. «Әбекең мен Тұрар ана 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Кейін бәрі де ел кәдесіне жараған айтулы азамат болды. Әке көрген оқ жонар деген рас екен. Жоғары сынып оқушылары Жамбыл ауылына қатынап оқудан қиыншылық көріп жүруші еді. Әбдіразақ ағамыздың екінші ұлы Самат арнайы автобус сыйлап, алысымыз жақындап жақсы болып қалдық».
Мұны айтқан осы мектептің директоры – Марат Сейдақұлов. Осы білім ұясына көптен басшылық ететін ол ұстаз ағасының өміріне жетіктігін танытты. Мұражай жәдігерлерінің әрқайсысымен таныстырғанда, тіпті, кәнігі гидке бергісіз ағып тұр. «Майдангер аға жолдастық соттың басшысы да болды. Ол кезде барынша қатал болып, ақыры әділ шешім шығаратын», – деді бір жерлесі. Біз бұған елең ете қалдық. Әбекеңнің бүгінде еліміздің заң саласының шырқау шыңында жүрген бір перзентінің болашағы сол кезде бүр жарған-ау, сірә.
Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран. Олардың ерлік ісі әрқашан жадымызда жаңғырып, жалаудай желбіреп тұрары анық.
Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ,
журналист
Алматы облысы
Суреттерде: қызыл әскер Ә.Мәмиев. 1941 жыл. «Шөл» Брест қамалы алдындағы ескерткіш