Үкіметтің селекторлық режімдегі кезекті отырысында экономикалық өсімді ынталандыру және жұмыспен қамту бойынша қосымша шаралар жоспары талқыланды. Сондай-ақ, Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысы және оны өзектендіру жайы қаралды.
Отырыста Үкімет басшысы бұдан бөлек ел өмірінде орын алып жатқан басқа да өзекті мәселелерге назар аударды. Мәселен, соңғы аптада қоғамда қызу талқыға түсіп, елді елең еткізген – спортшыларды шырылдатқан допинг, шаруаларды шығындатқан шегіртке, Алматыны алаңдатқан жауын-шашын салдарына байланысты жағдайларға қатысты жиын басында-ақ Үкімет мүшелеріне тиісті тапсырмалар жүктелді.
«ДОПИНГ» НЕГЕ ШЫРЫЛДАТТЫ?
«Бүгiнгi күнi допинг дауына қатысты көп сұрақтар туындап отыр. Қазiр бiздiң команда Олимпиада ойындары, басқа да жарыстарға дайындалып жатыр. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлiгi, Ұлттық олимпиада комитетi бiздiң спортшылардың бұл сыннан абыроймен өтуiн қамтамасыз етуі керек», деді К.Мәсiмов. Үкiмет басшысы елiмiзде допингке қарсы жақсы зертхана жабдықтау мүмкiндiктерiн қарастыру қажеттiгiн де атап өттi. Допинг-тесттер өткізу үшін заманауи зертханалар сатып алуға қаражат қарастыруды тапсырды.
Еске салсақ, Лондонда өткен 2012 жылғы Олимпия ойындарында ауыр атлетикадан чемпион атанған қазақстандық спортшылардың допинг-тесті қайта тексерілген. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының мәліметінше, қазақстандық төрт спортшы – Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедова және Майя Манеза жарыстан шеттетілген. Мұның бәрі ел арасында күдік тудыра бастады. Себебі, бұл салада әлемді аузына қаратқан зор жетістіктерімізге «көре алмаушылық» болып, аяқтан шалатындар табылмасына кім кепіл?! Халықаралық федерацияның бұл шешімдері қаншалықты шындыққа жанасады? Жалған болған жағдайда, біз спортшыларымыздың «күнәсіздігін» ақтап шыға аламыз ба?
Жұрт арасында алаң тудырған, міне, осындай мәселелер. Ал бұған көз жеткізудің бір амалы зертхана болса, елде бұған сай зертханалық жабдықтарымыздың да жоқтығы қынжылтады. Әрине, кемшіліктің бәрін кемістік кеткен соң ғана анықтау жақсы емес. Дегенмен, спорттық салада алдағы жылдардан да зор үмітіміз бар екенін ескеріп, керек зертхананы жабдықтауды қазірдің өзінде қолға алған абзал. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да қазіргі таңда бұл жағдайды бақылауға алғандарын айтты. 27 маусымда Лозаннада тәртіптік комиссияның ақтық отырысы өтетінін алға тартып, үміттің шырағы үзілмегенін жеткізді. «Риодағы Олимпиада қарсаңында біз өзіміздің зертханалық медициналық құралдарымызды күшейтеміз, себебі бұл қателіктердің қайталанбағаны өте маңызды», деді министр.
Біз өткен нөмірлеріміздің бірінде осы мәселеге орай «Илья Ильин ақырына дейін күреседі» («Егемен Қазақстан», 20 маусым, 2016 жыл) деп жазған едік. Ал Үкімет басшысы «Біздің спортшылар осы сынақтан сүрінбей өтуі үшін барлығын жасауымыз қажет», деп шегелей айтты. Ендігісін кім білген, дегенмен, халықаралық тәртіптік комиссияның ақтық отырысы «оң қабақ» танытып қалар деген үмітіміз де жоқ емес.
ШАРУАЛАРДЫ НЕГЕ ШЫҒЫНДАТТЫ?
Оңтүстiк Қазақстан мен Жамбыл облыстарында шегiрткеге қарсы дәрілеу жұмыстары уақытында жүргiзiлмеген. Соның салдарынан шаруалардың шығынға батып отырғандығы. «Егемен Қазақстанның» кешегі нөмірінде сынға алынып, бұған АШМ-ға қарасты құрылымдардың тендерді кеш өткізген бейқамдығы себеп болғандығы мамандар пікіріне сүйене отырып жазылған еді. («Басшылардың салғырттығынан шаруалар шығынға ұшырады», «Егемен Қазақстан», 21 маусым, 2016 жыл). Газет дабылы Үкіметті қозғалысқа келтіргендей: кешегі Үкімет отырысында осы мәселеге орай тиісті орындардан жауап сұралды. Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов, Оңтүстiк Қазақстан облысының әкімі Б.Атамқұлов, Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев өңірлердегі жағдай туралы есеп берді. Осыған қатысты Премьер-Министр аграрлық ведомство басшысына бірқатар тапсырма жүктеді. «Сізге беретін тапсырма – барлық жағдайды талдау. Біріншіден, мәселені шешу керек. Екіншіден, алда мұндай жағдай қайталанбас үшін айыптыларды жазалау қажет. Сосын маған жеке баяндайсыз», деді К.Мәсімов.
Өз кезегінде аграрлық ведомство басшысы Премьер-Министрге қазіргі уақытта облыстық фитосанитарлық диагностика орталығының директоры мен оның Сарыағаш ауданындағы филиалының басшысын қызметінен босату туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта комитет және ОҚО мен Жамбыл облысының құрылымдық бөлімшелерінің басшылығының жауапкершілігі туралы мәселе қаралуда, өңдеудің жедел жүргізілуін бақылайтын жедел штаб күшейтілген. Министр биыл шегiрткеге қарсы өңдеу жұмыстары уақытында жүргiзiлмегенімен қатар, бұл жағдай табиғи құбылысқа да байланысты екенін түсіндірді. «Биыл қыс жылы болып, көктем ерте шықты. Сондықтан шегiрткеге қарсы күрес 15-20 күн ерте басталуы тиiс едi. Осы фактор ескерiлмей, қызметтерге жүргiзiлетiн байқау уақытында өткiзiлмеген. Қаражат толық көлемде бөлiндi, препараттар болды, тек тендердi уақытында өткiзу керек едi. Алқаптарды өңдеу сәуiр айының соңында басталды. Авиациялық дәрілеу шамамен бiр айға кеш басталды. Ал жердегi өңдеу 15-20 күнге кешікті», дедi А.Мырзахметов. Осы жағдайға байланысты комиссия құрылған. Қазiр комиссия қызметтiк тексерiс жүргiзiп жатыр. К.Мәсiмов бұл жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
АЛМАТЫНЫ НЕГЕ АЛАҢДАТТЫ?
К.Мәсімов Үкімет отырысында, сондай-ақ, соңғы уақытта Алматы тұрғындарын алаңдатып, біраз әлекке салған мәселеге назар аударды. Яғни, жақында жауған жауынның салдарынан қаланы су басуына қатысты жұмыстағы кемшіліктерге тоқталды. Осы ретте қала әкімі Б.Байбектің есебін тыңдады. Әкімнің айтуынша, бүгінде Алматыда қалаға қосылған аумақты қоса есептегенде, ұзындығы 221 шақырым болатын 28 өзен бар. Осыған байланысты су тасқыны болуы ықтимал 21 учаске анықталған. Ақпан-наурыз айларынан бері коммуналдық қызметтер ұзындығы 188 шақырым болатын өзен арналарын, каналдар мен арықтарды тазалап, 5000 текше метр қар, 17 мың текше метрден астам тұрмыстық қатты қоқыс шығарылған.
«Дегенмен, мамырдың өзінде 200 мм. жауын-шашын жауды. Бұл айлық нормадан екі еседей асып түсті. Ал 17 маусымда 3 сағат ішінде 50 мм-ға дейін жауын түсті», деді Б.Байбек. Әкімнің айтуынша, табиғаттың мұндай тосын мінезі соңғы рет 1957 жылы байқалған көрінеді. Қала әкімі жалпы жағдай бақылауда екенін айтты. Жұмыстың бәрі бұлай тиянақты жасалған болса, «жауын-шашын салдары Алматыны неге сонша алаңдатты?» деді ме екен, әкімнің баяндамасын толық тыңдаған соң, Премьер-Министр таяу уақытта Алматыға барып, бұл жұмыстарды өз көзімен көріп қайтатынын жеткізді.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЛА МА?
Үкімет отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен жасалған 2016-2017 жылдары экономикалық өсімді ынталандыру және жұмыспен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың соңына қарай экономиканың оң өсімін қамтамасыз ету үшін үш бағыт бойынша сәйкес шаралар қалыптастырылған.
Бірінші бағыт аясында өндіру көлемін арттыру және мұнайды қайта өңдеу, көмір өндіру, «ССТБӨ» АҚ темір кенін Қытай мен Ресейге жеткізу, отандық кәсіпорындарды жүктеуді және жұмыспен қамтуды сақтау бойынша шаралар қарастырылған. Екінші бағыт «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы және 2016 жылғы Дағдарысқа қарсы қосымша шаралар жоспары аясында жоспарланған қаражатты пайдаланудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен, 155 млрд. теңге сомасындағы уақытша еркін қаражат айналым капиталын, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт алды және экспорттық несиелеуді қаржыландыруға бағытталады, деді Ұлттық экономика министрлігінің басшысы.
«Экономиканың өсіміне жылдам әсер ету үшін ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында ішкі сұранысты ынталандыруға Үкіметтің арнайы резерві есебінен 91,5 млрд. теңге бағытталатын болады», деді Қ.Бишімбаев.
Жоспардың үшінші бағыты – «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды және экономиканың басымдықты салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жеделдету. «Болжанған шараларды ескере отырып, ағымдағы жылдың маусым-шілдесінде экономика оң жағдайға шығады, ал 2016 жылдың қорытындысы бойынша өсімнің жоспарланған деңгейіне шығады деп күтілуде», деді Қ.Бишімбаев. Осылайша, Ұлттық экономика министрі биылғы жыл ұлттық экономикада өсім болатынына сенім ұялатты.
ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ҚАЛАЙ ИГЕРІЛУДЕ?
Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және жандандыру мәселесі бойынша Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев (Үкімет отырысы өткен кезде министр болатын –
ред.) мәлімдеді.
«Индустрияландыру картасы бойынша 6 жылда 898 жоба, оның ішінде 2015 жылы 128 жоба пайдалануға берілді. Олардың 80 пайызы жаңадан құрылған өндіріс жобалары болса, қалған 20 пайызын бұрын жұмыс істеп тұрған жаңғыртылған кәсіпорындар құрады. 2015 жылғы ІЖӨ өсімінің үштен бірі карта жобаларының есебінен алынды», деді Ә.Исекешев. Оның айтуынша, жалпы Индустрияландыру картасының жобалар арқылы бұрын Қазақстанда өндірілмеген өнімнің 500 түрі шығарылған. Енгізілген жобалардың 70 пайызы тұрақты жүктемеге ие, 74 жоба төмен жүктемеде жұмыс істеуде, 21 жоба тоқтап тұр. «2016 жылы 120 жобаны енгізу жоспарланған. Жалпы, Индустрияландыру бағдарламасы экономикада тұрақтандырушы рөл атқарды. Егер 2010-2014 жылдары Индустрияландыру картасының жобалары барлық өнеркәсіп өндірісінің 10 пайызын берсе, дағдарыстың күшеюімен бұл жобалар тұрақтылығын көрсетіп отыр. 2016 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша бұл жобалар өндіретін барлық өнімнің 20 пайызын беріп үлгерді», деді ИДМ басшысы.
Үкімет отырысын Премьер-Министр қорытындылады. Қазақстанды одан әрі дамытудағы ИИДМБ-ның маңызды рөлін атап өтті. «Осы бағдарламаның көмегімен, әсіресе бес институционалды реформа мен 100 нақты қадамның көмегімен біз қазір тұрған жолақтан өтуіміз керек. Бұл кәсіпорындар салуға қатысты мәселе емес, бұл Президент айтқан біздің одан әрі дамуымыздың философиялық мәселесі. Бұл зор зияткерлік және ұйымдастыру күштерін талап етеді, алайда, оны іске асыру сіз бен біздің қолымыздан келетініне сенімдімін», деп түйіндеді К.Мәсімов.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»