22 Маусым, 2016

«Қоғам білікті журналиске зәру»

703 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
С.МедеубекулыӘл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ: – Сағатбек Медеу­бекұлы, биыл журналистика факуль­тетіне талапкерлерді қабыл­дау­да өзгеріс­тер  бар деп ес­ті­дік? – Баспа өнімдерінің, баспасөз мәтіндерінің әдеби редакторларын даярлайтындықтан, редактор боламын, өзгенің жазғанын саралаймын, түзетемін деген бала алдымен өзі жаза білуі керек. Сондықтан, он жылға жуық айтылған ойдың биылғы қорытындысы сол – Білім және ғылым министрлігінің Жо­ғары оқу орнына қабылдау туралы Ережесіне «Баспа ісі» мамандығына талапкерлерді шығармашылық конкурстар арқылы қабылдау жөнінде өзгеріс енгізілді. Конкурс екі кезеңнен тұрады. Бірінші ке­зеңде еркін тақырыпқа шығарма жазу, екінші кезеңде  берілген мәтінді әдеби редакциялау және грамматикалық түзетулер жасау, сонымен қатар, ауызекі тілдесу, сұрақтарға жауап беру машықтары сарапталады.  Келесі өзгеріс «Қоғамдық бай­ланыс» мамандығына қа­тысты. Бұл мамандық бойынша талапкерлердің таңдау пәні бұрын жағырапия болса, биылдан бастап әдебиет болып енгізілді. – Ақпараттық технология­лар заманында екінің бірі ақ­парат алуға да, таратуға да  мүм­­­кіндік алды. Мұндай жағ­дай­дағы журналистиканың сал­мағы туралы не айтуға болады? – Меніңше, журналистің қызметі бұрынғыдан ауырлады. Қоғам қай кезде де кәсіби білікті де құзыретті журналистке зәру. Қазіргі уақытта отбасы-ошақ қасының, болмаса қара басының қошан тірлігіне  қатысты хабар-ошар, өсек-аяңды алу және тарата білу бір бөлек те, ұлттың, мемлекеттің бүгіні мен ертеңіне  қатысты қоғамда болып жатқан  мәні мен маңызы зор мәселелер төңірегінде жалпыға ортақ ой қозғау, азаматтық-патриоттық рухтағы сөз айту, айтқанына илан­­­­­­дыра алу, иланған жүректі жұмылдыра білу – мүлдем басқа. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұндай жағдайда кә­сіпқой журналистикаға деген сұраныс бұрынғыдан да жоғары болып тұр. – Сөз бостандығының  қо­ғамдық са­наға ықпалы орасан. Қалай ойлайсыз, ұлттық журналис­тика бұл тұрғыда өзін өзі көрсете алды ма? – Біздің қоғамда сөз бос­тандығы да, ой еркіндігі де бар. Мәселе сол құндылықтарды кім­нің қалай пайдаланып отыр­ғандығында, кімнің қалай қадір­лейтіндігінде. Абсолютті азаттық болмайтыны секілді, абсолютті сөз бостандығы, ой еркіндігі де бола алмайды. Олай дейтінім – журналист ең алдымен өзінің ары мен ұятына, намысы мен ожданына тәуелді. Одан кейін ол өз Отанының мүддесіне, мем­лекетінің мұратына, ұлтының ұятына  тәуелді. Сол мұраттар мен мүдделер негізінде жазылған Ата Заңына, сол заңның аясындағы кәсіби әдеп ережелеріне тәуелді. Журналист осы моральдық-эти­калық шек пен шеңберлер ая­сында қызмет етеді. Өйтпесе, ол ар алдында да, заң алдында да жауапты болады. – Факуль­тет­теріңізде «Ди­зайн» ма­мандығы да бар ғой. Оның жур­налистикаға қатысы қаншалықты? – Иә, ашылғанына биыл төртінші жыл. Бұрын газет-журналдар мен баспа өнімдерінің безенін жасаушыларды даярлау болмаған. Тұтынушы тауардың алдымен сыртқы әшекейіне назар аударады. Тауардың сыртқы пішіні ішкі мазмұнына сай болса, өтімді болатыны секілді, газеттің де, журналдың да, кіта­би басылымдардың да, керек десеңіз, телекөрсетілімдердің, интернеттегі сайттар мен пор­талдардың да дизайны, яғни безені айтылар ойдың ажарын ашып тұрса, оқырман да, кө­рермен де ынтығады, кө­руге, оқуға, асығады. Бұл заманауи қа­жеттіліктерден туған жур­налистикаға қатысты жаңа ма­мандық республикамызда тұң­ғыш рет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ашылды. Келесі жылы алғашқы түлектерді қанаттандырамыз. Бұл мамандыққа суреттен, ком­позициядан арнаулы дайын­дық­тары бар талапкерлер келіп жатыр. – Журналистика факуль­тетінің түлектеріне қатысты сын көп айтылып жүргенін білесіз. Журналистерді бүгінгі күннің талап-тілегіне сай даярлау барысы қалай? –  Заманның өзі талап етіп  отыр­ған үштілділіктің, әсіресе, журналистерге керектігін уақыт күн сайын дәлелдеп отыр. Өйткені, журналист шетелге шықпай, ғаламтор арқылы ақпарат алмаспай отыра алмайды. Ол ақпараттар қай елден келсе, сол елдің тілінде болғандықтан, аудара алмаса ақпараттан құр қалды дей беріңіз. Сондықтан, біздің факультетте ағылшын топтары құрылып, сол тілде дәріс беруді қолға алдық. Себебі, соңғы жылдары ағылшын тілін мектепте әжептәуір меңгеріп келген абитуриенттер көбейе бас­тады. Бұл ұлтымыздың болмысын, кешегісі мен бүгінгісін және ертеңін ағылшын тілінде жаһанға тарататын мамандар даярлау басталды деген сөз. Болашақта біздің түлектер халықаралық ке­ңістікте де сұранысқа ие болады деп үміттенеміз. Олай бо­ла­тыны – шет елдердің журналист мамандар даярлайтын таңдаулы оқу орындарымен қос дипломдық бағдарлама бойынша маман даяр­лау келісімшартына отырдық. Биылдан бастап журналистика мамандығы бойынша білім беру бағдарламасын заманауи талаптарға сай келетіндей етіп қай­та жасап шықтық. Мұнда ең қажетті машықтарды үйрететін пәндермен қоса, салалық жур­налистикаға бейімдейтін пәндер де енгізілді. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»   АЛМАТЫ