22 Маусым, 2016

Қастерлі мамандық

344 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сарбас Ақтаев -3Былайынша, бұл қисын күлкі туғызуы да мүмкін. Жазбайтын да журналист бола ма екен, дейді де бая­ғы. Неге болмасын, бес сау­сақ та бірдей емес қой. Жазу да ақындық сияқты атаның күшімен, ананың сүтімен қанға сіңетін қасиет болса керек. Ал он­дай қасиеті болмаса, он жерден журна­листика институтын, тіпті, академия­сын бітірсе де, жақсы журналист шыға қо­юы неғайбыл. Қанында жоққа қаламгерлік қасиет қонбайды. Бір кезде елдің басты басылымдарында тілшілікке қаламының желі бар, жазбай тұра алмайтын агроном, дәрігер, инженер, мұғалім тәрізді мамандарды тартатын тә­жірибе болушы еді. Баспасөз қызметінің қыр-сырына қанығып, бүге-шігесін біліп алған соң солардан мүйізі қарағайдай қаламгерлер, азуын айға білеген әйдік журналистер шыққан. Оның мысалын шалғайдан іздеп шалдықпай-ақ, төл топырағымыздан да көптеп табуға болады. Бүгінде аты айдай әлемге танық, төл мамандығы геолог Олжас ақынды айт­пағанның өзінде, атақтары алысқа кеткен журналист Сейдахмет Құтты­қа­дамов, баспагер Бақытжан Қа­на­пиянов, жазушы Дүйсенбек Нақыпов та журналистиканы оқы­май-ақ халқы қалайтын қабырғалы қаламгер болып шықты емес пе? Олардың бірінің ресми мамандығы – инженер, екіншісінікі – геолог, үшіншісі  артист болатын. Қазақ журналистикасына, жазу өнеріне барын беріп, ғұмырын сарп еткен мы­­на мен де мамандығы жөнінен мұ­­ға­лім, орыс тілінің оқытушысы едім. Бүгінде білікті де білімдіні былай қойып, жалпы журналист мамандар жетіспейді. Елі­міз тәуелсіздік алғалы бері рес­ми де, бейресми де газет-жур­налдар жаңбырдан кейінгі қозықұйрықтай қаптады да кетті. Қалтасы қалың­дардың кө­­бі үнпарақ ұстауға әуес. Ал оларды кім жазып, кім шығарып жатқаны жалғыз жаратқанға ғана аян. Бәріне бірдей кәсіби журналист жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Оларды даярлауға тиіс. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тә­мамдағандар Алматының өзінен артылмайды. Астанадағы Еу­разия университетінің аттас фа­куль­теті енді ғана еңсе көтерді. Об­лыстардағы біраз университеттерде журналистика бөлімшелері бар көрінеді. Бірақ, оларда студенттерге кімдер дәріс оқып, кімдер түлек баулып жүргені және белгісіз. Бұрынғыдай беделі болмай, кім көрінген кимелеп, жұтаң тарта бастаған журналистикамыздың жырық ерніне кетік тостаған болып, кездейсоқ біреулер топырлап кете ме деген қауіп те жоқ емес. Оның үстіне байырғы оқу орындарының өзінде болашақ журналистерге баспасөз жұмысының отымен кіріп, күлімен шығып түн қатып, түс қашып еңбек еткен шын қаламгерлер ұстаздық етіп жүр дей алмаймыз. Асылы, біздің журналистика факультеттерінде ғылымның бар саласын оқытады-ау, тек қалай жазып, қалай сөйлеуді үйретпейді. Бүгінгідей радио мен теледидар дәуірлеп тұрған заманда терең толғап, шешен сөйлейтін журналис­тер ауадай қажет. Сон­дықтан, жас журналистерге тіліміздің қаймағын қалқып, мәйегін сімірген, әрі мен мәнін шашыратпай, төрт құбыласын тең жеткізетін сахна шеберлері неге сабақ бермеске?! Әйтеуір әртіс қыздар көбейіп, көгілдір экран­ның көп жүгін жеңілдеткен сыңайлы. Алайда, олар өзі жазбай, әзір мәтінді оқып береді ғой. Көбіне сол мәтіндердің, әсіресе, аудармалардың олпы-солпы болатыны қынжылтады. Кейбір аудармалар бөрі сүрініп, бөлтірік батпақтайтындай балдыр-батпақ болады. Өз басым, қазір қазақ журна­листикасының батпан жүгін қыз-келіншектер ер-азаматтармен тең көтере бастады деп ойлаймын. Әйел журналистердің көбеюі бір жағынан ұлтымыздың зияткерлік, білімдарлық әлеуеті, мәдени, әдеби деңгейі өскенінің айғағы. Бүгінгі таңда Айнаш пен Анар, Бақытгүл мен Бағ­дагүл, Гүлзина мен Гүлбиғаш, Есенгүл мен Қаракөз, Нәзия мен Нәзира жазғандарын жұрт іздеп жүріп оқитын қаламгерлерге айналды. Олар жалт еткен жаңалықты тез іліп әкетеді, интернет деректерін ұқыпты, ұсынақты пайдаланады. Тіл ұстартуға бәрі де төселіп қалған. Алды кітап шығарып, шұрайлы шығармаларын оқыр­ман қауымға ұсынып та үлгерді. Сапар­лары сәтті болып, жазарлары көбейе берсін деп тілейміз. Бір сөзбен айтқанда, журналист жаза білуі керек. Жаза білетін, жұрттың көкейіндегісін таба біле­тін журналист қана құрметке лайық. Сарбас АҚТАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері   АЛМАТЫ