23 Маусым, 2016

«Су жоқ» деген сылтау емес пе?

418 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
20160617_105740Рас, Маңғыстау – климаты жағынан шөлді аймақ. Жаңбыры сирек даланың өн бойында өзен, көл сынды табиғи су көздері тағы жоқ. Іргеде толқыны тулап жатқан қарт Каспийдің телегей суын кез келген мақсатта кәдеге жарата беру мүмкін емес. Тұздылығы жоғары тұйық теңіз көзінен алынған суды арнайы қондырғылар арқылы тұщытып, Ақтау тұрғындарын ауыз сумен қамтып отырғанына шүкір деуге тура келеді. Бұл жағдай аймақтың, әсіре­се, облыс орталығы Ақтау қала­сының жасыл желек жамылып тұрмай, «жалаңаш қала» атануына себеп. Ақтаудың жасыл қала емес екендігі келіп-кетуші қонақтардың алдымен көзіне шалынып, көңілін жүдетеді. Бірақ, жыл сайын облыс орталығын көгалдандыру, абаттандыру мақсатында қыруар қаржы қаралып, еңбек күштері жұмылдырылып, бірнеше мыңдаған түп ағаш түрлері мен бұталар отырғызылып жатады. Тіпті, олардың есебінің көптігі сондай, бірнеше жылдарғы еңбектің нәтижесінде ендігі Ақтау көк шөппен көмкерілген, күлтелі гүлдері құлпырып, сан түрлі ағаштары көкпен таласқан көрікті қалаға айналуы керек еді... Өкінішке қарай, олай емес. Тек орталық көшелер мен облыстық әкімдік ғимаратының алды сынды көзге көп көрінетін тұстар болмаса, шет жақ жұтаң, бары тозған, отырғызылғаны сидаң. Себеп – ағаштардың мезгілінде суарылып, бапталмауы. Мысалы, ақтаулықтар «бұрынғы ұшу алаңы» деп атайтын қаланың 30-шағын ауданы маңындағы талдарды отырғызылғалы бері «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» болып суға қанды дей алмаймыз. Аталмыш шағын аудан тұр­­ғындары да көше бойындағы тал­дардың аянышты халін көріп, жанын ауыртқаннан басқа амалдары жоқ. Өткен жылы жаз бойы су көріп жарымай, ыстық күннің аясында кенезесі кеуіп, танабы тақырға айналған талдар сол таз кепешін биыл қайта киді. Көктемде жауған жаңбырмен жан созып, жапырақтарын жайып үлгерген талдардан күн ысығалы бері күй кетті. 20160617_110703«Мамыр айының соңына таман «Қала жолдары» мекемесіне өтінішпен қоңырау шалып, «ұшу алаңындағы» талдарды суару керектігін естеріне салған болдық. Көп ұзамай, 27 мамыр күні су таситын көлікпен келіп, құрғап қалған талдардың түбіне су құйып жатқанын көріп, өзіміздің шөліміз қан­ғандай бір рақаттандық. Алайда, арада жиырма шақты күн өтті, күн ысыды, ағаштар шөлдеді, енді суарушы мекемелер тұрғындардың телефонын күтпей-ақ, жоспарларына сай келіп жұмыстарын жүргізе бермей ме екен» дейді аудан тұрғындары. Қазір күннің ыстығы «қайнап», қа­һарына мінді. Маусым айының 17-20 аралығында аймақта 40-43°С ыстық болатындығы ескертілді. Қазақ ұғымындағы «қырық күн шілде» шілденің 10-ы мен тамыздың 20-сы аралығы десек, шіліңгір шілде басталмай тұрып, ыстықтың осынша деңгейге дейін көтерілгеніне алаңдаушылық бар. Талдар үшін. «Қала жолдары» меке­месінің талдарды айына екі рет суарамыз деген жоспарынан хабардар тұрғындар, су сұрап аталмыш мекемеге тағы қоңырау шалғанда, мекеме қызметкері қаладағы талдары суа­ру үшін көліктің жетіспейтіндігін, сондықтан үлгермейтіндігін, ал «ұшу алаңындағы» талдардың өздерінің жос­парында жоқ екендігін алға тартқан. Артынша, көше бойындағы талдарды суару міндеті бұл мекеменің мойнынан алынып, шағын аудандардағы пәтер­лерге коммуналдық қызмет көрсету мекемелеріне жүктелгендігін білдік. «Ұшу алаңындағы» талдардың тағдыры «Рэп» мекемесіне міндеттелгендігін естіп, қоңырау шалғанымызда өзін диспетчермін деп таныстырған әйел «ешқандай 30-шағын аудан, ешқандай тал суару, мен ештеңе білмеймін», деп ашулы үнмен қысқа қайырды. Ағаштарды сурау ісінің аталмыш мекемелердің құзырына берілуіне тұрғындар «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылыпты» дегендей болып жүрмесін деп отыр. Өткен жылдары Ақтау қалалық әкімдігі қаладағы мекемелермен  өз маңын абаттандыру үшін келісім жүргізген болатын, жақсы бастаманың жаңалығындай қазір Ақтауда мекемелердің маңы ретке келген. Сондай-ақ, кейбір жекелеген тұрғын үйлердің маңынан бірқатар тұрғындар немесе кейбір пәтерлерге коммуналдық қызмет көр­сету мекемелері тал отырғызып, күтімге алып, көктеп-көркеюіне назар аударып келеді. Сонымен, көше бойында шөліркеген талдар күннің ыстығында қаңсып-ақ тұр. Отырғызылғалы су көрмей, қарау­сыз қалған шырша тектес ағаштар «жөргегінде тұншыққан». Кейбіреулері суға жарымай қурап қалған, яғни көк­темей солған. Бойы жерден сәл биік, бұтақтары арса-арса шырша тектес ағаштарға қарап, әртүрлі көңілсіз ойларды еріксіз толғайсың. Бірін анасы дүниеге әкеле сала далаға, әжетханаға лақтырып кеткен керексіз сәбидей сезін­­сең, екіншісінен соғыс, аштық, жарылыстар салдарынан бір үзім нан таба алмай, қабырғалары қаусай әлсіреген қарасирақ бүлдіршіндердің бейнесі елестейді. «Қала жолдары» мекемесінің ұйым­дастыруымен 14-17 жас аралы­ғын­дағы мектеп оқушыларынан құралған еңбек бригадалары келіп, көптен бері тазаланбай, қоқыс басқан арықтардың бойын тазалағаны көңіл қуантады. «Талдар шөлдеп тұрғаны көрініп тұр. Күннің ыстығы күшейіп барады. Осы талдар жыл сайын жеткілікті суарылмайтынын көріп жүрміз, аянышты», дейді Рамазан ағай. Талдарды суарудағы салғырттық, көліктің жетіспеушілігі сынды мәсе­лелер отырғызылған талдардың, ағаш­тардың өсіп-жетілуіне тосқауыл болып келе жатқандай. Жыл сайын егіл­ген шыбықтар лайықты күтімге алын­ғанда, Ақтау жайқалып тұрар ма еді, кім білген?.. Ал «Ақтауда су жоқ», «Маң­­ғыстаудың табиғаты қиын»» деген сөздер сыныққа сылтау емес пе?  «Көрпеңе қарай көсіл» дегендей, су жетіспейтін болса, әкелген шыбықтары өңірдің табиғатына төзбейтін болса, қыруар қаржы шығарып, бірнеше еңбек күшін жұмсап сол шыбықтарды әу баста отырғызып несі бар? «Жеті рет өлшеп, бір рет кескен» іс мұндай болар ма? Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы Суреттерді түсірген автор
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше