Қарағанды облысындағы ауылдан «Сібір жарасы» шықты деген күдік әзірге расталған жоқ
Кеше Қарағанды қаласындағы баспасөз орталығында облыстың Шет ауданындағы Еркіндік ауылында орын алған төтенше оқиғаға байланысты баспасөз мәслихаты өтті.
Еске салар болсақ, 18 маусым күні аталған ауылдың тұрғыны ауырып тұрған сиырын сойып, оның біраз етін туыстарына үлестіріп берген де, қалғанын көршілеріне сатқан. Содан ол малдың етін жеген бірнеше адам «Сібір жарасымен» (күйдіргі) ауырды деген күдікпен облыстық инфекциялық ауруханаға жатқызылған болатын. Дәрігерлердің бұлайша болжам жасауына науқастардың денесін тұтастай бөртпе басып кеткені негіз болған еді. Ұзамай, 20-21 маусым күндері ауруханадағы әлгі науқастардың екеуі қайтыс болып кетті.
Баспасөз мәслихатына Қарағанды облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Ш.Мамалинов, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы М.Мұхтаров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е.Нұрлыбаев, облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Б.Қалмағанбетов және облыстық ветеринария басқармасының басшысы С.Мусин қатысып, қалыптасқан жағдайға толықтай шолу жасап, журналистер сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді.
Үстіміздегі жылдың 18 маусымында Қарағанды облысының Шет ауданындағы Өспен селолық округіне қарасты Еркіндік ауылындағы сойылған малдың етін сатып алған тұрғындар қолдарының терілері зақымданған белгісімен Ақадыр поселкелік емханасына барады. Медициналық мекемеде оларға алдын ала «Сібір жарасы» диагнозы қойылып, ертеңінде, яғни 19 маусым күні бұл кісілер облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына «Сібір жарасы, терілік форма» алдын ала диагнозымен жатқызылған.
Сол күні облыстық аймақтық ветеринария инспекциясы екі адамның «Сібір жарасымен» ауырған деген күдікпен ауруханаға жатқызылғаны туралы хабарды алысымен, эпизоотикалық тексеру жүргізу және жедел шаралар қабылдау үшін Еркіндік елді мекеніне аудандық аймақтық инспекция, Шет ауданының ветеринария бөлімі және ветеринария стансасы мамандарын шұғыл түрде аттандырады. Эпизоотикалық тексеріс барысында сойылған малдың етінен сынақ алынып, 20 маусым күні «Республикалық ветеринария зертханасының» Қарағанды облыстық филиалына және 21 маусым күні «Ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталыққа» жіберілген.
«Республикалық ветеринария зертханасының» Қарағанды облыстық филиалының 2016 жылғы 21 маусымындағы сынақ хаттамасына сәйкес, сойылған малға «Сібір жарасы» диагнозы қойылды. Дегенмен мұны Ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталықтың мамандары әзірге растаған жоқ. Қазіргі уақытта бұл іске білікті деген мамандар жұмылдырылып, жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі күнде жергілікті атқарушы органдардың, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аймақтық инспекциясының, Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің өкілдері құрамына енген арнайы штаб құрылып, оқиға болған жерде тиісті жұмыстарды атқару үстінде.
«Қазіргі таңда Еркіндік елді мекенінде «Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың» күшімен дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап өтетін жайт, аталған елді мекенде жануарлардың аса қауіпті ауруларына, соның ішінде «Сібір жарасына» қарсы ветеринарлық-алдын алу шаралары жоспарына сәйкес, үстіміздегі жылдың наурыз айында барлық мал (3860 бас) егілген болатын. Қазіргі уақытта Еркіндік елді мекенінде шектеу қойылып, аудан әкімінің өкімімен төтенше жағдай жарияланған», – деді Ш.Мамалинов.
Бүгінгі күнде Еркіндік ауылына апаратын жолдың бәрі жабылып, полиция бекеттері құрылған. Ауылдағы 1800 мүйізді ірі қара, екі мың қой, 900 жылқыны мамандар қатаң бақылауға алып, тексеріп жатыр. Әзірге ауырған сиырдан басқа дертті мал табылған жоқ. Сондай-ақ, Еркіндік ауылында ішкі істер органдарының қызметкерлері де осы төтенше оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Енді о дүниелік болып кеткен марқұмдар туралы бір-екі ауыз сөз. Қайтыс болған 49 жастағы ер адам ауырған малды сойып жатқанында саусағын пышақпен кесіп алған екен. Бірақ та ол дәрігерлерге көрінгенде жарақатын мал сойып жатқанында алғанын айтпаған. «Сол себепті, марқұмға әуелде дәрігерлер дұрыс медициналық көмек көрсетпеді деген айыптауларды негізсіз деп санаймын», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е.Нұрлыбаев.
Ал қайтыс болған әйел адам болса, марқұм ауырған малдың етін пісіріп жатқанында дәмін көру үшін шала піскен еттен ауыз тиген екен. Бүгінгі күнде марқұмдарды жерлеу бойынша шетін мәселе шешілу үстінде. Заң бойынша, мұндай жағдайда қайтыс болған жандарды жер қойнына беру санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес ерекше тәртіп бойынша іске асырылатын көрінеді. Бұл турасында марқұмдардың туған-туыстарына ескертілген және олардың келісімдері де алынғанға ұқсайды.
Жалпы, бүгінгі күнде күдікті дертке шалдыққан науқастармен қарым-қатынаста болған 62 адам анықталды. Олардың арасында 21 бала бар. Қазіргі уақытта бұл адамдардың барлығы жергілікті жерде дәрігер-мамандардың толықтай бақылауына алынған. Ал облыстық инфекциялық аурухананың оқшауландырылған палаталарында 6 адам емделіп жатыр.
Әзірге мамандар бұл дерттің қайдан келгенін тап басып айта алмай отыр. Болжам деген көп. «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, ауру жер асты суымен келуі мүмкін, ауру малдардың өлекселерін көмген мал қорымынан шығуы да ғажап емес. Неге десеңіз, мамандардың айтуынша, «Сібір жарасы» ауруының уыты 100 жылға дейін сақталатын көрінеді. Жалпы, дәл осындай жағдай Өспен ауылдық округінде 1965 жылы болыпты. Ол кезде ауру мал өртеліп, сол маңдағы мал қорымына көмілген екен. Ал облыс бойынша 1988 жылы Ұлытау ауданында тура осындай оқиға орын алыпты.
Баспасөз мәслихатына қатысқан ресми тұлғалар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен ресми сараптамалар мен тексерулердің нәтижелері белгілі болмай тұрып, қандай да бір қорытынды немесе асығыс шешім жасаудан аулақ болуларын өтінді. Ал қалыптасқан төтенше жағдайдың барлық жай-жапсары, сұрақтар мен болжамдардың нақты және ресми жауабы алдымыздағы бейсенбі немесе жұма күндері белгілі болмақ.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ