23 Маусым, 2016

Ұшқышы жоқ ұшақ

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
беспилотная-1Орал қаласында ұшқышсыз басқарылатын аппараттар өндірісі қолға алынып отыр. Бұл айрықша жобаны «Беспилотная технология Казахстана» ЖШС компаниясының инженер-конструкторлары жасады. Аталған инновациялық жоба ұшқышсыз басқарылатын автоматты жүйенің көмегіне арқа сүйейді. Мамандардың айтуынша, мұндай аппараттарды еліміздің ауыл шаруашылығында, төтенше жағдайлар мен шекара күзетінде және өзге де салаларда кеңінен қолдануға болады. «Беспилотная технология Казахстана» ЖШС  басшысы Абай Рысқалиев: «Бақылау және барлау жұ­мыстары мен табиғи апаттан зардап шеккендерді құт­қаруда, өртті өшіру мен шекара қызметінде ұшқышы жоқ ұшақтар таптырмайтын көмекші болмақ, – дейді. – Сал­­­мағы әрі кеткенде 25 килограмнан аспайды. Шағын кө­лемділері қолдан ұшырылса, салмақтылары арнайы қондырғының көмегімен көкке көтеріледі. Оның автономды режімдегі ұшу қашықтығы 1 мың шақырымды, биіктікке самғауы 5 мың метрді құрайды». Мұндай аппараттардың бағасы көлемі мен мақсатына қарай әртүрлі. Айталық, ең шағын деген аппараттың құны 10-12 миллион теңге. Бұл, әсіресе, топырақтың эрозиясына мониторинг жасауға өте ыңғайлы. Оның минералдық тыңайтқыштар себу жұмыстарына да тигізетін пайдасы өте мол. Ұшқышы жоқ аппараттар қолайсыз ауа райы жағдайында, тіпті, тұман кезінде, жаңбыр мен қар жауып, боран соғып тұрған сәттерде де «Ми-8» тікұшағы ұша алмайтын, желдің екпіні секундына 20 метр болған жағдайда да қалыпты жұмыс істей беретіні оның басты ерекшелігі әрі артықшылығы. Бүгінде жоғарыда аталған компания жетекшілері Ресейдің Мәскеу облысындағы Егерьевка азаматтық колледжімен ұшқышсыз аппараттар операторлығына қазақстандық жастарды оқыту жөнінде тиісті келісімшарт жасап үлгерген. Олардың Орал қаласындағы «Алгоритм» технопаркы ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырғалы отырған іс-шаралар кешені өз алдына бір бөлек әңгіме. Яғни, «Беспилотная технология Казахстана» ЖШС ұжымы инженер-конструкторларының ұшқышсыз техника құралдарын өндіріске енгізу жөніндегі жобасына ТМД ауқымында ешқандай балама жоқ. Аталған инновациялық өндіріс технопарк ғимаратындағы арнайы алаңда жолға қойылмақ. Бұған технопарк жанындағы инновациялардың аймақтық офисі қажетті қолдау көрсетуді көздеп отыр. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше