Газетіміздің интернет-нұсқасы басылым беттерінде жарияланған барлық мақалалар мен хабарлардың безбені, оқырмандардың оларға деген көзқарасының барометрі сияқты. Осындағы өз көңілдерінен шыққан (немесе шықпаған) материалдарға көпшілік бірден ой-пікірлерін білдіре бастайды. Соның ішінде күллі елге қатысты өзекті мәселелерді көтерген жарияланымдар соңы комменттерге толып кетеді.
Біз осы кезге дейін сондай пікірлерді көбірек жинаған, күн тәртібіндегі өзекті жайттарды сөз еткен мақалаларға түскен комменттерді жариялап тұруды дәстүрге айналдырып келдік. Ал бүгін үш бірдей мақалаға түскен пікірлерді топтастырып беруге тура келіп отыр. Әлбетте, пікірлердің бәрін бірдей берудің мүмкіндігі болған жоқ. Дегенмен, осы іріктеп алғандардың өзі солардағы жалпы көңіл-күйді білдіре алады деп есептейміз.
Ендеше, аталған комменттерге көз салайық.
«Осы жарасымды ма?»
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ
(7 маусым, 2016 жыл)
Орал
Рас, қазір жігіттердің бір-бірімен бет сүйісіп амандасқаны, гүл сыйлағаны қатты ашу келтіреді. Жігітсің бе, жігіттік затыңа сай болсаңшы! Төс қағысып амандас, сыйлық сыйлағың келіп бара жатса, ер адамдар ұстайтын заттардың бірін бер.
Жомарт
Мұның бәрі үйдегі тәрбиенің дұрыс-бұрыстығынан болады. Бұрынғы кезде ата-бабаларымыз ұлдарын қалай ұстаған? Ал қазіргі заманауи әке болып жүргендеріміздің балаларына беріп жатқан тәрбиесі қандай? Меніңше, бүгінгі қоғам нағыз әке деп айтарлық адамдардан ақырындап айырылып бара жатқан сияқты.
Асылбек
Қазір шынымен мұндай типтегі жастар көбейді. Сахнада ән айтып тұрған әншіні түсінуге болар. Оларға көрермен гүлден артық ешнәрсе сыйлай алмайды. Бірақ досыңа гүл сыйлау деген енді өте ұят нәрсе. Заманның өзгергені деген дұрыс па, әлде қазақ жастарының Батыс елдеріне еліктеушілігі ме?!
Әсем
Бұл қазіргі таңдағы өте өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Отан қорғайды деп үміттенетін жігіттеріміз өз басын дұрыс алып жүруге жарамайды. «Біз ХХІ ғасырдың жастарымыз», дейді одан қала берді. Не айтарымды да білмеймін.
Әбдіжәміл
Енді бұл барып тұрған сорақылық па деймін. Оның кең етек алып бара жатқанын жазып, шулай бергенше, онымен қалай күресу керектігін ойласайық. Соның жолдарын қарастырайық. Меніңше, оның алдын алу үшін әрбір отбасында «еркек пен еркек сүйісіп сәлемдеспейді» деген сарында тыйымдар ашық айтылып отыруы керек.
«Алтын белгі» аралы
Бақтияр ТАЙЖАН
(17 маусым, 2016 жыл)
Думан
Мұндай басшыға көзінің тірісінде туған жерінде ескерткіш қойса да артық емес!
Қадыр
Қазақтардан түк шықпайды, қазақша оқыған балалар дұрыс білім алмайды дейтін көкауыздардың аузына құм құятын тамаша дерек қой мынау!
Толағай
Меніңше, Еңбек Ері атағын осы кісіге беру керек. Бұл кісі күллі ұрпаққа еңбек сіңіріп жатыр.
Болат, Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы
Қатты разы болып отырып оқыдым мына мақаланы. Өмірxан Қозыбақ ағамызға мың да бір раxмет! Еңбек Ері атағын алатын дәрежеге келіп тұр екен. Бір жыл емес, үш жыл бойы республиканың алдын бермей келе жатқан осы кісі сондай атақ алмағанда, енді кім алады?
Айбек
Керемет! Мен не айтарымды да білмей отырмын. Алғашында бір мектептің 40 түлегі «Алтын белгі» иегері атанды дегенде, аса қатты сене қоймап едім. Мақаланы оқып отырып, көзім жетіп отыр. Ішімнен «шіркін, кезінде осы мектепте оқығанымда ғой» деп ойлап қоямын.
Шолпан
Меніңше, бұл мектептің оқу процесіндегі тәсілдемесі бөлек және ұстаздары жыл сайын шәкірттерін биікке жетелеу үшін барын салады. Сонымен қатар, мектеп бітірушілер ҰБТ-ға дайындықты 2-3 жыл бұрын бастайды деп ойлаймын. Не де болса, Мақтааралдағы мектептің бағы бес елі екен!
Біржан
Мектеп ұстаздарының алдында басымды иемін. Елімізде мұндай білім ошағы бар деп ойламаппын. Басқаларына үлгі болғаны анық.
Тәңірберген
Бұл мектеп республикадағы орта білім беру ұйымдарына үлгі болуы керек. Шынымды айтсам, риза болдым. Мектеп басшылығынан бастап, ұстаздар қауымына.
«Қазаншының еркі бар...»
Темір ҚҰСАЙЫН
(17 маусым, 2016 жыл)
Тасболат, Ақжайық ауданы
Масқара ғой! Шаһардың дәл орталығында, облыстық және қалалық әкімдік ғимараттарының тап қасында қаланың бас жоспары талабына сай келмейтін зәулім бұл не құрылыс?
Жандарбай
Журналист Темір Құсайынның жазып отырғаны өте орынды мәселе. Елбасының сындарлы саясатына сай, облыс орталықтарындағы құрылыс қаланың сәні мен сәулетіне лайықты түрде жобалануы қажет. Ал мына тоғыз қабатты құрылыстың аталған талаптардың бірі ескерілмей, қаланың қақ ортасында бар көрікті бұзып салынуына қарағанда, автордың жазғанындай, заңды айналып өткен бір гәп бар секілді.
Иманат
Заңды белден басып ойына келгенді жасай беру оңай нəрсе-ау деймін. Қателік мемлекеттік қызметкер деген аты бар əкімдік қызметкерлерінен шығады. Қаланың бас жоспарын аяқасты етіп орынсыз жерден жер телімін бергендері осы айтқанымызға дəлел емес пе?
Айболат
Бүгінде Батыс Қазақстан облысының билігі БАҚ-қа жабық. Кез келген мекемеден кішкене ақпарат алу үшін де жоғарғы жақтың рұқсаты керек дейді. Жоғарғы жақ әкімнің пиарын жасаймын деп, шаш ал десе бас алуға дейін кетіп қалды. «Егемен» ақпарат ала алмаса, қалғанына не жорық?
Бейімбет
Қалалардағы орталық алаң түбінен, әкімшілік ғимараттардың іргесінен көпқабатты үй салу тәжірибесі бірде-бір мемлекетте жоқ. Оралдың орталық алаңындағы бұл ара онсыз да тар. Ешқандай бос кеңістік жоқ. Құрылыс біткен соң бұл жерде адам да, көлік те көбейеді. Сол кезде түрлі қауіпсіздік жағдайдан сақтануға мүмкіндік болмай қалуы ықтимал.
Арай
Демек, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Өксікбаев аталған құрылыс нысаны жайлы толық білмейтін болды ғой. Сондықтан да артық бірдеңе айтып қоямын ба деп қорыққандықтан, әкімдікке сілтеп отыр. Жалтақ шенеунік, жабық мекеме кімге абырой әпереді?!
Тараз
Соңғы кездері «Егемен Қазақстан» газеті сын мақалалар жариялап, өзекті мәселелерді көтеріп жүр. Сын нақты әрі шын болса неге жазбасқа? Осындай өткір дүниелер көбейе берсін.