Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен келді,
деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Ташкентке Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін келді. Сондай-ақ, сапар аясында шетел мемлекеттері басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізу жоспарланған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғанимен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі мәселелерін, оның ішінде сауда-экономика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейту перспективаларын талқылады. Бұдан бөлек, екі ел басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті жайттар жөнінде пікір алмасты. Нұрсұлтан Назарбаев мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айындағы бұл кездесудің маңыздылығын атап өтті. – Сіздің Астанаға сапарыңыздың қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісімдер жасалды. Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Қазақстан сіздің елге астық жеткізеді. Сонымен қатар, осы жылы Кабулда үкіметаралық комиссияның отырысы болады. Онда елдеріміздің экономикалық ынтымақтастығын одан әрі нығайту жолдары қарастырылады, – деді Қазақстан Президенті. М.Ғани Нұрсұлтан Назарбаевты алда келе жатқан Ораза айт мерекесімен құттықтады. – Қазақстан Ауғанстанның маңызды сауда серіктесі болып саналады. Біз де үкіметаралық комиссияның алдағы отырысынан зор үміт күтеміз, – деді Ауғанстан басшысы. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Ташкенттен