Соңғы кездері әлеуметтік желілерде қырғыз еліндегі «Киров» су қоймасының қиын жағдайы туралы ақпараттар жиі бой көрсетіп жүр. Шынында Тараз қаласынан небәрі 40 шақырым қашықтықта орналасқан бұл су қоймасының жағдайы жергілікті тұрғындарды әжептәуір алаңдатып жүргені жасырын емес. Биылғы көктемде жауын-шашын мол болды. Маусым айының басында күн қатты ысып кеткенімен ортасына таман қайтадан жауын құйып, елді біраз әбігерге салды. Сол күндері қырғыз елінің таулы аймақтарында бұршақ жауып, жаңбыр құйып, одан аққан су «Киров» су қоймасының ернеуін толтыра бастады. Бұл әрине, қауіпті тіптен күшейтіп жіберді.
Біз «Киров» су қоймасының қазіргі жағдайы жөнінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиевтің пікірін сұраған болатынбыз.
– «Киров» су қоймасының жалпы сыйымдылығы 550 млн. текше метрді құрайды, –
дейді бізбен әңгімесінде Абдалы Тоқбергенұлы. – Соңғы жауын-шашыннан кейін су деңгейі 540, 48 млн. текше метрге дейін жеткені рас. Өйткені, соңғы апталарда Қырғызстанның Талас облысының таулы аймақтарында жауын-шашын мол түсіп, су қоймасына секундына 244 текше метр су құйылып жатты. Қырғыз мамандарының айтуына қарағанда, мұндай телегей-теңіз судың ағып келуі бұрын-соңды болмаған екен. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, былтыр дәл осы уақытта су қоймасына таудан небәрі секундына 6 текше метр су ғана құйылып жатқан. Биыл бұл көрсеткіш 244-ке жетті. Осыдан кейін қырғыздар су қоймасының аузын кеңірек ашып, секундына 210 текше метрге дейін су жіберуге мәжбүр болды. Бұл да су қоймасының тарихында болмаған жағдай. Тағы да салыстырмалы түрде алатын болсақ, былтыр осы уақытта су қоймасынан секундына 52 текше метр су жіберіліп жатқан. Әрине, осыншама мол судың бірден лақ етіп жіберілуі өзен бойында орналасқан елді мекендерге қауіп төндіргені анық. Біз қырғыздардан келген 201 текше метр судың 185-ін Талас өзеніне, қалғандарын Жамбыл, Байзақ аудандарындағы каналдарға бөліп тастадық. Әйтсе де Жамбыл ауданының Жасөркен ауылына тартылған газ құбырларының кей тұстарын және Талас өзенінің арнасының біраз жерлерін су шайып, Тараз қаласындағы кейбір жер учаскелерін су басып қалғаны рас. Бірақ тұрғын үйлер су тасқынынан аман. Бұл бағытта біз аудан әкімдіктері мен төтенше жағдай қызметтеріне алдын-ала алапат су туралы ескерту жасағанбыз. Соның арқасында Талас өзенінің кейбір тұстары бекемделіп, тар арналар кеңейтілді, пәс жерлерін биіктеттік. Бұл шаруаға қол созған жергілікті кәсіпкерлерге мың алғыс.
«Киров» су қоймасы қырғыздың Манас ауданы аумағында жатыр. Алғаш су көп жіберілген күні Манас ауданының біраз жерлерін су басып, тіпті тасқын бірді-екілі көпірлерін жұлып та кетті. Осыдан кейін бұл ауданда төтенше жағдай жарияланып, олар да әлі күнге әбігерге түсуде.
– Одан бері де жаңбыр басылды. Күннің беті бері қарады. Енді қазіргі жағдай қандай?
– Иә, қазір су қоймасына таудан құйылып жатқан судың екпіні біршама басылды. Соңғы мәліметтер бойынша айтар болсам, су қоймасына таудан секундына 120 текше метр су құйылып жатса, қоймадан бері қарай секундына 180 текше метр су жіберілуде. Таңертең ғана бұл көрсеткіш 198 болатын. Оның 20 текше метрін қырғыз ауылдары алып жатыр. Сонда бізге секундына 160 текше метр су келуде. Бұл әрине, су қоймасындағы жағдай бір қалыпқа түсіп келе жатқанын аңғартады.
– Сонда бұл «Киров» су қоймасынан келер ешқандай қауіп жоқ деген сөз ғой...
– Иә, әзірге ешқандай қауіп жоқ. Айдынға құйылып жатқан суға қарағанда одан шығып жатқан судың мөлшері әлдеқайда көп болғандықтан қазір қоймадағы судың деңгейі төмен түсіп келе жатқаны анық. Әйтсе де бұл бағыттағы жұмысты бір сәт те бәсеңдетпеуіміз керек.
...Міне, ағын су арнасын табады десек те, арықтағы судың аз болғаны да, кенеттен көп болып кеткені де өте қауіпті екенін байқадық. Әйтсе де «Су – диқанның қаны, жер – қолыңдағы наның» демекші ағын судың арынды
болуы, лайым, еліміздің шаруасын оңалтып, береке-молшылыққа кенелте бергей.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы