24 Маусым, 2016

Кәсіпкерге тұсау салу тоқталады

338 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Жакип АсановЭкономикасы озық қоғамның өзегі – кәсіпкерлік. Ол дамыса мем­лекет­тің қуаты артып, халық­тың тұрмысы жақсарады. Ал әр мемлекеттің қуатын нарық талабы билеп тұрған шақта бар әлем шағын және орта кәсіпкерлік­ке әбден ден қойғалы қашан. Соған орай бізде де елдегі кәсіпкерлікті дамыту қажет деп айтылғалы көп бол­ды. Өйткені, кәсіпкерлер мен кәсіп­орындар бізде баршылық, тіпті санынан шатысуға болатындай екен. Бірақ сол кәсіпкерліктің дамымауында не сыр жатқанын ешкім жарытып айта алмайды. Мықты боламын деген әрбір мемлекет, ең алдымен, кәсіпкерлікті дамытуы тиіс деп Елбасымыз да қай­та-қайта айтып келеді. Кәсіпкерлік күшті болса, тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемен­дігіміз ғұмырлы болатыны сөзсіз. Алайда, мемлекетіміздің мықты болуына, халқымыздың көрінбес арман қанатында емес, нақты молшылық пен тоқшылықтың құшағында қанат жаюына жол қашан ашылатыны белгісіз. Неліктен? Не кедергі? Олай істеу керек, былай ету керек деп кәсіпкерліктің адымын арт­тыру бағытында небір экономика ма­мандары да айтып келеді. Бірақ арман – арман ғана болып қала­т­ын түрі бар. Сонда не істеген жөн? Міне, біз де осы бағытта не іс­теу керек­­тігін еске сал­ғанды дұрыс деп тап­тық. Әрине, биз­несті қол­дау тек эко­номи­ка­лық блок­тағы құры­лым­дардың жүгі емес. Ол бүкіл мемлекеттік аппа­рат­тың, со­ның ішін­де құқық қорғау орган­дары­­ның да мін­деті. Міне, осыдан барып жарытып айтылмай келе жат­қан мәселенің төбесі көрінеді. Ол – қылмыс. Осы арада өткенде ғана «Кәсіп­керлік саласындағы прокуратура қа­дағалауы» тақырыбындағы форумда сөйлеген сөзінде Бас Прокурор Жақып Асанов: «Неге десеңіздер, қылмыс жасағандардың 84 пайызы – жұмысы жоқ азаматтар. Сондықтан қылмыстың алдын алудың тиімді жолы – халықты жұмыспен қамту, әсіресе бизнеске тарту», деп мәселені төтесінен қойды. Ал бірақ бірқатар жандар кәсіпкерліктің дамуына прокуратура қандай үлес қосады деп күмілжитіні тағы рас. Осы бір қатқан күдікті сейілту үшін Бас Прокурор бәріміз үшін маңызды үш сұрақ бойын­ша өздерінің жауабын жария етті. Ол соншалықты маңызды бола қоя­тын­дай қандай өзекті мәселе дейсіз ғой. Оны да жасырмайық. Жақып Асановтың айтуы бойынша, оның біріншісі – тексерулерді тір­кеу инс­титуты каншалықты тиімді жұмыс жасап жатыр деген сұраққа жауап іздеу. Екіншісі – бизнесті про­ку­рорлық қорғаудың мәні неде және кейде прокурорлардың өздері кәсіп­кер­лерді неге тексереді? Үшін­ші сұ­рақ – қадағалау шаралары арқы­лы қа­­лың көпшіліктің жеке бизнеспен ай­на­лысуына ықпал етуге бола ма? Көр­діңіз бе, үш мәселе де өте маңызды. Сондықтан Бас Прокурор осы­лар­дың әрқайсысына жеке тоқталды. Иә, сонымен, тексерулерді тіркеу институты не тындырды? Мұны тарқатып шығу үшін, алдымен, 90-шы жылдарды еске алайық. Одақ­тың күйреуі. Құрдымға кеткен эконо­мика. Жұмыссыздық пен инфляция. Десек те, оның артықшылық­­тары да болды – табыс табу мақсаты алға қойылды. Көбі төменнен баста­ды. Бірақ, олардың бастамалары тексерістерден бас көтермеді. Кез келгені қалаған уақытында кімді болса да тексеретін. Осылайша кәсіп­кер­лер екі жақтан қысымға түсті: бір жағынан – мемлекеттік орган­дар, ал екінші жағынан – рэкет. Мұндай жағ­дайда халықтың нара­зылығы туындамайды дейсіз бе? Билік қайда қарап отыр дейді ғой. Осының тамырына балта шабу керек болды. Мемлекет басшысының жеке қадағалауымен қылмысты ауыздықтап, нарық заңдарын қабыл­дауға мүмкіндік туды. Бизнес нығая бастады. Алайда, жаппай тек­серіс­тер әлі де жалғасып жатты. Нақты жүйе болмады. Мұның бәрі бизнестің дамуын тежеп отырды. 1999-шы жылы тексерістерді міндетті тіркеуді енгізген соң жағдай өзгере бастады. Соңғы 5 жыл ішінде ғана олардың саны 4 есеге азайып, айына 30 мың­нан 7 мыңға дейін түсті. Егер де бұ­рын әрбір екінші адамға тексеру жүр­гізген болса, енді жүзден үшеуі ғана тексерілетін болды. Бірақ бизнеске жасалатын қысым әлі де басылар емес. Неге? Мәселен, Лихачева деген азаматша Шығыс Қазақстан облысында дәрі-дәрмек өндіретін мекеме ашады. Сол-ақ екен фармацевтикалық тексеріс директоры оған бөгет жасауды көздейді. Себебі – шенеунікте де дәл осындай бизнес болған, сосын қарсыласын жолдан тайдыру керек. Ол шағымдарды қолдан жасап, өзі тексеріп, жарты миллион көлемінде айыппұл салады. Прокурорлар оның әрекетін тоқтатып, сотталуына қол жеткізген. Міне, көрдіңіз бе, наразылықты билік­тің саясаты емес, жергілікті жердегі нақ осындай әрекеттер тудырады! Сондықтан да тексерістерге қатысты тәртіпті ретке келтірген аса маңызды екендігін Бас прокурор біліп айтады. «Біз 2015-ші жылы қауіп-қатерді бағалау жүйесін енгіздік. Оның мәні – жаппай бәрін емес, тек жоғары қауіп-қатер тобына жататындарды тексеруінде. Жылдың соңына дейін бұл жүйені «Тексерулердің бірыңғай тізілімі» деп аталатын біздің жаңа сер­вис­пен біріктіретін боламыз. Енді кім­нің қайда тәртіп бұзғаны туралы бір-ақ сәтте білуге болады. Тексеріс жасай­тын қызметкер сол жаққа барады. Тәртіп бұзушылық туралы бар­лық ақ­па­рат тексеріс картасында жария­ла­на­­ды. Кез келген адам сайтқа кіріп, өзі­не қажетті мәліметтерді алатын бола­ды. Жиі тәртіп бұзатындар түбін­де өз клиенттерінен айырылады», дейді Ж.Асанов. Одан әрі ол екінші қадамға тоқ­талды. Ол – электронды тіркеу. Бұл тек­серушіге де, жемқорлыққа қарсы қыз­­меттерге де тексерулердің саты­сын онлайн бақылау мүмкін­дігін бере­ді. Үшінші қадам бойын­ша, кәсіп­кер service.pravstat.kz сайты арқылы, 115 Call-орталығы немесе телефон арқылы өзіне жүргізіліп жат­­қан тек­серіс­тің қаншалықты заң­ды еке­нін көре алады. Оған 3 жыл ішінде мың­­нан астам бизнес субъекті­лері хабар­ласқан. Осылайша әрбір үшін­ші адам­ға көмек беріліп, 400-ге жуық лауазым­ды тұлға жазаланды. Мә­селен, Тараз қаласында «Азимут» ЖШС-нің жалғыз табыс көзіне қамақ салынды. Бизнес тұрып қалды. 15 жұмыскер қысқартылды. Бірақ прокуратура келіп экономикалық тергеу қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне тоқтау салды. Біле білсек, бизнестің мемлекеттік айла-амалмен жиі ұшырасатын саласы – қылмыстық процесс. Дәл осында күш-құрылымдары тарапынан қысым көрсету фактілері жиі кездеседі. Мәселен, ОҚО-да бір жарым жыл бойы «Яссы» мақта компаниясына қарсы қылмыстық іс жүргізілген болатын. Осы уақыт ішінде шикізатты дайындау 6 есеге, ал айналым 4 есеге түсті. 104 адам жұмыссыз қалды. Қыл­мыс құрамы болмағандықтан, ең соңында іс тоқтатылды. Тек ірік­теп тексеру кезін­­де қылмыстың шең­беріне түс­кен 80 кәсіпорынның 33-і жа­бы­лып қалғаны белгілі болды. 800 жұмыс орны қысқартылған. Сондықтан осындай жағдайда үш мәселенің шешімі табылуы қажет екен. «Біріншісі – бұл хабарламаларды сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) тіркеген уақытта бірден тергеуге алуды бастау, шоттарға тыйым салу, тінту және алу. Бұл жағдай кезінде кәсіпкердің кінәлі әлде кінәсіз екендігі әлі белгісіз. Сон­дықтан да бизнесті сыртқы қысым­нан құтқарады деген мақсатпен тергеуге дейінгі тексерісті қайтаруды сұрайды. Бірақ бұл жерде мынаны түсініп алған абзал: СДТБТ айқын қыл­мыстарды әуре-сарсаңға салмай, дер кезінде тергеп-тексеру үшін арнайы енгізілді. Мысалы, адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық. Бұл тер­­геу қар­қыны бәсеңдеп жүргізілу себе­­бінен дәлелдердің, мүліктің жоғалуы­ның және қылмыскердің қашып кетуі­нің алдын алу үшін қажет. Осын­­дай жағдай «Азбука жильямен» болған еді. Тайжанов 3 мың салымшыны алдап, қашып кеткен болатын. Сонымен қатар, кей жағдай­лар­да тергеу амалдарын бастау үшін бір ғана хабарлама жеткіліксіз бо­лып, нақты негіздемелердің қажет­т­ігі байқалады. Аудит, тексеріс, есеп болмаған жағдайда баға беру қиындығы туындайды. Мұндай жағ­дайларда ҚПК СДТБТ-де хабарламаларды тіркемей, оларды уәкілетті мемлекеттік органға жібе­­руге мүмкіндік береді. Бірақ, бұл тәртіп жаппай бұзылуда. 2015 жылы экономика саласындағы әр төртінші іс құрамының болмауына бай­ланысты тоқтатылды. Бұл сан­дар­ды қайта тексерістен өткізген дұрыс. Орташа алғанда әрқайсысы 3 айға жуық тергелсе де, оларда көп­теген бұзушылықтар орын ал­ған. Қаншамасы тоқтатылған, ал негізінде қанша кәсіпкер «қармаққа ілі­ніп тұр»? Биыл 6 мыңға жуық хабар­ла­ма СДТБТ-ге жіберілген, олар бойынша тер­геу мен жедел іздестіру шаралары ұйым­дастырылған», дейді Бас Прокурор. Мұндай жағдай қалыптасқан кезде не істеу қажет? Кәсіпкерлер біле­тіндей, ақпараттарды тіркеу кітабы деген бар. Барлық хабарлама­лар соған енгізіледі. Хабарлама түскен кез­де жедел қызметкерге 3 тәулік бері­­леді. Осы уақыт ішінде ол келген хабар­ламаға қатысты қандай әре­кет қабылдайтынын шешуі қажет. Оған 3 түрлі әрекет жасауға таңдау беріл­­ген. Егер қылмыс белгілері бол­­­маса және қосымша тексеру қажет бол­ма­ған жағдайда, хабарлама тізім­­нен шыға­рылады және ешқан­дай әрекет қажет етілмейді. Егер де қыл­мыс айқын болып тұрса, мысалы салық актісі болса, онда СДТБТ-ге міндетті түрде енгізу қажет екен. Ал егер күмән пайда болып, тексеру қажеттілігі туындаса, хабарлама СДТБТ-де тіркелмей, уәкілетті органға қылмыстың бар-жоғын анық­тау үшін жіберіледі. Бірақ бұл жағ­дайда бір сұрақ туындайды: уәкілетті орган әрі қарай қан­дай шаралар қабылдайды? Ол тексеру жүргізу қажет­тігі бар-жоғы туралы шешімді өзі қа­былдайды. Бұл еш жерде реттелмеген. Қылмыс белгі­лерін анықтаған жағ­дайда тергеуге жібереді. Алайда, ол тек­серіс жүргізбеуі де мүмкін. Бұл жағ­дайда қылмысты жасыру қаупі бар деген сөз. Кей жағдайда СДТБТ-ні жоспардан тыс тексеру жүр­гізу үшін пайдаланады екен. Демек тергеу органдары егер онда қыл­мыс­тық әрекеттер орын алғанын негіз­дейтін салық актісі болмаса, бизнесті қазбалаудан аулақ болуы қажет. Жалпы қалыптасқан жағдай­дың көрінісі мынадай дейді одан әрі Ж.Асанов: «Қатардағы тексеріс жүргізу үшін мемлекеттік органға негіздерді дәлелдеу қажет. Бір олқы­лық болған жағдайда прокуратура қабылдамай тастайды. Ал қыл­мыс­тық қудалау әрекеттерін бастау үшін ешқандай бөгет жоқ. Кез келген жедел қызметкер баянат жазып, оны СДТБТ-ге тіркейді. Ешқандай санкция, ешқандай келісім жоқ. Есесіне бизнес қол астында болады... Бұл фиксалдарға да тиімді. Тексерулерді белгілеу рәсімін сақтаудың орнына олар іс шеңберінде тапсырма алады. Бұл жағдай олардың қызметін жеңіл­детеді. Тексеру жүргізу үшін негіз­дерді іздеп әуреге түсудің қажеті жоқ. Өйткені, қауіптерді саралау және т.б. іс-шаралар біраз еңбекті талап етеді. Мүмкін осының барлығы СДТБТ-де жаппай тіркеуге итермелейтін шығар? Сонымен қатар, жеке биз­несті қор­ғау үшін осындай істер бойынша про­курордың рұқсатын алу керек деген пікір қалыптасқан. Бұған қоса алаяқтықтық та жеңіл тіркеледі екен. Бәсекелестің үсті­нен шағым жазсаңыз – бұл таза азамат­тық дау болғанына қарамастан, ол бірден қыспаққа алынады. Әрине, қыл­мыстық шоқпарды пайдалана отырып қарсыласты «жеңу» оңай. Ал өзің­нің ақтығыңды дәлелдеп шығу­ды қажет ететін азаматтық сот – бұл басқа мәселе. Сондықтан мұн­дай жағ­дайда Бас Прокурор егер де жаз­баша келісімшартың бар болса – сот­қа бар. Егер ол жерде криминал орын алған деп тапса, сот өзі жеке қау­лы шығарып, сонда ғана тергеу басталады дейді. «2011 жылдан бері біз қылмыстарды тіркеуге қатаң қарайтын болдық. Сол уақыттан бері 40 полиция қызметкері қылмыстарды жасырғаны үшін сотталған. Ендігі кезек­те келесі мәселе туындап отыр, ол – әсіресе қылмыстық іске кәсіпкер­лер­­ді тарту кезіндегі негізсіз тіркеу­лер. Демек, тек қылмысты жасырғаны үшін емес, осы әрекеттер үшін де жазалау қажет». Сонымен тағы бір мәселе – жал­ған кәсіпкерлік. Расымен де, көп­теген бизнесмендер жалған кәсіп­кер­лік­пен байланысып, бюджетке ірі сомалар қарыз болып қал­ған. Егер 2010 жылы осындай 730 фак­ті анықталса, 2015 жылы бұл көр­сеткіш 3,5 есе артық. Залал кө­лемі 242 млрд. теңгені құрайды екен. Мәселен, тек Ильин дегеннің ұйым­­­дас­­қан қылмыстық тобына қа­тыс­ты қы­л­мыстық іс бойынша оның ба­қы­­лауындағы жалған кәсіпорындар бюд­жетке 66 млрд. көлемінде залал келт­і­рген. Айғақтардың арқасында 340 кон­трагент салық хабарландыруларын күтпей, өз еріктерімен қазынаға 9 млрд. төледі. Салық төлеуден жалтарудың тәсіл­дері өте көп. Олардың қатарында қара­­жатты қолма-қол ақшаға ауыстыру да, біркүндік фирмалар арқылы капи­талды шетелге шығару да бар. Нашақорлар, жаны науқас адамдар, панасыздар және жай ғана жасанды тұлғалар меншік иесі және жетекші есебінде тіркелген. Мәселен, «Дувайер» ЖШС бухгалтериясында барлығы өз қалпында болған – шарттар рәсімделген, төлемдер мен жұмыс актілері де бар. Ал прокуратура тереңнен қазбалап қараса, онда серіктес фирмалардың қызметкерлері де, арнайы техника да жоқ екен, ал басшыларының барлығы сотталған маскүнемдер болып шыққан. Тағы бір мәселе – мемлекеттік кірістер комитеті салықшылар кей кезде шектен шығатынын мойындайды, бірақ ештеңені өзгертудің қажеті жоқ деп санайды екен. Ал Жоғар­ғы Сот ең алдымен жалған фирмалар­ды салық төлеуден жалтарғаны үшін жауап­кершілікке тартып, содан кейін ғана мұның жалған кәсіпкерлік пе, әлде жоқ па, осыған сот кезінде баға беруді ұсынады. Пікірлердің мұн­­дай алуандығы бұл сұрақтың екі жа­қты екенін көрсетеді. Осы орай­­да тәртіп сақтап жүргендерге тиіс­пей, бірақ алаяқтарды жай қал­дыр­мауға мүмкіндік беретін тепе-тең­дік табу қажет секілді. Өйткені, мұн­дай жағдайда кәсіпкерлер біздің мәмі­ле­леріміз заңды, серіктестеріміз алаяқ болғанына біздің кінәміз жоқ. Мә­мі­л­е­лер мен құжаттардың жалған ек­енін дәлелдеңіз де, жазалай беріңіз, дейді. «Істің анық-қанығына жетпей, әрқайсысының кінәсін дәлелдемей, барлығын жаппай жазалай беруге болмайды. Мәселен, «Атамекен» қара­жатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан Минаковтың ісі бойынша мәселені дұрыс қойып отыр. Оны соттады. 348 серіктесіне 10 млрд. қосымша санап берді. Тергеу барысында 69, ал сотта небәрі 8 адамнан жауап алынды. Олар мәмілелердің шынайылығын растаған болатын, алайда олардың пікірін тыңдамаған. 279 кәсіпорын бұл жағдай туралы хабарлама алған кезде ғана білді. Осылайша олар автоматты түрде қорғану құқығынан айырылды. Егер залал көлемі бел­гілі болмаса және ол өтелмеген жағ­дайда прокурорларға қаражатты қолма-қол ақшаға айнал­дыру­мен ай­налысқандармен процестік мәміле жасауға тыйым саламын. Не себептен десеңіздер, өйткені олар кез кел­ген келісімге қол қойып, айып­пұл ­төлеп құтылып кетеді. Ал қи­на­ла­тын олардың контрагенттері. Десек те, әр­бір үшінші іс ымыраға келумен аяқ­талған», деп атап өтті Бас Прокурор. Келесі бағыт – азаматтық даулар. Сотқа жыл сайын 1,5 млн. жеке және заңды тұлғадан 700 мыңдай арыз түседі екен. Әрқайсысынан «Қалың қалай?» деп сұрасаңыз, «Сот­тасып жатырмын» деген жауапты жиі естисіз. Бұл мәселеге орай Ж.Асанов: «Біз 2012 жылдан бері «Қыл­­мыс­тық және азаматтық процесте бітімге келу» жобасын іске қос­­қан едік. Оның нәтижесі – жаңа Аза­мат­­тық процестік кодекс. Бітімге келу – соттың басты міндеттерінің бірі­­н­е айналды. Ымыраға келу жолда­рын іздеудің жаңа құралдары пайда болды. Сондықтан қылмыстық про­цес­тің проблемаларын шешуден бөлек, АПК-ні жетілдірудің де маңызы өте зор. Бұл бизнестің, әсі­ресе, шағын және орта бизнестің өз дау­ларын шешу кезін­де ірі шығынға ұшы­рамауы үшін қажет. Бұған біздің «Шағым­сыз қоғам» атты жобамыз септігін ти­гізуде. Оның мақсаты – бизнес пен мем­лекет арасындағы қарым-қаты­настарды шешу кезінде сотқа жүгінуге мәжбүрлейтін себептерді жою», дейді. Сонымен бұл сараптамамызды да қорытындылай келгенде онсыз да тексерушілер көп екен, оған қоса прокуратура да не себепті бизнеске тексеру жүргізеді деп сұрайтындардың да дені кәсіпкерлер екенін айтқымыз келеді. Өйткені, прокурорлар мына мәселелер бойынша тексеру жүргізуді қажет деп санайды: Мемлекет бас­шы­сының кәсіпкерлікті қолдау жөнін­дегі саясатына сәйкестігі; бизнес жүр­­гізуге бөгеттердің болуы; жем­қор­­­лық қылмыстар жағдайы; мақ­сат­тың маңыздылығы, тиімділігі, соған сәй­кестігі және негізділігі. Бірақ бұ­ған әлі ешкім шындап кіріскен емес. Кәсіп­керлер теоретиктерге қара­ған­да құқық аясындағы әлсіз тұс­тар­ды жақсы білетіні анық.  Бұған Бас Прокурор: «Бірден айтып кетейін, прокуратурада бизнесті тексеру жоспарлары жоқ, болуы мүм­кін де емес. Бақылаушылар онсыз да жет­кілікті. Бірақ кейбір кез­дері біз­дің араласуымызға тура келеді. Әсіресе, бақылаушылар әрекет­сіз отыр­ған жағ­дайда. Өйткені, әрекет­сіз­дік салдары ауыр болуы мүмкін. Мә­се­лен, ШҚО-да балық инспекция­сы көксерке балығын тасып шы­ға­руға рұқсатты оңға да, солға да тарата берген. Про­курорлар 26 мың тон­на балықты экс­порттаудың жасырын сызбасының бетін ашты. Эколо­гия залалы – 4 млрд. 114 іс қоз­­ғалып, 45 тұлға сотталды, соның ішін­де балық инспекциясының бар­лық басшылығы да бар. Біз­дің қан­дай жағдайда бизнесті тек­серуі­міз қажет екенінің барлығын заң­да көрсету мүмкін емес. Теріс пайда­лану­шылық болмау үшін, тексерулер облыс прокурорының жеке шеші­мі­мен жүргізіледі, оған дербес жауап­кершілік жүктеледі», дейді. Осы арада жалпы прокуратура қадағалау шаралары арқылы көпшіліктің жеке бизнеспен айналысуына ықпал ете ала ма деген сұрақ та көкейге тірелетіні рас. Өйткені, жұмыспен қамту мен кәсіп­керлікті дамыту – жергілікті орган­дардың басты міндеті. Мемлекет басшысы өзінің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында осыған ерекше назар аударған болатын. «Бұл жерде ауылдық жерлерге ерекше көңіл бөлінген. Бізде 7 мыңға жуық ауыл бар. Онда 40 пайыздан астам қазақстандық өмір сүреді. Қазіргі уақытта ауылға барып жұмыс орындарын ашатындар аз. Ал ол жақ­тағы адамдардың көп бөлігі қан­дай кәсіппен айналысатынын білмей жүр. Әкімдердің аппаратында бизнес-бағыт беріп, қаржылай және қаржылай емес қолдау көрсете алатын, олардың қыр-сыры мен оңай есептері көрсетілген бизнес түрлерінің тізімін бере алатын адам жоқ. Егер әр ауыл әкімін осындай ақпаратпен қамтамасыз етсек, олар­ға тұрғындарды бизнеске тартуды үйретсек және оның жұмысын жағдайы жақсы отбасылар саны арқылы бағалайтын болсақ, бұл жаппай бизнес ынтасын тудыруы мүмкін еді», дейді Ж.Асанов. Иә, бұл тиімді әдіс екені даусыз. Оны прокуратура қолдауға да дайын екен. Неге? Себебі, бұл елі­міз­­дегі криминогендік жағдайға тіке­лей байланысты болып отырған көрі­неді. Қылмыстардың 84 пайызын жұ­мыс­сыз адамдар жасаған. Ақтө­белік террористер де жұмыс­сыз­дар қатарында болған. Бізде жұмыс­сыз­дықтың негізгі себебі жұмыс орындарының болмауы емес. Оған сандар дәлел. Өткен жылы бізге табыс табу мақсатымен мил­лионға жуық Қырғызстан және Өзбекстан азаматы келген. Олар өз отанына банк арқылы 100 млрд. теңге аударған. Қолма-қол ақшалай қанша қаржы кетіп жатқанын ешкім білмейді. Алайда, бізде жарты миллион жұмыссыз бар. Демек, қыл­мыстың алдын алудың ең тиімді жолы – жұмыс орындары. Оларды қалып­тастыратын кім? Әрине, бизнес. Сондықтан біз бәріміз бірігіп жұмыспен қамту және тұрғындардың табысының өсу мәселелеріне ерекше назар аударуымыз қажет. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше