24 Маусым, 2016

Шахта туризмінің шарапатын көреміз бе?

601 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Шахта-1Құдайға шүкір, біз қазір шикізат көздерінің басынан бақ тая бастағанын сезген сайын есімізді жиып, оң мен солға ойлы көзбен қарай бастадық. Қарап тұрсақ, өндіріс өркендесе – экономикамызды өрге сүйрейтін көрінеді, ауыл шаруашылығын қолға алсақ – халықтың қағанағын қарқ, сағанағын сарқ қылуға әбден болады екен. Әйтеуір, мұнайға күніңді түсірмей мұңсыз тірлік кешуге болатын түрі бар. Сонан соң, кейбір мемлекеттерді туризм асырап отыр дегенге сене бермеуші едік, көзіміз енді оған да жете бастағандай. Туризмнің де түр-түрі бар. Осы тұрғыдан келгенде, кейінгі кездері Қарағандының шахталарына туристер тарту жөніндегі идея әр-әр жерде айтылып қалып жүр. Мысалы, Қарағанды облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаевадан осы жайында сұрағанымызда мынадай жауап алдық. «Қарағанды өзінің көмірі және шахталарымен әлемге танымал. Сол себепті қаламызға келген туристердің көбі шахтаға түскісі келетін ниеттерін білдіріп жатады. Жалпы, болашақта шахта туризмі жобасы іске асып жатса, онда біздің туроператорлар мұндай брендті өздерінің туристік маршруттарына қосуға дайын деген ойдамын», – деген болатын Т.Аблаева ханым. Кеңес заманында кеншілер астанасы Қарағандыда жиырмадан астам шахта шаруасы шалқып жұмыс істеген екен. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары салған лаңнан соң шахталардың саны түрлі себептермен қысқарып, қайсыбірі оңтайландырылып, жабылып, бүгінгі күнде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-тың құрамында жұмыс істеп тұрған сегіз-ақ шахта қалды. Дегенмен, қаңырап бос тұрғанын қосқанда шахта деген бұл жақта жетіп-артылады. «Қыз дайын болса, біз дайын» демекші, тек жетпей тұрғаны – туристер. Әр нәрсенің парқы салыс­тырғанда білінеді ғой. Туризмнің мұндай түрі басқа елдердің қайсысында бар екен? Енді осы жайтты аз-маз әңгіме қылайық. Қарап тұрсақ, алыстағы АҚШ-та, Еуропаның белортасындағы Алманияда шахта туризмі шаш-етектен пайда әкелетін салаға әлдеқашан айналыпты. Мысалы, Невада штатының солтүстік бөлігі тұтасымен алғанда түрлі кенішке толы екен. Бірінің кені таусылған, енді бірі күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр. Мұн­дағы кеніштердің шахталарында метан газы жоқ. Сол себепті, жер астына түсу тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратын көрінеді. Ал Германиядағы Рур облысында орналасқан шахталардың көмірі түгелімен осыдан 15 жыл бұрын түгесіліпті. Тұтас өлкенің тіршілік тамыры солатын болған соң, немістер шахталарға туристерді тарта бастаған. Қа­зіргі таңда Рур облысы кеніш тақырыбына құрылған музейлер мен галереялар саны жағынан өзгелерден оқ бойы озып кетіпті. Кешегі тас қараңғы шахталар бүгінде туристердің ақша төлеп түсетін бизнес көзіне айналған. Шахтаға түскен турист жердің үстіне кіп-кішкентай көмір кесегін алып шыққанына мәз болады екен. Жалпы, шахта туризмі дегенде, шетелдік туристерді Қара­ғандының шахталары қаншалықты қызықтыруы мүмкін? Міне, мәселе осында. Қарағандының көмірлі қала екені, мұнда жиырмадан астам шахта бар екенін шетелдік саяхатшылардың көбісі жақсы біледі деген ойдамыз. Бірақ, олардың көбі біздегі шахталардың тұнып тұрған қауіпке толы екенін біле бермеуі де мүмкін. Шахтаның да шахтасы бар. Мәселен, қорғасын немесе күміс өндірілген шахталарда адам баласына төніп тұрған соншалықты қауіп жоқ. Тек, жазатайым құлап, мертігіп қалмасаң болды. Ал Қарағандының көмір шахталарында метан деген бәлекет газ бар, ол кез келген уақытта жерді қақырата жаруы мүмкін... Қарағандыдағы шахтаның директорлары туризмнің бұл түріне түсіністікпен қарап отырған жоқ екен. Мұны бір сөзінде «Авалон» тарихи-географиялық қоғамының президенті Виталий Шуптар айтып қалды. Шахта туризмін дамытуға құлшынып жүрген Шуптарлар шахта басшыларына талай рет ұсыныспен шыққан екен, директорлар олардан азар да безер болып, аулақ жүруге тырысатын көрінеді. Оларды да түсінуге болады. Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы. «Жеті қат жердің астына түспей-ақ, жердің үстіндегі инфрақұрылымға апарыңдар, ол аз десең шахта музейі бар», дейді екен директорлар. Расында, директорлар сөзінің жаны бар. Шахтаны көрем деп аңсары ауып келгендерді алдымен кә­сіпорынның инфрақұрылымы­мен таныстыру керек. Одан кейін алып барып, шахтаның музейін аралатқан жөн. Осылайша турист деген әуесқой ағайынды психо­логиялық тұрғыда әбден дайындап алғаннан кейін онша терең емес шахтаның біріне түсіріп алса да артықтық етпес еді. Әлбетте, бұл жұмыс істеп тұрған шахта болса – тіпті жақсы. Өйткені, алда-жалда бірдеңе бола қалса, көмек қолын соза қоятын құтқару қызметі сақадай-сай тұрады ғой. Ал бос тұрған шахтаға түсу дегеніңіз – ажалды қарғаның бүркітпен ойнағанындай болар еді. Бірақ та, экстремаль турист дегендерді қауіптің мұндай түрі қорқытудың орнына желіктіре түсуі әбден мүмкін... Бүгінгі күнде шахталарға жер­гілікті тұрғындарды да түсіре бастауға болады. Біздің ойымызша көптің ішінен көрдей қараңғы шахтаға түсіп, өзінің бойындағы қорқынышты жеңсем деген сезі­мін сынағысы келетіндердің та­былатындығы сөзсіз. Біреулерге маңдай шамы жарқыраған шахтер каскасын киіп алып, көмірдің тозаңымен тыныстап, 800-900 метр тереңдіктегі лаваны қуалай еңбектей жүру – экзотиканың төресі болуы мүмкін ғой. Демек, тиын-тебен болса да бюджеттің қоржынына пайда түседі. Мұның бәрін айтып отырған себебіміз, шахта туризмін дамытамыз десек, бұл істі терең және жан-жақты зерттеп барып, жер астына жасалатын экскурсиялық турдың тиімді һәм қауіпсіз жолын ойлап табуымыз керек. Қалай десек те, алыстан ат арытып келетін турист дейтін халайық бір шақырымға дейін тереңдікке кететін шахтаға түсіп, кеншілердің ізімен жүріп өткісі келеді. Яғни, сұраныс бар жерде ұсынысымыз дап-дайын тұрса – құба-құп. Шахта демекші, бүгінгі күн­де Қарағандыдағы тау-кен-ин­дустриялық колледжіне қарасты оқу шахтасы жұмыс істеп тұр. Бес метр тереңдікте. Бір қарағанда, мұнда кәдімгі шахтадағыдай не керектің бәрі бар сияқты. Төбеден су ақпайды, гулеген жел жоқ. Бірақ нағыз шахтаның «ғажайып аурасын» бұл жерден іздесең емге таппайсың. Сол себепті, баланың ойыны сияқты оқу шахтасы адреналин аңсаған турист ағайынның құмарын қандыра алмасы анық. Олай болса, шахта туризмі сынды табыстан кенде болмайтын шаруаның жай-күйін осы бастан ойластыра бастағанымыз жөн-ау. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше