04 Ақпан, 2011

Әлеуметтік бағдардағы бюджет

389 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерге сәйкес еліміздің 2011 жылға арналған бюджеті әлеуметтік салаға бағдарланған бюджет болмақ. Бұл туралы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен Қаржы министрлігінің 2010 жылғы жұмыс қорытындылары және 2011 жылға арналған міндеттері туралы кеңейтілген алқа мәжілісінде Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлімдеді. Баяндамашы алдымен өткен жылғы бюд­жеттің атқарылуы туралы баяндады. 2010 жылы мемлекеттік бюджетке 4 388,8 миллиард теңге қаржы түскен, бұл жоспардың 105,7 пайызын құрайды. Осы орайда рес­пуб­ликалық бюджетке 3 729,2 миллиард теңге немесе жоспардың 106 пайызы көлемінде қаржы құйылған. Министр салықтың барлық негізгі түрлері бойынша түсімдер жоспарлы межеден асып түскенін атап көрсетті. Ел экономикасының өсу қарқыны өткен жылы алдын-ала белгіленген межелерден асып түсіп, бюджетті қалыптастыру және нақ­тылау кезінде артық қаржы көздерін іздестіруге тура келді. Солай бола тұрса да, сақталып отырған макроэкономикалық тәуе­кел­дер жағдайында бюджет түсімдерін жоспарлау кезіндегі консервативтік көзқарас өзін толығымен ақтады. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 4 934,1 миллиард теңгені құрады немесе 98,3 пайызға атқарылды. Республика­лық бюджет шығыстары 4 284 миллиард теңге немесе жоспардың 9,1 пайызына ат­қарылды. Бюджеттің атқарылуы барысында 37,5 миллиард теңге игерілмей қалды. Алайда бұл 2009 жылмен салыстырғанда 22,6 миллиард теңгеге төмен. Мемлекеттік бюд­жет­тің тапшылығы 527,3 миллиард теңгені, республикалық бюджет бойынша 554,8 миллиард теңгені құрап, болжалынған ішкі жал­пы өнімнің 2,7 пайызы деңгейінде қалыптас­ты. Бұл межеленген жоспардан 248,8 миллиард теңге аз. Министр есепті баяндамасында мемлекеттік шығындардың тиімділігін арттыру жә­не бюджет шығыстарының ысырапшылды­ғын азайту мәселелеріне ерекше тоқталды. 2010 жылы бюджеттік инвестициялық жоба­ларды іске асыру барысында бастапқы құны 1 990,6 миллиард теңгеге жоспарланған 377 инвестициялық жобаның 45-і бойынша 169,8 миллиард теңге немесе бастапқы құнының 9,1 пайызға қымбаттауына жол берілген. Мәселен, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы бір-текті құрылыс нысандары­ның кейбірінің бағасы 3,3 есе қымбаттаған. Түркістан қаласындағы 200 адам қабылдауға арналған 60 төсектік туберкулезге қарсы аурухананың құрылысында осындай кемшіліктер орын алса, Алматы қаласындағы «Балалар хирургиясы және педиатриясы ғылы­ми-зерттеу орталығына» қарасты 150 төсек­тік емдеу корпусының, Көкшетау қаласын­дағы перзентхананың 50 төсектік бала туу корпусының құрылыстарының бастапқы бағасынан 1,2 есе қымбаттауға жол берілген. Бюджеттік инвестициялық жобалардың қым­бат­тауына жол бермеу мақсатында Қаржы министрі оларды бюджетке енгізу кезінде басты талаптардың бірі ретінде техникалық-экономикалық негіздеме ғана емес, жобалау сметалық құжаттардың болуын да нақтылау міндетін ұсынды. Қазіргі таңда «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды жетілдіру ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл заң негізінен ЮНИКСТРАЛ типтік заңының талаптарына сай халықара­лық нормаларға негізделіп құрылу керек. Заң жобалардың қымбаттауы мүмкін болған жағдайда міндеттемелерді реттеу барысында халықаралық стандарттарға сәйкес шаралар­ға жүгінуді көздейді. Құрылысы 3 қаржы жылына созылып кеткен нысандар бойынша екінші қаржы жылында шарттарға сәйкес жобаның қалыптасқан жаңа құны бойынша алдын-ала түзетулер енгізілуі керек. Есепті кезеңде бюджеттің ашықтығы бойын­ша жүргізілген халықаралық рейтингте Қазақстан төмен көрсеткіштерге ие болды. Бұл ретте бюджеттің ашықтық сипатын арттыру үшін қандай да бір жаңа заңнамалық актілер қабылдау талап етілмейді, тек қоғам үшін түсінікті форматта бюджеттің атқары­луы туралы ашық ақпаратты жариялау талап етіледі. Халықаралық тәжірибеде мұндай іс-тәжірибе азаматтық бюджет деп аталады. Осыған сәйкес Қаржы министрлігі жақын ара­да 2010 жылғы бюджеттің атқарылуы ту­ралы жалпы халыққа түсінікті негізде ақпа­рат­тар тарататын болады. Бұл тәжірибе алда­ғы уақытта қоғамдық бірлестіктердің қаты­суымен одан әрі жетілдірілмек. Министрлік­тің сайтында осы ақпан айында бюджеттік қаржылардың атқарылуы тұрғысындағы негізгі бағыттарды көрсететін «Азаматтық бюджет» атты ақпараттық бөлім ашылады. Сонымен бірге Салық комитеті де барлық заңды тұлғалардан алынатын салық түсім­дері туралы ақпаратты жариялауды жоспарлап отыр. Өткен жылдың ортасында бюджет заңна­масына бюджет шығыстарын ағымдағы ба­қы­лауға қатысты өзгерістер енгізілген бола­тын. Бұл ретте үш жылғы дебиторлық берешекті талдау барысында еліміздің дебитор­лық берешегінің өскені анықталды. Атап айтқанда, 2011 жылғы 1 қаңтарға дейінгі дерек бойынша дебиторлық берешек өсімі бұр­нағы жылмен салыстырғанда 50 пайыздан асып, 46,7 миллиард теңгеден 70,4 миллиард теңгеге дейін өскен. Осыған байланысты бюджеттік шығындарға қатаң бақылау жасау жөнінде қосымша шаралар белгіленуі керек. Министрлік қанатқақты негізде «қазынашы­лық-клиент» электронды құжат жүйесін да­мы­туды қолға алды. Қазынашылық комитеті Астана, Алматы қалаларында және Ақмола облысында қанатқақты негізде техникалық жарақтандырудың қажетті мүмкіндігі бар мемлекеттік мекемелерде «қазынашылық-клиент» электронды құжат айналымы жүйе­сін енгізу жөніндегі жұмыстарды жүргізіп келеді. Елімізде 2011 жылдан бастап іске асы­рылатын жаңалықтың бірі орталық және жер­гілікті атқарушы органдардың қызмет жүйе­сін бағалауды жетілдіру болып табылады. Есепті кезеңде Қаржы министрлігі тара­пынан мемлекеттік мүлікті пайдалану тиімділігіне де ерекше назар аударылғандығы айтылды. Осы орайда жүргізілген тексерістер барысында анықталған тиісті мақсаттарға немесе мүлде пайдаланылмайтын мемлекеттік мүлік сатылуға тиіс. Немесе есептен шыға­рылып, қайта бөлінуі керек.  Мәселен, мемлекеттік аппараттың штат санын қысқарту мемлекеттік органдар иеленіп отырған кеңсе алаңдарының қысқаруына және оларды ұстауға жұмсалатын шығындардың азаюына әкеліп соқтырған жоқ. Керісінше, алдын-ала жүргізілген тексеріс деректері бойынша өткен жылы кеңсе алаңдары 75833 шаршы метрге артып кеткен. Алқа мәжілісінде Қаржы министрлігіне қарасты Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин, Кедендік бақылау комитетінің төр­аға­сы Қозы-Көрпеш Кәрбозов, қаржы қадаға­лау комитетінің төрағасы Мұхтар Бейсембаев аудиторлық қызмет, қаржылық есеп және бухгалтерлік есеп методологиясы департа­мен­тінің директоры Арман Төлеуов және басқалар есеп берді. Негізгі баяндамашы жә­не қосымша есеп берушілер атап көрсеткен­дей, 2010 жылы салық салу және салық жүйе­сінің тиімділігін арттыру жөніндегі жұ­мыс одан әрі жалғасын тапқан. Жалпы алған­да 2005-2010 жылдар ішінде экономикалық салық жүктемесі шамамен бір деңгейде сақталып отыр. Бұл орайда салыстырмалы түрде алғанда экономиканың шикізаттық емес саласына салынатын салық жүктемесі бір­шама азайған. Мәселен, 2005-2010 жыл­дар аралығында шикізаттық емес саладағы салық жүктемесі 2005 жылғы 20,9 пайыздан 2010 жылғы 12,1 пайызға төмендеген. «Doing Business-2011» рейтинг агенттігінің зерттеулері бойынша әлемдегі 183 елдің ішінде Қазақстан Ұлыбритания, Норвегия, Ресей, АҚШ, Германия және басқа да дамыған елдерді басып озып, 37-ші орынға шықты. 2010 жылы кедендік ресімдердің жүктемесін төмендету және олардың тиімділігін арттыру мақсатында да елеулі жұ­мыстар атқарылды. Атап айтқанда, бұл салаға интеграцияланған бақылау жүйесі енгізілді. Енді кедендік ба­қылау комитеті көліктік, мал дәрігерлік-сани­тарлық және өсімдіктер карантинін бақылау функ­ция­ларын орындайды. 2010 жылғы 1 шілдеден бастап Кеден одағы және еліміздің жаңа кедендік заңнамаларының күшіне енуіне байланысты тауарларды кедендік тексерулер кезінде кеден органына декларант беретін міндетті құжаттардың тізбесі 3 негізгі құ­жатқа дейін қысқартылды. Кеден шекара­ларында кедендік бақылаудан өту уақытын қысқарту үшін экспорт-импорттық операциялар «бір терезе» қағидатымен жүзеге асы­рылатын болды. Қаржы министрлігінің алқа мәжілісін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қорытын­дылап, халықаралық қаржы саласында қа­лып­тасып отырған күрделі жағдайда атқар­ған еліміздің қаржы саласының жұмысына қанағаттанарлық баға берді. Өз сөзінде Премьер-Министр Қаржы министрлігінің алдын­да тұрған негізгі міндеттерді де саралап өтті. Кәрім Мәсімов еліміздің тұрғындарынан салық және ке­­ден орган­да­ры­ның жұ­мыс­­та­рына бай­ланысты көп­теген хаттар мен ша­ғымдардың өзінің жеке блогына келіп жа­та­ты­нын айтып, осындай ша­ғым хат­тар­­дың бір па­­­расын мә­жіліс үстінде Болат Жәмішевке тапсырды. Әр­бір хаттың артында адам тұр­ғандығын ерекше ескерте келіп, Үкімет бас­шы­сы бұл хаттар­ға дер кезінде толық әрі нақ­ты жауап берілуін талап етті. Елбасы­ның биылғы Жол­дауынан туын­дайтын міндеттер қаржылық тұрғыда қосым­ша шығындар қарастыруды талап етеді. Осы ретте Премьер-Министр халықты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл мақсатта таяу уақытта арнайы бағдарлама қа­былданатынын айтып, оны қаржылық тұрғы­да негіздеу керектігін тапсырды. Халқымыз­ды барынша жұмыспен қамту мақсатында бұрын өз тиімділігін көрсеткен тәжірибелер­ді, атап айтқанда, дағдарысқа қарсы іс-қимыл шаралары ба­ры­сында жүзеге асы­рылған «Жол кар­­тасы» тәжіри­бе­сін ке­ңі­нен пайдалану ке­рек. Со­нымен бір­ге Пре­мьер-Министр сала қыз­мет­кер­лерінің ал­­дына мемлекеттік шы­ғын­дар­дың ти­ім­­ділігін арт­ты­ру, бюджеттік қар­жы­ны пайдалануда ыж­да­ғаттылық көрсету, қаржылық бақылау тиімділігін арт­ты­ру мәселелеріне байланысты нақты тап­сыр­малар беріп, кешенді міндеттер жүктеді. Еліміздің алдағы даму бағдарлама­сында да макроэкономикалық тұрақтылық басты ба­сымдық болып табылады. Сондық­тан эконо­ми­каның негізгі салаларын қаржы­мен қамта­масыз ету – ел әлеуетін арттыру мақсатын­дағы маңызды да шешуші міндет­тердің бірегейі бола бермек, деп түйіндеді өз сөзін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.