Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Мырзатай Жолдасбеков оқулары» өтті. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері белсене қатысты.
Іс-шараның мақсаты – ұлттың зияткерлік және рухани әлеуетін көтеруге жастарды тарту, студенттердің кітап оқуына жан-жақты қолдау көрсету.
«Қазақ мәдениетінің қара нары» тақырыбында Мырзатай Жолдасбековтің өмірі мен шығармашылығына арналған студенттер арасындағы эссе байқауы өтіп, онда ТарМПИ студенті Нұргүл Пулатова үздік деп танылды. Ал Құралай Әбдіназарова мен Назерке Әжетова екінші және үшінші орынға ие болды.
Филология факультетінің ұйымдастыруымен өткен шараның екінші күнінде «Мәңгілік Ел идеясы: ұлт тұлғалары» тақырыбында қазақ филологиясы кафедрасының профессорлары Тұрсынай Әбдіқадырова мен Рүстем Садықбеков студенттерге дәріс оқыды. Мырзатай Жолдасбеков атындағы халықаралық байланыстар және академиялық ұтқырлық орталығында өткен дәрісте лекторлар профессор жөніндегі естеліктерімен бөлісіп, оның шығармашылығының «Мәңгілік Ел» идеясымен астасып жататынын тілге тиек етті.
Жандарбек АСАН,
ТарМПИ Ақпараттық-имидждік бөлімінің жетекшісі