* Дода
Футболдан Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында 22 маусым күні топтық ойындар түгел ойналып бітті. Бұл күні соңғы екі топтың төрт командасы өзара күш сынасып, келесі кезеңге жолдама алатындардың толық нұсқасы түзіліп шығуын қамтамасыз етті. Енді 1/8 финалда қандай құрамалардың бір-бірлерімен күш сынасатындары да белгілі болып отыр.
Топтардағы көшбасылардың тұлғалары белгілі болып қалғандығынан шығар, турнирдің соңғы ойындарында күтпеген нәтижелер көбірек кездесті. Бұған қоса, осы тұстағы матчтардың бәрі өздерінің ымырасыз сипаттарымен жанкүйерлерді тәнті етті. Біз сөз еткелі отырған төрт кездесудің келбеті де дәл осындай тұжырым жасауға негіз бере алады.
Аталған ойындардың арасында F тобындағы Венгрия – Португалия ұшырасуы өзінің ұдайы тартыс үстінде өтуімен бірге, голдарының да көптігі арқылы басқаларынан, сөз жоқ, бір сүйем болса да жоғары тұр. Бұл сондай-ақ осы кезге дейін өзінің шынайы таланты мен бомбардирлік қабілетін көрсете алмаған Криштиану Роналдудың жұлдызы жарқырап жанған келісті бір ойын болды. Ол матчта өз құрамасы салған үш голға да қатысып, солардың екеуіне авторлық етсе, біреуіне нәтижелі пас жасады. Сөйтіп, қорытынды есебі 3:3 болып біткен кездесу португалдарды плей-офф кезеңіне шығарды. Матчта дубль жасаған Роналду Еуропаның төрт чемпионатына қатысып, олардың бәрінде гол соққан тұңғыш ойыншы атанды.
Бұған дейінгі екі ойынды тең аяқтап, турнир кестесіндегі жағдайы мәз болмаған Португалия ойынды қарқынды бастады. Себебі, оларға енді ұтыс ауадай керек еді. Бірақ Сантуштың шәкірттері допқа егелік етіп, қарсы қақпа маңынан шеңбер құрғаннан арыға бара алмады. Оның есесіне, мадьярлар бірінші қарсы шабуылының өзінде-ақ гол салып кетті. 19-минутта бұрыштан берілген допқа бұрын жеткен Золтан Гера алыс бұрышты солқ еткізді. Бұған португалдар 43-минутта ғана жауап қайтара алды. Осы тұста алаңның орта тұсынан Роналдудың алға ұмтылып ұру үшін жермен сырғытып берген добына мадьярлар қорғаушысымен қатарласа жеткен Нани сәл жылдамдық танытып, оны голкипердің оң жағын ала торға қарай топ еткізді.
Екінші тайм тіпті күтпеген көрініспен көген керді. Бұл жолы Балаш Джуджак стандартты жағдайды қалай пайдалану керек екенін көрсетіп берді. Оның жасаған соққысы алдымен қорғаннан қайтты, ал екінші қайтара келген кезінде допты қақпа аумағына келістіріп кіргізіп жіберді. Бірақ мадьярлар бұл қуаныштың қырманын көп тасытып тұра алмады. Арада минут өтпей жатып, Роналду қақпа алдындағы қарбалас сәтте допты өкшесімен сарт еткізіп, тордың аумағынан бір-ақ шығарды. Ал арада 6 минут өткеннен кейін Джуджак екі ойыншыны алдап өтіп, тағы бір допты дарбаза дәргейіне сүңгіте салды. Дубль. Бұдан соң 7 минут өткесін, Криштиану де екінші голын салып үлгерді. Осы есеп ойын соңына дейін өзгермеді. Сөйтіп, топтық кезеңдегі үш ойынын да тең бітірген португалдар алдына 5 ұпайдан жинаған Венгрия және Исландия терме жамағаттарын салып, 3 ұпаймен үшінші орынға тұрақтап, доп айырымының көрсеткіші бойынша плей-офф ойындарына қатысушылар дүрмегінен табылды.
Бұл ойын Лионда ойналса, онымен бір мезгілде Сен-Дениде Исландия мен Австрия алаңға шықты. Мұның алдында португалдармен кездесуде 0:0 есебімен тең ойнаған австриялықтар арал-мемлекет футболшыларымен ең соңғы минуттарға дейін текетіресте келді. Бірақ 18-минутта Йон Бодварссон соққан гол негізінде жеңіліп тұрған олар тек 60-минутта Алессандро Шепф салған доптан кейін ғана таразы басын теңестірген. Осы шабуылшы сосын командасын алға да шығара алатын мүмкіндікті жіберіп алды. Мұның есесіне исланд Арнор Траустасон негізгі уақытқа қосылған 4-минутта жеңіс добын соғып кетті. Сонымен ойын да бітті.
Түнге қарай Е тобындағы Италия – Ирландия, Швеция – Бельгия өзара кездесті. Бұлардың екеуінде де номиналды алаң иелері болған командалар, яғни итальяндар мен шведтер жеңіліп қалды. Бұдан бұрыннан екі жеңістен кейін 6 ұпай жинап алған Аппенин түбегінің жігіттеріне еш залал келген жоқ, кестедегі бірінші орнын сақтап қалды, ал жалғыз ұпаймен жан сақтап жүрген скандинавиялық футболшылар соңғы орыннан жылжи алмай, жарыспен қош айтысты. Бұл ойындарда кімге үш ұпай керек болды, сол алға ұмтылды. Солардың бірі – ирландтар матч басынан оның тізгінін уысынан шығармады. Италиялықтар стандартты жағдайларда ғана қауіпті көрінді. Осылай аңдысуға құралған ұшырасудың 85-минутында Роберт Брэди гол салып, ирландтар мақсатына жетті. Келесі матчтағы жағдай да осыған ұқсас болды. Мұнда екі жақ жеңіске жетуді көздегенімен, соған жақын тұрғаны бельгиялықтар еді. Олар шведтерге қарағанда, қысымды көбірек жасады, соққыны да көп берді. Солардың бірі – Раджа Наингголан ұрған доп 84-минутта діттеген жерінен табылды. Осының қорытындысында топтан 6 ұпайлы Италия мен Бельгия, 4 ұпайлы Ирландия шықты.
Сонымен, ширек финалда Швейцария – Польша, Уэльс – Солтүстік Ирландия, Хорватия – Португалия, Франция – Ирландия, Германия – Словакия, Венгрия – Бельгия, Италия – Испания, Англия – Исландия кездеседі. Бұлардың алғашқы үшеуі – 25 маусым, келесі үштігі – 26 маусым, ал соңғы екі жұбы 27 маусым күндері ойналады. Матчтар сол реттерімен 19:00, 22:00 және 01:00 сағаттарда басталады. Ал соңғы күні командалар 22:00 және 01:00 сағаттарда сайысқа кіріседі. Бұдан әрі 30 маусымнан 3 шілдеге дейін ширек финалдық ойындарға кезек берілсе, 6 және 7 шілде күндері жартылай финалдық, 10 шілдеде финалдық кездесулер керуен түзеді.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»