Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына 20 жыл толады. Бұл кезеңде еліміз әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салада мол табыстарға жетті. Солардың ең бастыларының бірі – шетел қазақтарының атажұртқа көптеп қоныс аударуы. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге үнемі ерекше көңіл бөліп келеді. Елбасы Қазақстан халқына арналған биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында да «Біз талайлы заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын Атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің бірі болдық. Осы жылдары шетелдерден 800 мыңнан астам отандастарымыз келіп, халқымыздың саны бір жарым миллион адамға артты» деп атап көрсетті. Яғни, Қазақстанның этностық көші-қон жөнінен өзгелерге үлгі боларлық көптеген игі істерді жүзеге асырғаны даусыз.
Дегенмен бұл жөнінде тез арада шешуді қажет ететін мәселелер де аз емес. Осыған орай, біз өткен жылы «Оралман көші: күдік пен үміт» атты мақала жазып, «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған едік. (14 желтоқсан, 2010 ж.) Мұнда этностық көші-қонның ҚР Ішкі істер министрлігіне қатысты мәселелері сөз болған еді. Көші-қон полициясы комитетінің төрағасы Х.Досқалиев жақында осы жөнінде арнайы мәжіліс өткізді. Мәжілісте этностық көші-қонның ең өзекті мәселелері талқыланып, бұрынғы Көші-қон комитетінің Ішкі істер министрлігінінің құрамына қосылуына байланысты жүзеге асырылатын негізгі жұмыстар анықталды. Демек, оралмандар мәселесінде біраз жақсы жаңалықтар болады деп сенеміз.
Әйтсе, де этностық көштің барлық мәселесі тек Ішкі істер министрлігінің құзырындағы шаруалармен ғана шектелмейді. Бұл жұмыс Сыртқы істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, шетелдердегі елшіліктеріміздің, облыстық, аудандық әкімдіктердің қызметіне де тікелей қатысты.
Бұл ретте, Парламент Мәжілісі депутаттарының алар орны ерекше. Депутаттарымыз көші-қон мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Уәлихан Қалижан, Жарасбай Сүлейменов, Алдан Смайыл, Бекболат Тілеухан, Қайрат Сәдуақасов, Нұрлан Өнербаев, Құрманғали Уәли және басқа да халық қалаулылары оралмандарға үнемі жанашырлық танытып жүр. Оның үстіне, үстіміздегі жылы көші-қон туралы жаңа заң да қабылданбақ.
Демек, оралмандар мәселесінің дұрыс шешілуіне депутаттарымыз үлкен ықпал жасай алады. Осыған орай, олардың назарына көкейде жүрген біраз ой-пікірімізді ұсынып отырмыз. Бұл ретте, әсіресе, шетелдік ағайындардың атажұртқа оралуының күрт азаюы алаңдатарлық жағдай екендігін атап айтқымыз келеді.
ЗАҢ ЖӘНЕ ОРАЛМАН
Оралмандар көшіне кедергі болып отырған жағдайдың бәрін бір әңгімеде айтып шығу мүмкін емес. Біз ең бастыларына ғана тоқталайық.
Шетелдік ағайындардың атажұртқа оралуы бір жүйеге түскен нақты заң-ережелер бойынша жүргізілуі керек. Оларға қамқорлық көрсету, құқын қорғау қатаң әрі айқын белгіленген заңдық құжаттар негізінде іске асырылғаны жөн. Оралмандар да бұл заң-ережелерді бұлжытпай орындауы тиіс. Қазір бізде осы мәселе дұрыс шешілмеген. Оның есесіне, көші-қон жөнінде әркімнің өз қиялынан заң ойлап шығаруы жиі кездеседі. Мысалы, «Оралманнан депутат сайлау керек, көші-қон мекемелерін міндетті түрде оралман басқарсын» деген сияқты қисынсыз әңгімелер осының айқын дәлелі. Мұндай талап Қазақстанның қай заңында жазылған?! Балтық республикаларында тарихи отанына оралғандар президент болды. Израильде шетелден келгендердің премьер-министр, министр, депутат болғандары жетіп артылады. Бірақ олардың бәрі бұл дәрежеге өзгелермен тең сайлауға түсіп, бәсекелестерінен озып шығып жеткен. Біздің оралмандар да осындай талпыныс жасаса, оған кім қой дейді?!. Ал аты-жөні жоқ «мына кісі оралман еді, сондықтан депутат етіп сайлайық немесе мұны көші-қонға бастық етіп қояйық» десек, ол ақылға қонбайтын әңгіме болмай ма?!
Мұндай жағдай «оралман» деген атауға байланысты да жиі байқалады. «Оралман» терминін қолданысқа енгізген «Халықтың көші-қоны туралы» Заңды дайындағанда, біз екі жұмыс тобының мүшесі болдық. Ол кезде «оралман» деген атау Қазақстанға жаңадан келген, бір рет қана жәрдемақы алуға құқылы, ұлты қазақ шетелдік азаматқа арналған еді. Қазір бұл атаудың мәні мүлдем өзгеріп, шетелден атамзаманда келген ағайындар да өздерін оралманбыз деп есептеп, неше түрлі жеңілдіктер талап ететін болған.
Шетелден оралған кез келген қазақ, тіпті ол жалғыз басты болса да, квотаға кіріп, жәрдемақы алу керек деген әңгіме де айтылады. Оңтүстік елдерден келгендерді теріскей облыстарға жібермеу керек; оралман квотаны қай жерден алатынын өзі шешуі керек, әйтпесе бұл адам құқын бұзу болады деп «білгішсінетіндер» де бар. Мұның бәрі заңға қайшы. Оралманға жасалатын ең басты жәрдем – құқықтық жағынан жеңілдік беру. Яғни, оралмандар Қазақстанның кез келген өңіріне тұрақты тұруға, азаматтық алып, оқу оқып, жұмыс істеуге толық құқылы. (Шетелден келген өзге ұлт өкілдерінің басым көпшілігіне мұндай жеңілдік жоқ.) Ал қаржылай жәрдемақы бала-шағасы бар, әлеуметтік көмекке мұқтаж және мемлекет белгілеген жерге орналасқан адамдарға ғана беріледі. Басқа ағайындар өздері қалаған жерлеріне барып, жергілікті халықтармен тең жағдайда жұмыс істеп, оқуын оқып, күндерін көруі керек.
Сондай-ақ, оралмандарға жасалынған жақсы істерді көрмей, оның кемшіліктерін ғана дабырайту кең етек алған. Мысалы, соңғы он бес жылдағы көші-қон туралы баспасөзде жарияланған дүниелерді оқып көріңіз. Осыларға қарасаңыз, «көші-қон мекемелерін басқарғандардың ішінде жөні түзу бір адам жоқ. Бәрі шетінен ешкімге жаны ашымайтын, сөздері бәтуасыз, аннан-мыннан қашқан біреулер сияқты. Тек олар ғана емес, жергілікті әкімдер, көші-қон полициясы, ең аяғы шекарада тұрған кеденшілер мен сарбаздарға дейін бәрі жемқор, алаяқ. Ал оралман атаулы түгелдей жетім баланың күйін кешіп, азып-тозып, күнін көре алмай, босып жүр...»
Ал осы әңгімелер шындық па?! Қазақстанда оралмандар үшін ең болмаса бір ауыз рахмет айтатын ештеңе істелмеген бе?!. Бұлай деу әділдік емес. Астана мен Алматыдан бастап барлық жердегі оралмандардың тұрмысымен таныссаңыз, бұған көзіңіз анық жетеді. (Мысалы, әлгіндей «жетім баланың күйін кешіп, күнін көре алмай жүрген» ағайындардың біразының астында шетелдік көлік, үстінде екі қабатты коттедж үйі бар.)
Әрине, оралмандар көшінде түрлі қиындықтар кездесетіні даусыз; бұл жөнінде біз де сан рет жазып, айтып келеміз. Бірақ, сонымен бірге, бұл салада үлкен жетістіктеріміз де, өзгелерге үлгі боларлық жақсы істеріміз де аз емес. Солардың бәрін жоққа шығарып, оралман көшін жерден алып, жерге салып жамандай бергеннен не ұтамыз?!. Ештеңе де ұтпаймыз! Керісінше, мұның бәрі оралмандардың қадірін кетіріп, жұрттың оларға деген ыстық көңілін суыта бастады. Осының салдарынан қазір оралман жайлы сөз айтсаңыз, жергілікті басшылардың көбі азар да безер болып, бастарын ала қашады.
Осыған орай, этностық көші-қон туралы заң-ережелер түгелдей қайта қаралуы тиіс. Яғни, оралмандардың шетелден шығып, Қазақстанда тұрақты тіркеліп, азаматтық алып, жұмысқа орналасуына дейінгі бүкіл мәселелері тайға таңба басқандай анықталып, бұл жөніндегі құжаттардың бір ізге түскен үлгісі жасалсын. Шетелдегі елшіліктеріміз, көші-қон мекемелері, жергілікті әкімдіктер осы ереже-тәртіппен жұмыс істесін. Оралмандардың жауапкершілігі мен құқы да айқындалып, олар мұны бұлжытпай орындасын.
ҚАЗАҚ БОЛУ НЕГЕ ҚИЫН?!.
Алыстағы ағайындардың Қазақстанға қоныс аударуын қиындататын және бір мәселе – олардың ұлтының қазақ екендігін дәлелдеу. Шетелдердің біразында жеке куәлік пен паспортта ұлт көрсетілмейді. Ал біз оралманның қазақ екендігін құжат бойынша анықтаймыз. Егер құжатында ұлты көрсетілмесе, оның қазақ екендігін шетелдегі елшіліктеріміз куәландырады.
Елшілік адамның қазақ екендігін қалай анықтайды? Бұл жөнінде бекітілген қандай ереже бар – ол жағы белгісіз. Елшілік қызметкерлерінің сол елдегі сан мыңдаған қазақтардың әрқайсының қазақ екендігін тексеруге шамалары жете ме; бұл жөнінде арнайы мамандар бар ма – ол жағын да нақты айту қиын. Соған қарамастан, сырттан келген ағайынды бұрынғы тұрған жеріңдегі Қазақстан елшілігіне барып, қазақ екеніңді растайтын анықтама әкел деп кері қайтару үйреншікті әдетке айналған. Бұдан әсіресе, ауғанстандық ағайындар көбірек зардап шегуде. Мысал ретінде, Оңтүстік Қазақстан облысына келген бір ағайынымыздың жағдайын айтайық. Оның жақын туыстары Ауғанстаннан Шымкент өңіріне көшіп келген. Өзі қазақша сайрап тұр. Жанында екіқабат әйелі, екі-үш баласы бар. Енді оралман ретінде атажұртта қалғысы келеді. Бірақ жергілікті көші-қон полициясы Кабулдағы елшіліктен анықтама әкел деп оны кері қайтарған. Ол бала-шағасын шұбыртып, Қазақстан мен Ауғанстанның екі ортасында жүргенде әйелі босанып, әуре-сарсаңға түсіп, бір жыл дегенде атажұртқа әрең қайтып оралған. Абырой болғанда, Кабулдағы елшілік қажетті анықтама берген көрінеді. Ал сынықтан сылтау тауып, бермесе ше?!. Онда ол атажұртты қайтып көре алмай, жат жерде біржолата қалар еді. Ал осындай жағдаймен келе алмай жүрген ағайындарымыз қаншама?!.
Осыған орай, алыстан келген ағайынды кері қайтарып, әуре-сарсаңға салғанша, оның туған-туысқандарының куәландыруына сүйеніп, Қазақстанда қалуға рұқсат ететін заң не ереже жасауға неге болмайды?!
Бұл ретте, мына жағдайды да айта кеткіміз келеді. Өзбекстанда сан мыңдаған қазақ өзбек болып жазылып кеткен. Әкесі қазақ, баласы өзбек болып жүргендер де аз емес. Сонда олар ұлтын қалай өзгерткен?!. Оның еш қиындығы жоқ. Бұл республикада ұлтын өзгертіп, жергілікті халыққа қосыламын дегендерге әрқашан да жол ашық; керекті құжатты бірден жазып береді. Ал біз өз қазағымызды өзіміз қазақ ете алмай босқа шаршаймыз.
Бұл ретте, Өзбекстан, Түркия, Түркіменстан, Ауғанстанда сонау ХІХ ғасырда қоныс аударған этностық қазақтардың бар екендігін де ұмытпаған жөн. Қазір олар ана тілін ұмытқан, бірақ шыққан жерін, ата-тегін жақсы біледі. Міне, осыларды этностық қазақ деп танып, атажұртқа көшіріп әкеле аламыз ба?!. Осыны ойлағанда, Израильдың көші-қон саясаты еріксіз еске түседі. Олар Африканың қара нәсілді тұрғындарына араласып, түрін өзгертіп, тілін ұмытқан; Орта Азия халықтарына сіңіп, аты-жөндері де басқаша болып кеткен ағайындарын іздеп тауып, көшіріп әкеліп жатыр. Біз де осындай жақсы тәжірибеден үйренсек қайтер еді?!. Сонау тоқсаныншы жылдары кезінде Палестинада министр болған бір кісіні «Қазақ» деген фамилиясына бола қандасымыз деп танып, Қазақстан азаматтығын беріп едік. Осы жақсы дәстүр болашақта да жалғаса түссе дейміз.
Оралман көшін кім ұйымдастырады?!.
Кез келген оралманның атажұртқа қоныс аударуы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – алыстағы ағайынның өзі тұратын жерден құжаттарын дайындап, Қазақстанның қай өңіріне баратынын анықтап, дүние-мүлкін буып-түйіп, қажет жағдайда виза алып, тәуекел деп шекарадан өтуі. Ал көштің екінші кезеңі – оралманның атажұртқа бала-шағасын, жүгін аман-есен жеткізуі, баспана тауып, құжаттарын реттеп, тұрақты тіркеуге тұруы, азаматтыққа құжат өткізіп, оралман мәртебесін алып, квота бойынша жәрдемақы алатындардың кезегіне тұруы, істейтін жұмыс табуы.
Көштің бұл екі кезеңі де оңай емес, толып жатқан қиындықтары бар. Осыған орай, оралман көші басынан аяғына дейін бір орталықтан басқарылса, өте дұрыс болар еді. Өкінішке қарай, қазір бұл мәселе мүлдем қолға алынбай отыр. Яғни, біздегі көші-қон мекемелері бұл шаруаның тек екінші кезеңін ғана (оның өзін де толық емес) ұйымдастыра алады. Яғни, олар Қазақстанға өз күшімен келіп, тұрақты тіркелу, азаматтыққа құжат жинау сияқты бүкіл жұмыстарын бітірген дайын оралмандарды ғана қабылдап, көші-қон квотасына қосумен шектеледі. Этностық көштің кемінде тоқсан пайызын құрайтын Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан, Ауғанстан қазақтары атажұртқа осылай өз күштерімен келуде. Бұдан басқа әр жылдары Түркия, Сауд Арабиясы, Иран сияқты елдерге оралмандарды арнайы ұшақ жіберіп көшіріп әкелген жағдайлар болды, бірақ олар өте аз.
Қазақстанға келетін оралмандар көшінің азаюына осы жағдай да өз әсерін тигізуде. Яғни, шетелдегі ағайындардың басым көпшілігінің жол шығынын өтейтін қаржы тауып, өз күштерімен келуге мүмкіндіктері жоқ.
Бұл Өзбекстанның шалғай облыстары мен Қарақалпақстан қазақтарына тікелей қатысты.
Моңғолиядағы, оның ішінде, әсіресе Қазақстаннан өте шалғай жатқан Ұлан-Батыр, Эрдент қалалары мен Налайх, Селенгі, Дархан, Қобда сияқты алыс аймақтардағы қазақтар да осындай қиындықтарға душар болып отыр.
Қытайдағы ағайындардың да келу қиындықтары осыған ұқсас.
Көші-қон жұмысын ұйымдастыру мемлекет тарапынан қолға алынбағаннан кейін бұл шаруамен айналысамыз дейтін қоғамдық ұйымдар көбейді. Бірақ әзірше олардың пайдасынан гөрі зияны басымырақ. Нақты мысал келтірейік. Соңғы кезде Қытайдан көші-қон шақыртуымен келушілер мүлдем тоқтады. Мұның себебін зерттеп, сұрастырып көрсек, көшті тоқтатқан Қытай жағы емес, біздің өзіміз екен. Яғни, кейбір пысықай ағайындарымыз Қытайдан оралмандарды көшіріп әкеле жатырмын деп жүк көлігіне базарға сататын заттарын тиеп, шекарада қолға түскен. Мұндай жағдай Түркиямен екі ортада да орын алған. Сөйтіп, Қазақстан жағы көші-қон шақыртуын жіберуді тоқтатуға мәжбүр болған.
Осыған орай, кім көрінгеннің «көші-қон жұмысымен мен айналысамын, оралман мәселесін мен шешемін» деп жұртты босқа шатастыруын тоқтату керек. Көші-қон, ең алдымен, мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылатын өте күрделі шаруа екендігін ешқашан да ұмытпағанымыз абзал.
Соңғы кезде оралман көшін көбейту мақсатында «Нұрлы көш» бағдарламасы қолға алынған еді. Бірақ бұл бастаманың алға басуына түрлі жемқорлық кедергі жасауда. Мысалы, ҚР Бас Прокуратурасының жақында ғана жариялаған мәліметіне сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында осы бағдарламаға бөлінген 137 миллион теңге әлдекімдердің жеке пайдасына жұмсалған. Маңғыстау облысында да осындай 136 миллион теңге «қолды» болған, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан сияқты бірнеше облыстарда оралмандарға салынуға тиіс 700 үйдің ұшан-теңіз қаржысы жалған ақпар жасау арқылы желге ұшқан. Қазақстанға мүлдем келмеген немесе бұрын бір рет жәрдемақы алған оралмандарға жалған құжатпен заңсыз қаржы төлеу салдарынан 80 миллион теңге талан-таражға түскен. Көші-қон жұмысы бір орталықтан басқарылса, мұндай жағдайларға жол берілмес еді.
Шетелден келген қазақ жастары кәсіптік мамандық беретін арнаулы орта оқу орындарында оқуға өте ынталы. Ал осы мәселені кім ұйымдастырады: көші қон мекемелері ме, әлде Білім және ғылым министрлігі ме – ол жағы беймәлім.
Осы жағдайларды ескеріп, этностық көші-қонның ұйымдастыру жұмыстарын бір орталықтан жүргізген жөн. Бұған қаржылық жағынан толық мүмкіндік бар. Айталық, этностық көші-қонға бөлінетін қаржының 5-10 пайызын осыған жұмсауға болады. Бұл ең алдымен оралманға арналған қаржының талан-таражға түспей, тиімді жұмсалуын қамтамасыз етер еді.
Ал сонда этностық көші-қон жұмыстарын ұйымдастырумен кім, қандай мекеме айналысуы керек?!. Бұл асықпай ойлануды қажет ететін мәселе. Қазір кейбір министрліктердің жанынан түрлі ұйымдастыру жұмыстарымен айналыстан жеке бірлестіктер құрылып, көптеген іс-шараларды ойдағыдай жүзеге асыруда. Этностық көші-қонды ұйымдастыру жөнінде де осындай бір заңды тұлға құру керек шығар.
Осыдан біраз жыл бұрын Мемлекеттік көші-қон қорын құру жөнінде мәселе көтерілген еді. Мүмкін, осы мәселені де қайта ойластырған дұрыс болар?!. Қалай болғанда да бұл мәселе мемлекеттік тұрғыдан шешілуі қажет.
ЖЕР ЖӘНЕ ОРАЛМАН
Алыстағы ағайындарымыздың атажұртқа оралуы елімізге ұшан-теңіз пайда келтіруде. Яғни, оралмандар көші демографиялық жағдайымыздың жақсарып, ана тіліміздің, мәдениетіміз бен өнеріміздің, ғылымымыздың дамуына үлкен ықпал жасауда. Сондай-ақ, оралмандар еліміздің экономикалық дамуына, оның ішінде әсіресе, ауылшаруашылығының өркендеуіне айрықша үлес қоса алады. Осы ретте, мына жағдайды ескерген жөн. Қазақстанның жері ұшан-теңіз кең, ал халқы 16 миллионнан енді асты. Міне, осы ұшан-теңіз кең жер аз халықты азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай отыр. Біз көкөністі, жеміс-жидекті, тіпті, еттің де біраз бөлігін көршілес елдерден тасимыз. Бұл адам ұялатын жағдай. Мұның басты себебі – жерді жекешелендірудегі кемшілікте жатыр. Біраз жұрт бос жатқан ұшан-теңіз жерлерді тегін жекешелендірген. Енді оны игеруге ынта-ықыластары жоқ. Олардың бар ойлайтындары – сәті түссе, жерді басқа біреуге қымбатқа сатып, бір байып қалу.
Жерге деген мұндай көзқарас ауыл шаруашылығын тығырыққа тіреп, ел экономикасын тұралатуы мүмкін. Осыған орай, Жер туралы заңды ерте ме, кеш пе, әйтеуір қайта қарайтынымыз анық. Ал қазір игерілмей жатқан жерлерге оралмандарды орналастырудың мүмкіндіктерін қарастыру керек.
Бұл ретте, Қытайдан келетін ағайындардың пайдасы ұшан-теңіз. Өйткені, Қытай соңғы жиырма жылда экономиканың барлық саласын, оның ішінде ауыл шаруашылығын да дамытуда керемет табыстарға жетті. Соған орай, мұнда егін егу мен оған қажетті техника шығарудың ең озық үлгілері дүниеге келді. Бұл жетістіктен Қытайдағы ағайындарымыз да көп нәрсе үйренді. Олар сол үйренгендерін Қазақстанға келіп жүзеге асырса, жақсы нәтижеге қол жеткізер еді. Олардың алды қазір келіп те жатыр. Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында дүние-мүліктеріне қосып кішкене трактор әкеліп, егін егіп, жұрт көзіне түсіп жүрген ағайындар әр ауылда да бар.
Өзбекстан қазақтары туралы да осыны айтуға болады. Бұл республикада да диқаншылық мәдениеті жақсы дамыған.
Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі оралмандарды ауыл шаруашылығын дамытуға кеңінен қатыстыру жөнінде нақты жоспар-бағдарлама жасаса дұрыс болар еді. Мұндай бағдарламаны жергілікті әкімдіктер де жасағаны жөн.
Мал шаруашылығы жөнінен де осындай әңгіме айтуға болады. Қытай мен Моңғолияда қазақтың ежелгі төрт түлік малы жақсы сақталған. Осыларды Қазақстанға әкелсек, еліміздің бос жатқан ұлан-байтақ жері малға толар еді. Оралман ағайындар да малды әкелсек деп армандайды. Бұған Моңғолия да, Қытай да қарсы емес. Мал әкелуге қарсылық Қазақстан жағынан болып тұр. Дәлірек айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Малдәрігерлік қызмет мекемесі бұл елдерде жұқпалы ауру болуы мүмкін деген сылтаумен малды шекарадан өткізуге тыйым салған.
Бір таңғаларлығы, бізде Америка, Германия сияқты елдерден тауық етін тасуға ешқандай кедергі жоқ. Өткен жылы сол тауықтардың етінде улы зат бар екендігі анықталып, Еуропада біраз шу шықты. Сондай-ақ, алыс шетелдерден асыл тұқымды деп өте қымбатқа бұқа мен сиыр әкелу де дәстүрге айналған. Жақында теледидардан сол сиырлардың біразының асыл тұқымды екендігін дәлелдейтін құжаттары жоқ екендігі айтылды.
Осыларды көргенде, алыстан күмәнді сиыр мен тауық тасығанша, іргеде тұрған елдерден Қазақстанның табиғаты мен ауа райына бейім өзіміздің төрт түлік малымызды неге әкелмейміз деген сұрақ туады. Кеңес Одағы тұсында Моңғолияның малын Өскемен арқылы айдап әкеліп, Семейдің ет комбинатына өткізетін едік. Сол кезде болмаған жұқпалы ауру енді қайдан шыққан?! Осыған орай мамандармен сөйлесіп көрдік. Олардың айтуынша, Моңғолия мен Қытайдың малын шекарада бірер ай карантинде ұстап, жақсылап тексеріп, содан кейін өткізе беруге болады.
Бұл мәселе де күндердің күні қолға алынар деп ойлаймыз.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары.