04 Ақпан, 2011

Имандылық

588 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Әр аптаның жұмасы күллі мұсылман қауым үшін ерекше күн. Онда мешіт жамағаттары көптеп жиналып, жұма нама­зын оқып, аруаққа бағыштап құ­ран оқытып, бір жаңарып қа­лады. Біз де әдетімізден танбай мешітке бас сұққанымызда бұ­рын­нан осында кезіктіріп жүр­ген ақ жаулықты Мәкен апа­мыз­ды көрдік. Ол кісі секілді­лер­дің, әрине, үлкендерді ай­та­мыз ғой, дінге деген көзқарасы бөлек, дегенмен, қазір қай мешітке бармаңыз жастардың қарасы да көп. Бұған көз қуа­нып, көңіл тоғаяды. Бір топ жас­тармен әңгімелесіп тұрған бас имам Қалижан Байырбек­ұлын да көзім шалып қалды. Осыны байқаған Мәкен апа­мыз құран оқытатын арнайы бө­лінген  жердегі жайлы да жұм­сақ киіз үстіне тізе бүгіп, бүгінгі күнге деген жүрек­жар­­ды ризашылығын білдірді: – Е, қарағым, қылмысты қатаң жаза шараларымен ғана ауыздықтау мүмкін еместігі ай­тылып-ақ келеді. Соның ішін­де оның сал­дары­мен күрескеннен гөрі, сол болуы ықтимал қыл­мыс­­тың алдын алу әлде­қай­да тиімді ме деймін. Ал қылмыс­ты көбіне жастар жасай­тынын ескерсек, оларды теріс жолға түсірмейтін, жамандықтан сақ­тан­дыратын тәрбиенің рөлі зор. Ата-бабамыздан бізге жеткен сол тәрбиенің көзі бүгінде осы имандылық қой. Мәкен апамыздың жылы жү­зінен бүгінгі жастарымызға деген ризашылығын, қуаны­шын анық байқадық. Расында, осыншама адамның басын бір жерге қосып, олардың бәрін ізгілікке, адамгершілікке, өзгеге жақсылық жа­сау­ға үндейтін ұлы күш имандылық екені сөзсіз. Дініміз Ислам ол жол­дан адастырмайды. Ел­ба­сымыз Н.Назарбаев: «Біз тегіміз – түркі, дініміз – ислам екенін ұмытпауымыз қажет. Ол үшін қа­сиетті кітап – Құран Кәрімді на­си­хат­тауға тиіспіз», деп бекер айтпаса керек. Қазақстанда 11 мил­лиондай мұсылман болса, со­ның ішінде бес уақыт намаз оқи­тындар және мешіттерге жұма намазына баратындар саны 500 мыңнан аса жығылады деген ресми емес дерек бар. Демек, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін хал­қымыздың сауаттылық, иманды­лық деңгейі артты. Мұны қазіргі салынған 2200-ден асатын мешіттер саны да айғақтайды. Ал кеңес зама­нын­да Қазақстанда небәрі 68-ақ мешіт болған еді. Бұл орайда Ас­тана қаласы­ның бас имамы Қ.Заңқоев Қа­зақ­стан мұсыл­ман­дары діни бас­қар­ма­сы­ның құры­лып, жұмыс істей бас­тауы еліміздің тәуелсіздік алу ке­зеңімен тұспа-тұс келгенін айта­ды.  Қазір ғалым адам­ның дінді басқару мәселесі – әлемдік дең­гейде көтеріліп жүрген басты тақырыптардың бірі. Ғылымсыз дін құнды­лықтарын меңгеру мүмкін болмайтынын толағай тарих са­намызға шегелеп үйретті. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­ры­­нан кейін аянышты халге түс­кен еліміздегі діни ахуалды бір ізге түсіріп, биік белестерге жетелейтін ғалымдық қасиеті жоғары адам керек болғаны рас. Міне, сол бір өтпелі кезе­ң­де ұлт бо­ла­шағын ойлаған Елбасымыз Қа­зақ­стан мұсыл­ман­дары діни бас­қармасының тізгінін шейх Әбсаттар қа­жы Дербісәліге ұстатты. Бүгінде ол – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының және Орталық Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы. – Е, Қалижан балам дұрыс айтады, деп оны қостайды Мәкен апамыз. Көпті көрген біздер жақ­сы білеміз, сонау жылдардағы дін жағдайы мен Қазақстан тәуел­сіз­дік алған кезеңнен кейінгі бүгінгі діннің дәрежесін салыстыру мүм­кін емес. Айырмашылық жер мен көктей. Басқасын айтпағанда, бір ғана халал тағамдардың пайда бо­луы денсаулығымыздың түзеліп, өміріміздің ұзара түсуінің кепілі емес пе?! Мен Елбасының арқа­сын­да осындай жанға жайлы жақ­сылықтарды жасап жатқан адам­дарға бек ризамын, тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын, – деп Мәкен апамыз бетін сипады. Бүгінде діни басқарманың ұй­ыт­қы болуымен еліміз халал өн­ді­рісі жүйесін қалыптастыруда. Индустрия және сауда министрлігі құрамында №57 халал өнімдерін стандарттау техникалық комитеті (Халал комитеті) құрылды. Қазір елімізде 400-дей өндіріс мекемелері халал комитетіне тіркелген. Ал сонау 1992 жылы Орта Азия мұсылмандары діни басқар­масы­нан Қазақстан мұсылман­да­ры діни басқармасы жеке-дара бөлініп шық­ты. 2000 жылға дейін Қазақ­стан аумағындағы мешіттер бір орта­лық­қа бағынбаған еді, яғни әр­қай­сы өз бетінше өмір сүретін, соның кесірінен оларда кім көрінген имам болып келді. 2000 жылы бүкіл мешіттерді Діни басқармаға филиал етіп тіркеу басталды. Қазір еліміздегі барлық дерлік мешіт тіркелген. Яғни, ол­ар­дың бәрі Діни бас­қар­маға ба­ғынады, оларға бас имам­дарды тікелей Діни басқарма тағайын­дай­ды. Әр облыста діни басқарманың өкіл имамдары бар, олар өз об­лысы аумағындағы мешіттерді бас­қарады. Кеңес Одағы кезінде Қазақстаннан 30-дан астам адам ғана қажылыққа барса, тәу­ел­сіз­дік алғалы бері 20 мыңнан астам азаматымыз қажылық па­ры­зын өтеп келген екен. – Бұл – көңіл қуантатын дерек. Өйткені, бізге ең алдымен иман­ды­лық керек. Одан  ел бірлігі, ха­лық тыныштығы туындайды. Себебі, иманды адам қашанда Алла­ның рақымын иеленіп, нұрына бө­леніп жүреді. Ондай жаннан жа­мандық, қулық-сұмдық, зұлым­дық айналып өтеді. Жиырма жыл­дың ішінде ел азаматтарының кө­бінің жүрегіне осындай нұрдың ұялағы­ны ақиқат. Ендігі мақсат осы бар­ды бағалай біліп, тәуел­сіз­дік жетістігін келесі ұрпаққа жеткізу ғой, қарағым, – дейді Мә­кен апамыз. Александр ТАСБОЛАТОВ.