Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттардың талқысына «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасы ұсынылды.
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасы туралы Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақов баяндама жасады. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев қосымша баяндама жасап, аталған заң жобасының маңыздылығы туралы айтып берді.
Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаттары Асхат Бекенов, Рамазан Сәрпеков және Светлана Бычкова өз пікірлерін ортаға салды. Мәселен, Асхат Бекенов парламентшілер алдында Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық алғышарттарын белгілеудің міндеті тұрғанын, бұл заң арқылы еліміздегі Елбасымыздың өкілеттігін референдум арқылы өткізудің бүкілхалықтық ұсынысын мақұлдай отырып, олай етуден саналы түрде бас тартқан Президентіміздің бүкіл елдің қолдауын, Конституциялық Кеңестің шешімін ескеріп, референдум орнына кезектен тыс сайлау өткізу жайлы ұсыныс беруі бұл елдің елдігін, халықтың теңдігін, құқығын қорғайтын, дер кезінде жасалған батыл да парасатты шешім деп ойлайтынын білдірді. Өз әріптестерін Конституциялық заңға ұсынылған түзетулерді бірауыздан тұтастай мақұлдауды ұсынып, осы ұсынысын қолдауға шақырды.
Депутат Рамазан Сәрпеков өз сөзінде біздің талқылауға түсіп отырған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы кеше ғана қабылданған заңның іске асуына мүмкіндік беретін нормаларды қарап отырғанын көлденең тартты.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда кезектен тыс президенттік сайлау Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен тағайындалады және ол тағайындалғаннан кейін екі ай мерзімде өткізіледі деп көзделіп отыр. Аталған Конституциялық заң сондай-ақ Президенттік кезектен тыс сайлау да кезекті сайлау тәртібімен өткізіледі деген нормамен толықтырылған. Бұл ретте, сайлау іс-шараларын өткізу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды деп белгіленген. Ал кезектен тыс сайлаудан кейінгі президенттік кезекті сайлау бес жыл өткен соң «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген мерзімде жарияланады деп белгіленіп отыр.
Кезектен тыс сайлауда сайланған Президенттің ант беруі сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде өткізіледі деген ереже де «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңдағы жаңа ереже болып табылады. Бұл ретте, ант беру күнін Орталық сайлау комиссиясы айқындайтын болады. Сонымен қатар, аталған Конституциялық заңда кезектен тыс сайлауда Қазақстан Президенті болып сайланған адам президенттік өкілеттік мерзімі аяқталғанша сақтайтын кезең айқындалған.
Жалпы, отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасы мақұлданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.