Кеше Парламент Сенатының кезекті пленарлық отырысы болып өтті. Күн тәртібінде Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасы қаралды. Отырысты палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп ашты.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтыру енгізу туралы» Заң бірауыздан қабылданғанын және оның қолданысқа енгізілгенін, соның негізінде кезектен тыс президенттік сайлау өткізудің заңдық тетігі бекітілгенін Қасым-Жомарт Кемелұлы ерекше атап өтті. Бұл шараның жүзеге асуы халқымыздың ынтымағын нығайтудың бірден-бір дұрыс формуласын тапқан Елбасының екшелген шешімі арқасында мүмкін болды. «Елбасы ретінде танылған, Қазақстанды халықаралық беделі зор, өркениетті мемлекеттер қатарына қосқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаудағы біздің қоғамның мызғымастығы мен бірлігіне әлемдік қоғамдастықтың көзі тағы да жетті», – деді Қ.Тоқаев. Президенттің шешімі мен Ата Заңымызға толықтыру мен тиесілі Конституциялық заңдарға түзетулер енгізу жөніндегі ұсынысы, сондай-ақ «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауы Қазақстанның демократиялық құндылықтарға, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған экономикалық және саяси реформаларды одан әрі жалғастыруға деген берік ұстанымын көрсетеді. Төраға, сонымен қатар, өз сөзінде «Нұрсұлтан Назарбаевтай кемеңгер әрі жігерлі Көшбасшының жетекшілігімен мемлекетіміздің жаңғырту стратегиясы табысты жалғасын табады», деп Сенат депутаттарының атынан нық сенім білдірді.
Заң жобасы бойынша депутаттар алдында баяндаманы Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақов жасады. Заңдық құжат елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу мүмкіндігін көздейтін түзетуді іске асыру болып табылады. Яғни, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі. Тарқатып айтқанда, заң жобасында кезектен тыс президенттік сайлау Президент шешімімен тағайындалса, сол күннен бастап екі ай ішінде сайлау өткізілуі тиіс. Сондай-ақ кезектен тыс сайлаудан кейінгі Президенттің кезекті сайлауы бес жылдан соң тағайындалған мерзімде жарияланады деп күтілуде. Бұдан басқа заңдық құжатта кезектен тыс сайлау өткізілген жағдайда Президенттің ант беруі президенттік сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде өткізілетіндігі қарастырылған.
Заң жобасы бойынша сөз алған Өмірбек Байгелди «Назарбаев феномені неде?», «Ел неге Елбасыны қолдайды?» деген пікірлердің айтылып жүргеніне орай жауабында оның мәні қиыншылық көрген халықтың Елбасымен бірге еңсе көтергенінде жатқандығымен түсіндірді. Еліміз қазіргі таңда алдыңғы елдер қатарына ілігіп отыр. ЕҚЫҰ-ға мүше кейбір елдердің кездеспей жатқанын кездестіріп, бас қоса бермейтіндерін жолықтырған Президент кемеңгерлігі мен іскерлігін дәлелдеп берді, деді сенатор өз сөзінде.
Бұдан кейін Рашит Ахметов, Юрий Кубайчук, Еділбай Иманқұлов, Серік Аяғанов және Ерболат Мұқаев сөз сөйледі. Депутаттар өз сөздерінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімінің орындылығын тілге тиек етті. Бұл қадам Президенттің демократиялық принциптерге беріктігін, еліміздің тағы бір тарихи сынақтан сүрінбей өткендігін көрсетеді. Елбасы Негізгі Заңымызда көрініс тапқан құндылықтарды басшылыққа ала отырып, қиын жағдайдан шығудың оңтайлы жолын таба аларын тағы бір дәлелдеді. Депутаттардың айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы ретінде моральдық қасиеті басым екендігін көрсете білді. Оны Елбасының қаншама халық қолдау білдіргеніне қарамастан, өз өкілеттігін создырып алуға моральдық және заңдық құқы болса да одан бас тартуынан көруге болады. Өзінің болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, Елбасы нағыз лидер және Конституция кепілі екендігін дәлелдей білді. Бұл өз кезегінде келесі келетін саясаткерлер үшін дұрыс бағыт ұсынатын сабақ болуға тиіс. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бұл қадамы Қазақстан халқының бірлігі мен тұрақтылығы жолындағы демократияға деген адалдығын да айғақтайды.
Осылайша өз пікірлерін білдірген сенаторлар Мәжіліс мақұлдауынан өткен «Қазақстан Республикасының кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңын қабылдады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.